ДЕМЕУ ЖАДЫРАЕВ: "ЖЕТІСТІКТЕРІМНІҢ БАСТАУЫНДА АНАМ ТҰР"

Уақыты: 09.03.2020
Оқылды: 1267
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Анам Күлипа Сабырбекқызы бес баланы дүниеге алып келді (төрт ұл, бір қыз). Бүгінде барлығы үбірлі-шүбірлі. Мен үйдің кенжесімін. Панфилов ауданына қарасты Үшарал ауылында тұрамыз. Әкем де сол өңірдің тумасы.

Ауыл арасындағы, аудан орталығындағы жарыстардан анам қалған емес. Тіпті, кішкентай кезімде үзілістерді пайдаланып, тәтті тоқашын, жылытып шайын алып келетін. Ана үшін бала – қаһарман. Сол үшін де болар, маған анам көріп тұрған жарыстардың салмағы ауыр, әр белдесудің жауапкершілігі зор.

Алғаш күреспен шұғылданып жүргенде арнайы аяқкиім, үстіге киетіннің бәрін анам өз қолынан істеді, тауып берді. Есімде, бастапқыда ер жігіттің аяғы жылы жүру керек деп мәсі кигізді. Сол мәсімен талай турнирдің тұғырында тұрдық. Жарыстан алған алғашқы гүлімді анама сыйлағанмын. Қуанғанын көрсеңіз. Ендігі арманым Олимпиада ойындарының гүлін сыйлау.

Осыған дейінгі жеткен жетістіктерімнің бастауында анам тұр. Жарыстан орын алып келсем, көрші-қолаңды жинап, үлкендердің батасын алуды дәстүрге айналдырған.

«Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады». Рас, спортпен кәсіби тұрғыда айналысып жүргеннен кейін жарақатсыз болмайды. Сол сәттегі басты жанкүйерімнің, тілекшімнің, қамқоршымның көңіл-күйін айтып жеткізе алмаймын.

Кез келген бала үшін анасы басты жанкүйер. Отбасының ұйытқысы болған, болатын жандарды төл мерекесімен құттықтаймын! Әр қазақтың анасы құрметке лайық.

Демеу ЖАДЫРАЕВ,

грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері