"ТИІМДІ ПАЙДАЛАНДЫ": ЕРЛАН АРЫН ИМЕКЕНІ МЕМЛЕКЕТШІЛ ТҰЛҒА ДЕП БАҒАЛАДЫ

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 1481
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ халқында керемет дәстүр бар, жақсы көретін ұлдарының атын ғана атайды. Мысалы, Абай, Шоқан, Жамбыл, Қаныш, Құрманғазы, Ахмет... Есімі ғана жеткілікті, себебі, бұл есімдердің таңбалық мәні бар! Біз бақытты халықпыз, себебі, осы дәстүрдің жалғасын табуына негіз болатын тұлғаларымыз бар. Иманғали Тасмағамбетов те осындай тұлғалар қатарына жатады. Иманғали, Имеке, Имаш – қоғамда Тасмағамбетов жайлы осындай құрметпен сөз қозғалады, осылайша оның замандастарының жүрегіне және жанына жақындығы көрсетіледі.

Маған Иманғалимен таныс болып қана қоймай, бірге жұмыс істеу бақыты да бұйырды. Өзіндік салмақты пікірі бар, мәселенің мән-жайын дұрыс түсіне білетін, оны шешу үшін жедел әрекет жасайтын, берік рухты әрі ер мінезді, аса ілтипатты және жақындарына, достарына, тіпті, жай ғана мұқтаж жандардың бәріне қамқор бола білетін адаммен кездескеніме 30 жылдан асып кетті.

Осы жылдар ішінде Имеке нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналды. Мен оның өмірлік әрі кәсіби үлгісі мемлекетшіл ұғымының мағынасын түсінуге негіз бола алады дер едім.

Қоғамда мемлекеттік қызметкерлер туралы шенеуніктер, бюрократтар, былықшыл ретінде бағалау белең алып тұрған заманда бұл өте маңызды.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды көрнекті мемлекетшіл, тарихи тұлғалардың есімдерін қалай еске алмайсың?!

Бүгінде халқымыздың көрнекті тұлғалары шоғырына Иманғали Тасмағамбетовті де қосуға толық құқылымыз. Ол кез келген лауазымды атқара отырып, көпқырлы қызметінде халықтың, нақты адамдардың мүддесін биік қойып, әрқашан Елбасының сенімін ақтай білді.

Имеке мемлекетшіл ұғымына өз формуласын енгізді. Мен Имекенің «зиялылық, тұлғалылық, ұлтжандылық, ұйымдастырушылық» сияқты жеке қасиеттерін біле отырып, осы ұғымды қалыптастыруға тырысып көрмекпін және, менің ойымша, нағыз мемлекетшіл тұлға мемлекетті құрумен айналысады.

Имеке барлық қызметтерінде осы қасиетімен ерекшеленеді. Нақты экономика мен әлеуметтік саланың көптеген қызмет аяларында ол жаңа қағидалар мен үлгілерді, оларды дамыту бағдарламаларын енгізді. Білім беру саласында – оқулықтардың жаңа буыны, мектептерді компьютерлендіру, Лиссабон конвенциясы; денсаулық сақтау салдасында – туберкулезбен, нәрестелер мен аналар өлімімен күресу, медициналық сақтандыру; мәдениетте – Мәдени мұра, ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық, монумент-ескерткіш кешендері мен тарихи тұлғалардың ескерткіштерін орнату; аймақтарда – елорда, Алматы, Атырау облысы мен басқаларын өзгерту. Бұл жобалар бүгінге дейін осы салалар мен өңірлерді дамытуға екпін мен ырғақ беріп келеді.

Имеке өз қызметінде білік, білек пен билік сияқты факторларды біріктіріп, тиімді пайдаланады. Бұл да Имекенің өзіндік белгісі.

Ерте кездегі эсселерінің бірінде Олжас Сүлейменов Шоқан Уәлихановқа «Теңіз дәмін сезіндіретін тамшы» деген анықтама береді. Бұл сөздерді Имекеге де қатысты айтуға болары сөзсіз. Оның тағдыры – бұл жаңа тәуелсіз Қазақстанның, кедергілерді табысты жеңіп шығатын және өзінің жарқын болашағын құрушы азаматтардың жаңа буынының қалыптасу тарихы.

Осы аздаған ойтолғауымды Имекеге халқымыздың игілігі үшін бақытты да табысты өмір тілеумен аяқтасам деймін.

Ерлан АРЫН,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі, профессор, экономика ғылымдарының докторы

"Facebook" парақшасынан алынды