"СЕГІЗ БАЛАМЕН ҚУЫҚТАЙ БӨЛМЕДЕ": САЗГЕР ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 16.02.2020
Оқылды: 1493
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бұл мақаламыздың тақырыбын «Дипломсыз дарын» деп те қоюға болатын еді. Әйткенмен, кейіпкеріміздің тағдыр тәлейі, бітім-болмысы біз нұсқаған бағытқа тартпады. Қанша құлшынғанмен басына бақ қонбаса өнердің де өлермен күй кешерін ұқтық сосын. Құдай берген нығметті тұмшалағаннан не ұтасың? Күресінге тастаған нөсерлі күндердің бұлың бұлттарын сырып тастап, арман көгіңді өзің қалаған түспен сырла. Саған кім кедергі? Мәселен, алқызыл немесе коңыркүрең. Ол – сенің өмірің! Ол – сенің таңдауың! Ол – сенің арманыңның аспаны!

Ұстаздың бірде ұрысқаны бар. Неге дейсіз ғой? Үй тапсырмасы ретінде табиғаттың суретін салуға берген оқушының балаң қылығына. Сондағысы шәкірті белі бүкірейген таулардың арасынан сығалаған күлшедей күнді қызартып, ал зеңгір аспанды сап-сары қарындашымен әдемілеп безендеріпті. Мұғалім өкпесін жасыра алмай әрі балапанның көңіліне қарап үй жұмысын «4» деген бағаға бағалаған.

Ал біз бұл сүгіреттен басқа нәрсені аңдаған едік. Ол – әркімнің өз қиялының нұсқасын, өз жолының сорабын. Неге менің биігім біреудікіне ұқсауы керек? Шеңбер ішінде қамалған шындықтың ғұмыры қысқа, уақыты шектеулі. Адам мұраты межелі болса, онда оның асқақтығына күмән келтіруден басқа амал жоқ. Жә, бұл біздің теорема. Тек бүгінгі кейіпкерімізге қатысы болған соң көсіле жазып отырмыз.

Бағанадан бері әңгімемізге арқау болған Алакөл ауданы, Көлбай ауылының тумасы, әуесқой композитор Нұржан АХМЕТБЕК. Бүгінде «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі. Алғаш рет Жетісуда «Тиграхауд» этно-рок тобының негізін қалаған жандардың бірі. Бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оған кейін жеке-жеке тоқтала жатармыз. Алдымен таланттың Талдықорғанға қалай келгенінен бастасақ.

2011 жылы Көлбай ауылындағы Мәдениет үйінде ән салып жүрген жігітті ауданға іссапармен барған сол уақыттағы облыс әкімінің орынбасары Махаббат Бигелдиев пен бүгінде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Данияр Құрамысов байқап, жұмысқа шақырады. Тума таланттарды орталыққа тарту қашаннан бар тәжірибе.

Содан қойшы, өнерлі жігіттің дипломының жоқтығына қарамай, қызмет беріп, баспанамен де қамтамасыз етеді. Сонымен, жас өнерпаздың таудай талабына бармақтай бақ араласып, Талдықорғанның төрінен бір-ақ шығады. Жеті нотаның түрін білсе де тілін білмейтін бозбала бұл керемет мүмкіндіктен тас қылып ұстап, айырылмауға серттеседі. Ескі гитарасын шертіп, ыңылдап ән шығара бастайды. Басқа бір үлкен кеңістікке бет алған жолаушы іспетті. Аймақтарды аралап, шетелдің де дәмін татады.

Сөйтіп жүргенде өзі құралас бір топ жігіт тұрмысын түземек ниетте тойларда ән шырқайтын топ құруға бекінеді. Бірі домбыраның құлағында ойнаса, бірі қобыздың қыр-сырын қанық білетінін алға тартады. «Онда ұрыста тұрыс жоқ, «Тиграхауд» этно-рок тобын құрайық», – дейді Нұржан арманына бір табан жақындай сөйлеп. Достарының бәрі де құптай кетеді. Ақыры аймақта бұрын-соңды ат ізін салмаған жаңа топ жарыққа шығады.

Аз-маз сазгерлігі бар Нұржанның жаңа тынысы ашылып, топқа арнайы жыр-дастандар жаза бастайды. Атилла, Күлтегін бабаларымыздың рухына арнап жазылған туындылары таңдай қақтырады. Тіпті, тарихи мағлұматтарға сүйене отырып, сөзін де өзі жазады. Оған дәлел – Алматыда өткен халықаралық The Spirit оf Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі. Еліміздің атынан бірінші рет қатысқан «Тиграхауд» тобы көрерменнің көзайымына айналады. Топтың жұлдызды сәті осы жерден бастау алып, ертегідегідей Еуропа мен Азияны аралайды. Әр мемлекеттің өркениетін айшықтайтын халықаралық мәдениет күндеріне арнайы шақырту алып, жол шығындарын өздерінің қалталарынан шығарып те барады. «ЭКСПО – 2017» көрмесінде «Астана рухы» атты концертте екі рет өнер көрсетеді. Мұхиттың арғы жағы, Африка елдері қайта-қайта дастандарын тыңдап, ұжымның өнеріне сүйінеді. Міне, осылай әлемді бағындырады.

Көпбалалы отбасынан шыққан Нұржан Мұхаметбекұлы ақсақалдар академиясының түлегі. Бала күнінде асау үйреткен. Ағайын-туыстан ажырамай, туған жеріне жиі қатынап тұрады. Осы туған жер дегеннен шығады ғой, ауылдағы балдәурен шақтардың самалына бетін тосып, мөлдір ауасымен тыныстап, ән аулап қайтатын әдеті. Музыкаға деген іңкәрлік ананың сүтімен, әкенің қанымен келген қасиет.

– Анам Сейсенхан домбырамен ән айтқанда ауыл-аймақ түгел құлақ түретін. Дауысы майда, өзі қоңыр кісі еді. Адамды алаламайтын мінезімен сұлу көрінетін. Біз көшеқұмар болдық қой. Шаруа шаш етектен болса да, құрбы-құрдастармен қызық қуып, ауыл аралап кетіп қаламыз. Шешеміз сонда бір дауыс көтерген емес. Ауыр жұмысты өзі атқарып, жолымызға сәттілік тілеп отыратын, жарықтық! Мен көрген жерде нағашы жұртымды мақтап отырамын. Қазақ "Жігіттің жақсысы нағашыдан" дейтіні бекер емес қой. Менің бойыма өнер анам жақтан дарыған секілді, – дейді өзі анасын сағына еске алып.

Өмірді өнер арқылы көркемдеген кез келген пенденің жүрегінде бір ұлы сағыныштың мекен ететіні анық-ау. Сол сартап сағыныш мұхитты көктеп өтетін ұлы күшке ие. Жезайыр жазушы Асқар Сүлейменов: «Өмірдің өлшемі – өнер, өнердің өлшемі – үнем», – депті шашылып түскен тіркестерінің бірінде. Біздің ойымызға бірден кейіпкеріміздің кескін-келбеті келді. Өнер – дертпен тең. Шын өнерпаз өле-өлгенше өнерге адал болып өтеді. Осы адалдықтан тұтанған үміт оты жаныңды сәулелендіріп тұратыны тағы бар.

Біз өнерге адалдықты тектен-тек қаузап отырған жоқпыз. Кейіпкеріміздің сарсаң көңіліне демеу болатын сол адалдық секілді. Қуықтай  бөлмені паналаған сегіз баланың әкесі осылай сыр шертеді. Оның жан тебіренісі қоғамның шылауында өскен әр пенденің мұңы секілді. Ал, сол сегіздің бірі сырқат болса ше?! Ана үшін де, әке үшін де бұдан асқан үлкен қайғы жоқ. Дүние қол байлайды. Баласының алды 13-ке келсе, арты ана сүті аузынан ажырамаған нәресте. Жары Жұлдыз Мағауияқызы зайыбы шығармашылық адамы болған соң бар жағдайды жасауға тырысады.

Десе де, аутизммен ауыратын ортаншы баласы гитараның шуылы мен айқай-шудан қорқады. Сол жағдай ғой әкенің жанына бататыны. Біз бұл мәселені айтпасақ та болар ма еді?! Бірақ «әр қазақ менің жалғызым» деп ұққан ұлттың үнпарағы ретінде таланттың тайғанақ тағдырын таспалап отырмыз. Топырлаған тәп-тәтті ұл-қыздарымен шап-шағын екі бөлмелі шаңырақты паналаған кейіпкеріміз сырқат қызы үшін сарсаңға түсіп жүр. Әйтпесе, арман қуып келген ұлдың дүниеде не шаруасы бар?!

Арманға барар жолдың түп-түзу болуы міндетті емес. Өмір бұрылыстары мен қиылыстары адам рухын шынықтыратын ұлы бекет. Сол бекеттерде қалып қалмай, діттеген нысанаңа бет алуға тиіссің. Сонда сені ел мойындайды. Біздің кейіпкеріміз де кедергілерді қақ жарып, құстай самғап келеді. Әрине, өз аспанында.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы