"ӨТЕ ҰЯЛШАҚ": ТОКИОДА ТҰРАТЫН ҚАЗАҚ ЖАПОНДАРДЫҢ ҮШ КЕМШІЛІГІН АЙТТЫ

Уақыты: 27.04.2020
Оқылды: 1173
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Білім көкжиегін кеңейту мақсатында нысанаға алғанына шүйлігіп келіп, түйіліп түсетін арманы асқақ жандар үшін өмірдің қиын белесі болмайды. Олар қандай биіктікті болсын ерінбей еңбекпен еңсереді. Бүгінгі кейіпкеріміз Жапонияда бес жылдан астам уақыт білімін жетілдіріп, робототехниканың қыр-сырын үйреніп жатқан Токио тұрғыны – Азамат Ешмұхаметов.

Жапонияда бес жылдың ішінде көріп, ойға түйіп, үйренгенім – жапондардың іске деген адалдығы. Бір істі бастаса соңына дейін жеткізетін нағыз байсалды халық. Тәнті болдым, – деп бастады әңгімесін Азамат. Бала жастан роботқа қызыққан, студент кезінде робототехникаға аңсары ауған Азаматты Жапонияға жетелеп алып келген де осы факторлар. Бүгінде докторлық диссертация жазып жатыр. 2017 жылы бастаған жұмысын биыл күзде аяқтамақ.

– Робот жасау ол – менің мамандығым және хоббиім. Ең бірінші «Дельта» роботты 26 жасымда жасадым. Құлтемір жасауға күншығыс еліне келгеннен бастап кірістім. Бұл жерде инфрақұрылым жасалған және қыруар ақша бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін қанша робот жасағанымды айту қиындау, шамамен 10 түрлі робот, 50-ге жуық прототип. Бір роботты жасау үшін оған кететін уақытты айтпағанда, ұсақ-түйек заттары көп және орнымен. Ал қазіргі жасап жатқаным жылан тәрізді робот. Негізгі мақсат – адамға толық қауіпсіз робот болуы керек, – дейді өз ісін сүйетін жан. Азаматтың шеберлігі көпшілік арасында зәулім ғимараттың терезесін еркін сүртетін «Yamabot 10» роботын жасап шыққанда айтыла бастады. Бүгінде дарынды азаматтың еңбегін бағлайтындар қатары көбейіп келеді.

– Қазақстанға жиі бара алмаймын, тек екі жылда бір рет болмаса. Ал жалпы елге келгенде өзімді еркін сезінемін. Жапонияда қанша тұрсам да олардың салт-дәстүрін аса қатты біле бермеймін, сондықтан көп жерде дөрекілік көрсетіп қоямын ба деп қысыламын, – дейді. Ал біздің қойған «Жапониядан елге оралғанда өзіңізбен Қазақстаннан ала кететін үш затты айтыңызшы?» деген сауалымызға: – «Елге келетін сәтте міндетті түрде жапон көк шайын, пышақ (жапонның пышағы өте мықты болады) және электроникалық заттар (сағат, телефон немесе медициналық құралдар) ала келемін. Ал елімізден ала кететін дүние көп (күліп). Көптеп ала кететінім ол, әрине, қазы-қарта, содан кейін таза бал және «Қазақстан» шоколады, – деп жауап берді. Осы орайда жапон елінің өзі көрген бес артықшылығы мен кемшілігіне де тоқталды.

Біздің анықтама: 
1990 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында дүниеге келген. Талдықорғандағы Михаил Ломоносов атындағы №5 орта мектепті, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды аспап жасау мамандығы бойынша тамамдаған. 2012 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын ұтып алды. Ал 2013-2014 жылдары Ұлыбританияның Ньюкасл қаласында ағылшын тілін жетілдіріп, Жапонияның Токай университетіне магистратураға түсті (2014-2016). Бүгінде аталған университеттің робототехника саласы бойынша докторлық диссертация жазып жатыр.

– Әуелі артықшылықтарын айтайын: 1.Шыдамдылық (жапондар кішкене кезінен күту мен шыдамдылыққа тәрбиелейді. Мәселен, тізімдегі кезекте болмаса метроға кірерде). 2.Командалық рух (Бірлескенде алып күшке айналады. Бір-бірін толықтырып тұрады және көшбасшыға бағынады, тыңдайды). 3.Тазалық (Тазалық олардың діні сияқты, өздерін де, айналасын да керемет таза ұстайды). 4.Басқа адамдардың тыныштығын сыйлау (олар метрода, автобуста, жалпы қоғамдық орындарда телефонмен сөйлеспейді). 5.Сыпайылық пен қарапайымдылық (Жапониядан асқан сыпайы ел жоқ шығар, жапондықтар сервис көрсеткеннен кейін-ақ басқа елге барғың келмей қалады). Кемшілігі... 1.Өте ұялшақ (жапондықтарда осы проблема шығар шетелдік адамдармен көп сөйлесе бермейді). 2.Индивидуализм жоқ (кішкентай кезінен белгілі бір топтан асып ешқайда кетпейсің деп үйретеді. Тіпті, спортта да қасыңдағы әріптестеріңнен асып кетпейсің). 3.Тым көп жұмыс істеу кестесі (Жапондықтар аптасына 60-70 сағат жұмыс істейді. Сондықтан, олар бала-шағамен аз көріседі). Енді басқа кемшіліктеріне күмәнім бар (күліп).

Бүгінде кейіпкеріміздің тұңғыш баласы жапон балабақшасына барады. Үш жастағы баланың қолына тәрбиешілері сүлгі беріп тазалық жұмыстарын жүргізуді үйретеді, еденді де жуып көрсетеді екен. Азаматтың айтуынша балабақшадан мектепке дейін еденді жуып-сүртуді, тазалық жасауды балалардың өздері істейді. Тазалық кез келген адамның өзінен басталуы керек деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан да болар, жапон мектептерінде еден жуатын қызметкер болмайды.

Сөз арасында бүгінде әлемді алаңдатқан індет жүріп жатқанда күншығыс елінің жағдайын сұрағанымызда: «Коронавирус үшін қазір Жапонияда карантин жарияланған, бірақ соған қарамастан жапондықтар жұмыстарына барып жүр. Бұл елдің дәстүрі бойынша олар амандасқанда қол бермейді және қоғамдық орында арақашықтықты сақтайды. Сондықтан да болар», – деп түсіндірді.

Сұхбат соңына таяған сәтте мүмкіндікті пайдаланып: «Өзім туып-өскен жерімнің басылымы ғой, әкем Нұрлан Ешмұхаметов пен анам Бибігүл Исабековаға алғысымды білдіремін. Әке-шешемнің қолдауынсыз арқамды кеңге салып, білім алуым мүмкін емес еді», – деді. Азамат докторлық дәрежесін алғаннан кейін елге келіп, өзі оқыған ҚазҰТУ-да жас мамандарды даярлайтын жоспары бар. Айтуынша: «Біздің жастарда үлкен потенциал бар. Соларды толық пайдалануымыз керек. Қазіргі миссия – жастарға қолдау білдіріп, бағыт көрсету», – деді.

Қанша елді мекенді, өзен-су, нуды асырып, бір-бірімізбен ғаламтор арқылы хат жазысып отырғанда таң да атыпты. Күн болса тазалықты ту еткен, бірлігі бекем ел жақтан мейірлене шығып келе жатты.

Серік ҚАНТАЙ