Әкім жүрегіндегі Елбасы

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1613
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жасырып қайтейік, кешегі кеңес көсемдері дәргейіндегі ат төбеліндей аз ғана қазақты геноцидпен діңкелетіп, қан сіңген қара топырағына жалған гуманизмнің гүлін еккісі келді. Ол ол ма, оқығандарын оққа ұшырып, тоқығандарын темір торға тоғытқан тоталитаризм қазақ даласын қырық жыл бойы улы отқа орады. Абай туған Азияның кіндігінен ұлт сүйегін шытынатқан кесапат тарады. Аштықпен де, атып-асумен де жер бетінен жоя алмаған қызыл саясат ақыры Алаш ұрпағын аяқ-қолсыз мүгедек, ақыл-ессіз меңіреу қалдыруды көздеп, ұлылардың мекенінен қорқынышты қарудың ұясын салды. Алайда қалың елді қырық жыл қатарынан заһар шашқан атомнан Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі азат еткенін біреу білсе, біреу білмес. Бумын, Күлтегін, Темір қағандар негізін қалаған Мәңгілік Елдің мақсаты айқындалып, Қазақстан өз алдына дербестік алғанда Ұлт Көшбасшысы біржолата қасіреттің қақпасын жапты. Сөйтіп, аз күнде Қазақстан бейбітшілікті берік ұстанымы еткен әлемдегі ең беделді елдің біріне айналды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Елбасы ерен еңбегімен, шешімтал істерімен Отанымыздың экономикасын ілгері бастырды. Солардың бір парасын, шуақты шоғырын Қаратал ауданының әкімі Қайрат БИСЕМБАЕВ өзінің Елбасына арнаған «Нартұлға» атты әлі сиясы кеппеген жаңа кітабында сөз етеді. Әсіресе, автор Елбасының әлемдегі түрлі дін өкілдерімен бейбіт мақсатта диалог құрып, қырықпышақ болған ағымдардың ақ-қарасын ажыратқанына, Арқа төсінде Астананың іргетасын қалап, азаттығымызды әйгілегеніне, тағдыр мен тарих біріктірген жүзі басқа, жүрегі бір жүздеген ұлттың татулығын сақтап, бейбіт елдің бесігін тербетіп отырғанына кеңінен тоқталады.

Абайдың рухы
Ақындар жыл сайын кітап шығарып, жаңа жырларымен оқырманнан сүйінші сұрап жатады. Ал әкімдер ше? Олардың да Отан туралы тұп-тұнық ойларын қағаз бетіне түсіріп, шабыттың тұлпарын ерттеп мініп кететін кездері болады. Мұндайда ақынын құрметтеген халықтың әкімі де көкейге түйген көрікті ойын кітап етіп шығарып, оқырманына ұсынып отырғанын көріп марқайып қалатынымыз шындық. Қайрат Бисембаевтың жаңа кітабы қолға тигенде оқып түгесуге асықтық. Автордың маржандай тізілген іркес-тіркес сөздері, мағынасы айқын, тілі орамды жұп-жұмыр сөйлемдері, ең бастысы, төрт тақырыптың аясына топтасқан тегеурінді ой-тұжырымдары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Автордың табиғатынан тілге жүйрік – шешендігі, өлеңге әуес – ақындығы, ән шығаратын – сазгерлігі жарым қазаққа әйгілі. Бұл жолғы кітабы саясат тақырыбына арналғанымен, сөйлемдерінде былайғы жұрттың қабылдауына қиын түсетін ауыр терминдер аз. Әдеби тілмен жатық жазылған құнды кітап Елбасының ел үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегін көрсетуге арналған.
Кітаптың көлемі шағын. Қазіргі заман талабына сай жинақы, алақанға сыйып кететіндей шағын форматта шығарылған. Сыртқы мұқабасында Мемлекет басшысының ойлы кейіптегі фотосуреті бар. Ал соңғы бетінде жуырда ғана Талдықорған қаласының орталық алаңынан ашылған Елбасының мүсіні бейнеленген. Әкім кітаптың алғысөзінде ширек ғасыр толған тәуелсіздіктен сыр шертіп, 90 жылдардың басындағы қиындықтарға тоқталады. «О баста жас республиканың болашағына күмәнмен қарап, он-ақ жыл өмір сүреді деп пікір білдірген батыс саясаткерлерінің болжамы жоққа шықты, – дейді Қайрат Әшірәліұлы кіріспе сөзінде. – Әрине, 25 жылда жүріп өткен жолымыз тақтайдай тегіс болған жоқ. Керісінше, халқымызға талай тар жол, тайғақ кешуге, небір қиындықтарға төзуге тура келді. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтар абдыратқанымен, ашуын ақылға, сенімсіздігін сабырға жеңдіре білген жасампаз жұртымыз бір адамдай еңбекке жұмылып, еліміздің еңсе тіктеуіне жол ашты».
Бұдан кейін автор Еуразияның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, әлемдік діндердің жиынына төрағалық еткен, Азияда ойындарын абыроймен өткізген, Универсиада мен ЭКСПО – 2017 көрмесін ұйымдастыруды қолға алған Қазақстанның мерейлі сәттерін атай келіп: «Мұндай жетістіктердің басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығы өзіміз де, өзге де мойындаған ақиқат», – деп түйіндейді. Расында, солай екені даусыз. Автор 105 беттік шағын кітапшасында Елбасының Қазақстанды қарқынды дамытудағы төрт ұтқыр шешіміне жеке-жеке тоқталып, тығырықтан жол тапқан қажыр-қайратына қайран қалады.
Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның беделі күн санап артып келеді. Әкім сынақ алаңына айналған қазақ жеріне жүрегі сыздай отырып жанашырлық танытады да, ядролық қаруды қайта қолданбауға шешім қабылдаған Елбасына уақыттың өзі ең жоғары баға бергенін тілге тиек етеді. Автор ядролық қару туралы жазған бірінші тарауында көпшілік жатқа білетін жауыр мәліметтерді пайдаланбайды. Ешбір жерде кездесе бермейтін, оқырманға тың ақпарат болып саналатын деректерді көлденең тартады. Біз бұдан әкімнің әр жылдарда дәл осы тақырып төңірегінде терең ізденісте жүргенін байқаймыз. Мәселен, кітапта алыс-жақын шетел саясаткерлерінің Қазақстанның бейбітшілікке ұмтылған ұстанымын қалай бағалағандығы туралы пікірлері бар. Солардың бірі, әйгілі ағылшын жазушысы, қоғам қайраткері Джонатан Айткен: «Батыс елдерінде Қазақстан аумағындағы ядролық қару қараусыз, бақылаусыз қалады ма деген қорқыныш болды. Назарбаев ол қарудың бір бөлігін сатып жіберуі мүмкін еді. АҚШ жетекшілеріне, тіпті, Ресей басшыларына Қазақстан билігіне білімсіздеу, күні кеше станоктың алдында тұрған ауыл адамы келгендей көрінді. Алайда Назарбаев аса ақылды болып шықты», – деп жазады. Мойындауымыз керек, мұндай шетелдік тұлғалардың Елбасы туралы шынайы пікірі оңайшылықпен табыла бермейді әрі дәйекті берілген бағалардың ең жоғарысы болып табылады. Олардың қатарында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер, аталған елдің бұрынғы басшылары Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама, БҰҰ-ның бұрынғы жетекшісі Кофи Аннан, Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джек Стро бар.
Атап айтарлығы, кітапта АҚШ пен Қазақстан арасындағы алғашқы дипломатиялық қатынастың қалай шешілгеніне жан-жақты мән беріледі. Дәлірек айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймос Бейкер арасындағы саяси қарама-қайшылық баяндалады. Автор мұнда Елбасының өз естелігінен мысал келтіре отырып, ядролық қарудан бас тарту және мемлекет қауіпсіздігі төңірегінде болған дау-дамайдан есте қаларлық дерек келтіреді. Елбасы АҚШ-пен арада қауіпсіздікке кепілдік беретін құжатқа қол қоюдың тым ұзаққа созылғанын, ақыры мұхиттың арғы бетіндегі экономикалық серіктес мемлекет райынан қайтқанын айтып береді. «Ойлағанымдай, өз дегенімізге жету оңай болмады. Бізге қол қоюға ұсынылған құжаттардың алғашқы нұсқаларынан сау-тамтық қалмады. Әр мәселеде әр бап бойынша дауластық. Меніңше, бұл америкалықтарға да оңайға түспеді», – дейді Президент. Сол кездің өзінде-ақ Елбасы ел қауіпсіздігін экономикадан жоғары қою арқылы үлкен абыройға бөленген.
Алайда ядролық қару төңірегінде де ХХ ғасырдың соңында қоғамда алып-қашпа әңгіме тараған. Кітап авторы екіге жарылған пікірді де ұмыт қалдырмай, Елбасының сол кездегі шешімі бүгінде дұрыс деп бағаланып отырғанын дәлелдейді. Тіпті, 1993 жылғы Қабдеш Жұмәділовтің «Болашақты болжағанда» атты мақаласын мысал ретінде ұсынады. Онда жазушы отты қарудың болашақ ұрпаққа еш опа әпермейтіндігін айтады.
«Қырық жылға созылған сынақ, – дейді әкім оқырманды тың мәліметтермен қанықтырып, – қазақ халқына үлкен қасірет әкелгені аян. Семей полигонында жасалған 459 жарылыстан 1,5 миллион адам зардап шеккені, қазақ жерінің тұтас бір бөлігі экологиялық апат аумағына айналғаны жанға батады. Мыңдаған қандасымыз жазылмас дертке тап болып, жан тапсырды. Мешел болып дүниеге келген, ақыл-есі кем болып өскен сәбилердің де саны тым көп».
Осылардың бәрін ой елегінен өткізген автордың көңілі жабырқайды. Жүрегі сыздап отырып, хәкім Абайдың мерейтойына барғанын, ақынның есімін ардақтаған жиында кембағал жандарды бағып отырған отбасыларын көріп терең ойда қалғанын, мерекелік көңіл-күйі тағы да су сепкендей басылғанын жазады. Абайдың рухын күңіренткен кеңестің кер заманына ел лағынет жаудырады. Сөзінің соңында автор Нұрсұлтан Назарбаевтай Президентіміз сынақ алаңын жаппағанда жас ұрпақ у жұтып жүре беретінін, бағымызға орай басшымыздың көреген болғанын айтып түйіндейді.

Бейбітшілік бесігі
Көне ғасырда қазақ халқы жаугершіліктен зардап шекті. Күні кеше мың құбылған замана лебімен бірге қаулаған аласапыран өртке шалдығып, біресе аштықтың, біресе сұрапыл соғыстың ыстығына күйіп, суығына тоңазыды. Мұның бәрін ел төзімділікпен жеңді. Ал ХХІ ғасырдың ең үлкен қауіп-қатері – террор. Тоталитаризмнен тәуелсіздікке өткен қазақ қоғамына енді терроризм үлкен қауіп төндіре бастады. Террорлық әрекетке төзуден бұрын қарсы тұру, бірігіп күресу ләзім. Автор әлемнің үрейін ұшырған жарылыстардың діни наным-сенімдерге қаншалықты қатысы барын көрсете келіп, Қазақстанның рухани келісімдерін атап өтеді. Бұл ретте де Мемлекет басшысының рөлі айрықша. «Қазақстан – ислам, православие, католицизм, протестантизм, буддизм және иудаизм өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқан әлемдегі жалғыз жер», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Президент дін туралы ойын «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында одан әрі ұштайды. Тіпті, «Дін мен дәстүр» деген арнайы тарау ашып, осы уақытқа дейінгі бейбітшілік пен тыныштықты көздейтін өз ойларын ортаға салады. Атап айтқанда, Елбасы ислам дініне тән жиһад мәселесіне тоқталып, оның аясын лаңкестікпен шектеу үлкен қателік екенін ұғындырады. Оның қазақша ұғымы белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін күш-қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту деген мағынаға саятынын тілге тиек етеді. Бұл орайда автор да қазақтың салт-дәстүрі исламмен сабақтасып жатқанына баса мән береді. Сонымен бірге, Президенттің бастамасымен ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты өтіп тұратын съезі бейбітшілік орнатуда үлкен маңызға ие. Қайрат Бисембаев съезді деңгейі биік діни құрылтайға теңейді. «Съездің бір артықшылығы, – дейді кітап авторы Қазақстандағы діни ахуалды тереңінен қаузай келе, – оның жұмысына конфессия басшыларынан өзге мемлекет басшыларының, көрнекті саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың көптеп қатысуы. Бұл әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға, мәдениет пен өркениеттерді жақындастыруға ықпал етеді».
Жаңа кітапта 2015 жылғы съезге қатысқан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Елбасының бастамасына берген жоғары бағасы сөзбе-сөз келтіріледі. «Бұл құрғақ декларациялар шығаруға қарағанда әлдеқайда жақсы. Осынау істі қолға ала отырып сіздер мейлінше өзекті мәселеге терең үңіле бастадыңыздар. Осы тұрғыдан алғанда мен құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаһандық күн тәртібінде тұрған іргелі әлеуметтік қатерлерді шешуді қамтамасыз етіп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді», – дейді Пан Ги Мун. Шындығында да, Таяу Шығыс елдеріндегі қырқысқан соғыс өрті діни алауыздықтан туындап отырғаны жасырын емес. Алайда бұған біздің елдің сыртында болып жатқан келеңсіз жағдай деп қарағанымызбен, әлемге төндіретін қатері орасан. Автор діндер съезінің бұл тұрғыдан алатын орнын да ерекше атап көрсетеді. «Адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды. Адамзаттың болмысы сондай, этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар әр кезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы жіктер емес, біріктіруші бастаулар болуы тиіс», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Автор Ұлт Көшбасшысының, кемеңгер тұлғалардың діни пікірлерін сараптай келіп, халықтың сенімін жамылған экстремистік топтарға талдау жүргізеді. Әсіресе, съезд нәтижесінде дінбасылардың уағыз айтушыдан қоғам қайраткері, бітімгер, дипломат дәрежесіне дейін көтерілгенін көрсетеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезінде руханият көсемдері өз сенімдерінің теріс пиғылға ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдеп баққаны рас. Демек, әлемде болып жатқан қантөгістер негізінен дін атын жамылған түрлі ағымдардың еншісінде екені айтпаса да түсінікті болып отыр. Автор дін туралы ой-толғамын съездің шеңберінде шектеп тастамайды. Әлемдегі түрлі сенімді тереңірек зерттеуге үңілген ол Елбасының өзге діндерге деген құрметін паш етеді. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюді бұйырған Абайдың айтқанын Елбасы іс жүзінде орындап жүр. Қайрат Әшірәліұлы өз кітабында Мемлекет басшысының дінді алаламау, қайта шексіз құрметтеу тұрғысында жасаған ізгі қадамын мысалға алады.
«Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың 1990 жылдары Ресейдің бас кафедралды соборы Мәскеу қаласындағы Иса құтқарушы шіркеуін қалпына келтіруге өз үлесін қосқанын біреу білсе, біреу білмес», – дей келе автор сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Т. Мансұровтың естелігін ұсынады. Онда Президенттің қызыл жендеттер жарып жіберген шіркеуді қайта қалпына келтіруге көмектескені туралы айтылады. Сонымен бірге, құрылыс аяқталғанда Патриарх Нұрсұлтан Әбішұлын шіркеуді тамашалауға шақырады. Сонда шіркеу қызметшісі: «Мен сізден бөлек тағы бірнеше мемлекет басшыларына хат жолдаған едім. Алайда олар өтінішіме құлақ аспады. Жалғыз-ақ, сіз, Президент мырза, Православ шіркеуінің құндылығына зор құрмет көрсеттіңіз», – деп ағынан жарылады. Бұл баршамызға өнеге болатын іс-ақ. Әсіресе, әсіредіншілдікке салынып, дүниеге ислам тұрғысынан ғана қарауды құп көретін кейбір теріс ағымдарға бұл өшпес тағылым. Автор Президенттің исламды жауыздық діні ретінде көрсетіп жүрген жат ағымдарға қалай қарсы тұру керектігі туралы сөзін тақырыбына тұздық ете отырып, «Діни келісім – тұрақтылық кепілі» атты тарауын тарқата түседі.
Ол үшін ата дініміздің қасиетті кітабы Құран аяттарын насихаттауымыз тиіс. Атап айтқанда, кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанашыр болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеу, Отанды қорғау, бірлікке шақыру арқылы исламды өркендеткен абзал. Елбасы дәл осындай бағыттағы ата дініміздің қанат жайғанын құптайды. Автор кітабында Мемлекет басшысының өзі де ата дінін ерекше құрметтейтінін жеткізеді. Мәселен, Орталық Азиядағы ең ірі көрнекті ғимарат саналатын Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті тікелей Елбасының бастамасымен салынған. Ең бастысы, кітапта Президенттің 1990 жылы алғаш Меккеге барған сапары туралы кеңінен жазылады. Әкім Сауд Арабиясының зор құрметімен Елбасы Қағбаға тәу етіп, халқына, оның ішінде қазақтарға шарапат тілегенін айтады.
Үшінші тарауда Қайрат Бисембаев Елбасының барша ұлттың басын қосқан Ассамблея төңірегінде ой қозғайды. «Ел берекесін бұзатын этносаралық қақтығыстар екені баршаға аян жағдай. Этностық эгоизм – өте қауіпті ағым. Ұлттар арасындағы жанжал кең етек алған кезде қоғам жаппай дағдарысқа ұшырайды. Экономикалық реформаларды жүргізу былай тұрсын, жаңадан қол жеткізген тәуелсіздікті сақтап қалудың өзі қымбатқа түседі», – дейді автор өз ойын тарқата отырып. Қазақстан бұл жағынан аса алаңдай қоймайды. Өйткені, Елбасы егемендік алғаннан кейін дереу Қазақстандағы 130 ұлт пен ұлыс өкілдерін бірлікке шақыратын, еліміздің іргетасын нығайтатын Ассамблея құрды. Идея авторы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның қалай дүниеге келгенін кеңінен әңгімелейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында созылмалы кедейшілік орын алды. Көпэтносты халықтың іргесі сетіней бастады. Көпшілігі тарихи Отандарына, Германияға, Грекияға, Израильге, Ресейге қоныс аударып жатты. Халықтың саны азайып, Қазақстанның экономикалық әлеуеті әлсірейді. Шын мәнінде, сол аралықта өзге этнос өкілдері Қазақстанның тәуелсіздігін басқаша түсініп қалса керек-ті. Ұлтшыл, сеператистік көзқарастағы мемлекет болады деп қабылдайды. Алайда Елбасы зиянды ұлтшылдықтан бірден бас тартты.
Кітапта Ассамблеяның қандай қиын кезеңде құрылғаны, сол кездегі қоғамның көзқарасы, халықтың алаңдаушылығы кеңінен сөз болады. ХХ ғасырдың соңындағы өзге мемлекеттердегі саяси толқулар, ұлтаралық жанжалдар біздің бейбіт елде орын алмағандығы үлкен мақтанышпен айтылады. Әрі экономиканың тұрақтылығы тыныштықпен тікелей байланысты екендігі Елбасының дәлелді сөздерімен айқындалады. «Сол сәттен бастап, бүгінде әлемге әйгілі ұлтаралық қарым-қатынастық қазақстандық моделі қалыптасты. Ел азаматтарын дініне, тіліне, түсіне қарап кемсітуге, алалауға жол бермеу ұстанымдары басшылыққа алынып, өзара түсіністік пен сенімді қалыптастыруға баса мән берілді», – дейді кітап авторы.
Қайрат Әшірәліұлы өте нәзік келетін ұлтаралық қарым-қатынас мәселесіне тереңірек үңіледі. Тақырыбын аша түсу үшін эмоциялық белгілері бар сөздерден қашып, мүмкіндігінше салиқалы да салмақты, татулыққа негізделген әңгіме өрбітеді. Автордың шеберлігі сол, ұлтаралық қатынастың нәзік те күрделі тұстарын нақты дәлелдермен түсіндіре алғандығы және өзі де терең түсінгендігі. Тарау соңында әкім өзі басқарып отырған Қаратал ауданының да көпұлтты екендігін айта келіп, 43 этнос тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын кітап арқауына айналдырады. Қиыр Шығыстан саяси себеппен бір кездері қоныс аударған корей халқына, олардың Үштөбе мен Сыр бойына орналасқан өкілдеріне көңіл бөледі. Кітапта олардың қазақ халқына айтқан шексіз алғыстары сөз болады.

Елорда – 
егемендіктің еншісі
Астана – тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы, Туы және Гимнімен қатар тұратын ең айшықты нышаны. Бұл ойымызды Елбасы мен Елорданы қатар суреттеген Қайрат Бисембаевтың кітабы айғақтай түседі. «Сол жылдары отызға да қадам баспаған біз секілді жастар ғана емес, елдегі билік басында жүрген депутаттар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тіптен, Президентіміздің өз жақтастары Астана туралы бастамасын бірден қолдай қоймағаны белгілі», – дейді Елбасының Елорда туралы алғашқы ұсынысын естігендегі ойымен бөліскен автор. Тіпті, сол кезеңде Президент көмекшісі болып жүрген Иманғали Тасмағамбетовтің өзі тосырқап, Арқадағы аяз қарыған далаға астана салуды аса қолдай қоймағандығы айтылады. Десек те, Астананың бой көтеру себебін Елбасы: «Біз мынадай территорияға елдің бір шетінен қарап отырып ие бола алмай қалуымыз мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің негізгі иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруы керек. Тым болмаса, соны түсініңдер. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр. Облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды», – деген бірауыз сөзбен түсіндіреді. Ал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Астананы ең қиын кезде, тәуекелге барып, Арқаның қақ төріне көшіру батырлық еді. Бұны ол кезде біріміз түсінсек, біріміз түсінбедік. Мұның үлкен астары бар болатын», – дейді.
Мұндай шешім Елбасына да ауыр тигені ақиқат. Бірақ Президент Астананың қанат жаюы үшін бар өмірін сарп етуге дайын екендігін талай айтқан еді. Кітаптың «Елбасы және Елорда» деген тарауын Астана қаласының дайын тұрған шежіресі десек те артықтық етпейді. Тараудың басынан аяғына дейін бір деммен оқыған адам Астана туралы шынайы ақпараттарға қанығады. Әсіресе, Елбасының Астананы көшірген кезде: «Қиып кететіндей қала ма Алматы? Тәуелсіздігіміздің тал бесігі емес пе ол? Желтоқсанның ақ қарына алау жаққан ұл-қыздарымыздың азаттық аңсап алаңға шыққан қаласы емес пе ол? Тіпті, жеке өзімді алсам, туған ауылыма тиіп тұрған жер емес пе? Алғашқы немерелерім дүниеге келген қала ғой ол», – деп тебіренгені естіген адамның көңілін толқытары шындық.
Автор арғы-бергі тарихтан да хабардар. Себебі, кітаптың әр бетінде Мемлекет басшысына зор құрмет көрсете отырып, тарихи деректерді келтіре кетуді де ұмыт қалдырмайды. Бұрынғы мен бүгінгінің ойшылдарын көп оқығандығы, олардың сөздерін әңгіме ауанына орай мәтін ішіне үстемелеп кіргізіп отыратыны жазу машығын жан-жақты меңгерген әкім екенін аңғартады. «Тарихқа жүгінсек, – дейді автор Астана туралы ойын деректермен дәлелдей келіп, – үш жүздің билігін тізгіндеген әз Тәуке Алаш қамы үшін сахараның кіндігі – Сарыарқаға орда тіктірген екен. Араға төрт ғасыр салып, сол даналық қайталанды».
Астананы Арқаға көшірудің астары тереңде еді. Сарыарқаны саяси саудаға салып, көзінің сұғын қадап отырған кейбір теріспиғылдылар бар кезде табиғаты тамаша Алматының жылымық ауасын жұтып отыра беру болашақ ұрпақ алдында үлкен қателік болатын. Егер Алматы қаласы еліміздің астанасы қалпында қала бергенде, терістігіміздегі жер талан-таражға түсіп, тарих бұрмаланып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайтыны анық болды. Тереңнен ойлаған Президенттің тарихи қадам жасау арқылы нені меңзегенін аға буын енді түсінгендей. Автордың айтуынша, астананы ауыстыру идеясының түптөркіні – ел қауіпсіздігінде. Шынында да солай. Өйткені, ел шекарасын шегендеу құжаттарына қол қойылар тұста іргелес мемлекеттермен ауыр келіссөздер жүргенін екінің бірі біле бермейді де. Ең негізгісі, кітапта Елбасынан бұрын да ел астанасын орталыққа қарай көшіру туралы қазақтың белгілі ғалымы, инженер Қаныш Сәтпаев мақала жазғаны туралы айтылады. Бүгінде қанат жайған, әлем таныған Астанаға аз уақыт сапарламай қалсаң танымай қалар дәрежеге жеттік. Бұл – Елбасы арманының орындалған белгісі. Автор кітабының соңын Мемлекет басшысына арнаған бірауыз өлеңімен тамамдайды.

Кітап авторы Қайрат Бисембаев Астананың ажарына үлес қосқан азаматтардың бірі. Атап айтсақ, Астана қаласының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметтерін жемісті атқарды. Үш жылдың ішінде ҚР Ұлттық музейінің, Назарбаев орталығының, «Әзірет Сұлтан» мешітінің, «Астана опера» бірегей театрының бой көтеруіне атсалысқан адамдардың қатарында Қайрат Әшірәліұлының есімі ерекше аталады. Ірі-ірі нысандардың уақытында және сапалы салынуын қадағалаған білікті басшы, бүгінгі Қаратал ауданының беделді әкімі, мақаламызға өзек болып отырған кітаптың авторы Астанаға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосқанын мақтаныш тұтады. Біздіңше, бұл – зор мәртебе. Үлкен бақыт!

Қуаныш ТҰНҒАТАР