Ақжарма жыр

Уақыты: 30.01.2017
Оқылды: 1833
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адалдығымен аты шыққан Әділ Сәбит көк құрақты көлдің мөлдір суына бас қойған сәтінде қызыл алмаға көзі түседі. Адамзаттың Айтматовы суреттегендей сұлу жеміске құмартқаны соншалық, жас жігіт ауызға жүгіртеді. Тіл үйірер тәттіні татқаннан кейін біреудің несібесін жеп қойдым-ау деген күйінішпен елді мекенге барып: «Мына алманың иесі кім, рұқсатсыз жегенім үшін кінәлімін, қандай жаза берсе де көнемін», деп жар салады. Қаумалаған жұрт арасынан жеміс иесі табылып, құныкер шал: «жазаң үшін аяқ-қолы, тіл-көзі жоқ қызымды аласың», деген шарт қояды. Тағдырдың басқа салғанына иліккен ол құныкер шал айтқан жарын көруге барады. Алайда, қыз хас сұлудың өзі екен. Парасатты жастың таңданысына құныкер: «Қызым бойжеткелі бері өзіне лайықты жан іздеген едім, ақыры таптым. Аяқ-қолының жоқтығы: жаман іске бармайды, біреудің затын алмайды, тіл-көзінің жоқтығы: өзгені өсектеп, харамға қарамайды дегенім болар», – депті-мыс... Ислам жазбаларындағы жауһар дүниенің бірегейі саналар бұл оқиға бүгінде аңызға тән. Сол әпсананы өлеңіне арқау етсе, халқының керегіне жаратса, ақынның парасаттылығынан туындаған шешім мен мол ізденістің жемісі болса керек. 

Ақиқатында солай-ау. Ізденіссіз, еңбексіз туылған шығарманың шалажансар нәрестеден айырмасы жоқ. Нәрсіз туынды ел жадында сақталмаса, жансыз сәби туғанына керексіз. Ал Жетісудай киелі жерде өмірге келіп, ғазал-хат пен мөлдір махаббатын өлең арқылы халқына жолдап келе жатқан Жомарт Игіманның «Адалдық туралы аңыз» атты бұл өлеңі, аңызды арқалаған жыры поэзия сүйер елін тебірентері даусыз. Оған уақыт төреші. Екінші жағынан, Ислам дінінің қазыналы қамбасында мұндай әпсаналар жетерлік. Олардың әрқайсысы адамды адалдық пен тазалыққа, парасаттылық пен даналыққа жетелер, тақуалыққа бастар дүниелер. Сондай аңыздар тұрғанда осы оқиғаға несіне қызықты деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Оған ақынның өзі нұсқа. Жатты да жақынындай көретін жаны жомарт Жомарт Игіман аңқылдақ мінезімен, адалдығымен  қаламдастарына қадірлі. Сондықтан да болар, ақындық деген Алла берген өнерінің өрісін кеңейтіп, тартымды, тұшымды туындыларды оқырманға жыл сайын жолдап келе жатқандығы. 
Ақын адалдықты басшылыққа алмай, тәкаппарлыққа салынған күні таудай талантын құм етері сөзсіз. Ал жүзінің жылылығы тұрмақ, жырынан да адалдықтың исі аңқыған Жомарт Игіман шығармаларының шырайы, шындығы басым екені көзі қарақты оқырманға таңсық емес. Алқалаған балаң жырларын алғашқы жинағы арқылы оқырманына ұсынғаннан-ақ, атағы еліміздің түкпір-түкпіріне тарағаны, әдеби орта өкілдері «қайталанбас құбылыс» демесе де, ақын екеніне дау айтқан емес. Керісінше, шымыр ұйқас, тапқыр теңеу, мөлдір де қанық боямасы бар туындыларына таңдай қағып, талантына лайық құрмет пен қошеметтерін білдірген болатын. Сол риясыз сезім бүгінгі таңда да жалғасын тауып, әр жинағы шыққан сайын жылы лебіздерін білдіріп жататыны бар. Алайда, жүздеген жыр мен әлденеше поэманы арқалаған кітабын талдап берген жандар бар ма, беймәлім. Мүмкін жоқ емес шығар. Дегенмен, өткен жылдың соңғы айларында ғана шыққан «Ұлы дала сарыны» атты жыр жинағына сыншылар мен қаламгерлердің өткір пікірі айтылмады десек қателеспейміз. Жомарт Игіманның аталмыш жыр жинағын оқырманға алғашқы болып баяндайтын сәт келгендей.
Аты айтып тұрғанындай «Ұлы дала сарыны» жинағына сонау көне Түркіліктер мен Тұран жұртынан бастау алып, «Мәңгілік Ел» боламыз деп ұран тастаған қасиетті қазақ халқының бүгінгі перзенттеріне дейінгі аралықтағы арман-тілек, мақсаты, зары мен запыраны, жақсылығы мен жайсаңдығы, қайсарлығы арқау болған жырлары топтасыпты. Ғұнның ғұрпын, Сақтың салтын сақтаған елдің кешегі кер заманда қынадай қырылып кеткен зиялыларына орнатқан жыр-ескерткіші де бұл жинақтың шырайын кіргізіп, мазмұнын арттыра түскен. Асылы өз соқпағынан жаңылмайтын ақын шабытты кездерінде қаламын қаусырып, сан жылғы ізденістерін таңғы шықтай мөлдір өлеңдеріне тізбелеген көрінеді. Бірінші бөліміндегі «Бабам ізі тасқа түскен таңбадай» атты «алғы сөз» ретінде қолданылған өлеңінен бастап, жинақтың нүктесіндей көрінген «Теңеу» атты жырына дейінгі аралықтағы шығармалар оқырманның санасында сақталар тарихи оқиғалар, аңыз-әпсаналар, тың деректер, беймәлім жайттар мен зиялылар өміріндегі, қазақ тұрмысындағы алашапқын кезеңдер мен бүгінгі күнгі келеңсіз жайттар көрініс берген. Ақын мұның бәрін жай ғана жырға арқау етпей, көркемдік синтезінен өткізіп, екіұшты көзқарасқа жетелемейтіндей, қабылдауға ауыр тимейтіндей етіп бедерлеген. Осының өзі «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы», деген Абай қағидасынан қиыс кетпегендігі. 
Жалпы, Ұлы Дала сарыны сонау Күлтегін-Тоныкөк дастанынан бастау алып, халық ауыз әдебиетінде, бергісі жыраулық поэзиямызда айтарлықтай көрініс береді. Бүгінгі таңда Темірхан Медетбек, Есенғали Раушан, Серік Ақсұңқарұлы сынды белгілі ақындарымыз сол сарынды көркемдікпен биік деңгейге көтере білген еді. Бұдан кер заманның бітер тұсы мен ширек ғасыр аралығында поэзиямыздың өткен ғасыр туындыларымен, сарынымен сабақтасып жатқанын аңғарамыз. Ал жырды сөйлету, баяндау, тартысты көрініс арқылы ойнату тәсілімен Мұхтар Шаханов өзіндік сүрлеу сала білгені мәлім. Осындай жауһар дүниелердің қатарын толықтырған «Ұлы дала сарыны» жинағындағы туындылардың басым көпшілігі арнау өлеңдер. Дей тұрғанымен арнасы бөлек, дәріптеуі басым, сюжеттік құрылымы тарихпен сабақтасқан арнау өлеңдердің барлығы да шабыттан туындаған мөлдір шығармалар. Мәселен, «Кіршік шалмас тұнығым» атты жырында:
Тамағың тоқ, көйлегің көк,
уайымнан кенде едің,
Неге ойшыл боп жаратылдың,
күйін кешпей пенденің.
Саба толы сары қымыз,
қалампыр шай тұрса да
Адалдыққа, тазалыққа,
Адамдыққа шөлдедің, – деп тебіренеді. Бұл исі қазақтың жүрегінен орын алған Абайға арнаған жырынан. Пайым мен парасаты бөлек, танымы оқшау, қазақ әдебиетінің негізін қалап, жазу, сөйлеу стилистикасын қалыптастырып кеткен, проза жанрына да «Қара сөздерімен» қалам тартып, мысал, поэма, сын түрлерін көрсете білген шоқтығы биік тұлғамызға жазған бұл өлеңін «арнау» деп төмендете аламыз ба? Керісінше, шабытының маздаған кезінде сауал тастау арқылы таңданысы мен тамсанысын білдіріп, өзінше өрнектегенін аңғарамыз. Бұның өзі бүгінгі таңда жыр бәйгесі – мүшәйра үшін «анау тұрған бидайы, комбайнмен жинайды» сынды таптауырын тіркестермен даланың дарқандығын, ырысты екенін суреттеп, «сенсіз жансын қазақтың қайдан бағы, ұлы ақыным, поэзия пайғамбары», деген қайшыласқан теңеулермен күпірлікке бой алдырып жүрген ақындарға үлгі боларлық жырлар демеске шара жоқ.
Саялы Сарқанын аялы алақанына қондырған құсындай қастерлеп шығармасына арқау етіп келе жатқан ақын, сонымен қатар, Жетісуда туып, қазақ жұрты, руханияты үшін саналы ғұмырын арнаған арыстарды да атаусыз қалдырмаған екен. Жәлменденің баласы Пышаннан бастап, Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышпаев, кешегі Жұматай Жақыпбаев, Жамау Бұқарбаев, Ордаш Кендірбаев сынды талантты ақындарға деген ақық жырын өткір теңеулермен өрнектей білген. Мұның өзі рушылдық дертіне шалдыққан кейбір қандастарымызға үлгі боларлық қасиеттің бірі. Негізінен әдеби ортада Мұқағалидың «Әдебиетті арам шөптерден тазарту керек», деген жалынды сөзі жиі айтылады да, «арам шөп» дегеннің астарында талантсыз ақын мен жазушы жатыр деп жорамалдайды. Ал дарынсыз адамды әдебиет әлемінен аластап әуреге түсудің қажеті шамалы. Ондайлар уақыт өте келе ел санасынан өшіп, дәріптеуге тұрмайтын бір шығарманың авторы болып қала бермек. Меніңше, сол «арам шөптің» астарында ел бірлігі мен берекесіне, руханиятына кері әсер тигізетін әсіредіншіл, рушыл, орысшылдар жатса керек. Бұл жағынан келгенде әу баста өзі жырлаған «Адалдық туралы аңыз» атты өлеңнің кейіпкеріндей тазалықпен қазақ поэзиясына қызмет етіп келе жатқан Жомарт Игіманның өз келбетін елестетуге болады. 
Жазудың машаһатын тартпаған, өзіне талап қоймай іс қылып, жазған-сызғанына талғаммен қарамаған қаламгердің рухани кемелденуінен кері кеткені баса аңғарылады. Ондай жазушылардың саны басым. Әр сөзін үнемі ой-елегінен өткізіп, шашыраңқы тіркестер мен қайшыласқан пікірден арылуды көздейтін, жазғанын жаратпай жататын шынайы таланаттар ғана өз есімін тарихта қалдырмақ. Бұл әдебиет әлеміне деген тазалығын білдірсе керек. Мәселен, аты аңызға айналған орыс классиктерінің бірқатары шығармасын жалындаған отқа тастағаны тарихтан белгілі. «Мертвые душиді» Гоголь, «Дубровского» мен  «Гаврилиады» туындыларын Пушкин отқа лақтырса, Достоевский, Булгаков, Ахматовалар да әдебиет пен ар тазалығы үшін туындыларын өртеп жіберген. Сан жылдық еңбегін түкке тұрғысыз етіп, тарихтан жоқ қылуды ойлаған олар соның арқасында өз тұғырын аласартқан жоқ. Бұл жағынан келгенде Жомарт Игіман да жырларын жиі сырт көзбен оқып, кемшін түскен жерлерін жоққа тән ететіні шығармаларында аңғарылады. Оған «Тұлпар тағдыры» элегиясындағы мына бір жолдар дәлел.
Көптен бері көңілдің күйі 
болмай,
Жазғанымның жататын иі 
қанбай.
Жиі қонбай ой-құсым 
төңіректеп,
Өз-өзіме жүруші ем сүйіне 
алмай.
Бұл таланттың туындыға деген талғампаздығын, әдебиетке деген адалдығын білдіретін жыр шумақтары. Дәл осындай тазалықпен сөз саптап, ой толғап жүрген ақынның «Ұлы дала сарыны» кітабындағы шалқып та шамырқанып жазған, бабалар рухына деген құрметтен туған жырлардың басым көпшілігі көтермелеп айтпаса да, көркемдеп баяндамаса да шырайлы шыққан шығарма. Олардың халық бағасына ие болуы алдағы күндердің еншісінде екені сөзсіз.
Көңіл-күйін дөп басқан сарын 
қандай,
Көп іздеген жоғым бір 
табылғандай.
Әңгімешіл даланың 
айтқандарын,
Ақ қағазға түсірдім жаным қалмай, – деп жырлайды Жомарт ақын дәл осы «Тұлпар тағдыры» туындысында. Шайырлыққа тән сезімталдықпен, түйсікпен салқар даланың, шалқар көлдің, асқар таудың сарынын ести білуі есті адамды таңдандырмасы анық. Ақиқатында сағымға оранып жатқан ұлан-ғайыр сағым мекеннің қойнауында рух пен қайсарлықты оятатын, тәубе мен қанағатты айттыратын сырлар, оқиғалар, сарындар жетерлік. Соның бәрін түгесе жазбаса да, бір адамның жүрегіне салмақ салар, уақытын ұрлар шығармаларға айналдыруы жан жадыратар еңбек. Сондықтан да ұлы атыраптың табиғатымен тілдесіп, тарихымен үндесіп жатқан Жомарт Игіманның жаңа жинағы жыр сүйер елдің жүрегін тебірентері даусыз.

Асыл Сұлтанғазы