"ЖАСТАРҒА АРНАЙМЫН": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 07.12.2019
Оқылды: 1001
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорғанда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Алтыншаш Жақиянованың әдеби шығармашылық кеші өтті.

Мәдени шараны қаламгердің асқаралы 60 жасқа толу құрметіне Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Ақын Алтыншаш Жұманқызы 10 жасынан қолына қалам алып, әр тақырыпта өлең жаза бастаған. Бүгінге дейін  ақынның 20-ға жуық кітабы жарық көріп, 30-дан астам әнге сөз жазған.

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен кештің шымылдығы ақынның өнері мен өмірінен өнегелі сыр шертетін арнайы бейнебаянмен түрілді. Осыдан соң өңір өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әуезді әндерді асқақтата шырқаса, жас дарын иелері жыр-толғауларын жатқа оқып, көптің қошеметіне бөленді.

Өз кезегінде кеш иесі: «Биыл жасым 60-қа толса, шығармашылықпен шұғылданғаныма - 50 жыл. Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Бастысы, бұл кеште өлеңді сүйіп, өнерді құрметтейтін кілең жастар жиналыпты. Сондықтан да ел ертеңі – жастар. Мен жарты ғасыр бойы әдебиет саласына сіңірген азды-көпті еңбегімді сол жастарға арнаймын. Әрі Жастар жылындағы осы бір кештің ойдағыдай өтуіне атсалысқан азаматтарға айтар алғысым шексіз», – деді қуанышымен бөлісіп.

Кеш ақын шығармасы негізінде әзірленген поэтикалық композициямен өріліп, көрерменді тамаша әсерге бөледі. ЖМУ жанынан құрылған «Мизам» әдеби клубының жастары, мектеп оқушылары, колледж студенттері өлеңдерін жатқа оқыды.

Кеш соңында қаламгердің «Сезімнің гүлі» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, облыстық мәдениет басқармасының ықылас гүлі мен Алғыс хаты табыс етілді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы