Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АБАЙ ТЕХНИКА ОЙЛАП ТАПҚАН: ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 148
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам өзінің тірлігінде сынаққа толы сан қилы белестен өтеді. Елдің ертеңі үшін еңбек етіп, жүктелген маңызды міндетті мінсіз атқару арқылы алдына қойған мақсатына жетеді. Жұртына жақсы істерімен танылған адам абырой биігіне көтеріледі. Сондай мақсат-мұратына жеткен жанның бірі – Абай Нұрғалиұлы десек, еш қателеспейміз.

Ол кісінің есімі ауылшаруашылығын алға сүйреген, осы саланың барлық қыры мен сырын меңгерген мықты азаматтардың қатарында аталатын. Соған қарамастан Абай қарапайымдылығынан ажырамады, кісілігі де жоғары еді. Жаңалыққа жаны құмар, бастаған ісін  аяқтамайынша тыным таппайтын ізденімпаз болатын. Жері мен елі үшін еңбектене жүріп, әдебиет, философия, саясаттану, спорт тақырыптарын да бір кісідей білетін. Кейде біз жаналықты сырттан іздеп, өз асылымызды бағаламаймыз. Адал еңбектің нағыз үлгісі болатын азаматтарды елемейміз.

Абай еңбекке араласқан кезінен өзінің алғырлығымен, ширақтығымен, аңғарымпаздығымен басқалардан дараланатын. Табиғат берген дарынымен, ұйымдастырушылық қабілетімен маңына адамдарды топтастырып, ортақ іске ұйыта білетін. Бауырмалдығы ерекше еді. Теңдес құрбыларымен достасып, жұптасып жүргенді ұнататын өзінің қатарластарымен татулықпен араласып, бақытты болашақты армандайтын. Көзін ашып көргені - Қапалдың сұлу табиғаты. Осындай  көркем табиғатта өскен жаны жайсаң, пейілі ауадай таза, көңілі даладай кең, Жер-анадай жаны жомарт жігіт жұртшылық көзіне де тез ілікті.

Өмірдің  сынағынан сүрінбей, тез есейіп, еңбекпен ширады. Ешқашан еңсесін түсірген емес, жасықтық оған жат болды. Алдынан қандай қиыншылық шықса да қайыспай  көтеріп, елді өзіне тәнті етті. «Жер-Ана» шаруашылығын ұйымдастырып, аяғынан тік тұрғызды. Маңдай терін төгіп, көш соңында қалмай, шаруашылықты дамытты. Еңбектес адамдармен қашанда ой бөлісіп, ниетін ортақтастырып, небір істерді ақылдасып-кеңесіп шешетін. Абай барлық күш-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін мақсаттарын іске асыруға, бірге істеген еңбеккерлерінің тұрмыстық  жағдайын оңалтуға арнаған адам.

Абайдың өмірге құштарлығын айғақтайтын ізгілікті ізденістері өте көп. Оның жастайынан қанына сіңген қасиетінің бірі – бір жерден жақсы бастама көрсе, соны  өзі де іске асыруға асығатындығы еді. Тиімділігі мол жаңалықтарға жаны құмар болатын. Өзімен бірге істеген адамдарға: «Тұрмысымыз жақсарып, ешнәрседен опық жемеу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбектенейік, сонда  көтерер жүгіміз жеңілденеді. Бірлік түбі берекеге жетелейді, ынтымағымыз жарасады», - деп қайталаудан жалықпайтын.

Абай жақсы істерге қызыға қарайтын, кез келген тиімділігіне терең үңілетін, мұқият зерделейтін. Қант қызылшасын жинайтын техниканы ойлап табуы, арпаны тазалайтын техника жасауы сол жалықпай ізденуінің нәтижесі екені анық. Кейінгілерге, ұрпағына қажырлы еңбегімен үлгі болды. Із қалдырды. Ұжымын жақсылыққа бастап, жақсылығын жарияламай, елді алаламай, қара қылды қақ жарып, жұртты аузына қарата білген адам. Қажырлы еңбегінің арқасында халықтың мейіріне, махаббатына бөленіп, кісілік келбеті жарқырап тұратын еді. Тіршілігінде елге жақсылық жасауды мұрат тұтты. Қиянатқа, қараулыққа, қаскөйлікке бармады. Астамшылыққа салынбады. Тарыққанды демеп, жабыққанды жебеген қамқоршы бола білді. Талдықорған қаласындағы «Көктал» шағынауданында Абай көмектеспеген, қамқорлық көрсетпеген жанұя кемде-кем десем, ешкім артық айттың дей қоймас. Ол кісінің істеген жақсылығын, көрсеткен қайырымдылығын, ұйытқы болған игі істерін жұрт әлі күнге жыр қылып айтады.

Қажырлы еңбегінің арқасында өзі тұратын қаланың экономикасын көтеруге үлкен үлесін қосты. Еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы», Ауылшаруашылығы ардагерлері республикалық ұйымының «Құрметті ардагері» медальдарымен наградталды. Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алматы облысы әкімдігінің және Талдықорған қаласы әкімдігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді» дегендей, тірлігінде тек қана жақсы жағынан көрініп, игі істердің басы-қасында жүрген, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, жүрген ортасында сый-құрметке бөленген асыл азаматтың есімін елі ұмытпайды.

Әукен ҚЫЗАЙБАЙҰЛЫ,

еңбек ардагері

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды