"ХАЛЫҚТЫ ҚУАНТТЫ": ГАЗ ТАРТУ ІСІНДЕ КӨП ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЙТЫН АЗАМАТ

Уақыты: 04.02.2020
Оқылды: 1533
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өңірлерді газдандыру ісі – мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларында көзделген маңызды міндеттер қатарында. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс кейінгі жылдары қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын, тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз етудің ауқымы жыл өткен сайын кеңейе түсті. Бұл істе белгілі кәсіпкер Молдияр Нұрбаевтың орны бөлек.

Ол Мемлекет басшысы мен ел Үкіметінің қалаларды, ауылдарды, елді мекендерді газдандыру және өнеркәсіптік әлеуетті  дамыту  үшін газ  инфрақұрылымын құру жөніндегі тапсырмаларын табысты орындап келеді. Аймақты көгілдір отынмен жабдықтау саласында ерен еңбегімен танылған Молдияр Нұрбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Алматы облысының және Қарасай, Жамбыл, Талғар, Ақсу аудандарының Құрметті азаматы атанды. Ақсу ауданы Ақсу ауылында 1950 жылы дүниеге келген ол жастайынан білімге құштар болып, еңбекпен есейді. Жоғары білімді инженер-механик Жетісу өңірінің әртүрлі өндіріс орындарында жемісті еңбек еткен.

Молдияр Қылшықұлы 1992 жылдан бастап жеке кәсіпкерлік саласында табысты еңбектеніп келеді. Ол – тұрғындарды табиғи газбен жабдықтайтын жоғары, орта қысымдағы газ тарату желілерінің құрылысын жүзеге асырған Қазақстандағы ең алғашқы жекеменшік компаниялардың бірін құрған білікті кәсіпкер. 2001 жылдан бері өзі ұйымдастырып, жұмысын жолға қойған «Тәуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алғашқы құрылтайшысы және директоры. Айтулы азамат 2001 жылдан бастап Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарының және Алматы қаласы Алатау, Наурызбай аудандарының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырып, халықтың алғысына ие болып келеді.

Кәсіпкер 2013 жылы «Алматы облысының газ шаруашылықтары қауымдастығы» атты заңды тұлғалар бірлестігін ұйымдастырды. Содан бері осы қоғамның басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. Аталған ұйымға он бір компания кіреді. Бұл компаниялардың қызметі облысты газдандырудың кешенді бағдарламасына сәйкес газ шаруашылықтары кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттыру. Сол арқылы оларды инновациялық дамытуға ықпал етіп, кәсіпкерлікті өркендету және әлеуметтік бағдарланған экономика қағидаларын іске асыру. Осы кәсіпорындарда 90-нан астам жоғары білікті маман еңбек етсе, 70-тен астам арнайы техника бар.

Молдияр Нұрбаев – бірнеше жобаның ұйымдастырушысы және жеке инвесторы. Оның жеке қаражатымен Алматы қаласы мен облысында бірнеше ірі газ тарату стансылары мен жабдықтау жүйелерінің құрылыстары салынды. Тікелей ұйымдастырып, жеке қаржысын құйған жобаның бірі Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «Жоғары қысымды «Қарғалы ГТС» газ тарату стансысын модернизациялау» деп аталады.

Ол жобалардың іске асуы сондағы тұрғындарды үздіксіз және апатсыз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Білікті кәсіпкердің ұйытқы болуымен Алматымен іргелес аудандардың тұрғындарына қызмет көрсету ісі дұрыс жолға қойылып, ондағы газ тұтынушы жеке және заңды тұлғалар қатары үздіксіз өсу үстінде. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар мен әлеуметтік сала нысандарын қоса алғанда, 75 мың шамасында абонент табиғи газға қосылған.

Жетісу халқына көгілдір отынның игілігін кеңінен ұсынуды мақсат тұтқан Молдияр Нұрбаевтың еңбегі мемлекеттік наградалармен аталып өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Кәсіпкерлікті табысты жүргізе жүріп, қайырымдылықты қоса атқарғаны үшін ел арасындағы абыройы асқақтап, мәртебесі өсті. Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің шешімімен кәсіпорындарды рейтингілеу қорытындысы бойынша ол «Еңбек қызметіндегі тиімділігі үшін» медалімен және «Қазақстан Даңқы» орденімен марапатталды.

Меценат көпбалалы отбасыларға, соғыс ардагерлеріне, Ауған соғысына қатысушыларға, зейнеткерлер мен мүгедектерге, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға, қарттар және балалар үйлеріне айрықша қолдау көрсетеді. Қайырымды кәсіпкер сол үшін «Алтын Жүрек» республикалық қайырымдылық жобасының арнайы марапатын иеленді.

Молдияр Қылшықұлының тікелей жүзеге асырған жарқын істерінің үлкен бір парасы Жамбыл ауданында. Бұл аудан Алматыға жақын орналасқанымен  халқы көгілдір отын игілігіне көптен қол жеткізе алмай келген еді. Молдияр Нұрбаевтың «Тәуекел Газ Құбыры» ЖШС 2009 жылы аудан орталығына газ құбырын тартып, халықты қуантты. Аз жылдың ішінде Ұзынағашпен қоса сол маңайдағы алыс-жақын Ынтымақ, Жаңақұрылыс, Қайназар, Қарасу, Жамбыл, Қарақыстақ, Бұрған, Аққайнар, Мыңбаев, Қасымбек, Еңбекшіарал сияқты оннан аса ауылға жалпы ұзындығы жүздеген шақырымнан асатын газ құбыры жүргізіліп, мыңдаған адам көмір жағу машақатынан арылды.

Тіпті, сонау аудан орталығынан алпыс шақырым қашық жатқан, тау қойнауындағы Бесмойнақ ауылының тұрғындары да бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Басқа отын түріне қарағанда газдың экологиялық жағынан таза, қызуы тұрақты, тұтынуға ыңғайлылығы сияқты көптеген артықшылығы бар екенін сезінген жұртшылық бұған дән риза.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, «Тәуекел Газ Құбыры» мекемесіне біраз жылдан бері оның ұлы, облыстық мәслихат депутаты Данияр Нұрбаев басшылық етеді. Әке ісін жарасымды жалғастырудың арқасында көгілдір отынды пайдаланушылар саны ауданда жылдан-жылға үздіксіз өсу үстінде. Бүгінде аталған серіктестік аудандағы 61 елді мекеннің 22-сіне құбыр тартып, межелеген шаруаның 40 пайызға жуығын орындады. Халқының саны көп ірі ауылдардың дені табиғи газға қол жеткізді. Ендігі қалғаны негізінен шалғайдағы шағын елді мекендер. Келесі кезекте Қазыбек бек, Ақсеңгір, Көкдала, Жайсаң сияқты ауылдар көгілдір отынға қосылмақ. Алдағы уақытта аталған елді мекендерге газ кіргізіп, жоспарды 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Молдияр Нұрбаев жеке үйге газ түсіру құнын төмендетуге халықтың жағдайына қарай жеңілдік жасап, алғысқа бөленген. Ауданға газ құбыры тартылған алғашқы жылдары-ақ көгілдір отынды ең бірінші кезекте соғыс ардагерлерінің үйіне тегін түсіріп берген болатын. Әкесінің бұл дәстүрін ұлы Данияр да жалғастырды. Содан бері мүгедектер, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар сияқты халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына газ түсіруде жеңілдіктер қарастырылған. Тәуелсіздік күні, Астана күні, Құрбан айт сияқты мерекелерге орай да баға айтарлықтай төмендетіледі.

Молдияр Қылшықұлы – отбасында адал жар, қамқор әке, мейірімді ата. Бақытын еңбектен тапқан азамат зайыбы Алтын екеуі немерелерінің шат күлкісіне бөленіп, ұрпағының қызығына кенелген жандар.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы