"ЖАРТЫ ЕУРОПАНЫ ЖАЯУ АРАЛАДЫ": ҮШ ЕРЕН ЕРЛІК ЖАСАҒАН МИНОМЕТШІ ҚАЗАҚ

Уақыты: 10.05.2020
Оқылды: 1267
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Соғыстың аяқталғанына 75 жыл өтті. Жеңіске майдан даласынан мыңдаған шақырым жерден болса да Отанын қорғау үшін Сарыесік – Атырау алқабының жүздеген азаматы өз үлесін қосты. Олардың көбі соғыстан қайтпады, ал жеңіспен оралғандары бірден бейбіт еңбек майданына араласып кетті. Солардың бірі менің әкем Молдағали Дүйсембінов еді.

Әкем 1911 жылы Қаратал ауданы, Сарыесік ауылында дүниеге келген. 1928 жылдан еңбекке араласып, ауылдық кеңестің хатшысы болды. Аудандық прокуратура қызметкері, ішкі істер органында да қызмет атқарды.

1942 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Аягөзде сержанттық оқу-жаттығу курсынан өткеннен кейін майданға аттанды. Ұрыс даласында бірден әйгілі Курск иініндегі шайқастарға қатысқан әкем жаяу әскердің жойқын қаруына айналған минометті ұршықша иіретін сарбаз ретінде көзге түсіп, «Үздік минометші» төсбелгісімен марапатталады.

Осы шайқастарда ол иығынан жараланып, екі айдан астам уақыт емделгеннен кейін қайтадан майданға шығады. Жеңіске дейінгі әскери жолын Украин майданының  180-атқыштар дивизиясында, 42-атқыштар полкінің минометшілер расчетінің командирі ретінде жалғастырады. Елімізді жаудан азат еткеннен кейін әкем Венгрия, Румыния, Польша, Австрия, Чехословакияны азат етуге қатысып, Жеңісті Прага қаласында қарсы алады. 1945 жылдың қараша айында елге оралғанда оның кеудесінде ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, 3 «Ерлігі үшін» медалі және де «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 ж.ж. ҰОС-да Германияны жеңгені үшін» медальдері жарқырап тұрды.

Бұл марапаттар Ресейдің «Подвиг народа» атты сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, әкемнің төмендегі ерліктері үшін берілген екен:

Кіші сержант М.Дүйсембінов алғашқы «Ерлігі үшін» медалімен 21.01.1944 жылы Косяковка деревнясы маңында болған ұрыста минометімен дәл көздеп, жаудың оқ-дәрі тиелген автокөлігін және 15 солдатын жойып жібергендігі үшін марапатталады. Ал 20.09.1944 жылы Румыниядағы 156 биіктікті алу үшін болған ұрыста жаудың 10 солдаты мен офицерін жойғаны үшін сержант М. Дүйсембінов екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Үшінші рет «Ерлігі үшін» медалі әкеме 11.10.1944 жылы 645 биіктік үшін болған ұрыста жаудың пулемет расчеті мен 15 солдатын жойғаны үшін табыс етілді.

21.02.1945 жылы старшина М.Дүйсембінов Будапешт қаласын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен наградталады. Суворов және Кутузов орденді 180-ші атқыштар дивизиясының командирі гвардия подполковнигі А.Рахманин қол қойған наградаға ұсыну қағазының түпнұсқасында мынандай жазулар бар: «Осажденный в западной части города Будапешта враг, в ночь на 12.02.1945 года бросил в контратаку целые колонны своих солдат. Зайдя нашим подразделениям с левого фланга, противник открыл ураганный огонь по миномету Дюсембинова. Но старшина Дюсембинов не расстерялся. Он быстро перестроил установку миномета и открыл огонь. Как скошенные падали немцы мертвыми. В этом отражении контратаки старшина Дюсембинов со своим расчетом уничтожил до 100 гитлеровцев. Когда расстояние не позволяло вести огонь с миномета т. Дюсембинов открыл огонь со своего карабина и забросал противника гранатами, уничтожив до 20 вражеских солдат и офицеров. Достоин правительственной награды ордена Славы 3 степени».

Әкемнің соғыстан алып келген қойын дәптерінде осы миномет туралы қысқаша мәлімет бар еді. Полктік минометтің жалпы салмағы 56,5 кг, оны 3 адамнан тұратын расчет 3-ке бөліп, өздерімен бірге арқалап жүреді. Сонда әр адам өзінің жеке қаруларымен бірге 20 келіден астам салмақты жарты Еуропада жаяу арқалап өткен екен.

Соғыстан кейін әкем «Жаңа өндіріс», «Көпбірлік» ұжымшарында есепші, ұжымшар бастығы, одан кейін «Қамыс заводында» сауда қызметінде, «Қоржынкөл» кеңшарында мастер қызметтерін атқарып, еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері» медалімен, мерекелік медальдармен марапатталды.

1985 жылы жеңістің 40-жылдығына орай ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. 1971 жылы зейнеткерлікке шығып, өмірінің соңына дейін «Қоржынкөл» кеңшарының орталығы Ақжар ауылында тұрды. Жары Жәміш анамызбен бірге 55 жыл отасып, 8 ұл мен қыз өсірді. Олардан тараған немере, шөберелері қазір бейбіт еліміздің әр аймағында, Нұр-Сұлтан  мен Алматы, Талдықорған қалаларында және Сарқан, Талғар және басым көпшілігі туып-өскен Қаратал өңірінде тұрып жатыр.

Соғысты көгілдір экраннан ғана көрген ұрпақ болсақ та әке ерлігін мақтан тұтамыз. «Менің ұрпағым мұндай соғысты көрмесін» деген әкемнің үміті мен тілегі бүгінге дейін және болашақта да орындала береді деп сенем.

Шолпан ДҮЙСЕМБІНОВА

Алматы облысы