"ЗИЯДА ҚЫЗ": ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒЫ БІР БАТЫР БОЙЖЕТКЕНІ ТУРАЛЫ ДЕРЕК

Уақыты: 09.05.2020
Оқылды: 1586
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың батыр қыздарының қатарын толықтыратын тағы бір қаһарманның есімі – Зияда Досбергенова! Жамбыл ауданының топырағында туған батыр қыздың жауынгерлік жолы өнегемен өріледі.

Тіршіліктің тауқыметін көріп өскен Зияда Досбергенова 1924 жылы Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Ол ардақты ағасы Тойшыбек Берсүгіровпен Алматының жанындағы ауылда тұрған. 1938 жылы дене шынықтыру пәні мұғалімдерін дарярлайтын техникумға оқуға түседі. Бұдан соң 1941 жылы тамыздың 14-інен бастап қаланың №17 жəне №18 мектептерінде аталған пән бойынша оқытушы қызметін атқарады. Техникумда бірге оқыған 9 құрбысымен жұмыс істей жүріп Ташкенттегі радист-байланысшылар курсын тамамдаған соң 6 қарашада майданға жолдама алады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Надежда Лушникованың «Қарғалының қарлығашы» атты мақаласында Зияда апайдың құрбысы, профессор Шағила Əкімбекқызы өз естелігімен бөліскен екен. Онда қос құрбының 33-гвардиялық артиллериялық екпінді полктің құрамында жүріп, 1942 жылдың 19 ақпанында Қырым түбегіндегі Феодосияны азат етуге қатысқандығы айтылады. 1943 жылдың тамызында Дон өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін Шағила мен Зияда «Ерлігі үшін» медалін иеленіп, одан əрі Харьков түбіндегі соғысқа қатысады.

Капитан А.Қаңтарбаевтың 1944 жылы «Жауға қарсы аттан!» газетінде жарияланған «Қазақ қыздары» атты мақаласында Мəншүк, Əлиялармен қатар соғыстағы екі жыл ішінде қаншама рет батылдық танытқан Зоя Досбергенованың ерлігі жайлы сөз болады. «Зоя армияға келгенде қатардағы жауынгер еді. Ол қазір сержант, – делінген онда. – Отан соғысына қатысқан екі жыл ішінде Зоя талай қызметтер атқарды. Байланысшы, санитарка, автоматшы және басқа. Бұл қызметінің барлығында да ол батырлықтың үлгісін көрсетті. Сондықтан да Отанымыз өзінің антына, халқына адал батыр қызының бірі Зоя Досбергенованы үш рет орденмен наградтады. Қазір қазақтың батыр қызы Зояның көкірегінде ІІ дəрежелі Отан соғысы жəне Қызыл Жұлдыз ордендері, «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды...».

«З. Досбергенова артиллериялық бір бөлімшенің взводында радист болып істейді. Мұнда осы бір өткір қарақат көзді, орта бойлы, сымбатты қызды білмейтін жан жоқ. Жауынгер жас қыз өзінің əрбір қимылы мен іс-əрекетін тиянақты ұштастырып, алған білімін ұрыс жағдайында шеберлікпен пайдаланып келеді. Ол майдан шебінде өз мамандығына қосымша медсестралар курсын бітіріп, жауынгерлердің денсаулық сақшысы да болып алды». «Красная Звезда» газеті Зияда Досбергенқызы жөнінде, міне, осылай жазған еді. Мұның біз үшін қымбаттылығы – З. Досбергенованың майданда жүріп бірден екі мамандықты меңгергендігі айтылады. 

Зияданың соғыстағы қаһармандығын, ерлігін баяндайтын бірден-бір дерек – «Отан намысы үшін» газетінде жарияланған «Батыр қыз» мақаласы. Енді сол мақаладан үзінді келтірейік:  «Советтің ер-азаматтарымен қатар қасиетті Отанымызды қорғау үшін Зура да майданға аттанды. Сержант Досбергенқызы Зура саяси бөлімде қызмет атқарып жүрді. Ол бұл орында əрі хатшы, əрі машинистка болып істеді. Екі қызметті бірден мүлтіксіз атқарды. Ол орта мектепті бітіріп өз қызметінде білімін толық іске асырды. Жиырмаға жаңа жеткен Зура ақылымен де, ісімен де қызмет істейтін бөліміне жағымды, сүйкімді болып алды.

Зура атқарып жүрген қызметін місе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне барып, ұрысқа араласқысы келеді. Ақыры полковник рұқсат берді. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тілегі орындалып, Зура батальон комсоргі болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенін тағы көрсетті. 

Совет батырларының соққысынан тозғындап шегінген жау маңызды бір елді мекеннің маңында табан тіреп қарсыласты. Үлкен ұрыс болды. Осы соғыста рота командирі саптан шықты. Осындай сын сағатта Зура үлкен батылдық істеді. Ол өзіне тым жауапты қызмет жүктеп, ұрыста ротаны басқарды. 

Батыр қыздың ерлігін өз көзімен көрген полковник: «Жарайсың, Зоя! Ерлігіңе Отаның риза! Өркеннің өссін!», – деді. Осы ұрыста Зура Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды». 

Байқаған шығарсыздар, мақала жұпыны жазылған. Асығыстық байқалып тұр. Бірақ, мəселе мұнда емес. Ең бастысы, қарапайым қазақ қызының майдандағы ерлігін сол тұстағы қарулас достарына, кейінгі ұрпаққа баяндап берген.

Біз бұрын пулеметші, мерген, штурман, байланысшы, партизан қыздарымыздың қаһармандығы жайында білуші едік. Енді, міне, шешуші шайқаста тұтас бір ротаны басқарған қазақ қызының өжеттігі мен ерлігінің куəсі болып отырмыз. 

Оқырмандарға бір ескертерім: батыр қыз есімінің «Красная Звезда» газетінде Зоя, «Отан намысы үшін» газетінде Зура, «Социалистік Қазақстан» газетінде Зияда болып үш түрлі аталуы біздің көңілімізге титтей де күмəн туғызбауы тиіс. Бұл үш есімді иеленген де сол қыз – Досбергенова!

Қатарында жерлесіміз Зияда Досбергенова болған бірінші Украина майданының жауынгерлері 1944 жылдың қысында интернационалдық борышын атқарып, Польша жерінде аянбай соғысады. Висла өзенінің бойында болған кескілескен шайқас соғыс тарихында «Висла-Ордер» операциясы» деген атпен белгілі. «Отан намысы үшін» газетінде лейтенант  С. Исабековтің Зияда туралы мақаласының жарық көретін мерзімі осы тұс.

Майдан газеттеріндегі мақалаларға қарағанда Зияда Досбергенқызы 1944 жылдың ақпан айында ұрыс даласында атой салып жүрген. Осы жылы наурыздың 9-да 658-ші полк командирі майор Ключанский қол қойған бұйрық шыққан екен. Марапаттау қағазында: «Досбергенова Зоя Досбергенқызы, 1-атқыштар батальонының комсоргі, 658-атқыштар полкінің, Ромодано – Киев Қызыл Тулы 213- атқыштар дивизиясының сержанты ІІ дəрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Ұлты – қазақ. 1943 жылдан ВКП (б) мүшесі, партбилет № 5161350. Ұлы Отан соғысында 1941 жылдың тамызы мен 1944 жылғы ақпанның 8-і аралығында үш рет жарақаттанған. Полесье, Озариевский ауданы, Литвиново селосын азат етуде қаза тапты. Қызыл Армияға Алматының аудандық соғыс комиссариатынан аттанды» делінген.

Содан кейін «Жауынгерлік еңбегі үшін», 08.03.1943 жылы «Ерлігі үшін» медальдарымен, 07.02.1944 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған» деген мәліметтен соң қандай ерекше ерлігі, іскерлігі үшін марапатқа ұсынылып отырғандығы жөнінде  қысқаша дерек беріліпті. 

Онда Зияда Досбергенованың ұрыстағы батылдығы, жоғары жауапкершілігі жазылған. ІІ дəрежелі Отан соғысы ордені З. Досбергенова қаза болған кезде жеткен екен. 

Жарық дүниеде бар болғаны   20 жыл ғана өмір сүрген Зияда Досбергенқызы туралы бір жүйеге түспеген деректер əлі де аз емес. 

Жалпы, Досберген бидің əулетінен 17 жігіт пен кенже қызы Зияда соғысқа аттанған екен. Олардың біразы (саны анық емес) майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Бүгінде ауданымыздың абыройын арттырған арыстарымызды ұрпақтары ұлағат тұтады. Сірə, «Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран» дегеніміз осы болар.
Сөз соңына белгілі ақын, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Рəтбек Терлікбаев ағамыздың:Зияда Досбергенқызына арнаған:

«Су алған Ұмай атты ұлы анамыз,

Майбұлақ қырандарға ұя нағыз.

Мəншүк пен Əлиядан қай жері кем,

Жасқанбай жау қайтарған Зияда қыз», - деген өлең жолдарын қосуды жөн көріп отырмыз.

Тағы бір айта кетер жақсы жаңалығымыз – бүгінде Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылының бір көшесіне Зияда Досбергенованың есімі берілді. Жалынды жастық шағын Отан қорғауға арнаған, арманы Алатаудай асқақ ару қаһармандық биігінен көріне білді.

Зияда əпкеміздің өмір жолы жастарды отансүйгіштік пен ерлікке, парасаттылық пен ізгілікке тəрбиелеудің теңдессіз үлгісі. Аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған батыр қыздың есімі жадымызда мəңгі жаңғыра бермек. 

Əйгерім ҚОЙГЕЛДІ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан