"СОҢЫНАН ҚАЛМА": ЖАМБЫЛДЫҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ӘСІМХАН ҚОСБАСАРҰЛЫ

Уақыты: 03.11.2019
Оқылды: 1552
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әр бұтасы мен бетегесінен өлең саулаған Жетісу жерінде, оның ішінде киелі Жамбыл ауданының топырағында Сүйінбай мен  Жамбыл бабалардың жолын жалғастырған от ауызды, орақ тілді арқалы ақындардың бірі – Әсімхан Қосбасарұлы. Әңгіме айтар алдында жиырма жасында жыр алыбы Жамбылдан бата алғанын айтпай кету әсте мүмкін емес.

Ақын бұл жайында өзі тебірене айтып та, жазып та кеткен. «Өзім жасымнан өлең-жырға құмар болдым. Қолыма қалам ұстатып, сауатымды ашқан алғашқы мұғалімім, бүкіл өміріме таусылмас азық берген абзал ұстазым Төлепберген молда еді. Әкеміз жарықтық көкірегі ояу, оқымаса да өмір тәжірибесінен тоқығаны мол болғасын да шығар, біздің хат танып, білімді болуымызды әу бастан ойластырыпты. Сол мақсатпен молда ұстап, ерте күзден ел көктеуге қоныстанғанға дейін ауыл балаларын оқытуға жағдай туғызған. Осылайша Төлепберген молда біздің ауылдың он бестей баласын Қашаған деген ағамның отауын мектепке босаттырып алып, сегіз-тоғыз ай оқытты. Сол рухы риза болғыр Төлепберген молданың үйреткен тәлімі санамызға білім шамшырағын жақты.

Оқудан тыс ұстазым қисса, дастандарды көп айтатын. Содан үйренгенім – Жүсіпбек қожа мен Шүкей қыздың айтысы. Ұстаз алдындағы шәкірттік парызымды өтей жүріп, ел арасында осы айтысты аузымнан тастаған емеспін» деп жазды «Жамбылдан алып батаны» деген кітабында. Жыр-дастандарды той-жиында айта жүріп өзі де көмейіне түйдектеліп келген өлеңін көпшіліктің назарына ұсына бастайды. Теміржол бойында қара жұмысқа жегілген бозбаланың пейілі біржолата басқа арнаға – ақындық деген қасиетті өлкенің жолына тарта бергені бірден байқалады.

Жыр алыбы Жамбыл тоқсанға келіп, 1936 жылы Мәскеуден омырауына Еңбек Қызыл Ту орденін қадап оралғанда ел іші арнайы үй тігіп, ерекше қуанышпен қарсы алған. Жасы жиырмадан жаңа асқан жас жігіт мерейі тасыған ақынға сәлем береді де кеудесін кернеген жырын төгеді. Бұл жайында Әсімхан ақын: «Тойға Қабаспен бірге бардым. Қабас ағам Қасымханмен құрдас әрі қайын ағасы. Руы Әніке. Мен теміржолда істеймін. Бойдақпын әрі қызық іздеп жүрген кезім.

Жамбыл келеді деп шуылдаған ел. Колмогоров деген райком секретары бар еді. Жиынға Жабдықбай деген жас жігіт жаршы болып жүрді. Ақ үйдің қасына екі мәшине келіп тоқтады. Жамбыл ақынды мәшинеден түспестен халық көтеріп алды. Ол кезде ақын көп. Үмбетәлі, Оспан, Өтеп, Әбдіғали, Әбдіқадыр бар. Шетінен дүлдүл. Өлеңді бірінен кейін бірі төпелеп жатыр. Тұмсық тығатын жер жоқ. Өлеңді қайтып айтсам деп мен тұрмын», – деген ақын атамыз әйтеуір жолы болып, осы кездесуде ата-баба аруағына сиынып, жыр дүлдүлі Жамбылға арнауын төгеді.

– Жарадың, Жәке, жарадың,
Қуантты бізді хабарың.
Сөзін тыңда азырақ,
Әсімхан дейтін балаңның.
Сүйінбай екен ұстазың,
Өлеңмен өткен қыс-жазың,
Жыр алыбы атанып,
Дүниенің көрдің ұшпағын.
Сіздей ақын болсам деп,
Өлеңге мен де құштармын.
Жолыңды қуып, қарт Жәке,
Домбыра қолға ұстармын,
– деп тебірене жыр төгіп тоқтайды. Сол сәтте абыз ақын көзіне күн салып екі рет қарапты. Сосын аз-кем үнсіздікті бөліп:

– Балам, осы өлеңнің соңынан қалма, – деп қалтасынан бес сом суырып берген екен.

Абыздың бірауыз сөзі жас жігітті жігерлендіреді. Ендігі жерде өлең өлкесіндегі өз соқпағын, жолын жалғастыруға бекем бел буады. Киелі бірауыз сөз ақынды қияға бастағаны сондықтан. Кейін Әсімхан Қосбасаров Үмбетәлі мен Кенен ақындардың да ақ батасын алған. «Бата да – байлық» деп халқымыз бекер айтпаған. Демек, ақынның кейінгі шығармашылық өмірінің сәтті әрі рухани баюуына көп септігін тигізгенін көреміз.

Расында жыр дүлдүлдерінің дауылпаз дәстүрлерінен тәлім алған талантты ақын кейін талай айтыстарға қатысып, ондаған ұжымдық жинақтарда өлеңдері жарияланады. Күн, жыл өткен сайын өлең-жырдың арнасы көкірегіне сыймай оны биікке талпындырады. Осының бәрі алып арнаға құйған асау өзендей, ақырында бірнеше жеке кітаптарға арқау болады.

Айталық, 1972 жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Еңбек күйі» атты топтамаға Әсімхан атаның өлеңдері енгізілген. Сондай-ақ, 1989 жылы осы баспадан шыққан «Қос ішек» өлеңдер, дастандар, айтыстар топтамасында ақын шығармашылығына лайықты орын берілгені соның дәлелі.

Дарынды ақынның жеке жинақтары әр жылдары «Жазушы» баспасынан «Азамат», «Алатау аясында», «Жамбылдан алып батаны», «Жетісуым – жерұйығым», «Айтамын саған наз, дүние», «Жетісудың дүлдүлі» деген атпен шықты.

Қазақстанның Халық ақыны, Республиканың еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, арқалы айтыс ақыны Әсімхан Қосбасарұлы 1914 жылы Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Орта мектепте оқып жүрген кезінде әскерге шақырылған жалынды бозбала Ұлы Отан және Кеңес-Фин соғыстарына қатысқан ардақты ардагердің, адуынды ақынның соғыстан кейінгі өмірі жерлестеріне рухани қызмет етуге арналды. Ұзақ жылдар бойы малшы қауымына мәдени  қызмет көрсеткен ұлағатты жан өз заманында  аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық айтыстарда бас жүлдеге ие болған айтыс өнерінің нағыз ақтаңгері.

Қызу қанды, жүрегі қашанда туған халқым деп соққан талантты айтыс ақынының киелі өнерден өмір бойы қол үзбеуіне рухани ұстаздарының, әсіресе Жамбыл бабамыздың әсері айрықша болғанын  кез келген туындысынан айқын аңғарамыз. Мәселен, ақиық ақын Сүйінбай абыз Жамбылға «Халықтың жырын жырла» деп өсиет етсе, Жамбылдан бата алған Әсімхан атамыз да сол ақ жолдан айнымаған.

Атап айтқанда, ол туған жері мен елі, Отаны, оның еңбек адамдары, бұрынғы өткен батыр бабаларымыз жайында талай тамаша туындылар толғаған қазыналы ақын. Бәлкім, содан болар, өлең-жырдың өлкесі атанған киелі Жамбыл жеріндегі ағайындары әз атаны «Ақсеңгірдің ақиығы» деп те атайды. Ойлап отырсақ, бұл әбден орынды баға. Өйткені, азулы ақын жыр нөсерін төккенде сұңқардай қалықтап, сөз маржанын айналасына лағылдай шашып, мұзбалақ қырандай қия шыңға қанат қағатын.

Ақын атамыз кірпияз, әр сөзіне аса мән беріп сөйлейтін еді. Әсіресе, Жетісудағы ақындар жайлы, олардың шығармашылығы туралы тарқата сыр шерткенде таңданатын едім. Өлеңді, арнауды жатқа айтқанда оны үлгіріп жаза алмай қалатын кездерім де болды. Жамбылдың немересі, марқұм Әлімқұл ағаға да ағалық көзқараспен қарады. Жиі бас қосып, әңгімелері жарасып отыратын. Бүгін екі абыз да арамызда жоқ. Өмір деген өткінші, елес деп тегін айтпаған екен бабалар.

Әңгіме әлқиссасында ауызға алғанымыздай, Әсімхан ата өзінің саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, кеңінен өрістеуіне өрелі ақындығымен де сүбелі үлес қосты. Оның озат тәжірибесі Қазақ- станның түкпір-түкпіріне плакат  болып тараған. Ширек ғасырға жуық мәдениет өлкесінде қызмет еткен ардагер Ұлы Отан және Фин соғысында екі мәрте Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған, «Москваны қорғағаны үшін» және басқа да 30-дай медальдің иегері.

«Ой-хой, жиырма бес» демекші, Әсімхан ақынның осы бір жалынды шағы 1939 жылғы Фин соғысына, Батыс Белоруссияны азат ету ұрыстарында өтті. Елге 1940 жылы оралып, кенеттен басталған Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанған жас майданда қайсар, батыл қимылымен  жауынгерлерге үлгі болады. Зеңбірек көздеушісі, взвод командирінің көмекшісі ретінде өзінің батылдығы мен қайсарлығын дәлелдеген. Сұрапыл соғысты Тула қаласының түбіндегі шайқасқа қатысудан бастаған жауынгер Мәскеуде, Серпухов-Можайскідегі шайқаста зеңбіректен оқ жаудырып, жаудың шебін талқандағаны үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков медалімен марапатталады. Кескілескен ұрыс даласында жүрген ақынның қолынан домбырасын тастамағанын мына бір өлеңінен көреміз.

– Ақ нөпірдің бойында,
Айқасқан жауды жеңдік біз,
Талқандап соққы бердік біз.
Мардамсыған фашистің
Әуселесін көрдік біз.
Жауыздардың басына
Қара бұлттай төндік біз,
– деген жырынан асқақ рух, азаматтық көзқарас айқын байқалады.

Ақын Жамбыл бабасының рухына табынған, бас иген. Алапат екі соғыстан аман қалғанын да ақын киесімен байланыстыратын. Ол «Жәкемнің көзіне күн салып екі мәрте қараған нышаны менің екі соғыстан елге дін аман келуіме себеп болды» – дейді. Бұл да ұстаз бен шәкірт арасындағы кіршіксіз рухани байланыс. Үлкен сенім, адами басты құндылық.

1966 жылы шыққан «Алаштың ардагер азаматтары» атты кітап кейіпкерлерінің бірі, Алматы облысының, ауданның және Үмбетәлі ауылының Құрметті азаматының тоқсанға келген шағында да егемен еліміздің жарқын өмірін шабыттана жырлағанына куә болдық.

Жамбыл мен Кенен, Үмбетәлі жырларының жалғасы, қазақтың жыраулық дәстүрінің соңғы өкілі деуге әбден болатын Әсімхан Қосбасарұлының рухани мұрасы бүгінгі ұрпаққа деген бай қазына. Мәселен, өмірінің соңғы жылдары жарыққа шыққан «Жетісуым – Жерұйығым» атты жыр жинағына зиялы замандастарының тұғырлы тұлғасы арқау болған. Дәлірек дәйектегенде, жыраудың батыр бабаларымыз Қарасай, Райымбек, Сәмен, жыр сүлейлері Сүйінбай, Жамбыл аталарымыз, олардың бүгінгі даңқты ұрпақтары тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Халық Қаһармандары – ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, тағы басқа жайсаңдарымыз жайындағы ақ тұмадай тұнық туындыларын тебіренбей оқу мүмкін емес.

«Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» деген. Айтыстың ақтаңгері Әсімхан Қосбасаровтың суырыпсалма шеберлігіне, ақындық дарынына кезінде орынды баға берілген. Нәтижесінде, 1977 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» құрметті атағы, 1991 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Халық ақыны» құрметті атағы берілді. Осылайша дүлдүл ақын, абыз ата еңбегінің зейнетін көрді.

Туған халқының қалтқысыз құрметіне бөленген Әсімхан Қосбасарұлының есімі Жайсаң ауылындағы басты көшелердің біріне беріліп, осындағы орта мектепте дарынды ақынның әдеби-өмірбаяндық мұражайы ашылған. Бай мұрағат ақын өмірінен мол сыр шертеді. Мұражайдағы мұрағаттардың толығуы мен жаңаруына ақын ұрпақтары өз үлестерін қосып жүр. Осы ауылдағы күрежолдың бойында арқалы ақын жерленген. Ары-бері ағылған жұртшылық ақын рухына тағзым етіп, құран бағыштайды. Бұл «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегеннің дәлелі.

Алланың нұры жауған Әсімхан атамыз тоқсаннан асқанда өмірден өтті. Бірақ, балалары мен ел-жұрты оны әрдайым ұмытпай еске алып, мол мұрасын мәдени іс-шаралардың арқауына айналдырып келеді.

Әкелерінің көзі тірісінде 70, 80, 90 жылдық мерейлерін Әлімхан бастаған балалары дүркіретіп атап өтті. Халық ақынының зайыбы марқұм Әбдірайымқызы Талбике екеуі мәпелеп өсірген 19 немересі мен оннан астам шөбересі де үлкен шаңырақтың берекесін кіргізіп, шаттығын шалқытуда.

Үмбетәлі ауылының батысындағы ақын шаңырағының төрінде майлы бояумен салынған үлкен портретке қызыға қарайсың. Алты қанат боз үйдің алдынан қолына үкілі домбырасын ұстаған Әсімхан ақын мен Талбике әжені көруге болады. Жайлау төріндегі жасыл кілемдей құлпырған жазықта жайылған төрт түлік те суретке әр берген. Келген қонақтар ақынмен жүздескендей, рухымен сырласқандай болады. Осы үйдегі Әлімхан Әсімханұлының әкесі мен анасының қара шаңырағында ұл-қыз өсіріп, олардың өсиетіне, рухына дақ түсірмей перзенттік борышына адалдық танытқаны абыздың берген тәлімді тәрбиесінің жемісі екені даусыз.

Абыз жаннан тараған ұрпақтары да өмірден өз орнын тапқан. Атап айтқанда, тұңғышы ҚР Ғылым академиясында қызмет атқарған филолог Есенхан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы  Зейнехан, мал дәрігері Әділхан, ұстаз, бүгінде зейнеттегі Ділдәхан, Кенжехан айтулы ақынның үмітін ақтаған. Әсімхан атаның немерелерінен өрбіген шөбересі де заңгер, тағы басқа мамандықтарды меңгеріп, тәуелсіз ел болашағының жарқын болуына өз үлестерін қосып, өсіп-өнуде.

Күмісжан БАЙЖАН,

ҚР Мәдениет қайраткері