ЕЛУ ЖЫЛ БІРГЕ: БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БЕКТЕМІСОВТЕР

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 1122
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Биылғы жыл Бектемісовтер отбасын шаттық пен қуанышқа бөлеп тастапты. Атап айтқанда, отанасы Кәмила қараша айында 70 жасты еңсерсе, отағасы Кенжебек желтоқсанның 5 жұлдызында 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Бұған қоса екеуінің отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне де жарты ғасырдың жүзі болыпты. Міне, осылайша, үш торқалы той тоғысып, шұғылалы шаңырақты шаттық пен нұрға бөледі.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді халқымыз. Текті атаның қанымен, абзал ананың ақ сүтімен бойына биік адамгершілік пен парасаттылық дарыған жандардың қатарына ағайын-туыстың ғана емес, ел-жұрттың сый-құрметіне бөленіп жүрген жаны жайсаң, жүрегі жомарт Кенжебек Бектемісовті де қосуға болады. Орайы келіп тұрғанда он бес жыл бірге қызметтес болған бұрынғы әріптестерім, бір жағынан ақылшы ағам әрі тәлімгерім жайлы ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

1974 жылы Кеңес армиясы қатарындағы әскери борышымды өтеп қайтқан соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түстік. Кейін мамандығым бойынша жұмыс іздеп, Киров аудандық «Еңбек туы – Знамя труда» газетінің редакциясына бас сұққанымда ең алғаш тілдесіп, жөн сұрасқан адамым осы Кенжебек Бектемісов болып шықты. Кенжекең мені кабинетіне кіргізіп, келген шаруамды сұрап, аты-жөнімді естігеннен кейін кәдімгі бір байырғы танысындай жақын тарта әңгімелесті. Мұның сырын әңгіме арасында аңғардым. Сол кезде, Кенжекең газеттің хат-хабар бөлімінің меңгерушісі екен. Мен болсам, мектеп қабырғасында жүргенде шимайлап, шағын мақалаларды аудандық газетке жолдап тұратынмын. Соларды Кенжекең өңдеп, газет бетіне бастыратындықтан, аты-жөнімді сырттай білетін көрінеді. Содан Кенжекең мен редактордың орынбасары, кезінде Алдабергенов ауылында менің алғашқы ұстазым болған Сағындық Тәнекенов марқұм екеуі сол кездегі бас редактор Рымтай Дәулетовтің алдына барып, мен туралы пікірлерін айтып, фототілші ретінде қабылдануыма себепкер болды.

Он бес жылдың ішінде Кенжебек Бектемісовтың бойында көптеген адами қасиет бар екеніне көз жеткіздім. Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет қазақ және орыс тілдерінде басылатын. Сондықтан, орысшадан қазақшаға немесе керісінше материалдарды аударуға тура келетін. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, орысшадан қазақшаға аудару маған да жүктеле бастаған. Аударманың өзіндік қиындықтарымен тауым шағылып отырғанда Кенжекең көмекке келіп, қамқорлық көрсеткені әлі есімде. Ол кісінің алдында қалың кітап жататын. Соны маған ұсынып: «Мына «киіз кітапқа» қарап, қиналған сөздеріңнің аудармасын тауып ал, бірақ мұндағы көрсетілген сөздер әркез дәлме-дәл бола бермейді. Сондықтан сөйлемнің мағынасын түсініп алып барып, аудару керек, қажет болса ерінбей барып, жазған адамнан сұра», – деп ағалық ақылын айтты. Ақтарып қарасам орысша-қазақша сөздік екен. Шынында, да аударманың мағанасына терең бойлап барып, аудармаса мақаланың мәні өзгеріп кететініне кейін көзім жете түсті.

Кейіннен «Еңбек туына» редакторлыққа Сағындық ағамыз тағайындалғанда, Кенжекең жауапты хатшы болды. Міне, осы лауазымда К.Бектемісов сан қырлы іскерлігімен танылды. Жоғарыда айтқанымдай, аптасына қазақ-орыс тілдерінде жалпы газеттің алты санын шығару қажет болған. Солардың әр бетіне басылатын материалдардың мағынасы мен мәні жағынан рет-ретімен әрі көлеміне лайықты орналастыру жауапты хатшының міндеті еді. Ал, ол дұрыс макеттелмесе, беттегі материалдар не жетпей, не асып кетіп қысқартылып жатса, онда баспахана тарапынан наразылық туындап, айғай-шу болатын. Ол жылдары баспаханадағы газет беттеуші қыз-келіншектер салмағы зілдей қорғасын жолдардан құралған газет беттерін күніне сан көтеріп, сан түсіріп, әбден қалжырайтын. Сондықтан, редакция тарапынан олқылықтар орын алып жатса, басшысы Латиф Шерязданұлы Құсайыновпен бірге өре түрегеліп, актілерін толтырып, редакцияның кінәсін бетімізге басып жататын.

Редактор мен баспахана директорының арасында кикілжің туындап, дау-дамайға да ұласушы еді. Міне, сондай кезде Кенжекеңнің арағайындық қабілеті молынан ашылып, дауласушы екі басшының арасындағы жағдайды ушықтырмай, бітімгершілікке қол жеткізгенінің талай куәсі болғанбыз. Бірте-бірте макет сызудың да шебері болып алып, кез келген материалдарды математикалық есеппен қалыппен құйып қойғандай етіп орналастырып, материалдардың кешіктірілмей берілуі үшін редакция қызметкерлеріне берген тапсырмаларды қайта-қайта қадағалайтын. Сондай сәттерде, қос тілді газетте отырған мінездері әр қилы қазақ-орыс журналистерінің бәрімен тіл табысып, қағытпа қалжыңдары мен әдемі әзілдерін айта жүріп, берген тапсырмаларын орындататын.

«Еңбек туы» газетінің қара қазанынан көптеген қарымды қаламгерлер, жалынды журналистер қайнап шығып, өзіндік тәжірибе жинақтап, кейінен облыстық, республикалық газеттерде ауысып жататын. Солардың қатарында, алысқа бармай-ақ, бүгінгі Алматы облысының екі аға газетінің редакторлары Әміре Әрін мен Атсалим Идигов, ардагер журналистер Әли Ысқабай, Қабдрахман Наурызбаев, Тұрсын Шеңгелбаев, Николай Ягур, Валерий Лыков, сондай-ақ, бүгінгі таңда республикалық «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Тамара Устинова және басқалары Кенжекеңмен қызметтес болған. Кенжекең де солар сияқты дәрежесі жоғары басылымдарға қызметке ауысуына мүмкіндігі талай рет болғанына куәмін. Алайда өзі іргетасын қаласқан аудандық «Еңбек туы» газетін қимай, оның жабылып қалғанынша Сағындық аға екеуі адал қызмет етті.

Кенжекеңнің Құдай қосқан жары Кәмила Шайыққызы да еңбек жолын редакцияда бастап, зейнеткерлікке осы жерден шыққан жан. Ол әпкеміз де өз кәсібін жете меңгерген білікті маман атанған. Сол жылдары машинка бюросына мақала бастыру үшін журналистер кезекке тұратын. Сондықтан Кәмиланың күнделікті жұмысы бастан асып жататын. Өзінің көп жылғы тәжірибесінің арқасында Кәмила машинканың қыры мен сырын жетік меңгеріп, майын ішкен маманға айналды. Редакцияда сол кезде облысымызға кеңінен танымал Уәлихан Шыңғысұлы, Лұқпан Шуашпаев, Жанайдар Бұралқиев сынды сақа журналистер шоғырланған болатын. Олар аудандық партия комитетінің есепті жиналыстарының, бюроларының есептерін айқара бетке орыс тілінен тіке аударушы еді. Сондай сәттерде, тіке аударма тарландарының өзі Кәмиланың қарқынына ілесе алмай, жүрістерінен жаңылысып қала берген сәттерін де көргенбіз.

1939 жылғы 5 желтоқсанда от жүрегін тулата өмірге келген Кенжебек Сиражанұлы қазақ журналистикасының өрлеуіне бір адамдай күшін сарп еткен жан. Ол 1969 жылдың 1 қазанында Киров (қазіргі Көксу) ауданында «Еңбек туы – Знамя труда» газеті құрылып, оған танымал қаламгер Әли Ысқабай редактор болып тағайындалғаннан бастап осы газет жабылып қалғанша, яғни, 2010 жылға дейін, 41 жылдан астам табан аудармастан тілші, аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы және редактордың орынбасары міндеттерін абыроймен адал атқарды.

Бұған, сүйікті газетінің соңғы санын жариялап барып зейнет демалысына Кенжекең 71 жасында ғана шыққаны дәлел болса керек. Осындай бедел-биікке жеткен, ақыл-парасаты таразы басында қашанда тең тұратын ағамыздың «Еңбек туына» сіңірген елеулі еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Газет мазмұнын жақсарту және полигафиялық безендіру жөнінде республикалық байқауларға «Еңбек туы» бірнеше рет қатысып, Қазақ ССР Министрлер кеңесі Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі комитетінің, Қазақстан Журналистер Одағы байқауының бірнеше рет жүлдегері атанды.

Кенжебек Бектемісов бүкілодақтық байқаудың үшінші дәрежелі және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте үшінші және екінші дәрежелі дипломдарымен марапатталған. Сан рет аудан әкімінің Алғыс хаттары мен мақтау грамоталарына ие болған. 1965 жылы «Жеңістің 20 жылдығы» мерекелік медалімен наградталған. Көксу ауданының Құрметті азаматы атағы берілген.

Елу жыл бойы дәм-тұздары жарасып, бақытты ғұмыр кешіп отырған сүйікті жары, газет терімшісі Кәмила Шайыққызы екеуінің шуақты шаңырағында Ардақ, Айгүл, Алтынай есімді үш қыз бен ұлдары Шыңғыс дүниеге келеді.

Кенжекең мен Кәмила қазір ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қызығына тоймай бақытты ғұмыр кешуде. Кенжекең болса аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде аудан тірлігіндегі қоғамдық жұмыстарға араласып, жастарға тәлім-тәрбие беру ісіне әлі де болса өз үлесін қосуда.

Шора БАТЫРБАЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі