"ҚЫЗЫҚТЫ КЕЗ ЕДІ": МҰҚАҒАЛИ МЕН ЛАШЫННЫҢ ШӘКІРТІ 75 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1528
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Азаматтың алар асуы биік, шығар шыңы заңғар болатынын дана халық дөп пайымдаған. Менің бұл мақаламда әңгіме етпегім де сондай заңғар жан туралы. Ол – қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында өскен физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Жеңіпалды Нысамбаев.

Әрине, бір мақала аясында кейіпкерді толық суреттеп жазу оңай емес. Соған қарамастан азаматтың азаматтығын, биік тұғырын, болмысын аз-кем атап өтуді жөн деп таптық. Себебі, қазақтың ғажайып ұлы ақыны Мұқағалидың көзін көрген, ол кісі жайлы жақсы естелік айтатын, бір жағы жерлесі ретінде қызғылықты әңгімеге арқау болатынын білгендіктен шабыт күліктің басын осы Жеңіпалды ағамыздың ауылына бұрдым.

Жеңіпалды ағамыз 1945 жылдың 8 маусымында Нарынқол ауылында дүниеге келген. 4 жасында Қарасаз ауылына отбасымен бірге көшіп келіп, сол мекенде саналы ғұмырының көпшілік бөлігін өткізген. Ол кезде сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталған кезі. Ауыл тіршілігі жаңа бас көтеріп, әркім өз тіршілігімен күндерін көріп, еңбек еткен уақыт. Бір жағы жоқшылықтың да жотаңа мініп алып, кері тартқан мезгілі еді. Сондай қиындықтарға қарамастан ауыл адамдары өз күндерін көріп, түтінін түтетіп жатты. Жеңіпалды ағамыздың да отбасы осындай күнкөрістің қамын бастан кешті. Бірақ соған қарамастан тіршілік тоқтаған ба? Өзінің «Жеңіпалды» деп азан шақырып қойған атын осы Жеңіс күніне орай қойылғанын бір әңгімесінде айтып қалған болатын.

– Алғаш рет Мұқаңды 2-сыныпты бітірген кезімде жаздыгүні көрдім, – дейді Жеңіпалды аға. – Қарасазда Қарасу деген кішігірім өзен болатын. Қайыржан деген досыммен бірге мектептің сыртында соғыстан қайтқан үлкендердің әңгімесін тыңдап отырғанбыз. Қасымыздан Мұқаңмен қатарлас бір топ жігіт өтіп бара жатты. Арасынан сұңғақ бойлы, қою қара шашын артына қайырып тастаған, мығым денелі жас жігітті көрдім. Қасындағы басқа жігіттер шаштарын ұстарамен тап-тақыр етіп алғызып тастаған екен. (Ол кезде ауылда жас жігіттер мен жас-өспірімдерде шаш қоюдың сондай «модасы» болатын). Ал Мұқағали ағамыз болса шашын өсіріп, артқа қайырып тастаған екен. Біздерге ол ерекше болып көрінді. Отырған үлкендердің біреуі: «Ей, мына шашын жалбыратып алған қай бала?» деп сұрады. Екінші біреуі «Ол әлгі Алматыға оқуға кеткен Мақатайдың баласы ғой» деп жауап берді. Бұл менің сондағы болашақ ұлы ақынды бірінші рет көруім еді.

Содан кейін Мұқаң бізге орыс тілінен сабақ берді. Бұл менің  5-сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Ол кісінің бірде-бір орыс ұлтының өкілі жоқ ауылда жүріп, орыс тілін қайдан үйренгеніне таңым бар. Сөйтсем Мұқағали ағамыз орыс ақын-жазушыларының кітаптарын іздеп жүріп, тауып алып жатпай-тұрмай оқиды екен. Тіптен сол орыс классиктерінің шығармаларын талдап, санасынан өткізіп, қойын дәптеріне түртіп алып отырады екен. Осының арқасында орыс тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлей алған. Ол кезде алыс ауылдарда мұғалімнің жетіспейтін кезі болатын. Бізге Мұқаң орыс тілі пәнінен осылай білім берді. Және жай берген жоқ, сабағын өте қызықты әңгімелермен, оқиғалармен ұштастырып, санамызға сіңіріп отырушы еді. Бұл да болса Мұқағали ағамыздың дарынды екенін байқатса керек.

Сол жылы Мұқағали ағамыз Жолшы деген туысқанының үйіне келін түсірді. Яғни, Шибұт деген ауылдан Лашын атты жеңгемізге үйленді. Ол да бір қызықты кез еді. Ауыл болып тойламасақ та кішігірім дастарқан жайылып, аталып өтті. Өйткені Мұқаңның шаңырағы қарапайым ғана болатын. Әкесі Сүлеймен соғыстан оралмады. Жалғыз әжесі мен анасына қараған отбасы болатын. Бірақ Мұқаң оған мойымады. Үй болды, шаңырақ көтерді. Сәби сүйді.

Көп ұзамай ағамыз Нарынқолдағы «Советтік шекара» газетіне қызметке ауысты. Лашын апайымыз ауылда қалып, бізге ән сабағынан білім берді. Ән сабағында апайымыз «Гүлдерайым» әнін айтқызатын. Сабақ басталысымен «Ал, балалар, қандай өлең айтамыз?» – деуші еді. Біз бәріміз: «Гүлдерайымды» айтамыз» деп шу ете қалатынбыз. Сөйтсек, ол өлеңнің қайырмасында айтылатын:

«Ахау, Гүлдерайым,

Күн мен Айым,

Ұшарға қанатым жоқ, не қылайын?» – деген жолдарды бізге қайта-қайта айтқызып, өз сағыныш сезімін алыстағы ағамызға жолдағысы келеді екен ғой.

Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың есімі жалғыз қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге тарады десек, артық айтқандық емес. Оның парасатты да пайымды, терең ойлы да мазмұнды өлең-поэмалары бүгінгі жас ұрпақтың жүрегінен орын алғаны мақтаныш. «Ақын өлмейді, мәңгі жасайды» деген осы болса керек-ті.

Осылайша, тебірене әңгіме өрбітіп, Мұқаң мен Лашын апайымыздан сабақ алған Жеңіпалды ағамыз 1972 жылы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының математика мамандығын үздік бітіріп, 1975 жылдың қыркүйек айынан бері Талдықорған педагогикалық институтында (қазіргі І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде) оқытушылық қызмет атқарып келеді. 1991 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады.

Университетімізде кәсіподақ ұйымының жетекшісі, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, физика-математика факультеті деканының орынбасары сияқты қызметтерді атқарды. Қазір университеттің ақпараттық-қатынастық технологиялар кафедрасының профессоры. Жеңіпалды ағамыз биыл 75 жастың табалдырығын аттап отыр. Біз, кафедра мүшелері,  Жеңіпалды ағамызға зор денсаулық тілей отырып, әлі де болса жас ұстаздарға өз тәжірибесі мен тәлімін ортаға сала отырып, ұрпаққа білім беру ісін әлі де жалғастыра беруіне тілектес екенімізді жеткізгіміз келеді.  

Н. УАЛИЕВ,

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың кафедра меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты

Алматы облысы