"ҚҰДІРЕТІҢДІ ЕҢ АЛҒАШ ҰҚТЫ ЕКЕН КІМ?" АТАМЕКЕННІҢ ЖЫР-КАРТАСЫ

Уақыты: 04.05.2020
Оқылды: 1100
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Туған жердің топырағының қасиетімен бойына біткен тектілігі үндесіп жатқан асыл азаматтар баршылық. Ел есінде шоқтығы бөлек, иірімі терең, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт тағдырына жаны ауырып, жүрегі сыздап, соған ерен еңбегімен, өнегелі өмірімен үлгі болып жүрген жандар аз емес. Сондай асыл ағаларымыздың бірі – Әдепхан Төреханұлы. Қазыналы жан бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, үлкен бір әулеттің  атасы атанып отыр.

Заңғар жазушы М.Әуезов: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім» деп атап көрсеткендей, саналы өмірінің көбін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Әдепхан Төреханұлы ұлт келешегіне теңізге құйған тамшыдай болса да өз үлесін қоса білген зиялы азамат. Мамандығы физика, математика пәнінің мұғалімі болса да қазақ халқының ғұрпынан, салт-дәстүрінен және тарихтан жан-жақты тағлым түйген. Бойындағы бекзаттылығы, сал-серілерге тән ерекше келбеті, жүріс-тұрысы мен киген киімінен кешегі кіл асылдардың сарқыты екенін аңдайсың.

1983 жылы Панфилов ауданының Көктал ауылына қызмет бабымен ауысып келгенмін. Ол кездері ауыл белсенділері мен интеллигенция бірге араласып, жиындарда жиі бас қосатын. Әлі есімде, ауылдағы білімнің қасиетті қара шаңырағы Абай атындағы мектепте кезекті кездесу өтті. Мектеп директоры Қожағұл Хасенов ағай еді. Осы кездесуде Әдепхан ағаны бірінші рет көрдім. Үстінде ақ шағаладай костюм-шалбар, сәнді галстук, күн көзімен шағылысқан туфли ол кісіні топ ішінен айрықша бөлектеп тұрды. Қасымдағы кісілерден сұрастырсам, бұл кісі аудандағы білікті мұғалімдердің бірі екен. Ауданға ақындығымен, тарихтан мол тағылымы бар этнограф зерттеушілігімен танымал екен.

Ол кездегі қоғамдық тарих бәрімізге белгілі кеңестік сүрлеуден ауытқымайтын бірсыдырғы еді. Орыс халқының көлеңкесінде жүрген кез. Өңіріміздегі ел басқарған көсемдер, сөз бастаған шешендер, батыр мен билеріміз туралы толғамды ой айтуға батылдық керек болатын. Әдепхан ағай уақыт талабына сай шектеуге ұшыраған осындай тақырыптарға қалам тартып жүрген екен.

Ағамызбен таныса келе аралас-құралас болып, шығарған кітаптарын оқи отырып, терең біле бастадым. Әдекеңнің қалам тартқан саласы жан-жақты, алдымен, туған жер мен елінің тарихы, содан соң ауыл өмірінің тыныс-тіршілігі мен табиғат көріністері ақын көңілінен көрік тапқан. Туған жер туралы мына бір өлеңнен ағаның кіндік қаны тамған жерге деген кіршіксіз махаббатын сезесің:

Туған жер, айналайын, келбетіңнен,
Келбетіңнен танимын жер бетін мен.
Біз тұрмақ, Адам ата, Хауа ана да, 
Өмір сүріп өзіңде тербетілген.

Туған жер, айналайын мейіріміңнен
Ақтарылған ағынан пейіліңнен.
Жаясың дарқандықтың дастарқанын,
Сен барда білмей өтем кеюді мен. 

Туған жер, құдіретті құт мекенім
Құдіретіңді ең алғаш ұқты екен кім?
Өзімнің байқауымша ұрпағымен,
Құт мекеннің білемін мықты екенін.

Алаш ақыны Оразақын Асқар: «Әдепханның туған жер, өскен өлке туралы өлеңдері жырмен жазылған атамекеннің картасы сияқты», - деп айтқандай, ағамыздың қандай өлеңі болмасын өз ойын, жан дүниесін толқытқан сезімін тебірене жырлайды. Халқының жомарттығы мен мәрттігін, елінің байлығы мен жерінің дарқандығын өлеңіне арқау етеді. Жомарт қазақтың дастарқаны іспетті өлеңдерінің өрісі де кең.

Әдекеңнің этнографиялық саладағы ізденістері еліміздің оңтүстік шығыс аймағын мекендеген қауымға тән салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерделеуге бағытталған. Жаркент өңіріне тән салт-дәстүр мен әдептерді айшықтай отырып, әр көріністің астарынан ой түйеді. Мысалы, «Сырмақ» деген өлеңінде:

Салшы, апа, оюлы сырмағыңды
Әрине, сырмағыңда сыр қалың-ды.
Екпетімнен жатып ап оқиыншы,
Жазған ою-өрнекпен жырларыңды
, – деп тебіренеді.

Ал туған-туыс, ата-баба, нағашы-жиен, ұрпақ туралы өлеңдері бір төбе. Әркім байқай бермейтін, күнделікті тірлікте орын алған кейбір жайт ақын қаламынан басқаша өңге ие болатыны шайырлық қарымының қабілетін айқындағандай. «Қырқыншы жылдардың келіндері» деген өлеңінде қиыншылық заманда келіндер бастан кешкен тірлік шынайы жырланады:

Қырқыншы жылдардың келіндері,
Түрен түрді, дән екті, ерінбеді.
Десте салып, бау баулап, орақ орды,
Жас келіндей бой жазып, керілмеді.

Қырқыншы жылдардың келіндері,
Моншақтары шашылған, терілмеді.
Ақбас әже бүгінгі немереге,
Алатаудай отырған төріндегі.

Бауырларға, інілерге деген ыстық ықылас, ағалық ізгі тілек пен мейірім өлеңдерінен есіп тұрады. «Інім менің» деген өлеңінде қазаққа тән жомарттықпен інісінің іріленгенін қалайды.

Іргелі, иірімді інім менің, 
Інімнің ағасының бірі менмін.
Ғасырдың тең жартысын ауыздықтар,
Арғымақ жасқа келіп ірілендің.
Салмақты, салиқалы інім менің,
Шуақты күн, жұлдызды ай, түнім менің.
Қуанышы, мұраты, болашағы,
Өмірден озғандар мен тірілердің.

Әдекеңнің жырларын оқып отырып, өлеңді өнер емес, өлеңді өмір ретінде қабылдап, тіршіліктегі қарым-қатынастың, табиғатпен етене араласып өмір сүру ережелерінің жырмен жазылған жиынтығы іспетті сезінесің.

Әдекең байқағыш дарын, аңғарымпаз ақын. Байқап қана қоймай, бағалай біледі. Аңғарып қана қоймайды, айта біледі. Қазақтың байырғы сөз байлығын еркін меңгерген. Осы ерекшелігі Әдекеңнің ақындық қарымын айқындап, оқырманын баурап алады. Орнымен қолданылған байырғы қазақы сөздер өлеңдеріне үстемелеп көрік беріп тұрады. Айналысқа түспей, ескіре бастаған сөздер сөз құдіретіне бас иген адамдарды ескі танысымен қайта табыстырып, тамсандыра түскендей әсер қалдырады.

Мысалы, ай қораланды, құсбаулау, күнделеу, исіну, кермектеу, сірге мөлдірету, толымы тай жүзген саба деген ұғымдар немесе «ақ таң мініп аттану», «үріккен жылқы үйіріліп үркердей» деген сөз тіркестері соны, тосын мағына береді. Өлең ұйқастарында кездесетін осындай сөз шеберлігі ақын қиялының ұшқырлығын, көркемдік қарымының күштілігін, өмірден көрген-білгенінің молдығын көрсетеді.

Қазақта «құданы құдай қосады, досты пайғамбар қосады» демекші, адал досты тану, табу, оны сақтау, достықтың шынысын шытынатпау, әйнегін кірлетпеу, көңіліне көлеңке түсірмеу әр азаматтың асыл арманы. Әрине, Алланың аманаты. Әдепхан ағаның ең бірінші әрі дүниедегі теңдесі жоқ досы, сүйген жары – Ырысжан апамыз. «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды», «жақсы әйел – азаматтың бақыты», демейтін бе еді атам қазақ. Ырысжан апайымыз Әдекеңе бақ та, тақ та, абырой да, атақ та болып,  өз өмірін, тілегін, жүрегін Әдекеңе қалтқысыз арнаған. Әдекең де осы өтеудің қарымына өлеңінің балқаймағын тек асыл жары Рекеңе арнайды. Оған дәлел мына өлең жолдары:

Жаным менің жадырап, жанарыңнан от алып,
Жатқан өзен секілді арнасында төте ағып.
Мына жастық барады, қайта соқпай оралып,
Сілкіндіріп шың-құзды, биіктерге бет алып.

Кеше ғана сен нәзік өрімталдай қыз едің,
Жемісті шақ ол бүгін, тал бойыңда күз демің.
Жасырынып қалғандай жанарыңда он сегіз,
Бұрымыңмен ойнаған күндерімді іздедім.

Ырысжан апайымыз Әдепхан ағаның алдына да түспей, артында да қалмай, қатар жүріп, әрдайым жанына жалау, жыртығына жамау болып, өтпегенін өткізіп, жетпегенін жеткізіп, күндіз де, түнде де, жазда да, күзде де егіз қозыдай қасынан табылып, ағаның демеушісі де, жебеушісі де бола білді.

Әдепхан Төреханұлы биыл салиқалы сексенге толып отыр. Ырысжан апайымыз екеуі мәпелеп өсірген ұл-қыздардан өсіп-өнген немере-шөберелерінің арасында арқа-жарқа өмір сүріп жатыр. Бұған ел куә, ауылдастары, замандастары куә.

Әдекеңнің ең жақсы қасиеті – әдебиетке, мәдениетке және тарихқа қатысты ауданның барлық шарасына міндетті түрде қатысады. Жақсы істерге мұрындық болып, салтанатты жиылыстардың ортасынан табылады. Өйткені Әдекең халық перзенті. Халықпен етене араласудан жаны ләззат алады. Кезінде, қазақтың классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлы: «Әдекең ауылдың абыройын арқалаған азамат. Айтатыны, еске салатыны болған соң ғана ел Әдепханның аузына қарайды», - деп атап өткеніндей, өскен өлкесінің шежіресін қаламмен қашап, жырмен жауһарлап, туған жердің тұнық тарихын безбендеген сырбаз жан, қазыналы қария атанар шаққа абыроймен жеткен Әдепхан Төреханұлына жыр алыбы Жамбылдың жасына жеткенше жазарыңыз таусылмасын дегіміз келеді.

Сайлау СОЛТАНҚҰЛОВ,

Көктал ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы

Панфилов ауданы

Алматы облысы