"АРМАНЫМ ЖОҚ АДАММЫН": АҚЫЛМАН АНА ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 19.11.2019
Оқылды: 1448
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дөңгеленген дүниенің пенде үшін осы кеңістікте өз өлшемі болады. Адам өмірге келеді, сосын қаз тұрып, өсіп-өнудің сатыларынан өтеді. Ақылы толысады. Соңына өшпестей із қалдырады. Әрине, мұның бәрі айтуға оңай. Бір ғана адамның өмір дерегіне көз жүгіртейін. Сонда шақшадай бастан не өтіп, не қойғанын бағамдайсың. Сүйсінетін де, күрсінетін де сәттері бар. Өмір осысымен қызық. Әңгімеге арқау болған Раушан Аронқызы осы жылдың көктемінде тоқсанға қараған шағында дүние салды. Ақылман ананың айтары көп еді. Соңғы күндеріне дейін бәрін есіне сақтаған тақуа қалпында болды. Кейуананың туған күні 8 наурыз. Мерейімен құттықтауға алыс-жақындағы ұл-қызы, келіндері, немерелері, шөберелері келіп жататын.

Төрде апаның майлы бояуға салынған көлемді портреті. Апамыздың келісті келбетін суретші тап басқан. Көрген сайын апа мен суретті салыстырамын. Мұндай да болады екен. Ақ жүзді ананың жүзіндегі өмір салған өрнектерді қылқалам шебері қалай «байқап» қалған.

– Осы портретімді суретші шетелдегі көрмеге қоймақ болды. Егізімдей болған суретті қимадым, – деген еді әңгіме арасында. Кейін қолыма кездейсоқ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал суретші Марат Нисуповтың Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған альбом-кітабы түсті. Жинақта қылқалам шеберінің таңғажайып туындылары бар екен. Соның алғашқы беттерінің бірінде Раушан ананың осы портреті көзге оттай басылды. Сосын Раушан Аронқызымен сәті түсіп, әңгіме-дүкен құрған кезімді есіме алдым.

– Бабалардан «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген мағынасы терең сөз қалған. Өйткенді ой елегінен өткізіп, бәрін, бәрін есіме түсіруге пейіл болып отырмын. Сонау жастық шағыма қайта оралғандаймын. Жасым біразға келді. Алланың берген ғұмырына шүкіршілік жасаймын. Қарасай бабаның ұрпағы Жәңкемен бір күн ғана танысып, 1941 жылы жаз айында қол ұстасып, шаңырақ көтердік. Ойлап отырсам, содан бері қаншама су ақты. Ол кезде Жәңке оқу бітірген, Тараз қаласындағы мектепте мұғалім. Мен әкемнің туысының үйіне қонаққа келгенмін. Сол үйдегі бауырыммен бірге келіпті. Сөйтіп бір көргеннен мені ұнатыпты. Менің мектепті бітірген кезім, – деп салалы саусақтарын тарамдап алды.

– 1941 жылдың маусым айында аяқ астынан «Соғыс басталды» деген суық сөз ел ішін кезіп кетті. Жәңкені және сол құралпы жігіттерді әскери комиссариатқа шақырды. Жас болса да ол аса ұстамды еді. Түскі аста әңгімесін асықпай бастады.

– Раушан, мен ертең жолға шығамын. Уақыттың қиын екенін сезіп отырған боларсың. Соғыстың аты соғыс. Алланың пешенеге, маңдайға жазғанын көрермін. Саған айтайын дегенім, мен десең туған ауылыма, анамның қасына бар. Жоқ десең, әке-шешеңнің қайда тұратынын, баратын жолын өзің білесің, – деді. Ертесіне Жәңкені майданға шығарып салдым. Үйге келген соң ойландым. Үйіме қайтсам, соғыстан оралған жарым менің бұл шешімімді құптай қояр ма? Ал әке-шешем қандай шешім қабылдасам да өз баласын кешіреді. Жоқ, мен Құдай қосқан қосағымның айтқанын екі етпейін, деген байламға келдім. Арасында көз жасымды төгіп алдым. Сөйтіп бар дүние, киім-кешегімді жинастырып, қоңыр чемоданды көтеріп жолға шықтым. Жәңке «Алматыда апамның үйі бар. Сол кісі сені біздің ауылға апарып салады», – деген. Мекенжайы жазылған қағаз қолымда.

Алматы ол кезде шағын шаһар. Жолда көзім ілініп кетіпті. Түс көріппін. Өзім іздеген үйдің дарбазасын қағып тұрмын. Ар жағынан «Бұл кім?» деген әйелдің үні естілді. Сәлден кейін есіктің күршегі ашылды. Қарсы алдымда көнетоз көйлегінің етегі сөгілген, кеудесінде шолақ жеңі бар әйел маған таңырқай қарап тұр. Асығыс кім екенімді түсіндіріп жатырмын. Сөйтіп өз даусымнан өзім шошып, оянып кеттім.

Бұл қалай деп түсімді жори алмай соңғы аялдамаға жеттім. Әйтеуір сұрастырып жүріп, әлгі үйді таптым. Міне, қызық. Дарбазасы да, жатаған үй де түсімдегідей. Іштен шыққан әйел де сол кейіпте. Гүлді көйлегінің етегі жалбырап, сөгіліп кетіпті. Таң-тамаша болдым. Өң мен түстің арасында еш айырмашылық жоқ.

Обалы қане, апай мені қуана қарсы алды. Аядай екі бөлмеде алты адам тұрады. Апамыз ақжарқын, пейілді.

– Жәңке інім үйленгенін айтып, хат жазған. Сен екенсің ғой келіншегі, – деп басымнан аяғыма дейін сынай қарады. Жаспын, ұялып төмен қараймын. Әпкемнің күйеуі де кісі жатырқамайды. Күнде ертең жолға шығамызбен күндер өте берді. Шамасы екі апта жаттым. Енемнің үйіне баруға асығып жүрмін. Қаласы осы болса, алыстағы жағдай қандай деген дүдәмал сұрақ көкейімде тұрады.

– Ертең жолға шығамыз. Ауылға баратын арба бар, – деп жездем кешкісін жақсы хабар жеткізді. Ертесіне жаңбыр нөсерлетіп құйды дерсің. Жездем дастарқан үстінде «Бүгін бармай-ақ қоялық. Күн жауып тұр» деп сөзінен айнып қалыпты.

– Жезде, тұз емеспіз жаңбырға еріп кететін. Бүгін барайықшы, – дегенімде отырғандар ду күлді. Сөйтіп, Ұзынағаштағы қазіргі «Тянь-Шань» дүкенінің жанына келгенде алдымыздан бір топ адам қарсы шықты. Атқа мінген екі әйел он-он бес дорба асынған жігіттердің соңында келеді. Апамды жездем жазбай таныды.

– Мынау Қатай ғой, – деді екеуі де жарыса сөйлеп. Құдайдың құдіреті шығар, Жәңкенің туған інісі Таңатбайды әскерге шығарып салған енеммен алғашқы таныстығым осылай басталды. Екеуміз бір-бірімізді танымасақ та туғандардай жылап көрістік. Қайнымды алғашқы және соңғы көруім осы болды. Ол кейін соғыстан оралмады. Кейін «Қара қағаз» келді ғой.

Сол күні енеммен ілесіп ауылға келдім. Үлгілі ауылы енді ғана ұйымдасып жатқан кез екен. Бірі ұзын, екіншісі қысқа көше ғана бар. Менің ағайын-туыспен араласуым 1942 жылдың маусым айынан осылай басталды. Ұжымшардың негізін қалаған Әліпбай Жазықбаев деген азамат еді. Сол жылы мектеп құрылысы басталды. Ауылдағылар бір-біріне қол ұшын беріп, асарлап бірінен кейін бірі баспана тұрғызды. Мектепті де көп болып, жұмыла көтерді. Мектеп құрылысының басы-қасында жақын туысымыз, маған қайнаға Мақат аға жүрді. Мақат аға өте сыпайы, сабырлы адам. Қандай қиындық кездессе де өзін салмақты ұстайтын.

Кейігенде айтатын ең «жаман» сөзі «О, табиғат» деуші еді жарықтық. Мұндай әкеден Мәлігендей жақсы жігіт туғаны табиғат заңдылығы. Оның үстіне Жетісудай жер жаннатының бір бөлшегі Жамбыл ауданының табиғаты қандай тамаша?! Осыны көріп, көк шалғынын белден кешкен пенденің тұла бойында ізгіліктің, жүрегінде мейірімнің тұнып тұратыны заңдылық қой.

Сол кезде Мәліген 10-11 жаста. Мақат аға мен Әлиман апамыздың шаңырағындағы сыйластық, ерекше жылылық баршаға үлгі болатын. Оған бір мысал келтірейін. 

Алматыдан Максим дейтін орыс келіп, суырдың ініне қақпан құрып, сосын терісін алып жүретін. Сол адам Мақат ағаның үйіне тоқтап, апталап сол үйде жатып жүрді. Әлиман апа мен аға Алматыға барғанда әлгі жегжатының үйіне тоқтап, керек-жарағын алып, шаһарды асықпай аралап қайтады. Мақат ағаның кейін балаларының атын Мәліген, Мақсұм деп қойғаны сондықтан.

Әлиман апа өте ұқыпты, үстіне кір жұқтырмайтын әрі дастарқаны кең еді. Максимнің ауылдағы осы отбасына жақын болуының түп-төркіні осыдан болар деймін.

Енем Қатай апаны Әлиман «әже, әпке» деп алдынан қия өтпейтін. Себебі, енем Тайторының қызы. Әлиман апа да осы атаның қызы болса керек. Кейін Мәліген ауылға фельдшер болып келген Нағжанға үйленіпті. Ол кезде біз Еңбекшіаралға көшіп кеткенбіз. Жәңке басқармалыққа сайланған. Кейін Мәліген «Жетісу» кеңшарына ауысты. Балаларды араластырып, таныстырып үлкендігін көрсетті.

– Жеңеше, ағаны жүзге жеткізе алмадыңыз. Енді өзіңіз жүзге келіңіз, – дейтін марқұм қайным аңқылдаған ақ ниетімен. Бірақ өзі өмірден ерте озды. Алдында Нағжан сырқаттанып қалғанда келіннің денсаулығына қатты алаңдап жүретін.

Балаларының үлкені Лаззат. Әкесі өмірден озғаннан кейін бауырлары мен қарындастарына қамқорлығын аямады. Ата тәрбиесін, әке ақылын бойына дарытқан ұл осындай болса керек.  Лаззат баламның жолдасы Салтанат қазақтың салт-дәстүрін сақтайтын, үлкеннің алдынан қия өтпейтін өнегелі келін. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деп дана халқымыз тегін айтпаған ғой. Осы шаңырақтағы бүгінгі ынтымақ, бірлікке көңілім толады. Осының бәрін көзбен көріп, марқаямын. Бұл да ата мен әжеден, әке мен аналарынан алған өнегесі ғой, – деп апам қоңыр даусымен әңгімесін жалғай түсті.

– Мәліген дос-жаранының жанын жақсылыққа талпындыратын. Қарапайым, менмендігі жоқ, кішіпейіл еді. Келбетімен, жүріс-тұрысымен қандай сыпайы азамат болса, ішкі жан сарайы да сондай таза. Мәліген қайным осы тазалық пен ізгілігін кейінгі ұрпағына мирас етіп кеткеніне тәубе деймін, – деген Раушан Аронқызы Күреңбеккелінінің әр сөзі көкейімде қалыпты. Туыс-туған, жегжат-жұрағат жайлы әңгімесін осылай тарқататын. Бәрінің жақсылығын жарқыратып жүретін бекзат болмысына қызығатын едім.

Ақылман ана үлкен шаңырақтың киесі болды. Алтын құрсақты анадан бір ауыл болатын ұрпақ өсіп-өнді. Тіпті, ұл-қыздары зейнеткерлік жастан асқан, немере, шөбере сүйген. «Құдайдың көзі түзу түскен» деп осындайды айтса болар. Замандасым Алуанай Жәңкеқызы анасын алақанына салды. «Анасы бар адамдар қартаймайды» деп тегін айтпаған. Әже атанған қызын апамыз айналып, толғанып жақсылығын жария ететін. Ата-анадан ерте айырылған мен үшін бұл ерекше жай көрінетін. Көңіл түпкірімде аяулы әкеме, әз анама деген сағынышым бұлқынып, сыр беретін. Іштей құдіретті есім, қасиетті сөзді қимастықпен қайталаймын. Әке мен анаға деген махаббат жас талғамайды деген ғой.

Күреңбековтер әулетінің шаңырағы биік, босағасы берік. Ұлы Отан соғысының ардагері Жәңке ата өмірден ерте озды. Десе де, ұл-қызына жақсы тәрбие, жоғары білім берді. Өмірден адаспайтындай тәлім-тәрбие қалдырғанына да сүйсінесің.

Соғыс және еңбек ардагері Ұлы Отан соғысы басталғанда Сталин- град майданындағы Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының сапында болады. Одан арғы ұрыстарда жау шебін талқандауға жұмылған жауынгерлермен бірге Жеңісті жақындатуға күш салған. Осылайша Жеңіс туын желбіретуге қатысқан атамыз 1946 жылы ғана елге оралған.

Тағы бір қуаныш – Ұзынағаш ауылының батысындағы ықшамауданның Астана көшесімен түйіскен жеріндегі жаңа күре жолға соғыс және еңбек ардагері Жәңке Күреңбековтің есімі берілді. Ардагер азаматтың туғанына биыл 100 жыл толды. Ұрпақтары аталған көшені абаттандырып, саялы бақ отырғызуды қолға алды. Әрине, бұған «бәрекелді» дейсің.

Раушан апа еңбек жолын Жамбыл ауданындағы “Үлгілі” ұжымшарында есепшінің көмекшісі болып бастапты. Жарасымды жұп соғыстан кейінгі тіршіліктің жақсаруына аянбай атсалысып, 40 жылдан астам Жамбыл ауданының шаруашылық мекемелерінде жемісті еңбек етіп, құрметке бөленген. Ұзақ жылғы еңбегіне орай əртүрлі марапаттар мен алғыстар алған. Бақытты шаңырақтағы 5 перзенттің үлкені марқұм Қайрат экономист болатын. Қуат ІІ-ІІІ дəрежелі «Шахтер Даңқы» орденінің иегері, Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері Алуанай Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, жеке кəсіпкер, Амантай генерал-лейтенант, Лəззат химик-ғалым, қазір Америкада тұрады. Алуанай құрбым бизнестің әлеуетін түсінген жан. Қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ал, алдына келгендерге қол ұшын беруді де парыз санайды.

Ұлдары мен қыздарынан өсіп-өнген 10 немере, 26 шөбересі бақытты əулеттің  қуанышы. Немерелері әртүрлі мамандықты меңгерген. Бірі басшы, бірі бизнесмен, министрлік қызметкері, судья, банк қызметкері, тағы басқа алуан мамандық иелері ретінде тәуелсіз елімізге адал қызмет етіп жүрген жандардың қатарында.

Раушан ана өзінің ұрпағынан тараған  немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп, ақылман ана, немере-шөберелеріне сыйлы əже болды. Елі мен жеріне, Отанына сіңірген еңбегіне орай  «Ерен еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», Ұлы Жеңістің 50, 60, 65, 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен жəне «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Сонымен бірге Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанды.

Апаның «Мен арманы жоқ адаммын» деген бірауыз сөзі есімде қалыпты. Бір отбасының ғана емес, бір елдің, ауданның, араласқан туыс-туғанның үлкен жүректі Анасы болғанының өзі неге тұрады? Адамға кейімейтін кеңшілдігінен тағылым аласың. Бұл да кейінгі ұрпаққа үлгі болатын қасиет. Сондықтан Раушан Аронқызы көзден кетсе де көңілден кетпей сол бір сабырлы, ұстамды қалпында жүректе қалды.

Уақыттан жүйрік не бар? Апамыздың бақилық болғанына да біраз айлар өтті. «Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» деген сөз бар. Десе де ұрпағы барда ана есімі ұмытылмайды. Осы сөздің дәлелі, Қарақыстақ ауылындағы Алланың үйінің жанынан «Раушан ана ғибадатханасы» ашылып, ел игілігіне берілген. Бұл да абзал анаға деген үлкен құрмет.

Күмісжан БАЙЖАН,

ҚР Мәдениет қайраткері

Жамбыл ауданы

Алматы облысы