"КӨҢІЛІНІҢ КӨЗІ БАР": ЖАҚСЫ АДАМ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 1648
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көл-көсір адам көңілін бабаларымыз «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деп түйіп тастаған ғой. Демек, көңіл дегенің керемет ұғым. Адамның жан-дүниесінің жарық сәулесі, өткен өмірің мен жастығыңды жалғастырған сағым сезім. Тіршілікте аралас-құралас жүрген жақсылардың көңіл терезеңді жиі қағатыны да сондықтан шығар-ау.

Бұл әңгіме марқұм Гүлнар Әбдіразаққызы Мәмиеваға да ­қатысты. Ол ақын ағамыз Орысбай Әбділдаұлының тамаша жырына арқау болған Май­төбенің баурайындағы көк ­майсалы Қызыләскер ауы­лында өмірге келді. Әке-шешесі мектепте ұстаз, ағайын-туған арасында сыйлы, қарапайым жандар.

Гүлнар Жамбыл ауылындағы жыр дүлдүлі атындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы шет тілдер институтының ағылшын тілі факультетіне түседі. Оны аяқтаған соң өзі бітірген мектепке ұстаз болып, білім берген мұғалімдерімен бірге еңбек ету бақытына бөленеді.

Гүлнарды жақсы білуімнің себебі бар. Руы Екей Қыдырәлі бабаның Жайлаубайынан туған Мантай атадан Құтпанқұл, Құтпанбай, Қамбаралы және Шәмшар деген бір қыз тарайды.Құтпанқұл Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен.

Құтпанбай ата бауырының құжаттарын жинастырып жүретін. Өте салмақты, көп сөзге жоқ, шаруасына мығым еді жарықтық. Сабырлылығы соншалықты, жас болсам да атаның кейігенін, дауыс көтергенін естімеппін. Атаның еңбекқорлығы әлі де таңдандырады. Ауылда алғаш екіқабатты үй салған атамыздың бақшасы жайнап тұратын. Алма бағында жемістің түр-түрі өсетін. Бағбандығы керемет еді.

Атаның Еркін, Серік, Ерік, Еркебай, Ержан деген сайдың тасындай ұлдары мен екі қызы бар. Апамыз Зағипа шаңырақтың киесі деген жақсы сөзге лайық болатын. Дастарқаны кең, асы дәмді, бардың бағасын білген кейуана жарының қас-қабағын бағып отыратын. Бірін-бірі іштей түсінген отбасының ынтымағы берік, барға қанағат жасағаны көзге ұрып тұрушы еді. Ұлдары да әкелерінің бойындағы ерекше қасиетті жандарына серік етті. Бүгінде тірліктерін түзеген азаматтар. Бір-бір шаңырақтың иесі, ата атанған.

Міне, осы әулетке Гүлнар Әбдіразаққызы келін болып, ақ босаға аттады. Серік екеуінің  шаңырақ көтеруі тегін емес. Серік менің сыныптасым. Және туыстығымыз бар. Олар отбасын құрғанда ағайын-туыс шын қуанды. Гүлнардың текті жердің қызы екенінен шығар, Зағипа ананың да қуанышында шек болмады. Қарапайымдылығымен көршілер мен ағайынның арасына балдай батқан жас келіннің әр қадамын сыншыл абысындары оң бағалады.

– Анасы жақсы адам. Жас келін көргенділігін танытып жүр. Тұрар ақылман жан, – деген сөзді абысын-ажын шай үстінде жиі айтатын. Жас келін олардың «емтихандарынан» сүрінбеді. Орта бойлы, қызыл шырайлы, қой көзіне күлкі үйірілген Гүлнар адамға қабақ шытуды білмейтін. Жымиған қалпымен адамның пейілін өзіне лезде аударатын қасиеті байқалатын.

Бауырым Серік, жоғарыда айтқандай, лепіріп, көп сөйлемейтін. «Үйленбей тұрған, гаражда жұмыс істеп жүрген кезім. Тауға бару керек болып, Қызыләскердің жанынан өтіп бара жатқанда көлігім батпаққа батып, шыға алмадым. Әбігерленіп жүргенде Әбдіразақ қария келіп жанашырлық танытып: «Әбден қиналдың-ау», – деді. Мұқалмаған жас кезім ғой, «Ештеңе етпейді, аға, қазір-ақ шығып кетемін», – деп қоямын. Мәмиевтердің отбасымен қатынасым осылай басталған еді», – дейді ол.

Кейін олардың отбасы Жамбылға көшіп келіп, Гүлнар мектепте қызмет істей бастаған. Екі жас сол кезде танысып, 1975 жылғы 11 қазанда шаңырақ көтерді. Көп ұзамай тұңғыштары Ербол өмірге келді. Сосын Беріктің өмірге келуінің өзі қызық. Гүлнар толғатқанда ауруханаға сүт таситын машинамен апарады. Серік сүт құятын цистернаның ішіне отырып барған. Кейін періштедей сұлу Мадина отбасының қуанышын толтырады.

Ата-анасын қасында кім мәңгі ұстайды дейсің?! Серіктің ата-анасы Құтпанбай мен Зағипа апа өмірден өтіп, отбасындағы іні-қарындастарына қарау міндеті жас болса да екеуінің міндеті саналды. Қоңыр тірлікпен күндер өтті. Соларды өсіреміз, жеткіземіз деп жүргендерінде өздері де есейіп, ұл-қызды өмірге әкелді. Оны көз көрді. Көңіл төрінде қалды.

«Орыс баласы» деген ата ұрпақтары өте ұйымшыл, оған көбіне азаматтар мен келіндер ұйытқы. Гүлнар сол топтың ба­сында жүретін. Ағайындардың тойларында, тағы басқа жиын­дарда білек сыбанып, шаруа­ның қай-қайсысын да тал­ғамайтын жанкештілігіне талай мәрте куә болдым. Әсіресе, қазаның аяқ астынан болатыны белгілі. Ондайда Гүлнар қаралы үйдегі қайғыға ортақтасып, өз шаруасындай білек сыбана кірісетін. 

Қақаған қаңтарда немере қайнағасы кенеттен дүние салды. Көпбалалы отбасы. Бұл тоқсаныншы жылдардағы қиын кезең. Ерекше есімде қалғаны – қаңтардың бет қаратпаған аязын елеместен отбасы, ошақ қасынан бастап барлық шар- уаны басқарып, бірнеше күн тыным таппады. Бұл бір ғана мысал. Мұндай жақсы істерін есептесек сан жетпес. Елгезек, көп сөзге жоқ Гүлнардың әр ісі тиянақты. Жарқ-жұрқ еткен жанарымен өзіне тартатын жарқын жүзінен де зиялылықтың иісі аңқып тұрушы еді.

Серіктің сыныптасы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Көшенің жоғарғы жағынан бірде шаруа әйелден айнымаған Гүлнардың қарасын анадайдан көзіміз шалып, амалсыз жолын тосуға тура келді. Жақындағанда «Ау, қайдан келесің?» деп сұрадық. Ерлік қайнысының бақшасына көмектесіп келе жатқан беті екен. Оны және өз міндеті тәрізді бұлданбай кішіпейіл қалпында жеткізіп еді. Қандай жағдайда жүрсе де бір қалыптан айнымайтын тұрақты мінезбен ұшырасқан сайын Гүлнарға ішімізден алғыс жаудыратынбыз. Алпыс жылдық мерейтойында тебіреніп сөйлегені де есіңе оралады. Дүйім жұрттың алдына шыққан кездегі бейнесі көз алдыңа тірі қалпымен елестеген кезде көкірегіміз қызынып, бет-жүзіміз дуылдай жөнеледі. «Қызымды жақсы жерге ұзаттым, жақсы жерден келін алдым» дегені, бақсаң, ең соңғы аманаты екен ғой деп аруағы алдында кешірім сұрағым келіп жүрді», – дейді.

Иә, ананың ақ ниеті, ақ батасы деген нағыз кие екен-ау. Оның үстіне қырық жылға жуық ұстаз болып, жас ұрпақ тәрбиелеуге ерекше үлес қосқаны бар. Шаңырақтың шаттығын кіргізген ақылман ана, аяулы келін, ел-жұрты сыйлаған асыл тұлғаға айналған Гүлнардың ізгілікті істері мен жүрген ізі ауылдың көшесінде сайрап жатқандай болады маған да.

Гүлнардың әкесі, соғыс ардагері Әбдіразақ Мәмиев соғыстың алғашқы күні, 22 маусымнан бастап жанкешті ауыр күндерді басынан  кешірген азамат. 1944 жылдың қазан айында Одесса қаласын азат ету кезіндегі шайқаста Әбдіразақ ата қатты жараланып,  госпитальға түскен. Жарақаты ауыр болғандықтан дәрігер оң аяғына ампутация жасайды. Балдаққа сүйенсе де жасымаған майдангер елге келген соң өзінің сүйікті кәсібі – ұстаздыққа бел шеше кіріседі. Ширек ғасырдан астам уақытта ұстаздың алдынан қаншама шәкірт білім алды, қаншасы қияға қанат қақты екен?! Оны кім есептеген?! Ауылда соғыс ардагері атындағы көше бар, өзі білім берген мектеп 2004 жылдан үздік ағартушы, майдангер Әбдіразақ Мәмиевтің атымен аталады.

Аталған мектептің директоры, ақын інім Марат Құрманқұлұлы «Өмір дегенге тірлікте, сірә, жетер ме ой, өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп Мұқағали ақын айтқандай, осынау бір сәттік сәулелі ғұмырда шынымен де бәрі жылдам екен ғой», – деп бастаған әңгімесін терең оймен толықтырды.

– Кейіпкер – көркем шығармада суреттелетін адам. Әдеби образ. Ал менің кейіпкерім – өзімнің ұстазым болған мінезі жібектей, ақпейіл, ақжарқын жан Гүлнар Әбдіразаққызы. Ес білгелі Гүлнар тәтемнің мұғалім екенін білемін. Әкесі Әбдіразақ Мәмиев ата қасиетті «Әліппені» қолымызға ұстатқан алғашқы мұғалім. Мен ұстаздың ұрпақтары да ұстаз болуы шарт екен деп ойлайтынмын. Мұғалім – өте қастерлі мамандық, бірақ меңгеру қиын. Өйткені, мінезіңе мейірім керек, біліміңе білік қажет, көргеніңе көрегендік, көңіліңе көз, тіліңе тәлімді ұлағатты сөз оралуы шарт, – деп бір тоқтады. Сосын өзіне ғана тән сабырлы, жайдары, жұмсақ кейпінен айнымай сөзін жалғады.

– Гүлнар тәтенің ұрпақ үшін ұйқысы қашқан, мазасы кететін сәттеріне куә болдым. Ол әрдайым өз еңбегіне  қанағаттанбай алға ұмтылатын, әлі де бір нәрсе жетпейтіндей шарқ ұратын. Енді ойласам, нағыз мұғалім-ұстаз сондай болуы керек екен-ау. «Ұстаз, дана, асыл да, ұлылық тұр қасыңда. Бас имейтін ешкім жоқ, өткен, келер ғасырда», – деген  жыр жолдарын аяулы жанға арнаған ақын-ұстаздың жүзінен өкініштің көлеңкесін көргендеймін.

Ұстаз-ананың еңбегі еленген. Сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың № 006 бұйрығымен білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталып, мерейленгені оның көп жылғы еңбегіне берілген жоғарғы баға. Ал, ананың ең негізгі бақыты – балаларының өмірден орнын тауып, ата-ананың арманына қанат бітіруі дер едім. Бұл жағынан Серік пен марқұм Гүлнардың үміттері ақталған.

Отбасының үлкені, облыстық соттың білікті, белді қызметкері Ербол Серікбайұлы әкесі мен анасының бойындағы ерекше қасиеттерді тал бойына жинаған. Жүрегі кең, кішіпейіл, бауырмал азамат. Мамандығының биігіне ұмтылған жан.

Ерболға анасының өмірден өтуі қатты соққы болды. Қаза үстінде жанары жасқа толып, жұдырықтай жүрегінің шымырлай соққанын түсінген сайын езіле түскен едік. Анадан айырылу – тағдырдың қиыны. Әлі де қымбат жанның аялы алақанының табын сезініп, сағынған сайын бала көңілі алаңдайтыны бар. «Кім анасын өлімге қисын? Ажал шіркін біреудің анасын алмас бұрын баласынан рұқсат сұрар болса, осы уақытқа дейін ана біткеннің бәрі тірі жүрер еді-ау.  «Уақыт бәріне емші» дейді. Бірақ, керісінше, уақыт өткен сайын анама деген сағынышым басылудың орнына одан әрі күшейіп бара жатқандай болып көрінеді. Жан анамның орны ойсырап тұр.  Анашыма қатысты жайттарды еске алсам болды, кірпігіме жас үйіріледі. Өткен күндер бір сәт оралса деп қиялдаймын», – деген перзент сөзін өзім де ана ретінде түсінемін.

Түркияның Стамбул қаласына тексеруден өтуге барған ана мен бала нақты қорытындыны бірінен-бірі жасырған. Ағылшын тілінің маманы Гүлнар бар шындықты біледі де Ерболдан оны  жасырады. Керісінше, Ербол қорытынды көңіл жұбатарлықтай болмаған соң дәрігерден анасына айтпауын өтінеді. Соны еске алғанда жарықтықтың төзімділігі мен шыдамдылығына таңданасың. Ажалдың есік қа­ғып тұрғанын білсе де жол бойы әзілдеп, әңгімені өзгеге бұрып отырғанын перзентінің иығындағы зіл батпан қайғыны жеңілдетуге тырысқан ана махаббатының құдіреті деуге болатын шығар.

Гүлнарға берілген бағалардың мазмұны тым терең. Мұрқұм Ержан інісінің шаңырағындағы өзі аттас Гүлнар келіні отбасымыздың сынып  жетекшісі  десе, өзгелері келінін қызындай, күйеубаласын ұлындай жақсы көретінін айтады. Туыс-туғанның балаларының жетістігіне бірінші қуанатын. «Жүрегі жұмсақ,  пейілі кең еді» деп сағына еске алады.

Тұңғышы Ербол ауылға келген сайын аяулы анасының басына  барып, сырласатын әдет тапқан. Ал, Ерболдың зайыбы Меруерт енесінің туған апасындай болғанын және әрқашан сабырлылыққа,  төзімділікке үйреткен үлкендігін есінен шығармайды. Үлкен шаңырақта баласы Берік пен келіні Минура аналарының орнын жоқтатпай келеді. Серік бал қылықты немерелерінің бақытына  бөленіп, жетпіс жастың жалына  қол салған ақылман азамат.

Қариялық жастағы үлкендерден кейінгі жастардың үлгі-өнеге алатыны бар. Екейдің биі Бақыт Балайұлымен  бірге Серік ауылдағы жиын-тойдың сәнін кіргізіп, бата беріп, ұрпағының амандығын  тілеген тілеуқор. Бақыт ел сенімін ақтап, жаңадан шаңырақ көтерген жастарға арнайы «неке қағазын» салтанатты түрде тапсырып жүр. Соңғы он жылда қанша жас отбасы қосылғанын ақ бата мен ниеті жазылған «куәліктегі» саннан білуге болады. Статистика деген осы. Әдемі, арнайы безендірілген құжат әр үйдің  төрінде. Бұл да өзгелерге  үлгі болатын бастама.

Сыныптасым Серік пен Бақыт туыс-туғанды бірлікке шақырып, жастардың отбасына адал болуына осылайша үлес қосқан азаматтар. Тек араларында Гүлнар жоқ. Олай деуге  негіз жоқ тәрізді. Өйткені, оның әр сөзі есте, соңына  қалдырған өнегесін  келіндері жалғап келеді. Әр адамның пейілі кең, көңілінде көзі болса, жақсылықтың жанында жүретіні ақиқат. Алла баршаға осындай қасиет берсе ғой. Ауылдың анасы атанған кеңпейіл жанның пейіште нұры шалқысын. 
Адам өмірден өтеді, алайда артында ұмытылмастай сақталатын ісі, ізі қалады екен. Адамның өзгелерден артықшылығы осы. 

Бір күндік  сәуле...
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін?
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға, 
Өмір дегеннің не екенін...

Мұзбалақ ақын Мұқағали осылай жырлапты. Бұдан асырып айта алмаспыз. Өмірдің мәнін мазасыз мына тіршілікте бағалағанға не жетсін?!

Күмісжан БАЙЖАН,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері