"НЕ ҚЫЛАМЫН ҚАСИЕТІН АЛТЫННЫҢ?" ЖАМАУ БҰҚАРБАЙҒА - 70 ЖЫЛ

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 1747
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақсуда ақын, журналист, публицист, қоғам қайраткері Жамау Бұқарбайдың 70 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.

Молықбай қобызшы атындағы Мәдениет үйіндегі шараны аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов ашып, ақын жайлы дерек-дәйектерге тоқталды. Мәдениет үйінің директоры Асхат Досмұханбетов конференцияны жүргізіп отырды. Алғашқы баяндаманы ақынның досы, іздеушісі, 70 жылдықтың өтуіне мұрындық болған Жемісбек Толымбек жасады. «Жалын Жамау жадымда» атты баяндамада ақынның ешкімге ұқсамайтын өмірлік соқпағынан сыр шертті.

Жамау ақын-шерлі ананың Алладан сұрап алған жалғыз ұлы. Баян ананың баяны экраннан берілді: «Ата дәстүр жоралғысымен күйеуге он төрт жасымда шықтым. Төрт балам жастай өліп, тоқтамады. Жамауым – бесіншім, өмірге қасиетті бата, аянмен келді. Балаларым шетіней берген жайды ескеріп, жиырма екі ұрпағы тоқтамай, жалғыз Өмірлік деген қызы бар, қасиетті Ер Тоқпанбет ұрпағы, Телібай болыстың Бөрібегі «Қызым, Өмірлікке тартқан ұл берсін» деп, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиыншылық уақытында, 1948 жылы үйіне шақырып, дәм таттырып, батасын берді. Батасы оң болып, бойыма бала бітіп, жүкті болдым. Босанар күні алдында түсіме тірлігінде көрші тұрған, марқұм, елі – Қайнар, Солтабай қария кіріп, жеңінің жамауы бар күпәйкені көрсетіп, екі мәрте: «Жамау!» – деді. Жамаудың есімі осындай ырым-жоралғымен қойылған», – деп бастап, өміріне өрнек болған өлеңімен жалғады.

Жамау Бұхарбай шығармашылығы шағын өлеңдерден басталып, балладалар мен дастандарға ұласты. Ақынның «Шатырбай-Мәулім», «Нартайлақ-Назар», «Мерген» дастандарының көтерген тақырыбы ауқымды. «Жамау Бұхарбай поэзиясының көркемдік ерекшеліктері» атты негізгі баяндаманы әдебиеттанушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбай жасады. Ол Жамауды мінезді ақын деп ат қойды. Жалпы ақсулық ақындар – тағдырлы ақындар деп ащы да болса көптің көкейіндегі шерді қозғады. Заңдылыққа бағынбайтын, арнасынан асып төгіліп жататын алмас тілді, суреткер, сыры мен мұңы тұнған, бейқам жұртты оятамын деп жанталасып жүріп өз отына өзі күйген жан – осы Жамау еді. «Жамау Бұхарбай шығармаларының стильдік ерекшеліктері» атты баяндамадағы мағлұматтар Зәмзәгүл Данабектің жиған-тергенінен мәлім болды. Жас журналист, драматург Әлібек Байбол Жамау ақын шығармалаларын зерттеп, өмірге қайта оралтушылардың бірі. Ол ақын өлеңінің сырына қаныққан, оның артықшылықтарын ерекшелеп келе жатқан азамат. Жамау Бұхарбайдың соңында «Жәннатым менің», «Пері қызына хат», «Жайдарман», «Жаралы аққу» кітаптары қалды. Оның «Шатырбай – Мәуліт», «Нартайлақ – Назар», «Мерген» дастандарының кең тыныстығымен артық. «Жетісу жауқазындары», «Баспалдақтар», «жайдарман» жыр жинақтарына өлең топтамалары енген.

Ақынның досы, замандасы, әріптесі Жомарт Игіман Жамаубен бір жүрген, сыйласқан, сырласқан, табиғатына тамсанған, адалдығын жалау еткен замандасы. Ол ақынның өлеңдеріне талдау жасап, тірілердің өзін түсіне алмағанына налығанып, сырласты өзге әлемнен іздегенін жеткізді. Мәселен, мына бір өлеңінде мұңын былай шағады.

Маған енді қажеті жоқ түктің де,

Не қыламын қасиетін алтынның?

Күйдім,

Жандым,

Күңірендім,

Ұттым не?

Сорға айналған көлдей мүлде сарқылдым, – деп өмірден пана таппағанын айтады. Ел-жұртының өзін түсінбегендігіне налиды. Өз қолын өзі кессін бе, сол өзінің қадірін түсінбеген жұрттың жыртысын жыртудан жалықпады. Елдің жоғын жоқтап, отқа да салды өзін. «Азат» қозғалысына қатысып, елінің егемендік алуын жақындатып, қазағының бәсі басқалардан төмен түспесе деген ойын жеткізді. Мақсаты – жарқын болашақты қалыптастыру.

Жамау емес, қалаумын,

«Мен» дегенге сабаумын.

Ақындарға жан пида,

Алаяқ қуға қамаумын.

Жамау емес, жалаумын,

Орта құрсақ жараумын.

Жай халыққа жомартпын,

Басқаға Қарынбай қараумын.

Жамау емес, жауырмын,

Бар қазаққа бауырмын.

Толғанбайдай толқыған,

Жалмендедей ауырмын.

Жамау емес, жаяумын,

Жиенбайға таяумын.

Арсалаң ақын сияқты,

Жібектей жұмсақ баяумын, – деп ақын өлең арқылы өзінің бар болмысын жайып салып, ар алдындағы адалдығын жеткізеді.

Ол кезіндегі Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде, содан соң Көксу, Сарқан аудандарында газет редакторы, соңғы айларда Талдықорған қалалық «Қазақ тілі» қоғамында хатшы болып қызмет еткен. Бар жыр-қуатын еліне арнады. Айналасын адал еткісі келді. Елім деген ер сатқындықтан жапа шекті. Желтоқсаншыларға бұзақы деген күйе жағылды. Сол кезде ызаға булыққан Жамау ақын қаламын тағы ұштады.

Ізің жерге түспеді, елге – елесің,

Шөлдемесің белгілі, терлемесің.

Ағарғанның бәріне күйе жағып,

Өзім ғана болсам деп сен келесің.

Күйінесің, көбеймей өкшелесің,

Осылайша бір күні екшелесің.

Көгергеннің бәріне көз алартып,

–Таптап кетсем, шіркін-ай, – деп келесің.

Белгілі ғой шама жоқ. Таптамайсың,

Еш жақсыны шешіліп, мақтамайсың.

Қандай адам түбінде ақтар сені,

Жаза басса – ешкімді ақтамайсың.

Иә, ондайлар болған, тіршілік барда бола да беретін сияқты. Бірақ Жамау ақын аққа күйе жаққанды түсіне алмады, түсінгісі де келмеді. Жанын жеді. Жүрегі мазасызданды. Күйінді, күйігін тартты. Амал нешік, жүрек шіркін азғындықтан жеңілді. Ауыр ойды көтере алмады. Үзілді.

70 жылдығына жиналған жұрт ақынның өлмейтінін дәлелдеді. Кітаптары сөрелерге қойылып, есімі болашаққа жол тартты. Оқушылары мен ізін жалғар інілері шығармаларын жарыққа шығаратынын тағы да айтып, елді еңселендірді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы