"ҚИЫН КЕЗ ЕДІ": АЗАМАТТЫҒЫ БИІК АҚЫМБЕКОВ

Уақыты: 27.11.2019
Оқылды: 1397
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғасырлар бойы ауыртпалық пен қиындықты еңсерген дана халқымыз әлдебір жақсы адам жайында: «Топырағына тартып туған екен», – деп жатады. Рас сөз. Азаматтың қайраткерлігі, адамгершілігі, кісілік келбеті туған топырағынан алған тәрбиемен көріктеніп, ішкен су, жұтқан ауамен ерекшелене түседі. Шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінде оның мысалы көптеп табылады. Ертедегі жаугершілік заманда елдің амандығы, өскелең ұрпақтың болашағы үшін жан қиған батыр бабаларымыздың әрқайсысы соған дәлел.

Ерекшелеп айтар болсақ, Жалайырдан Балпық би мен Қабылиса жырау, Орақ батыр мен Ескелді би, Шапыраштыдан Наурызбай мен Қарасай, Албаннан Ханкелді мен Райымбек, Суаннан Елтінді батыр, Сатай-Бөлек батырлар, Дулаттан Қапал батыр, Арғыннан Малайсары, Қаракерейден Қабанбай сынды батырлар мен билер ұшқан құстың қанаты талар, ұлан-байтақ өлкені бізге аманаттап қалдырды. Олардың бәрі де жауға шапса батыр, елге шықса сөзі дуалы би-шешен, жас ұрпаққа терең ілім мен білім берген ұстаз қызметін атқарып, келешектің жарқын боларынан үміт еткен-ді. Сондай асыл текті бекзадалардан жалғасқан Отанға, елге, жерге деген жанашырлық Кеңестік кезеңде де жалғасын тауып, қызыл империяның қанды қырғынынан аман қалды. Басы артық сөз айтуға болмайтын тұста халық іштегі шерін еңбек арқылы шығарды, еңбек арқылы үлгі болды, еңбек арқылы ұрпағын тәрбиеледі. Кеңестік идеологияның жоспарын орындап, ауылшаруашылығын өркендеткен аталарымыз бен әкелеріміз, әжелеріміз бен аналарымыз көңіліндегі айтылмаған сырды ауыр еңбек арқылы ұмытуға тырысты. Соның арқасында тұралаған КСРО атты алып мемлекет Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауыр кезеңде аяғынан тік тұрды. Ел ішінде еңбегімен еленген жандар осылайша «Социалистік Еңбек Ері» деген атақты иеленіп, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланып жатты. Олардың қатарында екі мәрте Еңбек ері атанған Нұрмолда Алдабергенов пен Николай Головацскийдің есімі елге белгілі.

Одан бөлек Әбдіқадыр Дайыров, Зылиха Тамшыбаева, Күләш Айтжанова, Мәриям Ниязова, Айтбала Абданова, Адалат Зайнаудинова, Мәриям Аябаева, Жолсейіт Молдасанов, Шаймұхамбет Сәпиев сынды тұлғалардың тағылымды тағдыры талай жастың ғұмыры үшін үлгі-өнегеге айналды. Ел басқарған Бәйкен Әшімов, Бименде Садуақасов, Әріпбай Алыбаев, Сақан Құсайынов, Әбубәкір Тыныбаев, Владислав Ануфреев, Анатолий Жигулин, Сағынбек Тұрсынов секілді қайраткерлер өңірдің өркендеуі жолында болашағынан үміт күттіретін жас мамандардың қызмет жолында өсуіне жағдай жасап, қолдау көрсетті. Сондай мамандардың қатарында еліміздің ауылшаруашылық саласына елеулі үлес қосқан Серік Шаяхметұлы Ақымбеков бар.

Қазіргі Көксу ауданының Мұқыры ауылында 1949 жылы 28 қарашада дүниеге келген Серік Шаяхметұлы өз қатарластарының рухани сұранысын қамтамасыз еткен Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Пышан Жәлмендеұлы, Шалтабай Алпарұлы, Қапез Байғабылұлы сынды ақын-жыраулардың шығармаларымен көкіректеріндегі алып арманды тұтандырды. Қазақ жастарының жоғары оқу орнын оқуымен қалаған кеңестік идеологияның ұсынған шопандар бригадасынан шыққан ұландар негізінен ауылшаруашылығы мамандығын алуға ұмтылды. Қатарластарымен бірге Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институты мен Алматыдағы Жоғары партия мектебін 1971 жылы бітірген С. Ақымбеков еңбек жолын Талдықорған облысында қызылша өсірумен айналысатын кеңшарда агроном болып бастайды. Тәтті түбір өсірудің қыры мен сырын меңгерген жас маман алымдылығымен 1974 жылы Көксу аудандық Қазақстан жастарының Ленин атындағы коммунистік одағының (ЛКСМ) бірінші хатшысы болып тағайындалады. Белсенді жұмысымен көзге түскен Серік Шаяхметұлы екі жылдан соң Талдықорған облыстық одақтың бірінші хатшылығына жоғарылайды. Одан соң 1981 жылы Гвардия аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1984 жылы Гвардия аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1986 жылы Киров аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған жас маман 1988 жылы Қазақ КСР Компартиясының Орталық комитетіне қарасты аграрлық бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына, 1989 жылы Талдықорған облыстық комитетінің хатшылығына, 1991 жылы Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалады. Бұл еліміз егемендік алып, Қазақстан Республикасын әлем елдері жаңа тани бастаған тұс. Содан бір жыл өткен соң ҚР Мемлекеттік жер қатынастары және жерге орналастыру комитетін басқарған кейіпкеріміз 1993 жылы Талдықорған облысының басшылығына тағайындалады. Біздің таныстығымыз осы кезеңде басталды.

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың таңы атып, еліміз мемлекет ретінде әлем жұртшылығына таныстырыла бастаған тұста тарихи деректер ашылып, облыс басшысы Сағынбек Тұрсыновтың қолдауымен Қаракерей Қабанбай батырдың, Ескелді бидің 300 жылдығы атап өтілді. Сонымен бірге, бұрын аттары айтылмаған, таныстырылмаған шығармалар жарық көре бастады. Соның алғашқысы ретінде әйгілі жиһангез, батыр Қазыбек бек Тауасарұлының қолжазбасы негізінде жазушы Балғабек Қыдырбекұлы мен Бексұлтан Нұржекеұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын кітап шығарды. Ондағы айтылған деректер мен мәліметтерге байланысты Панфилов ауданындағы Қызылқия, Жарбұлақ, Ордың бұлағы секілді жерлердің тарихы аспандап шыға келді. Атақты Белжайлаудың төрінде қазақ тарихындағы айтулы оқиғаның өткендігін белгілі жазушы әрі зерттеуші Бексұлтан Нұржекеұлының жергілікті ақсақалдармен кеңесе отырып  күллі әлемге әйгіледі. Соның артынан іле-шала, 1993 жылы Талдықорған облысына басшы болып келген Серік Ақымбеков пен аудан әкімі Әділшайық Ыбырайымолдаұлы «Орбұлақ» шайқасының 350 жылдығын асқан жауапкершілікпен өткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Мен ол кезде бұрынғы «Ленин» кеңшары, кейінгі «Үлкенағаш» ұжымшарының төрағасымын. Республикалық деңгейдегі той өтетін Белжайлау біздің ауылдық округке қарайды.

Жалпы «Орбұлақ» шайқасы қазақ тарихында ең ауыр да сойқан ұрыстың бірі саналады. 1643 жылы қазақ даласына 50 мың қолмен басып кірген Батыр қоңтайшыға Салқам Жәңгір хан бар-жоғы 600 жауынгермен Қызылқия деген жердің жағдайын оңтайлы пайдалана отырып әрі үлкен ор-оқпана қазып, қалың жауға қарсы ұрыс жүргізеді. Соңынан Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келгенше жоңғардың шабуылын тежеп тұрады. Сол арада қалмақтар да көшпелі болғандықтан қосын тігіп, малын сойып, биесін байлап, тіршіліктің түйткілімен соғыс жоспарын талқылауға кіріседі. Осылайша уақыт оздырған қазақ батырлары сол жолы 10 мың қалмақты қырып, жаудың бетін қайтарады. Бұл еліміз үшін айтуға тұрарлық тарихи оқиға. Тіпті, әйгілі 300 спартандықтардың соғысынан кем соқпайды деуге болады.

Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақстан Республикасы үшін «Орбұлақ» шайқасының 350 жылдығын өткізу өте маңызды болды. Соған байланысты сол кездегі Премьер-Министр Сергей Терещенко, оның орынбасары Қуаныш Сұлтанов бастаған құрметті қонақтардың қатарында Сағадат Нұрмағамбетов, Еркеғали Рахмадиев Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова бастаған айтулы тұлғалар Алматыдан «Қорғас» кеден бекетінің 12 микроавтобусымен Белжайлауға келіп, тойды тамашалады. Әбіш Кекілбаев баяндама жасап, «Орбұлақ» шайқасының мәні мен маңызы жайлы әңгімеледі. Сөз басында: «Түу, мына жерді қалмақ-жоңғар тұрмақ жақынға да қимайтын жер екен ғой», – деп Белжайлаудың көркіне сипаттама беріп кетті. Сондағы тойға Панфилов ауданы 518 киіз үй тігіп, қонақтарға құрмет көрсетті. Бурақожыр, Китің, Ақсу өзендеріне әскери пантондық көпір орнатылып, тойға баратын автокөліктердің жайлауға қиындықсыз шығуына мүмкіндік жасалды. Мұндай ауқымды тойды өткізу оңай шаруа емес. Тойдың алдында орнатылған салмағы 16 тонна болатын ескерткіш тасты Сарыөзек әскери гарнизонының қолбасшысы Бақытжан Ертаев екі әскери техникамен жеткізуге көмектесті.  Сол кездегі Үкімет құрамындағы Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесінің төрағасы Мұхамбетқасым Шәкенов ескерткіш белгіні еліміздің тарихи және мәдени ескерткіштерінің қатарына кіргізіп, тізімдеді. Дәл осы жерде Серік Шаяхметұлымен таныстығымыз басталды. Оған дейін сырттай біліп, көріп жүргенімен, жақын араласып, таныспаған екенбіз. Жалындаған жас азамат, қырықтың қырқасына жаңа шыққан. Ел мен жердің тарихына қатысты деректерге асқан қызығушылық танытып, Жетісу жерінің өркендеуіне атсалысты. Сол жолы азаматтығына, іскерлігіне, жанашырлығына тәнті болып, көрегендігі мен білгірлігіне, шешендігіне куә болдық. Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақталуына үлес қосты.

1995 жылы 30 тамызда ҚР Конституциясының бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануына бәріміз куә болдық. Сол жолы ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттығына сайлаудың алдын ала іріктеу, ұсыну науқаны басталды. Мен де өз кандидатурамды ұсынып, баламалы жолмен сайлауға түстім. Соңында Талдықорған облысынан шыққан бес депутаттың қатарына кірдім. Оның екеуі – Сағатбек Тәжиев пен Болат Тәкенов сенатор болса, Көпес Ақылбаев, Василий Осипов, мен – үшеуіміз Мәжіліс депутаттығына сайландық. Осылайша Парламент Мәжілісінің депутаты атандым. Содан кейін де облысымыздағы Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш зауытының іркіліссіз жұмыс істеуіне Үкіметтен демеуқаржы алу бағытында қоян-қолтық жұмыс жасадық. Яғни, бір сөзбен айтқанда жоғары органда қалай қызмет етудің, жергілікті билікпен қалай байланыс жасаудың үлгі-өнегесін Серік Шаяхметұлынан көргендігімді есімнен шығарып, ұмытқан емеспін. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген халқымыздың нақыл сөзіне салар болсақ, биыл 70 жасқа толып отырған Серік Шаяхметұлының осындай қайраткерлігі мен азаматтығын кейінгіге үлгі ретінде айта кету біз үшін парыз іспетті. Менің бұл пікірім Көксу ауданында 8 жыл басшылық қызмет атқарған белгілі қоғам қайраткері Егеубек Далбағаевтың ойымен де сабақтасады. Оның «Естеліктер» аты кітабының 159-бетінде: «Білетініміз – Серіктің әкім болып келуіне қуандық. Ол қуанышымыз – ағайындық, таныстық жөнінен емес, жалпы өңірімізден облысты басқаруға жарайтын ұл туып, өскендігіне қуандық. Бұл Талдықорған өңірі халқының рухани өсуінің айғағы еді.

Серік Шаяхметұлы облысты басқарған кез – қоғамның аумалы-төкпелі, ескінің жүйесі сөгілгенмен, үзілмеген, жаңаның әлі қалыптаспаған қиын кез еді. Соған қарамастан облысты жақсы басқарды. Сол қиын кезде бір күн жарығымыз, жылуымыз өшіп көрген жоқ. Ел байырғы тіршіліктерін жасай берді. Жауапты жұмыстың ауыртпалығы көп болса да, байсалдылықпен, көрегендікпен, біліктілікпен қызмет атқарды. Шыңдалып нарық экономикасын толық меңгерген азаматымыз мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп, Ауылшаруашылық министрі болып өсіп кетті. Қайда, қандай деңгейде қызмет атқарса да Серіктің фәни жалғанның көкір-соқырына былғанбаған жаны таза, өрісі кең, адамгершілігі жоғары тұратын. Азаматтығы биік абзал жан. Оны Жаратушы да, салиқалы ел де көріп отыр» – деп сол кезеңнің шындығын бүкпесіз жазады. Осы пікір айтқан ойымыздың растығына дәлел.

Депутаттық қызметті атқарып жүрген 1997 жылы еліміздің тарихында айтылуы тиіс ұлы көш жүрді. Сол кездегі Экология министрі Серікбек Дәукеев пен Ауылшаруашылық министрі Серік Ақымбеков ұлы көшті жаз айында бастап, бірі – Көкшетау қаласына, екіншісі – Ақмола қаласына көшіп барды. Осылайша Целинный теміржол мекемесінің қызметтік ғимаратына көшіп кірген Серік Шаяхметұлы әріптестерін жөндеу жұмыстарына жұмылдырып, аса жауапты міндетті атқарушылардың алдында жүрді. Өйткені, нарықтық кезең еліміз үшін аса ауыр болғаны бәрімізге белгілі. Сондай қысыл-таяң кезде алғашқылардың бірі болып, Елордамыздың алғашқы іргетасын қалауға үлес қосты. Міне, осының бәрі айтылуы тиіс деп білемін. Содан кейін Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаев еліміздің штандарттары – Конституцияны, Герб пен Гимнді салтанатпен көшіріп апарды. Артынан Үкімет, Президент аппараты, Парламент бастаған негізгі көш желтоқсанның 7-і күні пойызға отырды. Желтоқсанның 10-ы күні Қазақстан Республикасының астанасы Ақмолада қызмет атқаратыны күллі әлемге жарияланды. Осындай ауыр міндетті аянбай атқару Серік Ақымбековтың тапсырылған жауапкершілікке асқан мұқияттылықпен қарайтын мемлекетшіл қайраткер екендігін анық білдірді.

Тоқсаныншы жылдардың соңғы кезіндегі ауыр күндерді ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Барлық саланың қарызы белшеден асатын. Сол тұстағы ауылшаруашылығындағы қарыздың бәрі «Ауылшаруашылығын қолдау қорына» тіркеле беретін. Электр жарығы, жылу, мемлекеттік салық сынды қарыздар ұзарту шартымен жүктеліп жататын. Кейіннен ғана алғашқы ілгерілеу 2000 жылдары ғана байқала бастады. Сондықтан ең бір қиын кезеңде Ауылшаруашылық министрлігін басқарған Серік Шаяхметұлының еңбегі орасан дер едім. Ол кезде әр жылға атау берілетін. «Тарих жылы», «Мәдениет жылы», «Ауыл жылы», «Ауылшаруашылық жылы» сол тұста шықты. Қатарынан 2003, 2004, 2005 жылдары ауылшаруашылығына көңіл бөлініп, аграрлық сала өркендеді. Ауылшаруашылығын басқарудың жаңа тәсілі қолға алынып, заңнамалар мен тетіктер пайдаланылды. Соның арқасында қаржы бөлінді. Қысқасы, Сауат Мыңбаев пен Ахметжан Есімовтың тұсында ауылшаруашылығына бөлінген назар мен қолдаудың бастауында Серік Ақымбеков тұр деуге толық негіз бар.

Халқымыздың: «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөзі өмірдің өзінен алынғаны анық. Ұжымдастырудың алғашқы жылдарында ел басқарып, халықтың құрметіне бөленген атасы Шаяхмет қарияның тәлім-тәрбиесін алған Серік Ақымбековтың адамгершілігі, азаматтығы, ел мен жерге деген жанашырлығы ерекше. Рахметолла деген ағасының ел мен жердің тарихына байланысты жазған еңбегі көпшіліктің ықыласын алды. Жалайыр тайпасының шежіресін жазған ақсақалдың туындысы сонау жаугершілік заманда Іле-Балқаш өңірін мекен еткен рулардың таралу барысын, атақоныс мекендеріне қатысты мәліметтер мен тарихи оқиғаларды қамтыған шығарма. Яғни, еліміз тәуелсіздігін алған жылдарда әркім өзінің ата тарихын түгендеп, бұрын айтылмаған салаға түрен сала бастаған кезең үшін бұл үлкен еңбек еді. Кейіннен содан бастау алған шежірені тарату ісі жаппай белең алғаны шындық. Әкесі мен ағасының өткенге құрметпен қарап, кейінгіге мол мұра қалдыруы Серік Ақымбеков үшін бұлжымас қағидаға айналғандай болды. Соның арқасында туған жерден тамырын үзбей, бала күннен қатар өскен құрбы-құрдастарымен жақын араласып, сырласып, сыйласып келеді. Өзі қызмет еткен Жетісу жерінің ыстығына күйіп, суығына тоңудан танған емес. Қайтқан кісілердің жерлеуінен қалмай, той-томалаққа қатысып жатады. Кісілік келбеті сондай жарқын жанды да құрмет тұтушылардың қатары сиреп көрмепті. Жора-жолдастың ортасында сыйлы, ағайын-туыстың құрметіне ие болған Серік Шаяхметұлы Ақымбековтың қайраткерлік ғұмыры осылай өрілді.

Ал, отбасылық өмірі жары Ғазиза апайымызбен көрікті. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы қазір немерелерінің қызығын көріп, ұрпағының шуақты күлкісіне қуанған жандардың қатарында.

«Жетпіс жас – жет және піс деген екі ұғымнан құралады» – деп Шерхан Мұртаза айтқандай, ақыл-ойы толығып, даналығы артатын жасқа жеткен ағамыздың ғибратты ғұмыры кейінгіге үлгі, болашаққа бағыт-бағдар болса деген тілек көкейімізде тұр. Жаратқан Алла тағала тілегімізді қабыл етіп, көпшіліктің ықыласына бөленуді нәсіп етсін дегіміз келеді.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты,

Алматы облысының Құрметті азаматы,

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы