НҰРЛАН-ФАУЗИЯ ОРАЗАЛИНДЕР: ЖАСТАРҒА ҮЛГІ ЖҰП

Уақыты: 21.11.2019
Оқылды: 1173
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ халқында «көргенді», «текті» деген сөздер жиі айтылады. Бұл сөздер ежелден-ақ айрықша мағынаға ие. Бұл сөздер, әсіресе, белгілі тұлғаларға, атақ пен абырой, адамгершіліктің биігіне көтерілген адамдарға қатысты жиі қолданылады. Алыс пенен жақынды табыстырып, жүрген жеріне, өскен ортасына, қызмет жасап жүрген елі мен жеріне, отбасы, төңірегіне күннің жаймашуақ нұрын шашып жүретін ерекше жаратылған жандар болады. 

Ұлы Абайдың «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дегеніндей, осының бәрі өн бойынан табылатын жан бүгінгі әңгімемнің бас кейіпкері – ақын, драматург, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин ағамыздың асыл жары, балаларына аяулы ана, немерелеріне ақ әже атанған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оразбаева Фаузия Шәмсиқызы болмақ.

Фаузия Шәмсиқызы Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Талапкер ауылында дүниеге келген. Филология, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық Ресей педагогикалық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастап, еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында аға оқытушылықтан ғылым докторы, профессорлыққа дейін жетіп, кафедра меңгерушісі, проректор қызметін де абыроймен атқарған. Бүгінгі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Латын» орталығының директоры. Фаузия Шәмсиқызының заман талабына сәйкес көкейкесті мәселелерге дер кезінде үн қосып отыруы парасат-пайымының жоғары екенін көрсетсе керек.

Бүгінде Қазақстанның ғылымында ойып алар орны бар тұлғалы, ғылымның көкжиегіне қол созған жас ғалымдардың ұстазы, еңбек жолындағы қажымас, талмас өзіндік  болмысымен республикалық және халықаралық деңгейге шыққан ғалым-ұстаз.

Адамзат атаулының Алла жаратқан жаратылысы сан қилы, алуан түрлі жұмбақ пен түсініп, түйсінері мол, көптеген өзгерістерден тұратын тылсым сырға толы. Адамның бұл дүниеге келу, өсу, өмір сүру, мінез бен қадір-қасиеттің қалыптасуы жолында атаның қанымен біткен, ана сүтімен бойға сіңген дара тұлғалық, көргенді, текті сипатымен қатар оның адами болмысы мен тұлғасын айғақтайтын жаратылысынан бөлек ерекше табиғи бітімі, тек өзіне ғана тән қадір-касиеті мен қарым-қабілеті болады.

Фаузия апаймен алғаш кездескен сәтім әлі есімде. Қазақтың жоғары оқу орындарының қара шаңырағы аталатын С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің бас ғимаратының алдында кездестік. Ол кезде мен орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің карапайым ғана мұғалімі едім. Оқушымның ғылыми жобасына ғылыми жетекшімнен пікір алуға барған кезім. Ғимараттың алдыңғы шығар есігінде Фаузия апаймен бетпе-бет келіп, тіпті жақыннан көрдім. Аққұба жүзі ерекше нұрға толы, орта бойлы, қолында үлкен сөмкесі бар жан қасымнан өте берді. "Апай, сәлеметсіз бе?" – дегенім есімде.

Фаузия апай бұрылып, үлкен нұрлы көздерімен маған барлай қарап, сәлемімді алды. Күлімсіреген кезде тіпті әдемі, жаныма бір мейірімді шуақ шашылғандай болды. Мен басқа әлемге кіргендей, аңтарылып қалыппын. Мұндай келбетті, нұрлы жүзді адамды алғаш көруім еді. Адам баласының бүкіл болмысының көзі мен жүзінде тұратынын, жаны таза, таңғы шықтай мөлдір, айналасына нұр шашып, көрген адамды магниттей тартатынын сезіндім. Тіп-тік, сұлу тұлғасы, мейірімді жүзі қазақ тілі жанашырының, көрнекті ғалым, ұстаздың бейнесі Фаузия апай арқылы көкейімде мәңгілік қалып қойды. Кейіннен Фаузия Шәмсиқызымен талай рет кездесіп, жүздесіп, сұхбаттасып, тіпті, дәмдес де болған кезімде сол алғашқы бейне, сол сезім жүрегімде орнағандай.

Ұстаздық жолда жүрген әрбір адамның өмірде ұқсағысы келетін, еліктейтін бір кумирі болады. Фаузия апайдың тек жұмысындағы бейнесі ғана емес, өмірлік жолдасы, қазақтың біртуар перзенті, ақын, драматург, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин ағамызбен сыйластығы, тіпті, шынайы айтсам, мәңгілік махаббат сезімдері де көрген жанға керемет бір әсер сыйлайды. Нұрлан аға екеуінің болмыс жағынан ұқсастықтары, бір жердің топырағынан жаратылғандай үйлесімді, салиқалы, салмақты, өнеге болар өмірлері барлық адамға, оның ішінде қазақ отбасына үлгі-өнеге болары даусыз.

Осының өзі Фаузия Шәмсиқызының ғылымға, ұлт руханиятына, отбасылық құндылыққа тектілік пен көргенділік тұрғысынан  қарағанда нағыз қазақ әйелінің, оның ішінде, ғалым-ұстаздың ұлттық бейнесін танытып көрсетуіндегі мықты ұстанымы дер едім. 

Л.ОРМАНБЕКОВА,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы