"ЖАРАЛҒАН ЖАРЫҒЫМСЫҢ АҚ ТІЛЕКТЕН": ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ 75 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 12.05.2020
Оқылды: 1585
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды» деген хабарды естігенде барша халықпен бірге қазақ жұртының да жүрекжарды қуанышқа бөленгені анық. Бақандай төрт жылға созылып, майдандағыны да, тылдағыны да әбден титықтатқан қанды соғыс әр шаңыраққа алапат зардабын тигізді. Сол сұм соғыс аяқталып, ел-жұрт Жеңіс тойын тойлап жатқанда бұл қуаныштан шалғай шегаралы шептегі, Жаркент өңірінің тау баурайында, Өсек өзенінің жағасына орналасқан шағын Қызылеспе ауылының тұрғындары да шет қалған жоқ.

Ойдағы мен қырдағы қадірлісіне ат шаптырып, алақайлап сүйінші сұратып, ақсарбасын атап думандатып жатқанда осы ауылдағы Сұлтанның отауында жарық дүние есігін шыр еткен үнімен жаңғырта ашып сәби өмірге келіпті. «Сұлтанның әйелі ұл тауыпты» деген ақжолтай хабар ауыл-үйді аралап, жұрттың қуанышын демдепті. Бұл баланың атын бірі Жеңіс қояйық десе, екіншісі Қуаныш болсын десіпті.

Жеңіс тойының үстінде дүниеге келген сол бала Қуаныш алғырлығымен, жайдары мінезімен, өжеттігімен ата-ананың, бүкіл ауылдастардың көзқуанышына айналды.

Ол аудан орталығы Жаркент қаласындағы білім ошақтарының байырғы қара шаңырағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде білім алды. Замандастары мен ұстаздарының айтуынша, Қуаныш Сұлтанұлы мектепте оқып жүргенде-ақ сыныптастары арасында үздік үлгерімімен, өжеттігімен және белсенділігімен ерекшеленген екен. Соғыстан кейінгі тұрмыс ауыртпалығы жеткіншектің өмірге деген салмақты көзқарасын қалыптастырған. Сол кездегі жалпы білім беру жүйесінде қалыптасқан тәжірибе – жастарды орта мектептен кейін тікелей өндірістегі шыңдаудан өткізу саясатынан ол да тыс қалмай, екі жылдай ұжымдық шаруашылықта егін егіп, мал төлдету сынды қарапайым жұмыста тәжірибеден өтті.

Орта мектепті озат оқушылар қатарында тамамдаған оның кез келген жоғары, орта арнаулы білім орындарына түсуге мүмкіндігі мол еді. Алайда оның бала кезден ойына түйген арманы – журналист болып, сөз өнерін жанына жолдас ету болатын. Сол арман оны Сарыөзек ауданаралық баспаханасына апарды. Алғашқыда баспагер, содан соң Алматы, Талдықорған облыстарындағы аудандарда, өңірлік басылымдарда корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші жұмыстарын атқарды. 1964-1967 жылдар аралығында КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери міндетін өтеді.

Әскер қатарынан оралған соң Панфилов аудандық газетіне жұмысқа орналасып, жатық тілмен жазылған өткір мақалаларымен, қоғамдық-саяси істердегі белсенділігімен көзге түскен, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сыртай оқып, білімін жоғарылатып жүрген азаматты аудан басшылары жастармен жұмыс істеу саласына тартты. Бұл орайдағы қызмет сатысы аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметінен бірінші хатшысына дейін көтерілді.

Бұл тұста Панфилов аудандық партия комитетін Еңбек Ері Шаймұқан Сапиев сынды адамгершілік, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары ерекше тұлға басқаратын. Жергілікті кадрларды іріктеп, қызметте өсіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісін серпінді жолға қойған бұл адамның іскерлігін, кадр тәрбиелеудегі шеберлігін жергілікті халық та, Үкімет те жоғары бағалады.

Қуаныш Сұлтанұлының еліміздің жоғарғы деңгейдегі саясат сахнасында жарты ғасырдан астам уақыттан бері сүрінбей білікті саясаткер, белгілі қоғам қайраткері атануына сол баяғы Шаймұқан Сапиевтің ұлағаты мен тәлімінің негіз болғаны даусыз.

Әрине, сұңғыла жан өзінің әр қадамынан сыр түйіп, уақыттың үрдісімен білімі мен білігін шыңдамай тұрмайды. Бұл орайда Қуаныш Сұлтан­ұлы да дәйім өсу, шыңдалыс үстінде болды. Өмірдегі ізденімпаздығы мен білімге құштарлығы оның алдындағы асуларды алқынбай алуына себепші болды.

Жаңылмасам, 1972 жылдың көктемінде Талдықорған облыстық комсомол комитетінің конференциясы өткізілді. Аймақ жастарының осы басқосуында Панфилов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлеп, жастарды пайдалы еңбекке жұмылдыру және оларға жұмыс орынында қолайлы тұрмыстық жағдай жасау мәселелерін көтерді.

Бұл тұста Жаркент өңіріндегі шаруашылықтарда қой бордақылайтын кешенді жастар бригадалары ұйымдастырылып, орта мектепті тамамдаған сыныптастардың ұжымдасып ауылшаруашылық өндірісінде қалып еңбек ету тәжірибесі сол кездегі Одақ жастарына мәлім бола бастаған. Өңір жастарының бұл жаңалығы конференция делегаттарын қатты қызықтырды. Бір мезгілде жиын делегаттарын жаркенттік комсомол жетекшісінің ойын ерекше жігермен екпіндете жеткізетіндігі мен екі тілде еркін сөйлейтін шешендігі таңырқатты. Конференция жұмысы аяқталғаннан кейін облыстық Мәдениет үйінде өткен «Досмұқасан» ансамблі концертінің қорытындысында сахнаға суырылып шығып, өнер ұжымындағы жалғыз қыз Құрманай әншіге гүл ұсынып тұрып, облыс жастары атынан өнер ұжымына ризашылық білдіруі де оның жастық жігерінің молдығы мен өткірлігін, көшбасшылық қабілетін танытты. Жігерлі жастың келесі 1973 жылы Талдықорған облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылуына сол конференцияда белсенділігімен, бастамашылдығымен көзге түсуінің де әсері болғаны анық.

Бүгінде елімізде білікті саясаткер Қуаныш Сұлтанұлын білмейтін адам кемде-кем. Оның есімі жақын, шалғай шетелдерге де кеңінен мәлім. Мұндей танымалдыққа оны еңбек жолындағы қажыр-қайраты мен ізденімпаздығы, білімі мен біліктілігі, саяси анық ұстанымы мен ел-жұртына адал атқарған қызметі жеткізді.

Саясаткердің Жеңістің 75 жылдық тойымен тұстас келген бүгінгідей мерейлі сәтінде оның басшылық қызметінде жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасаған артық болмас. Жоғарыда айтқанымыздай, Талдықоған облыстық комсомол комитетін үш жыл басқарған соң 1976-1981 жылдар аралығында ол Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында кеңінен танымал болған шұбартаулық жастардың бастамасы бойынша Панфилов ауданының шаруашылықтарында комсомол мүшелерінен құрылған мал бордақылаушы кешенді өндірістік бригадалар тәжірибесінің өріс алып, бүкіл еліміздің ауылшаруашылық саласында екпінді күшке айналған кезең болатын.

Қуаныш Сұлтанұлы комсомолдан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде мәдениет бөлімінің, 1983-1987 жылдары ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі, 1987-1990 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, бұдан кейін екі жыл Қазақстан Компартиясы идеология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Еліміз тәуелсіздік алып, жеке мемлекет болып шаңырақ көтергенде жаңадан құрылған Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі атанды. 1993-1994 жылдары Премьер-Министрдің орынбасары, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымында жас мемлекетіміздің қалыптасуы жолында мол тәжірибесін, қайраткерлік беделі мен күш-жігерін жұмсады.

Қазақстан мемлекетінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елдің туын тіктеу жолындағы сындарлы саясатының жүзеге асуы бағытындағы бастамалары мен мақсаттарына Қуаныш Сұлтанов үлкен қолдаушы бола білді. Елбасының тәуелсіздік алған жас мемлекеттің шегараларын нақтылап, іргесін нықтау бағытындағы жұмыстарына жәрдемдесті. 1995 жылғы маусым айынан 2001 жылдың шілдесіне дейін Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқара жүріп халықаралық саясаты мығым алып мемлекеттің жас республикамен шегара белдеуін белгілеуде өзара тиімді бейбіт келісімге келуіне ықпал жасады. «Елдестірмек елшіден» демекші, бұл оның халықаралық дипломатиядағы сұңғыла саясаткерлігін айғақтайды.

Арлы азамат

Сырбаз мінез, ақылман азамат, салиқалы саясаткер Қуаныш Сұлтанұлының жүріс-тұрысы мен киген киімінен, сөйлеген сөзінен парасат нұры шашылып тұрғандай болады. Ол сол байсалды, байыпты қалпымен-ақ айналасындағыларын аузына қаратып, ақыл-парасатына жүгіндіреді. Жүздескен жанды ыстық ықыласымен, жайдары жан дүниесімен баурап алатын көркем мінезі көңіліңе көктем орнатқандай сезімге бөлейді. Сәті түссе туып-өскен өлкеге жылына бір келетін оның жолын сондықтан да бәріміз сағына, асыға күтеміз.

Менің әкем Тұрғанғазы ел басқарған азаматтар жайлы әңгіме қозғалған жерде Қуаныш ағаның есімін ерекше құрметпен атап, «Жеке басын күйттемейтін, елім-жерім деп туған адал жанды, жаратылысы ерекше азамат», – деп отырушы еді. Өмірінің басым бөлігін еңбек ұжымын басқаруға жұмсаған әкемнің оңайлықпен елп етпейтін, көкейіне түйген пікірінен қайтпайтын турашыл мінезін, ілуде біреуге ғана ілтипат жаятын көңілін ауылдастары да жақсы біледі. Сондықтан оның Қуаныш Сұлтанов туралы ой-пікірінің шын жүрегінен айтылған ақиқат екендігін бәрі де мойындайтын.

Соңғы он шақты жылдан бері Қуаныш Сұлтанұлымен ел ішінде, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жұмыс бабымен жиі жолығып, таныса, сырласа келе оның шынында да ерекше жаратылысты адам екендігіне көз жеткіздім. Ел тілегін ешқашан ескерусіз қалдырмайтын депутат ағайымның бізге, ауылшаруашылық өндірісімен шұғылданатын қарапайым ауыл адамдарына да көп көмегі тиді.

Ол сенатор кезінде Жетісу аймағы жүгерішілерінің өтініші бойынша депутаттық сауал тастап, Үкіметтік комисия құрғызып, барша Қазақстанда жүгері өсіретін диқандарға әр гектарға 30 мың теңгеден екі-үш жылдай субсидия бергізгені бар. Жаркент қаласындағы өзі орта білім алған Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жанына қосымша жаңа ғимарат тұрғызуға көмектесті. Сенат депутаты кезінде әріптесі болған Темірхан Досмұхамбетов екеуі қаузап жүріп, Жаркент қаласында жаңа спорт кешенін салдырып, спортшы өңір жастарын қуантты. Айта берсек, Қуаныш ағаның туған ел-жұртына жасаған мұндай қамқорлықтары аз емес.

Қуаныш, сенің үлкен сұлу жаның,
Елдікті ұяңда бар ұғынғаның.
Тағдыр да сүйді сені тарланым деп,
Ешқашан сен де өмірге суынбадың.

Сүйдің сен сол өмірді от жүрекпен,
Талай жаз, талай сұлу өтті көктем.
Нәр алған туған жердің биігінен,
Жаралған жарығымсың ақ тілектен, – деп Тұманбай ақын жырға қосқандай, бүгінде ата жасына жеткен ағамыздың жаны сол баяғы комсомолды бастап жүрген кезіндегідей жас әрі жайсаң. Жалпы еліне, туған жұртына деген оның сүйіспеншілігі, қамқорлығы ерекше. Бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның дамуына, өркен жаюына арнаған азаматын елі де құрметтейді.

Қуаныш Сұлтанұлы шашына ақ түссе де арына дақ түспеген азамат. Парламент Мәжілісінің Төрағасы болған марқұм Орал Мұхамеджанов ол туралы кезінде осындай ой түйіп, өзіне өлең жолдарымен жеткізген екен. Оны білетіндердің бәрі осындай нық тұжырымда деген сенімдемін.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, біздің жерлесіміз Қуаныш Сұлтанұлы ағамыз мамыр айының 12-жұлдызында 75 жасқа толды. Бұл жаңалық оның жерлестері, әсіресе ағамыздың кіндік қаны тамған жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдық тойымен қатар келген мерейтойымен майдангердің баласы, халқының қалаулысы Қуаныш Сұлтанұлын барша жерлестері атынан шын жүректен құттықтаймыз!

Тасқын ЖАПАРҚҰЛ,

«Ернар» ЖШҚ төрағасы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы

Депутат Қуаныш Сұлтановтың ұстанымын замандастарымыз жақсы біледі. Ол еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы кез келген мәселені сындарлы талдап, талқылауға, өзіндік көзқарасын білдіруге тосылмайтын сара саясаткер. Сондықтан да ол елінің елеулісіне, халқының шынайы қалаулысына айналған азамат. Оған оның қатарынан бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануы, 2001-2011 жылдар аралығында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, 2012 жылғы 20 қаңтардан бүгінгі таңға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты екендігі дәлел. Ол Сенатта да, Парламент Мәжілісінде де келелі кеңестер мен комитеттерді басқарды.

Халық қалаулысы Қ.Сұлтанов қарапайым аймақ тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын, шағымдарын ескерусіз қалдырған емес. Сөзіміз жалаң болмауы үшін бір мысал келтіре кетсек, ол Сенат депутаты бола жүріп Алматы облысына келген бір сапарында аймақ жүгерішілерінің Үкіметтен бөлінетін субсидияға қол жеткізе алмай отырғанын естіп, мәселені шешуге депутаттық сұрау салып, Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылуына ықпал жасады. Осы комиссия жұмысының нәтижесі бүкіл еліміз жүгерішілерінің Үкімет тарапынан жыл сайын қомақты қаржылай қолдауға ие болуына жол ашты. Санамалай берсек, мұндай нақты мысалдар аз емес.

Қоғам қайраткері, сара саясаткердің ел мен жерге сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол әр жылдарда Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» атақтарының иесі. Отандық журналистиканы дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан журналистика академиясы тағайындаған «Алтын самұрық» атаулы сыйлығының лауреаты болды, сонымен қатар, «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісімен марапатталды.

Есімі ел-жұртқа белгілі жерлесіміз келелі мәселелерді көтерген, өзекті тақырыптарда жазылған 10 кітаптың, 200-ден астам мақаланың авторы. Ол ұл-қыз өсірген ардақты әке, балаларынан немере-шөбере сүйген абыз ата.

Жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлын 12 мамыр күнгі 75 жылдық мерейтойымен барша жетісулықтар атынан құттықтаймыз!

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды