Жарқырап аспанымда күн тұрғанда

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 2434
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақындық табиғаттың адамға сирек беретін дарыны, қасиеті. Сондықтан болар, ақынжанды адамның мына дүрбелең тіршіліктегі қам-қарекеті өзгеше болатыны. Әсте пендешіліктен ауылын алыс ұстайтын, жақсылыққа іңкәрлікпен қарайтын мұндай жандардың жырына адамның жаны жылынады. Таудың тұма бұлағынан құлдилай аққан мөлдір судай шөліңді қандыратын жыр жолдарын оқығанда кеберсіген көңіліңнің басылып қалатыны бар.

Иә, осы бір жалқы қасиет тал бойына дарыған Нәзікен апамен алғаш пікірлескенде баладай пәк көңілін тап басып, «ақын деген сәби тәрізді, көңілі ақ болады», – деген ел аузындағы көп айтылатын пікірдің растығына көз жеткіздім. 
Балалық шағы Майтөбенің көк майсасында өтіп, табиғаттың сұлулығын еміп өскен жас қыздың өлең өлкесіндегі алғашқы қадамы гүлге ораныпты. Айналасындағы осындай сұлулық оның жанына нұр, өңіне әр берген. Қос бұрымы тірсегін ұрған, талдыр­маш бойлы, қос жанары мөлтілдеген сұлу қыздың өзі де гүл сияқты еді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де әлі күнге сыны кетпегенін көріп таңдандым. Жады да мықты. Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Мұқағали жырларын жатқа айтып, сол баяғы жастығын еске алған еліктің лағындай көрінді маған. 
Жалпы әйелге көрік қай жаста да артық емес екен-ау. Нәзікен апа сексенге келсе де әйел затына сай келісті. Әрине, табиғат өз дегеніне бағындырады ғой. Десек те, ақын апа әзірге жырымен жылынып келеді. 
Ақындар мен батырлар мекені атанған Жамбыл ауданының тумасы Нәзікен Алпамысқызы Сарыбай би ауылында (бұрынғы Қарасу ұжымшарында) 1937 жылы дүниеге келген. Әкесі Алпамыс пен анасы Бақтылы ұжымшардың іргетасын қалап, еліне адал еңбек сіңдірген қарапайым жандар екен. Әкесі жылқы, қой фермаларының меңгеруші болған. «Жаз бойы тау жағасында ақ биенің сүтіне шомылдырып, жас қызды ерке етіп өсірген», – дейді білетіндер. Отбасында жалғыз қыз болғандықтан ата-анасы оған ерекше қамқорлық танытып, мәпелеген. Тағдырдың жазуынан болар, анасы бес құрсақ көтереді. Бірақ, перзенттері тұрмай, шетінеп кетеді.  
Сәби кезінен айналасына аса зерек, сезімталдығымен танылған бүлдіршіннің талабын көрген үй-іші, мұғалімдері Қарғалы орта мектебіне оқуға береді. Талапты қыз аудан бойынша қазақ сыныптарының арасында алғаш рет мектепті алтын медальмен бітіреді. Сөйтіп, Қазақ Мемлекеттік университетіне емтихансыз түсіп, қызыл дипломмен бітіреді, М.В. Ло­моносов атындағы Мос­ква мемлекеттік университеті экономика факультетінің аспирантурасын да үздік тамамдайды. 1965–2015 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінде сабақ беріп, табаны күректей елу жыл қыз­мет атқарғаны өз алдына бір әңгіме. Қаншама студентті қанатының астына алып, білім нәрінен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандырып ұшырды. Бүгінде олар еліне елеулі, ғылымда, мемлекеттік басқару жүйелерінде басшылық қызметтерде жүрген халқына қалаулы азаматтар. 
Ақын, ғылым докторы Нәзікен апа Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 50 жылдық мерейтойында мерекелік алтын медальмен марапатталған. Күнделікті еңбек пен терең ізденісінің арқасында ғылым докторы атанып, көптеген оқулықтарға автор болды.
Нәзікен Алпамысқызы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, еңбек ардагері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы тәрізді ел алдындағы еңбегіне берілген бағаларды осылай жалғас­тыруға болады.
Суықтөбе мен Майтөбенің, Құлансаздың әсемдігі жайлы жүрегіне жазған ең алғашқы өлеңі 1985 жылы «Туған жерім» деген атпен шығады.
Алатау – ақиығым, менің өлкем,
Асылым, қадірлімсің тегің көркем.
Алыстан аңсап келсе, мауқын басар
Аймалап шыңдарыңды сенің еркең, 
– дейді ол.
Қазақтың интеллектуалдық философиясының негізін қалаушы Нәзікен Алпамысқызы «Шырағдан», «Күрең шетен», «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарған. Ең алғашқы кітабы 1995 жылы басылып шықты. Алғашқы өлеңдер топтамасы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, Қадыр Мырзалиев қоңырау шалып, қолдау көрсетеді. Содан газеттер мен радио-телеарналар жаппай жариялап, қалың қазақтан сүйінші сұрайды. Қазақ поэзиясының көптеген классиктерінен әділ бағасын алады. Қадыр Мырзалиев Нәзікен Алпамысқызы туралы: «Нәзікеннің поэзиясы – ой-сезімнің қаймағы», – десе, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев: «Алпамысова Нәзікен деген қыздың әрқайсысы нақыл сөз боп ауыздан ауызға тарап кеткелі тұрған ғибратты бірқақпайлары секілді таңдай жұла тамсандыратын дүниелер болды», – деп таң-тамаша қалады.
Поэзиясы адамның сезім иірімдерін қозғап, көңіл-күй мен әділетсіздік сынды жағымсыз құбылыстарға арналады. Мысалы «Сырымды айтам» өлеңінде:
– Талай сынап тағдырым
Орға жықтың.
Мына қырға көрінген 
Зорға шықтым.
Жан шыдатпай шыжғырған
Жалынды айтам.
Адалдық деп шыңғырған
Арымды айтам, – дейді.
Балалық шақ адам баласының ең асыл, қимас кездерінің бірі десек, Нәзікен поэзиясынан сол сағым жылдарға деген сағынышын, лаулаған жалынын сезінесің. «Ауылға оралғанда» жыры:
– Ауылым, қайнап жатқан сайран едің,
Думансыз ескіріпті  жайсаң белің.
Араға жылдар салып оралғанда,
Ақпейіл, кең құшағың қайда, елім? 
– деп, сол бір ата-анасының аялы алақанын, алаңсыз балалық кездерін еріксіз еске алады. Демек, сезім мен сыйластық, қимастық пен замана тынысы, үміт пен күдік, табиғат ананың құдіретіне табыну, сабақ алу сияқты тақырыптарды қозғайды. Елінің болашағына алаңдаған аяулы ақынның келер ұрпаққа берер ұлағаты мол. Үнемі ізденіс үстіндегі ақынның өлеңдерінен арман-мақсатына деген қайсарлығын, бірбеткей өр мінезін тап басасың.  
Биыл сексен деген селеу жастың сеңгіріне бет түзеген ақын Нәзікен Алпамысқызына зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз. Айналасын, ортасын дәйім бояуы қанық туындыларымен әрлендіре берсін дейміз. «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда» деген жинағындағы мөлдір жырындай Жаратқан ұлы Жамбыл бабасының ғұмырын бергей.


Майра 
Алдабергенова.