"ОҚ ӨТПЕЙТІН ОРАМАЛ": 96 ЖАСТАҒЫ СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 28.02.2020
Оқылды: 1538
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Майдан даласына аттанып бара жатқан алаң көңіл бозбаланың қолына елік қыз орамал ұстатқан. Осы сәт жас жігіттің бойын ыстық сезім кернеп кеткен. Жып-жылы алақан салалы саусақтарды жайлап қана сипап, сусып кете барды. Жалт бұрылғанда байқағаны – бұл жанар басқа жандардан өткірлеу, мейірімділеу көрінгені. Қылығына көпшіліктен ұялған бойжеткен көп көзден жасқанып, тез арада ғайып болды. Бұл хикаятты әңгімелеп отырған биыл, яғни, Жеңістің 75 жылдығында 96 жасқа толған соғыс ардагері - Ғайыс ЕГЕМБЕРДИЕВ. Ол майдан даласында өзіне күш-қуат берген кестелі ақ жібек орамал жайлы естелікті жырмен есіп, қызық етіп айтып берді. Махаббаттың құдіреті күші жауынгерге алғы шепке шығуына жігер, жараланғанында өмірге құштарлық, шығармашылығына шабыт сыйлаған екен.

Әлқисса, вагон орнынан қозғалып кетті. Бозбала жібек орамалмен жүзін сипап, бетіне жауып тыныстады. Сол түні «Орамал» деген өлең өмірге келді.

Жаманшылық бітпесін деп,

Сенің басқан ізіңе.

Алыс жолдан әдейі кеп,

Үйірілді жүзіме.

Көрсең бейнет, шексең азап,

Күшке қуат қоссын деп.

Әр бәледен бол деп азат,

Әр сапарға бассаң қадам,

Дәйім мені есіңе ал.

Болмасын,– деп – көңілің алаң,

Досым берген орамал.

Бұл орамал көңілімді елтіп,

Жанымнан еш қалмайды.

Қызулығы еттен өтіп,

Сүйегімде қайнайды.

Өлең қаракөз қарындасқа жолданды. Біраз уақыттан кейін хатқа Жаңылдан жауап келеді. Онда орамалдың иесі жігіттің жаралы болатынын түсінде көргенін, алайда елге аман-есен оралатынын, шәйі орамал баяғы батырлардың сауытынан да мықты екенін баяндапты. Жауапты бойжеткен де өлеңмен өрнектейді. Соңғы төрт жолын:

Бұл майданнан, Інші Алла,

Аман-есен қайтарсың.

Бұл орамал хикаясын,

Сонда маған айтарсың! – деген жылы лебізбен аяқтайды.

Екі арадағы сыйластыққа, сағынышқа толы хаттар майдан даласы мен ауылдың арасын осылайша толассыз жалғай береді, жалғай береді.

Жауынгерлерді Ақмолаға апарып, майданға дайындайды. Ғайыс Егемердіұлы пулеметшілікті меңгереді. Станковый пулеметті майдан даласында «Максим» деп атайды. Сол түні командир бір пулеметші, екі қатардағы әскерді бір төбенің етегіне жеткізіп: «Жау осы жақтан келеді, даярланыңдар», – дейді де өзі кетіп қалады. Бұлар тездетіп пулемет ұясын қазып, оны мықтап орнатады.

Таң ата неміс танкісінің өздеріне қарай келе жатқан дауысы естіледі де, іле-шала темір алпауыттардың тізбегі көрінді. Қасында ақ халатты автоматшылар. Жауынгерлердің біреуі: «Сол қапталды ала жүрсе дұрыс болар еді. Тура тартса жаншылдық»,– дейді. Пулеметші қасындағыларға: «Жау жақындап қалды, атамыз ба, не істейміз?» – дегенді айтып, сыбырлайды. «Үніңді өшір, ажалыңа асығып барасың ба? Команданы күтпесек, бірден қағып түсіреді»,– деді қасындағының бірі.

Осы сәтте жау атысты бастап, оқты бората жөнеледі. Бұлардың арттарынан да танкті ататын ауыр қарудың дауысы гүрсілдеп қоя береді. Осы сәтті суреттеген Ғайыс аға атысты бала кезде жүгеріні қуырғандағы дауысқа ұқсатқанын айтады. Бірақ жүгері қуырған мен адам қуырғанды, әрине, салыстыруға келмес. Жау оғы тиіп, пулеметтің дулығасы көкке ұшып, қару төңкеріліп қалды. Үш жауынгер балшық араласқан топырақ астында көмілді. Топтасқан үшеуді жау минометпен көздеп атқан көрінеді. Қанша уақыт жатқаны белгісіз бір уақытта есін жинағанда кішкентай саңлау арқылы демалып жатқанын байқайды. Жайлап ырғалып, топырақты астына түсірген әскер жер бетіне көтерілудің қамын ойластырып көреді. Тар окопта тас диірменше айналып, сыртқа шыққысы келгенімен батпаққа малшынған сұр шинель күш бермейді. Сонда да болса басымен лайды сүзгілей, шынашағымен жер тіреп, алға жылжып келеді. Бір мезгілде ышқына алға жылжып, окоп ернеуіне табан тіреді.

Дәл сол кезде мұның тірі екенін байқап қойған жау жағы автомат оғын үсті-үстіне жаудырды-ай келіп. Көтеріліп келе жатқан дене екі қолы екі жаққа кетіп қайтадан шалқасынан құлады.

Енді қалайда қайтадан окопқа түсу керек. Әйтпесе, жау мұның қозғалғанын аңдып жатыр. Тірі екенін байқаса жанын алмай тынбайды. Ол аяғының ұйып қалғанына қарамай, бар күшін жинап, балшықты ысыра-мысыра шұңқырға сылқ ете қалды. Сол сәтте өкше тұсынан жау оғының зың ете қалғаны байқалады. «Атаңның басы, нағылет», – дейді жаудан айласын асырғанына масайраған ол.

Ымырт жабылғанда кері қайтқандардың аяғының дауысы естілгендей болды. Бұл да үйіріне қосылмақшы ниетпен түрегеп көріп еді, тепе-теңдікті сақтай алмай жалпасынан түсті. Ақырында винтовканы балдақ етіп ұстап, жайлап басып, траншейге қарай бет алды. Қанша жүргені белгісіз, әл-дәрмені құрып, құлап бара жатқанын сезді. Дәл қасынан біреулердің «Вставай!» деп аяғын теуіп жатқанын сезгенімен, тірімін деп айтуға дәрмен жоқ. Олар мұны окоптан сүйреп шығарып, орнынан тұрғызып көрді. Бірі жауынгердің өлі-тірісін білгісі келіп жақсылап тұрып, тілерсектен теуіп жібергенде «тірі-өлік» «ыңқ» еткен дыбыс берді. Орыс әскерлері сөздерінің жаттанды «тұздығын» қосып, шешеден бір боқтады да «Живой!» деп қуанып кетіп, ат арбашы шалды шақырады.

Арба үстінде мұнан басқа бір адам жатыр. Ауыр жаралы. Тіршілік нышаны білінбейді. Ыңыранғаны да естілмейді. Әудем жер жүргенде тоқтаусыз жауған қардан арба жүрмей, ат тарта алмай, жаралы жігіт енді арбаның артқы қадауына жабысып, сүйретіліп, ілесіп отырды. Кейде құлап қалады. Ондайда арбашы келіп, сүйеп, тұрғызып жібереді. Үскірік жел алда не барын мүлде көрсетпейді. Бір уақытта бұлар адасқандарына көздері жетіп, жылқының басын өз бетінше жіберді. Таң ата есті мал өзі жол тауып, үлкен шатырға барып тоқтады.

Мұндағылар мұзға айналған екеуді тездетіп «конверт-көрпеге» орап, қос ат жегілген шанамен дала госпиталіне әкетеді. Қалшылдап тоңған жанның тісі-тісіне тимей сақылдайды. Діттеген жерге жетісімен жаралыларды шатырға кіргізіп, ағаш орындыққа сүйемелдеп, отырғызады. Шатыр ішін Ғайыс аға былай суреттеп берді.

– Ортада екі жүз литрлік темір бөшке. От лаулап жанып тұр. Тән мен жан еріп кетті. Сол кезде бір өзбек жігіті бұрқыраған бір стакан шай мен үстіне май қойылған бір тілім нан әкелді. Мұндайды да көретін күн бар екен ғой деп көңілім босап кетті. Шай ішіп алысымен операция столына жатқызды да, артық етті қайшымен қия бастады. Еш жерім ауырсынбайды. Тек қайшының ашылып, жабылған дауысы ғана естіледі, – деді.

Госпитальде екі ай жатқан қазақ жігіті қайтадан алғы шепке аттанып, теміржол стансысын алудағы майданға қатысып, дәл қасынан жарылған минадан оң жақ шекесінен жарақат алады. Сол кезде жауынгер шинелінің түймесін ағытып, гимнастеркасының төс қалтасынан «Саған сауыт болар» деп Жаңыл берген орамалды алып, бір сүйіп, шекесіне басады. «Бұл орамалдың іштей жан серігіме айналғанына қанша жыл?! Қасиетті, қастерлі, киелі орамал шапағатымен нақ қазір қауіп-қатерден қағылмадым ба? Қанша жан қар мен қара балшыққа көміліп, үнсіз қалды. Мен, міне, отырмын. Орамалды қолыма алсам, өзің шақырып тұрғандай сезімде боламын, аяулы дос. Ауылдың жуасы мен жусан иісі аңқып, алпыс екі жүйем босайды. Тынысым кеңіп, қиялға беріліп, алға ұмтыламын», – деп алыста қалған орамал иесімен тілдеседі.

Госпитальға түсісімен ол жердегі жаралылар мұны елгезектігі үшін «Жүрдек жаралы» деп атайды. «Жүрдек жаралы» мен Николай деген жігіт екеуіне сол жерде жантәсілім бергендердің мүрдесін мәйітханаға зембілмен тасу міндеттеледі. Беларусь орманында «туысқандар зираты» бар. Мәйіттер соған жөнелтіледі. Әркімнің әлпештеген текешегі мың ұйықтаса түсіне кірмейтін бөтен далада қалғанын көрген сайын жас жігіттің жаны күйзеліп, сұм соғысқа лағынет айтып, соғыстың аяқталуын тілейді.

...Соғыстан қайтып келе жатып Эстонияның орталығы Каунас қаласынан жауынгер қос анасы мен жібек орамалдың иесіне арнап үш алтын сырға сатып алады. Бірақ бұл кезде тағдыр Жаңылды басқаға қосқан еді. Ауылға келісімен зергерлік бұйымды өзі сыйға тартқан жібек орамалға орап, алғашқы махаббатының қолына тапсырады.

Араға алпыс жыл салып Ғайыс аға Жаңыл апаны іздеп Қызылордаға жол тартады. Жол бойы:

Іздедім, боз інген боп, боздаған боп,

Көп айтты ескі дертті қозғама деп,

Алпыс жыл арада өткен күлім көзге,

Қайтадан барғым келді бозбала боп, – деп жан сырын ақтарады. Барған соң аудандық полицияда істейтін күйеубаласы Әлжанға айтып, Жаңыл апаның мекенжайын анықтайды.

...Жаңыл апа алғашқы махаббатын күтіп алуға есіктің алдына балаларының сүйемелдеуімен өзі шықты. Кезіндегі Жаңылдың көз жанарын таба алмаған ардагер жүрегіне қанжардай қадаларын білсе де, күдігін сейілту үшін: «Сен Жаңылмысың?» – деп сұрайды. Бірақ артынша оның жабырқап қалғанын сезіп, пәк көңіліне үңілмей, жанын жаралағанына іші удай ашиды. Сонда Жаңыл апа:

Оқыдым өткен күні хатыңды алып,

Бағалап, әрбір сөзін ойға салып.

Неткен жан, сөзі балдай, тілі майда,

Рахмет деп айтамын ырзаланып.

Ойлаған ойыңыздың қатесі жоқ,

Мұндай жан туады екен ақылды боп.

Білгендей тамыр басып, нышан бердің,

Себебін жанып тұрған көңілдегі от! – деп Ғайыс ағаның соғыс жылдарында өзіне арнаған өлеңін айта жөнеледі. Сонда аға: «Таныдым, таныдым, ризамын», – деп маңдайынан сүйгенде апаның жүзі балбырап сала берген екен.

– Өлең жазуға бейім едің? Тағы кімдерге өлең жаздың? – деп сыр тартады аға. Сонда ол: "Ешкімге. Тек өзіңе!" - дейді. Нығарлай айтқан «Тек өзіңнің» сөзінің арғы жағында аясаңшы мені, неге жүрегімді тіліп өтетін сөз айтасың дегендей, ащы наз тұрған еді.

Кетерде Әлжан: «Әже, бата беріңіз», – деп қолын жаяды.

Ғайыс-ау, бақытыңа тілектеспін,

Қалаймын, ұзақ ғұмыр жүректен шын.

Ат басын алпыс жылда бұрсаң-дағы,

Еріттің сары кемпір сұр өкпесін.

Жақсының шарапатты белгісі бұл,

Келсең де қысқа орай, күз өткесін.

Бекзаттық кейінгіге үлгі болғай,

Жас өркен айта жүрер біз өткесін,

Өмірдің өкініші кешірімді,

Асыл ой, пәк жүрекпен түзеткесін! Әумин!

Ғайыс ағаның жары Жамал апа сол жолы Жаңыл апаға үлкен жүректілік танытып, сәлем-сауқат беріп жіберген екен. Ғайыс аға Жаңақорғанға барып 80 жасқа толған мерейтойын жасап, Жаңыл апаны тойға шақырады. «Жібек орамалдың» иесі тойдың төрінен орын алған көрінеді. Қыз сыйға тартқан орамал майдангер ағаның өміріне мән мен сән сыйлаған.

Ғайыс аға – өмірін журналистикаға арнаған жан. Қарымды қаламгер 11 жыл Талдықорған облыстық бұрынғы «Октябрь туы» газетін басқарды. Ол - «Жарық дүниеге іңкәрлік» кітабының авторы. Облысымыздың Құрметті азаматы. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Кеудесінде Отан қорғаудағы жанкештілігі үшін алған орден-медальдары жарқырайды. Ол екі мәрте ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы мен Елбасының Алғыс хатын иеленген. Соғыс ардагері әдемі қартаюдың үлгісіндей. Сыбызғыдай сырлы әңгімелерін тереңнен толғап, зейініңе зейін қосады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы