"МЕНІ ҰМЫТТЫҢ ҒОЙ": ФОТОЖУРНАЛИСТ БАҚТЫҒАЛИ САДЫҚОВ ЖАЙЛЫ ЭССЕ

Уақыты: 10.01.2020
Оқылды: 1712
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жолаушы-ей, атың-ң-ң семіз, о-и-и-ай-ай, же-ле-е-тұғы-н-н...» Зар-запыранға толы бір қоңыр дауысты ызың алыстан талып естілгендей болды. Қоңыр даланың жусан тербелген қоңырқай қыратына қоныс тепкен жұпынылау қараша үйдің ішінде екі көзі суқараңғы бейбақ қыз күңіреніп ән салып отырғандай ма, әлдебір уақытта, әлдебір кезеңде жоғалтып алған ең жақын адамымды соншалықты аңсап, аңырай жоқтағым келетіндей ме, кеудемді бір өксік кернеп бара жатқандай ма, жаным байыз табар емес. Далаға шықтым, үйге қайта кірдім. Әлгі екі көзі суқараңғы соқыр қыздың әуені құлағымда күңіреніп тұрып алып кетпей қойғаны.

***

«Көз бар ма, мен бай-ғұс-та,  а-и-и-ай-а, кө-ре-е-тұғы-н-н ай-и-а...» Сол бір мұңды әуен тағы-тағы талып естілгендей ойыма қайта-қайта оралып, сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Жетісуға Оралдан келген Бақтығалидың жадымда жатталып қалған асыл бейнесі көз алдымда қайта-қайта көлденеңдей бергені несі?! Әлде, аруағы налып жатыр ма? «Мені ұмыттың ғой, Рәш! Тым болмаса, жасым жетпіске толғанда бір еске алмағаның қалай?» дейтіндей ме?.. Қайран, Бақтығали!

***

Дәл қай күні екені енді есіме түспейтіні өкінішті. Әйтеуір, Алла тағала маған шын мейірімін төккен ақжарылқап сәтте жолығып еді бұл азамат. Алдында ол туралы аудандық газеттегі ақылшы әрі жанашыр ағаларым – Сейітхан Молдахметов пен Талғат Сүйінбаев, Есенқұл Жақыпбеков айтып жүретін. «Бақыт деген бір тамаша жігіт бар. Өзі Батыс жақтан келген. Біздің ортаға жақсы сіңісті. Мен үй салған кезде көп көмегі тиді. Құрылысқа бекем. Өнерлі, домбыра тартады» деген Сейітхан. «Е-е, ол кім болды екен-ай?» деп қойғанбыз.

Кейін редакцияда кездестік. Бойы сұңғақ, ұйыса біткен ұяңдау шашы соншалықты қалың деуге келмейді. Жұқалап қойған самай сақалы өзіне жарасымды, қалқанқұлақтылау, тостағаны шығыңқы бадана көзді, сәл қоңқақтау қыр мұрыны да атжақты келбетінің ажарын аша түсетін сылаңбоз, денесінде арам еттен бір кесім таптырмайтын сылыңғыр сыпа жігіт екен. Жасы да отыздан еркін асқанын жазық біткен кең маңдайындағы бірер сызығы жасырмай айтып тұрды. «Бақыт» деді оң қолын ұсынып. Біз де атымызды атадық-ау деймін, содан кейін ортақ дәм үстінде ашылып сөйлесіп, әрнәрсені әңгімелеп кетсек керек. Таныса келе білістік. Білісе келе жақын араласа бастадық.

Журналистің үнемі жол үстінде жүретін әдеті емес пе, бірде екеумізді ортақ дәм тартып Отар стансысына бардық. Суық күз еді. Бақыттың осындағы редакцияда біраз уақыт қызмет істегенінен хабардар едік. Сағыныш жетеледі ме, әлде қазіргі жағдайының тіпті жаман емес екенін бұрынғы әріптестеріне аңғартайын деді ме (сол кезде Күрті аудандық «Шұғыла» газетіне ауысқанына біраз болған), бұл сапарға жол бастаған Бәкең. Әйтпесе, іргелес жатса да басқа облыс, басқа аудан саналатын Отарда менің қайбір жұмысым тіреліп тұрыпты. Соңынан салпақтаған атқосшысы тәріздімін. Екеуміз екі газетте – «Екпінді еңбек» пен «Шұғылада» фототілшіміз. Өзі маған қарағанда әжептеуір өмір көрген сақа жігіт қой, арасында ананы сөйт, мынаны бүйт деп ақылын айтып қояды. «Иә» деймін басымды шұлғып.   

Бақытқа бұл редакциядағылардың бәрі әу бастан таныс, Жамбыл облысы, Красногор аудандық «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму»  деп аталатын, қазақша-орысша екі тілде шығатын газеттегі жігіттермен бара сала шүйіркелесіп, мені де таныстырып жатыр. Тілектестік үстінде бірер стақан шарап та өңешімізден ары өтіп кетті. Өзіміз бір көрсек деп үміттеніп барған Өмірәлі ағамыз болса басқа жұмысқа ауысыпты. Дегенмен, «Сырт көз сыншы», газетінің де, баспаханасының да жағдайы біздің ауданмен салыстырғанда әлдеқайда жұпыны көрінді. Көңілім қоңылтақсып, тезірек қайтып кетсек екен деймін. Бақыт болса қонып қалуға да ғайыл, тіпті асықпайды. Қойшы, әйтеуір, сол күні екеуміз Ұзынағашқа әбден кештетіп қайттық. Жол-жөнекей де талай әңгіме айтылды, талай сыр шертілді. Сыйластығымыз тіпті бекемдене түскендей болды. Бір қызығы, мына тұрған Отарға содан кейін тіпті жолым түспепті. Мүмкін сол жылы (әлде 1982, әлде 1983) Бақыт ілестіріп бір рет апармаса, әлі де көрмегендей екенмін.

***

Отар сапарынан кейін екеуміз тіпті жақын араласып кеттік. Бір пұт болмаса да талай қадақ тұзды бірге таттық. Әр кездегі, әртүрлі ащы-тұщы дәмі өз алдына. Ғажап жігіт еді ғой Бақтығали! Күн демей, түн демей менің әупірімдеп жүріп әрең қалқайтқан, өзі сыртының ауыр сылағына білегін сыбанып тастап аянбай араласқан, үш құдықты пешін де оймақтай етіп салып берген Ұзынағаштағы қоржын тамыма кез келген уақытта еркін кіріп келетін де коперін (өзі «боқшам» дейтін) ашып жіберіп, әкелген «базарлығын» ортаға дік еткізіп қоя салатын. Содан кейін түннің бір уағына дейін әңгіменің тиегі ағытылады дерсің. Қоғамның да небір қоясын қазып, қатпар-қатпарын ұлтабар тазалағандай қопара бұрқыратамыз-ай келіп. Тарихыңыз бен саясатыңызды, әдебиетіңіз бен әдет-ғұрпыңызды, аспанның үсті мен жердің астын тіліміз жеткенше тінтіп, жүз мамандықтың сырын жүзіктің арасынан өткізе сынаймыз, әлемнің әр қиырындағы аборигендерден тартып ең ақыр аяғы Горбачевтың Раисасына дейінгі әңгімеге жеткенше қозғалмайтын тақырып қалмайтын.

Таңертең жұмысқа бару – міндет. Ол да Ақшиге кетуге қамданады. Асыға-аптыға жиналамыз. Сондағы Бәкеңнің әбжілдігіне әлі қайранмын. Біз беті-қолымызды енді жуа бастағанда ол шалбары мен жейдесін үтіктеп, алдын ала шәугімге жылытып қойған суға басын бір шайып тастап, сақалын қырып, аяқкиімін тазалап алған күйі айналасы он бес-жиырма минутта шу деп шығып кетуге тап-тұйнақтай дайын болады да тұрады. Үнемі салт жүргенде бойын сарбаздай сергек ұстауға әбден дағдыланған. Кейін осы үлгісі бізге де ептеп жұғысты болды.

Екеуміз кездескен сайын әңгіме мазмұны одан сайын байи түсетін. Өзімше бір тың мәліметке кездессем, «Әй, осыны Бақыт енді бір келгенде айтып, таңдайын қақтырмасам ба» деп сары майдай сақтап жүретінмін. Ол да оқыған-тоқығанынан, көрген-білгенінен мен әлі назар аудармаған ерекше бір тақырыпқа түрен салуға құмартатынын сөз ауанынан аңдайтынмын. «Ол енді былай ғой, Рәш» деп қоңыр дауысын бір кенеп алып, бипаздата  жөнелетін. Бір-біріміздің білімімізді байытқан қаншама тың дерек ортаға салынды екен десеңізші сол жылдары. Сонда бейне бір екеуара емтихан тапсырып отырғандай күй кешер едік. Қазақи әуестікпен әсірелей жөнеліп, әңгіме әуезесінен әнтек ауытқи бастасақ, қылмыс жасағандай қысылып-ақ қалатынымыз да қызық еді-ау!

Ойы ұшқыр, не нәрсені болсын жеріне жеткізе, тұздықтап сөйлеуге шебер, тосын тіркестер мен одағай оралымдарды орнымен астарлап қолданатын Бақтығалимен ә дегенде жөн сұрасудың өзі оның мәнерін білмейтін адамға мүлдем тосын естілетін. «Иә, хал-жағдай қалай, Бәке?» десеңіз, «И-и-й, несін айтасың, тіршіліктің ит шанасын қара жермен дырылдата сүйретіп жүріп жатырмыз-дағы» деп бір жымиып алатын да, іле-шала «Мына сұм дүниеңде қандай-қандай сұмдықтар болып жатыр, Рәш?» дейтін еді. Қазір КТК мен 31-ші арнаның жан түршіктірер жаңалықтарын көріп отырып Бәкеңнің сол сөзі еріксіз ойыма оралатыны бар. "Әулие екен-ау Бақтығали" деп қоямын ішімнен.

Біздің аға ұрпақ әлі ұмыта қоймаған болар, Кеңес өкіметі саясаткерлерінің сыңаржақ пайымы бойынша, орайы келмеген немесе өздерінің олақтығынан сәтсіздікке ұшыраған оқиғаның бәріне Америка кінәлі-мыс делініп, айыпты мұхиттың арғы жағынан іздеу әдеті әсіребасым еді. «Бұл жерде Американың қолы бар» деген тіркес Мәскеу идеологтарының аузынан түспейтін. Тракторы батпаққа батып жатса да оған құдды бір Америка кінәлідей бар бақытсыздықты басқадан көру белең алған заман басымыздан өтті сонау жылдары. Соны мысқылдайтын Бақтығали да бір нәрсенің орны ойсырап немесе екеуара ортақ ісімізде әлдененің ыңғайы мен қисыны келмей жатса «Бұл жерде енді Американың қолы бар екені сөзсіз, Рәш» деп әңгімені әзілге бұра жөнелуші еді. Қайран Бақтығали!

***

Бұл өмірде біреудің тағдырына біреу себепші болып жатады. Біздің Ұзынағаштағы жігіттермен танысып, редакцияны жағалап жүрген кезінде газеттің тынысын сезініп, тылсымын ұққан оралдық Бақтығали Садықұлының тағдыр компасы да 180 градусқа күрт бұрылыпты. Қорғасыннан құйылатын жолдың ұяшығына сытыр-сытыр етіп түсіп жататын линотип матрицаларының сиқырлы дауысы, газет қағазына жаңа ғана жағылған қара бояудың адам санасын жадылап тастайтын жағымды иісі, сөз өнеріне, газетке, ақпарат ісіне деген алғаусыз махаббат біздің бәрімізді магнитше тартып алғаны сияқты Бақтығалиды да тұзағынан құтқармапты. Ол енді уыстап-уыстап ақша табатын құрылысшылық кәсібінен ада-күде қол үзіп, тамағына талғажау боларлықтай там-тұмдаған тиын-тебені бар аудандық газеттің тәртесіне жегіліп, қамытына өз мойынын өз еркімен ұсыныпты. Сөйтіп оның да біз сияқты газеттің мәңгілік құлына айналып, Отардағы редакцияға қызметке алынуына біздің «Екпінді еңбектегі» әріптестеріміздің біршама ықпалы болғанын алдында құлағымыз шалған.

1974 жылы Қордай ауданынан енші алып, жаңа аудан болып құрылған Красногордың газетінде біздің елдің бірқатар жігіттері қызмет істеді. Мәселен, бүгінде есімі алты алашқа танымал жазушы Жұмабай Шаштайұлы, табиғи дарынымен талайды тамсандырып өткен марқұм Өмірәлі Смайылов, белгілі журналист Қарабай Әбуұлы, орыс редакциясында қалам тербеген марқұм Жақан Кіркеев сынды жерлестеріміз «Коммунизм жолының» алғашқы «қарын» бірлесе жүріп күреді. Солардан кейінгі кезекте мұндай міндетті Бақыттың да біраз уақыт мүлтіксіз атқарғанын айттық. Журналистиканың әліппесімен ол Отарда жүріп танысса, Күрті ауданына фототілші болып ауысқанында газет ісінен әжептеуір тәжірибесі болды.

Редакция тынысына, өзі келе-келе жетік меңгерген фототілші мамандығына шексіз құштар еді Бәкең. Газетке түрлі жанрда сурет түсірудің қыры мен сыры туралы екеуміз өзара талқылаған, бір-бірімізден тәжірибе үйренген кездеріміз қаншама. Осы жолда ол талмай ізденді, талай-талай игілікті іс тындырды. Күрті өңірінің жомарт табиғатынан жаралған жарқын жүзді еңбек адамдарының асыл бейнесін сомдауға айтарлықтай үлес қосты. Осы аудандағы жылт еткен жаңалық пен жақсылық оның фотообъективінің нысанасынан қағаберіс қалған емес. Бірде бақташының, бірде балықшының қосында солармен бірге тыныстады. Құмдауыт даланың топшысы тегеурінді қағілез қыранындай күй кешіп, тұтас бір кезеңнің фотошежіресін жасады.

«Жаманшылық өзі де жасала береді, ал жақсылықты күнде жаңартып отыру керек» деген қағиданы берік ұстанған адамның бірі еді ол. Әрдайым біреуге жақсылық жасауға құмартып тұратын Бақтығали айналасындағы адамдарды да тек жақсы қырынан көрсетуге ұмтылды. Қай ортада жүрсе де өте жұғымды, кез келген жанмен тез тіл табысатын және кіммен қалай сөйлесу керек екенін де жақсы білетін ойы сұңғыла, аса зерделі жігіт еді.

Әсіресе, Алматыда, «С.Қ-дағы» Сиез аға Бәсібековпен туған інісіндей етене араласты. Бақтығалидың арқасында біз де «Социалистік Қазақстанның» Сиез аға меншіктеп алған құрқылтайдың ұясындай қуыс бөлмесіне еркін кіріп, еркін шықтық. Аудандық газет фототілшісінің ол кездегі пұшайман жағдайы «С.Қ-дағы» Сәкеңнің жағдайымен салыстыруға келе ме, тәйірі! Барған сайын ағадан көмек дәметіп, фототаспа сұраймыз ғой баяғы. «Жатыр ғой ана бұрышта. Өздерің де жақсы білесіңдер қай жерде екенін. Сұрамай-ақ ала бермейсіңдер ме? Енді сендерге мен орап берейін бе?!» дейтін кәдімгідей ренжіген кейіп танытып. Өзімсініп айтқаны. Бізге одан артық қандай бақыт керек, жарықты дереу сөндіріп жіберіп, екеуміз екі жақтап таспа ораймыз. Тіпті оны да місе тұтпай, енді нағашымызға келгендей еркелеп, қайтарда үш-төрт бума фотоқағазын да қыстыра кетеміз ғой. Қайран күндер, қайда сол жақсы ағалар!

***

Айхай, біздің кешегі Ұзынағаш пен Ақшидің арасында өткен жастық дәуреніміз-ай десеңізші! Сол жылдардың бір сәтіне дәл бүгінгі бір жылымызды қиналмай-ақ қиып жіберер едік, амал қайсы, енді қайтып ол көктем оралмайды-ау!

Өзге редакциядағылар да дәл біздей етене жақын жүрген болар, ол жағын білмеймін, ал біз – «Екпінді еңбек» пен «Шұғыланың» журналистері тым бауырлас болғанымыз рас енді. Өзара сыйластық пен құрметіміз, достық қарым-қатынасымыз өзгеше еді. Бақтығали мен Нүсіпбайдың, Жолболдының арқасында Ақшидегі әріптестерімізбен бірге өткізген бақытты шақтарды қалай ұмытайық. Бүгінде солардың біразы марқұм. Иманы серік, жатқан жерлері жарық болсын дейміз. Садуақас аға Бигелдиевтің, Болат аға Елеусіновтің, Айтуған аға Шәйімовтің, Абай Бигелдиев сынды курстасымыздың көз алдымыздағы жарқын бейнесі күні кешегідей үнемі жаңғырып тұрады. Ал енді Құбиев Өтесін аға, Ысқақов Жолболды, Мырзабеков Қажымұқан, Қашқынбаев Марат, Қамбаров Исатай сынды азаматтарға көрген-білген таныстар арқылы дұғай-дұғай сәлемімізді жеткізіп жатамыз. Жастық шақтың жалынды күндерін бірге өткізген аға досымыз Нүсіпбай Әбдірахимов пен жеңгеміз Мәкеннің, Бақтығали мен Күмістің Ақшидегі шаңырағында шаттанған сәттердің естелігі тіпті ерекше ыстық.   

***

Тағдырының бұйрығы солай болды ма, Бақыт салт басты бойдақ күйінде біраз жүріп алды. Жасы қырыққа таянғанда барып жеке түтінін түтетті. Дегенмен мейірімді Алла адал пейіліне қарай Күміс екеуіне шекесі торсықтай бір ұл, маңдайы Айдай жарқыраған бір қыз сыйлады.

Ниязы дүниеге келген 1991 жылғы жазда қуанғанын суреттеуге біздің қарапайым тіліміз жете бермейтінін білеміз. Дегенмен...

Алып-ұшып жетті маған. Сүйіншісіне қалағаныңды ал дедік. «Қалауым сол, екеуміз Сейітханға барайықшы. Мен осы өлкеде ең алғаш тізгін тартқанда жан дүниесімен жадырап қарсы алған азамат сол Ақ Сақаң еді. Мына қуанышымды онымен бөліспей байыз таба алар емеспін. Бір жағы өзін де сағындым» деді Бәкең. Сейітханды шексіз жақсы көретінін еш жасырмай айтып жүретін.

Соншама жыл аңсай күткен атұстар перзенті дүниеге келіп жатқанда атойламағанда қашан шарықтаймыз, мұндай қуанышты Сақаңмен бөлісіп масштабын ұлғайтпасақ бола ма! Екеуара осындай шешімге келдік те, екінті шақта Сейітхан тұратын менің туған ауылым Аққайнарға тартып кеттік. Арғы жағы белгілі. Сейітхан досы да елбірей қарсы алып, елжіреген жүрегін алдымызға жайып салды. Қырықтан асқанда бір-бірінің бақытына жан-тәнімен арқа-жарқа болып шын қуанған екі достың кіршіксіз көңіліне куә болған біз де шексіз бақытты едік сол күні.

***

Жас кезінде Оралда жүргенінде түрлі себептермен оқи алмады ма, оның кәсіби жоғары білімі болмады. Әйтсе де оқыған азаматтардан әлдеқайда өрелі екенін айналасы түгел мойындайтын. Әр сөзі астарлы, көкейге түйіп тоқығаны мол, өзіндік парасат биігіне көтерілген азамат айналасына білгенінен, пайымдағанынан нұр шашып жүрер еді. Өзі қалжыңдап «боқшам» деп атайтын фотоаппарат қоржынынан небір классикалық кітаптар үзілмейтін. Орысша көп сөйлемесе де әдебиетті көбінесе орысша оқитын. О.Генриді, Кобе Абэні, Эдгар По мен Ги де Мопассанды, Кнут Гамсунды, Стефан Цвейгті, Иван Бунинді, Варлам Шаламовты, Лев Шейниннің «Записки следователя» атты кітабын, басқа да әлемдік кеңістікке аты мәлім талай-талай жазушылардың шығармаларын біз осы Бақыттың қоржынынан алғаш көргеннен кейін барып оқығанымызды несіне жасырамыз.

Ауызекі сөзде ерекше тапқыр, әзілге тіпті ұста еді Бәкең. «Мен өзім Кіші жүзбін, әйелім Ұлы жүздің қызы, ал балам Орта жүз» дейтін. Күлмей айтатын. Қапелімде онысын шыны екен қалып: «Оу, сонда қалай? Өзің Кіші жүз болсаң, балаң қайтіп Орта жүз болады?» деп аңтарыла қарайтын аңқауларға: «Енді Кіші жүз бен Ұлы жүздің арасынан туған бала Орта жүз болмағанда қайтеді» деп іркілмей жауап қайтаратын. Қарға тамырлы қазақтың, бүкіл елдің ынтымағын біріктіре сөйлеген адамға бұл да бір таптырмайтын тәсіл екен ғой, енді ойлап қарасақ.

***

Әлдебір кезде, шабыттанған сәтінде қолына домбыра алатын. Дәулескер күйші еді деп өтірік айтып керегі не, Ғарифолладай әнші болмаса да жағымды қоңыр дауысы бар еді. Қос ішекті қағысынан-ақ Батыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан әншілік мектебінің үлгісі аңдалып, «Ақ көйлек, қызыл бешпет-ау, әдемі қыз...» деген әуеннің сарыны әуелей есіп жөнелуші еді-ау бөлмеде. Енді бірде көңілін лезде мұң кіреукей қалып, әуелі «Ақбала-Боздақтан» бірер шумағын жіберіп алатын да халық әні «Соқыр қызды» ыңылдай бастап:

«Шамшырақ екі көзден,  а-и-й-ай,  айрылған соң-и-и-и, Құрбы жоқ, шақырсам  да а-и-ай-а, ке-ле-тұғы-н-н-н...» – деп, соза әуендетіп барып кілт үзетін. Сөйтетін де: «Жоқ, Рәш, дауысым жетпейді екен» деп домбыраны қабырғаға сүйей салатын.

Кейін ойлаймын, дауысы жетпегендіктен де емес-ау, көңілі бұзылып барып-барып қайтатын сияқты ма, қалай? Одан әрі тереңдей түссе көзінен жас ыршып кететіндей бола ма екен... Анау-мынауға жанарын суламайтын елдің дәті берік баласы емес пе, әуенді кілт доғаруының бір себебі жасығанын көрсеткісі келмегендіктен болар деп пайымдаймын қазір өзімше. Және бұл әуенді Бәкең біздің алдымызда бір емес, бірнеше рет айтқан. Созып-созып баратын да үнемі бір шумағынан кейін іркілетін. Одан әрі жалғаған да емес. Содан кейін де кілт доғаруының бір себебі бардай, тіпті оның себебі тым тереңде, сонау шыңырауда жатқандай көрінетін. Біз де оны «ары қарай айта түсші» деп тақымдамайтынбыз. Бірер сәт үнсіздіктен соң өзі жадырап сала беретін де мүлдем басқа тақырыптағы  әңгімеге көшетін.

***

Иә, екеуміз де фототілші болдық. Қызмет барысында қаншама еңбек озатының суретін газетке басып шығарып, көңілін марқайтқанымыз өз алдына, қасымызда жүрген қаншама жақын адамдардың енді қайталанбас қас қағымдық сәттерін тап басып ұстап қалғанымыз тағы бар. Сөйте тұра енді бүгін Бақыт екеуміз бір кездері жарыса түсірген суреттерді сапырып отырып, бірге түскен бір бейнеміздің жоқ екеніне қайран қаламын. «Етікші етікке жарымайдының» бір мысалы осындай-ақ болатын шығар. Бірақ, есесіне Бақыт бір кезде түсіріп алып, шығарып берген менің ұлым Алмастың сәби кезіндегі бірнеше суретіне елжірей қарап отырып, қайран азаматты тағы да соншалық сағына еске алып, оның үнемі өзімсіне айтатын «Рәш!» деген дауысын естігендей боламын.

Аптасының бір күні Құйғанда, келесі күні Ақши мен Ұзынағашта, және бір күні Алматыда өтетін оның төбесін он күн сайын бір көрмесек кәдімгідей тағатсыздана күтетін жылдар да келмеске кетті. Адал еді. Нағыз азамат еді. Амал қайсы, өмірінің соңғы жылдарында бір дерт иектеп алды да еңсесін көтертпеді. Жасы алпысқа да ілінбеді. Осы өкініш.

***

Жасымыз болса, міне, алпыстан асты. Біз пақырыңыз да әрине, дәл бүгінгі дәрежемізге өздігімізден оп-оңай келе салмағанымызды білеміз. Әуелі Жаратқан Жаппар Иеміз алқалады, содан кейін тілеулес дос-жаран, ағайын-туыс, пікірлес, жанашыр жігіттер жан жүрегімізді аялады, тебірентіп, тербетіп сезімімізді шыңдады, жасыған сәтімізде жұбатты, сүрінген кезімізде қолтықтан демеді, ширықтырып шыңдады, талыққанда ернімізге су тамызды, жабыққанда жанымызға жалау болды. Еліктірді, желіктірді, жетілдірді. Солардың ең жақсы қасиеттерін шамамыз келгенше бойымызға сіңіруге ұмтылдық, бәріне шексіз қарыздар екенімізді ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Солардың арасында Бақтығалидың да өзіндік орны, үлесі болғанын неге айтпасқа. Өзімізге деген шын ниеттес жарқын пейілі, ел алдында сіңірген еңбегі мен ерекше болмысы, ерен есімі мәңгі есімізде қалды. Жақсының жалғасындай ұлы мен қызы – Ниязы мен Назеркесі, жан жары, өзіміз бек құрметтейтін әпкеміз Күміс ендігі жерде әрдайым жақсылыққа жолықсын, өзінің жаны жаннатта болсын дейміз.

***

P.S: Орал облысы, Жаңақала ауданының «Киров» колхозында 1949 жылы ақпанның 20-да Бисалиевтер әулетіндегі Садық пен Әзиманың отбасында дүниеге келген Бақтығали Садықов 2005 жылы қарашаның 12-де қайтыс болды. Асыл сүйегі Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Ақши ауылының солтүстігіндегі көпшілік зиратта жатыр.

Рәтбек  ТЕРЛІКБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

 Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы

Алматы облысы