"АРДЫҢ ҚҰЛЫ ЕДІ": ТЕМІРБОЛАТ ЕДІЛБАЕВТЫҢ ЕҢБЕГІ ЕШ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 24.01.2020
Оқылды: 1683
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ардақты әкеміз, Орал өңірінің тумасы, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Темірболат ЕДІЛБАЕВ жайлы сыр шерткім келеді.

Еңбекпен есейген Темірболат Тасқалиұлы Орал облысы, Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында дүниеге келген. Ол 1976-78 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп, елге оралған соң  арман қуып, Алматыға келеді. Алғашында аудармашы болуды мақсат еткен ол ойынан айнып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1985 жылы тамамдайды. Оқумен қатар 1979-1985 жылдары Алматыдағы «Октябрьдің ХХ жылдығы» атындағы станок жасау зауытында жұмыс істей жүріп, бұрғышы және фрезерші кәсібін меңгереді. Өзінің еңбекқорлығының арқасында «XI Бесжылдықтың екпіндісі» деген марапатқа ие болады. Әкеміз: «Ұлы адамдардың барлығы еңбек жолын зауыттан бастайды», – деп әзілдейтін.

Станок жасау зауытындағы ауыр жұмыспен қатар білімін көтеруді жалғастырып, оқуда озат, еңбекте алда болды. Әкеміздің еңбекқорлығы  бүгінгі ұрпағы үшін үлгі дер едім. Ол өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, талай жетістіктерге қол жеткізіп, биіктерді бағындырды. Тоқсаныншы жылдың басына дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы Республикалық спорт мектеп-интернатында шеберхана меңгерушісі, директордың шаруашылық, одан кейін оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Республикалық спорт мектеп-интернаты басшысының орынбасары болып қызмет ете жүріп, мақсаттарына қол жеткізе білді. Мектеп-интернаттан танымал спортшылар Е.Ыб­райымов, Д.Тұрлыханов, М.Мамыров, И.Байрамуков және тағы басқа да белгілі спортшылар тәлім-тәрбие алған.

Әкей 1993-1996 жылдары, яғни тоқырау кезеңінде Алматыдағы №13-ші мектеп-интернаттың директоры болды. Қиындықтарды жеңіп, жетім балалардың тамағы мен киімін тауып, әкелеріндей қамқорлық танытты. Ол 1996-1998 жылдары Республикалық «Иман» қоры директорының орынбасары қызметін атқарса, 1998-2000 жылдары О.Таңсықбаев атындағы Алматы қолданбалы-сәндік өнер колледжінің әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі директорының орынбасары қызметін атқарды. 2000-2003 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтында, 2003-2008 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі проректоры қызметін атқарды. Қашанда бардың емес, ардың құлы болған әкеміз қызметіне адал, жақындарына қамқор, отбасының аласармас асқақ тұлғасы еді. Әкеміз бізді «қолдарыңнан келсе, адамдарға көмек көрсетуге дайын тұрыңдар, адал болыңдар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер» деп тәрбиеледі.

Ол 2008 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік сатып алу және капиталдық құрылыс департаментінің директоры қызметін атқарса, 2008-2015 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі проректорлығына сайланды. Өзі қызмет істеген жылдары оқу ғимараттары мен жатақханалар күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, оқу аудиториялары заманауи ақпараттық-коммуникативтік техникалармен жабдықталды. Университет қалашығы мен бау-бақша абаттандырылды.

Мың жарым жылдан аса тарихы бар киелі Түркістан қаласының өркендеуіне тарихшы ретінде әкеміз Темірболат Тасқалиұлы өзіндік үлес қосты. Әкем 2003-2008 жылдар аралығында Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  вице президенті лауазымын атқарды. Университеттің барлық шаруашылық жұмысын басқара отырып, оқу орнын көркейту жолына бар күш-жігерін салды. Өз қолымен көгалдандырып, баптап өсірген бақты сол жердің азаматтары «Еділбаев бағы» деп атап кетті. Түркістан қаласы әкемнің жүрегінен ерекше орын алды. Ол  жүрген жерінде Түркістанның киелі  екенін айтудан жалыққан емес. Осындай  ел үшін істеген игілікті ісі ескеріліп, «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын алып, әулетімізді қуантты. Маған: «Балам, ісіңе адал, еңбекқор болсаң, атақ, даңқ сені өзі іздеп келеді» – дейтін еді.

Адамгершілік пен сыйластық, кісі ақысын жемеу, қарапайымдылық пен ізгілік, көркем мінез бен рухани байлық секілді асыл қасиеттерді бойымызға барынша сіңірді. Әкең барда, әрине, балалық пен еркеліктің бір ұшқыны бойыңнан қылаң беріп тұратыны рас. Оның берген тәрбиесі, өнегелі істерін жалғастыру біздің перзенттік парызымыз. «Алматыға жалғыз келіп, бір Алланың қолдауымен еңбекқорлығымның арқасында талай жетістіктерге жеттім. Анамнан бес жасымда айырылып, дауысын естуге зар болып қалдым. Ұлдарым, сендер бақыттысыңдар, аналарың қастарыңда», – деген сөздерінің астарында туған да, туыс та бір-бірін барында бағалау керек екені туралы тәрбиенің жатқанын аңғарамын. Әр сөзін сағынышпен еске аламын.

Анам Маннат пен әкем екеуі 35 жыл бірге тату-тәтті, отбасында екі ұлын оқытып, тәрбиелеп, мәнді, мағыналы ғұмыр кешті. 

Асқар тауым достары мен туыстарының арасында мейірбан, кішіпейілділігімен ерекшеленіп тұратын. Әлі күнге дейін әкемнің Түркістанда жасаған еңбегін көзі көрген үзеңгілес жолдастары аса құрметпен еске алып, айтып отырады. Қиын кезде тіреу бола білген, жабырқаған кезде жанымыздан табылатын әкемнің достарына перзенттік алғысымды білдіргім келеді.

Жан әке! Сіз жүрген жолдарды бұл күнде «Сағыныш жолы» деп атайтын болдық. Кезінде сол жолдың бойына ағаш та, гүл де отырғызған едіңіз. Оларды бірге отырғызсақ та кейін бұл жолдың сағыныш жолына айналарын кім білген?!  Жаныңыз жаннатта болсын!

Бауыржан ТЕМІРБОЛАТҰЛЫ,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент