"КӘСІПКЕР КӨП, БІРАҚ КЕҢ ПЕЙІЛІМЕН БӨЛІСЕТІНДЕР АЗ": МЕЦЕНАТ ӘЛЕМІ

Уақыты: 14.04.2020
Оқылды: 1412
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жер жаннаты атанған Жетісу өңірінде Ақсу ауданының орны ерекше, шоқтығы биік. Бұл Қыдыр дарып, құт қонған өлкеден Ілиястай жыр дүлдүлі, арғысы атақты ақын Сара бастаған ақындар мен жазушылар, елге тұтқа болған талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан өлке. Ал осы асқақ Ақсудың кіндігіндегі Сағабүйен ауылы осы ауылда туып-өскен ұрпақ үшін үлкен мақтаныш.

Менің бала кезімнен құлағыма сіңіп қалған әңгімелерде Сағабүйеннің сары желі деген сөз тіркесі көп айтылады. Шынымен таңертеңгі мезгілде тау жақтан жан тербейтін самал жел есіп өтеді. Ол бізге жел емес, Жер-анамыздың аялы алақанындай сезілетін. Өзендерінің суы мөп-мөлдір болып ағатын Сағабүйеннің топырағына кіндік қаны тамған азаматтардың да осалы жоқ-ау. Олардың мінездерінің жарқын, жандарының жайсаң болып келетіні сол туған жерінің топырағына байланысты болар деп ойлаймын. Солардың бірі де бірегейі, қазіргі заман тілімен айтсақ, жаңа қазақтар қатарындағы ірі кәсіпкер, меценат, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Мүсеке Әміров.

Жаңа қазақ деп заманына қарай кәсіп игеріп, сол кәсібі арқылы халқына пайдасын тигізіп, төңірегіне жақсылық шуағын төгіп, қиналғандарға қайырымдылық пен қамқорлық жасап жүрген азаматтарды айтар болсақ, Мүсеке осы көштің басында келе жатқан ел ағаларының бірі. Атымтай жомарт азамат Сағабүйен ауылына сыйлы, өнегелі отбасы Кенжебай ақсақал мен Бибіжамал апайдың кіндігінен тараған жеті баланың екіншісі.

Мүсекенің әкесі Кенжебай ақсақал сұрапыл соғысқа қатысты. Майданнан мүгедек болып қайтқан ол кісі «ел қорғадым, мүгедекпін, мүмкіндігім шектеулі» деп Отаны алдында атқарған  азаматтық борышын міндет етпеген нағыз еңбек торысы еді. Осындай қайсар азаматтың кіндігінен жаралған ұрпақтың жаман болуы әсте мүмкін емес қой.

«Екі жақсыны құдай қосады» демекші, Мүсекенің анасы Бибіжамал апамыз да қолы ашық, көңілі жомарт, айналасына бүтінін бөліп, жартысын жарып беретін қолы ашық, ауылдағы ең сыйлы аналарымыздың бірі болды. Апайдың қара шайының өзі бал татитын.

Марқұм Кенжебай ата мен Бибіжамал апай жеті баланы қарапайым тірліктерімен оқытып, әрқайсысына өз деңгейлеріне қарай білім беріп, азамат етіп қалыптастырды. «Алтау ала болса, ауыздағы кететінін, төртеу түгел болса, төбедегінің келетінін» түсіндіріп, ұлдары мен жалғыз қызы Жібекке бір-бірімен бауырмал, ынтымақты, бірлікті болуды аманаттап өтті. Әміровтер әулеті әке мен ананың сол аманатын орындап, бүгінде ауызбірлікте өмір сүріп  келеді. Нақтырақ айтатын болсақ, үлкен ағасы Бисеке туған ауылы Сағабүйенде қара шаңыраққа ие болып, әке кәсібін жалғастырып жүрсе, інісі Нұрмеке шаруа қожалығы директорының орынбасары,  Нұрболсын – Талдықорған қалалық әкімдігінің автокөлік және техникамен қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері, Нұрқасым – «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесі басшысының орынбасары, Мейрамбай – ішкі істер саласының қызметкері, ал – Жібек мұғалім.

Осы ауылдың жас ұрпағын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосып, осы ауылдың бір қызы атанған маған Сағабүйеннің адамдары ғана емес, әр тасы таныс десем артық айтқандық болмас.  Ол уақытта мұғалімнің халық арасындағы беделі де, мәртебесі де биік еді. Ауылға неміс тілі пәнінің мұғалімі болып келген маған шәкірттерімнің ғана емес, ауыл адамдары мен күні кеше ғана өзіме ұстаз болған мектеп ұжымының құрметі мен ізеті бөлек болды.  Осылайша маған үлкен құрметпен қараған шәкірттерімнің арасында бүгінде ғұмыр таудың жетпіс деген биігіне шығып отырған Мүсеке де бар еді.

Көз алдымда өскен оқушым болғандықтан оның өткені мен бүгінгі өмір-тіршілігін, қандай ортада тәлім-тәрбие алып ержеткенін,  қазіргі қоғамдағы азаматтық орнын, бойындағы адамгершілік қасиеттерін жақсы білемін десем, артық болмас. Ол бүгінгі биігіне кейбіреулер секілді ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жеткен жоқ. Өтпелі кезеңнің қаншама қиындықтарын басынан өткеріп, қажымас қайраты мен адал еңбегінің арқасында қол жеткізді. Өйткені, ол жастайынан еңбек тәрбиесін көріп өсті. Мүгедек әкенің қолғанаты болған Мүсеке жазғы демалыс кезінде шөп жинау, қой қырқу, егін орағы сияқты науқандық жұмыстарға белсене атсалысатын. Осылайша ол еңбекпен тапқан дәмнің тәтті боларын да тым ерте сезінді. Қазіргі  ел экономикасының күретамыры іспеттес болып отырған шағын  кәсіпті тез жетелеп әкетті.

Кәсіпкерлікке бет бұрған ол 1990 жылы «Маржан» ауылшаруашылығы кооперативін, 1992 жылы «Еңбек»  кооперативін құрып, өз кәсібін дөңгелентуді қолға алса, 1996 жылы аталған шаруашылықтарды ірілендіріп, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын зауыттар салып, «Әміров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Қазіргі таңда «Әміров» ЖШС тек ауылшаруашылық саласында ғана емес, құрылыс саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан ірі құрылыс мекемелерінің бірі саналады. Мұнымен қоса кірпіш, асфальт шығару сияқты шаруалары тағы бар.

Қиындықсыз тірлік болған ба? Бірақ оның барлығы ұйымдастыра, жұртты шаруаға жұмылдыра білудің арқасында кейін қалды. Әміров қазіргі кезде шаруасы шалқыған, тиянақты тірлігімен еліне пайдасын тигізіп жүрген ел ағасына айналды. Содан кейін де оны жақсы білетіндер «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп есімін мақтанышпен атайды.

Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені, Мүсекеңнің қазақ спортына, оның ішінде қазақ күресіне қосқан үлесі бір төбе. Ал оның спорт шебері, қазақ циркінің жанашыры болғанын біреу білсе, біреу біле қоймас. Осындай қасиеттеріне қарай Мүсекеңді өз заманына сай туған, жігітке тән жеті өнерді тең меңгерген азамат деуімізге болады.

Мүсеке Әміров десе Жетісу жерінде елең етпейтіндер кемде-кем. Өйткені біз білетін, біз танитын Мүсеке сол жұрттың жүрегін адамгершілігімен жаулап алған азамат. Оның есімі аталған жерде қызметі, кәсібі емес, Мұсекеңнің  адамгершілік қасиеттері, көркем де кішіпейіл мінезі алдымен ауызға алынады. «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөзді де бабаларымыз осындай жаны ізгі жандарға қарата айтқан болар.

Мүсеке адамның абыройы атағында емес, еңбегінде, бықсымай жанып, төңірегіне жылуы мен жақсылығын төге білуінде деген тәмсілді өмірлік қағидасы етіп ұстанып келе жатқан абзал азамат. Ал «Бұл қасиет оған қайдан дарыды?» дегенде, тағы сол туған жерінің топырағы алдымен аталады.  Жаратқан Мүсекеңнің бойына мұндай қасиеттерді аямай дарытқан. Ол нағыз тегіне тарта туған,  туған елі мақтан тұтып жүрген  құрметті азамат.

Ел ағасы болу деген үлкен абырой. Шүкір, менің шәкіртім, Сағабүйеннің саңлағы елінің осындай құрметіне бөленіп жүр. Бүгінде кәсіпкермін деп жүрген азаматтар көп, бірақ олардың сол кәсібінен тапқан нәсібі көп ретте өздерінен артылмай жатады. Ал Мүсекең болса тапқанын кең пейілімен бөлісетіндердің қатарында.

Кенжебай әулетінің бетке ұстар ұлы алдыңғы аға-әпкесі мен кейінгі інілерінің де қамқоры. Әулеттің басын біріктіру жасқа қарамаса керек. Содан кейін де шығар, көпті көрген, сол көптен көргенін көңіліне түйе білген Мүсеке Кенжебай әулетінің де абыройын асқақтатып келеді. Оған кәсіпкер, атымтай жомарт, қайырымды жан дегеннен гөрі жерлестерінің «Кенжебайдың  ұлы ғой» деген сөзі жанына жақын естіледі.

«Алла Тағала не берсе де адамның пейіліне береді» дейді емес пе? Сағабүйенге сыйлы болған марқұм Кенжебай ақсақал мен Бибіжамал шешейдің ұрпағына мұндай бақ-дәулетті әке-шешенің кең пейіліне қарай берген. Олай дейтініміз, Кенжебай ақсақалдың қоржын тамының босағасынан адам үзіліп көрген емес. Дастарқандары өмірі жиналмайтын. Ол кезде кімнің тұрмыс жағдайы жақсы, дастарқаны ас та төк болды дейсіз, жоқты бар етіп, шын пейілдерімен берген қара нан мен қара шайларының  өзі дастарқандарын жайнатып жіберетін. Сол пейілдің Мүсекеңе де жұққаны анық.

Туған ауылының көшелеріне асфальт төсеп, көпір салу, мешіт тұрғызу, мүгедек жандар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына қол ұшын беріп, берісі ауыл, арысы аудан мен облыс көлеміндегі қайырымдылық шараларына көмек қолын соза білуі Мұскенің кең пейілінің, барымен бөлісе білетін жомарттығының айғағы. Оның «Мамания» мектебін күрделі жөндеуден өткізуге атсалысуы, Бөрібай батыр ескерткішін тұрғызуға үлес қосуы да азаматтығының бір парасы ғана болса керек. Ол жаңартқан Кеңсаба баба зиратының қазіргі кезде көпшіліктің зиярат етіп келіп, тілеу тілейтін, жаңадан отау құрған жастардың бата тілеп келетін құт мекеніне айналғанын да ауылдастары бүгінде мақтанышпен айтып жүр.

«Қайырымды істе қайыр бар» деген ғой, жұртшылыққа жасаған сол жақсылығы басына қайғы түскенде өзіне де жұбаныш болды. Ұлы Нұрланнан айырылып, қайғы жамылған тұста өзінің шапағаты тиген қалың жұрты келіп жұбатты. Солардың көбі қарапайым, мүмкіндігі шектеулі,  әлеуметтік ахуалдары төмендеу, Мүсекеңнің шапағаты тиген, жақсылығын көрген қарапайым адамдар екенін өз көзімізбен көрдік. Бұл дегеніңіз адамға жасаған жақсылықтың түбі бір Алладан қайтатындығының жарқын мысалы болса керек.

Қалың жұрты қолтығынан демегендіктен де Мүсеке перзент қайғысын да белі бүгілмей, жаны мүжілмей көтеріп алды. Тағдыр жазуы дегенге көндікті. Алланың әмірінен мықты әмір болсын ба, «Ендігі күндерінде бұл шаңыраққа қайғы бұлты үйірілмесе екен» деп тілеген жұрттың тілеуі қабыл болсын дегім келеді.

Нұрланыңның ізін немерең Әмірің жалғап, жиен немерелерің Камилла, Әлихан, Темірлан, Шахида екеуіңнің жандарыңды жылытар  шуақтарың, қуаныштарың болсын деймін. Күні кеше ғана кекілі желпілдеп, өзі елпілдеп, «апай» деп құрақ ұшып жүрген оқушымның ел құрметтеген тұлғаға айналғанына сүйсіне отырып, Жаратқан жүзге келген тойыңның төрінде жолықтырсын дегім келеді. Жақсылығыңмен төңірегіңді нұрландырып, қайырымды істеріңмен жұртыңның жанынан табыла бергейсің. 

«Бақ, қайда барасың?» дегенде ол «Ынтымаққа барамын» деген екен. Сол айтқандай, әулетіңнің басына қонған бақ, босағаларыңа біткен ынтымақ баянды болсын.

Нығмет СӘДУАҚАСОВА,

зейнеткер ұстаз