"ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТТЫ": ЕЛ АНАЛАРЫН ЕСКЕ АЛУ - ТІРІЛЕРДІҢ ПАРЫЗЫ

Уақыты: 12.05.2020
Оқылды: 1882
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Нәйлә Мақсұтқызы Халилова! Бұл есім кешегі ел басына күн туған, өрімдей боздақтар мен соғысқа жарамды еркек атаулы майданға аттанып, тылдағы ауыртпашылық әйелдер мен жасөспірімдердің, қарттардың иығына түскен соғыс жылдарында Абыралы өңіріндегі әр отбасына белгілі болды десек, өтірік емес. Егер көзі тірі замандастары болса,осы сөзімізді жоққа шығармасы сөзсіз. Олай дейтініміз, соғыс жылдарында бар-жоғы 17-18-дегі өрімдей жас қыз ерлердің орнында аудан еңбеккерлерін тыл еңбегіне жұмылдыруды ұйымдастырудың басы-қасында мойымас қайратымен, жастық жалынымен ел басына түскен ауыртпашылықты ерлерше көтергендердің бірі болғаны ақиқат. Соғыстан кейінгі жылдарда да Семей облысының Абай ауданында аудандық партия, атқару комитеті салаларында ұзақ жыл жауапты қызметтер атқарып, бар ғұмыры ел өмірімен біте-қайнасты.

Бүгінде арамыздан кеткеніне 23 жылдың жүзі болған марқұм Нәйлә Мақсұтқызы апамыздың (жатқан жері жайлы болсын) жеке мұрағатындағы өз қолымен жазылған өмірдерек жазбаларынан, сарғайған ескі газет қиындыларындағы мақалалардан, суреттерден және қызы Гүлбанудың анасы жайында айтқан естеліктерінен  біраз сырға қаныққан жайым болған соң, өзіме емес, өзгелерге де ой саларлық жайттарды оқырманмен бөлісуді жөн көрдім.

Нәйлә Мақсұтқызының кіндік кесіп кір жуған жері Семей қаласы болса  да, Абай елінде өсіп, есею жылдарын, өмірінің қат-қабат оқиғаға толы кезеңдерін осы ортада өткізген.

Отызыншы жылдардың басында әкесі Мақсұт Ғұзайырұлы Шыңғыстау ауданында ұйымдасқан  машина-шөп станциясына есепшілік  қызметке ауысып, отбасы алғашқыда  Күлмен ауылында, кейін Қарауылда тұрады. 1931 жылы Нәйлә Қарауылдағы колхозшы-шаруа мектебінің бірінші сыныбына оқуға барады. 1940 жылдың тамызында бүкіл республика жұртшылығы ұлы Абайдың туғанына 95 жыл толуын салтанатпен атап өткен кезде, Қазақ ССР Үкіметінің қаулысы бойынша ауданға (бұған дейін Абыралы ауданы аталған) және өзі оқып жүрген Қарауылдағы орта мектепке ақын есімі беріледі.

Нәйлә Мақсұтқызының естеліктерінде мынадай мағлұматтар бар:

«Бұл жағдай біздің мерейімізді өсіріп, абыройымызды арттырды. Біз енді өзімізді «Абай мектебінің оқушыларымыз деп мақтанышпен атайтын болдық. Осындай балалық мақтаныш сезіміміз ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен кездескеннен кейін тіпті өсе түсті.

– Сендер, Абай атындағы мектептің шәкірттері, – деді бізге Мұқаң сол 1940 жылдың тамызында Қарауылға келген сапарында, – осы зор атаққа сай болуға тиіссіңдер. «Ғылым таппай мақтанба» деп, Абай кейінгі ұрпағын білімді болуға шақырды. Оқуларыңды орта жолда тастап кетпей тиянақты оқыңдар. Әрқайсың бір мамандыққа ие болуға, сөйтіп халыққа пайда келтіретін қызмет етуге ұмтылыңдар. Сонда ғана Абай аталарыңның «Әкеңнің ұлы болма, халықтың ұлы бол» деген өсиетін орындайсыңдар. Сонан соң, – деген еді Мұхтар аға әңгімесін жалғастырып, – ұлы Абайдың келер ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деп артында қалған мол мұрасын – оның өлеңдері мен қара сөздерін үнемі оқып, зерделеріңе тоқып, жаттап алып, басқаларға айтып, таратып жүру – осы сендердің, Абай ауылының  оқыған жас жігіттері мен қыздарының абыройлы да абзал борышы болмақ.

Біз, Абай атындағы мектептің шәкірттері, Мұхтар ағаның бұл ақыл-кеңесін шамамыз келгенше орындауға тырыстық. Оқуда үздік болу, үлгілі тәртіп сақтау, қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасу негізгі мақсатымыз еді. Сол мақсат жолында табыстарымыз да аз болған жоқ. Негізінен біздің сынып оқушыларының күшімен «Абай ұрпақтары» атты әдеби-жазба журнал ай сайын шығарылып тұрды. Абай өлеңдерін насихаттау ісімен белсене шұғылдандық, ақын творчествосына арналған кештер өткізіп тұрдық.

1941 жылдың 21 маусымы күні соңғы қоңырауда Абай атындағы орта мектепті тұңғыш рет 7 түлек бітіріп шықтық: бесеуі – ұл, екеуі – қыз. Енді бізді «Кім боламын?» деген сұрақтың жауабы шындап ойландырды. Алдымызда сан арман, жүрегіміз алып-ұшып алдағы армандарымызға асықтырған еді.

Біздің мектеп  бітіруге арналған салтанатты кешімізді өткізгеніміз сол еді, «Фашистік Германия Кеңес Одағына соғыс бастады!» деген суық хабар ашық күнде төбемізден жай түскендей бір-ақ сәтте өмірімізді ойрандап, арманымызды күл-талқан етті. Ең алдымен ел қорғауға Ерғали, Әбдірахман және Ғаділет атты сыныптастарымыз аттанды. «Бір көзің нашар көреді» деп әскери комиссариат армияға алмай қойғанына қарамастан, Қасымбек Қорғаныс комиссары К.Ворошиловтың атына бір емес, бірнеше  рет өтініш хат жазып жүріп, ақыры ол да майданға кетті. Әзірге жасы толмаған Талғат қана аудандық газетке әдеби қызметкер болып орналасты. Кейін ол да соғысқа кетті, байланыс взводының командирі, лейтенант Талғат Әбенов 1943 жылдың 29 октябрінде ауыр жараланып, әскери госпитальда жан тапсырады. Әдебиетші ғалым боламын дейтін еді. Оның мектеп программасынан әлдеқайда артық біліміне, ой-өрісініе қарап, біз Талғаттың арманы бос қиял емес екеніне күмән келтірмейтінбіз. 5 сыныптан бастап өлеңдері мен мақалалары баспасөзде жариялана бастады. Алғашқы «Абай ұрпақтары» журналын шығаруға жетекшілік жасаған да Талғат еді.

Ал Ерғали Жайдарбеков болса сөзге сараң болғанымен, іскер болатын. Комсомол ұйымын басқарған Ерғалидың белсенді жұмысына қарап ұстаздарымыз да, біз де оның болашағынан үлкен үміт күтетінбіз. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ армияға шақырылып, Рязан жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. 1942 жылдың қысында майданға кірген лейтенант Ерғали Жайдарбеков 1943 жылдың қысында мерт болады. Біздің сыныптастарымыз, Отанымыздың ержүрек патриоттары, Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі алып майданның әр жерінде неміс фашистерімен қасық қандары қалғанша шайқасты. Амал қанша, сол өрімдей боздақтардың барлығы да соғыстың құрбаны болды. Олардың барлығының да асқақ армандары бар еді, алдарындағы жарқын болашаққа қапысыз сенген еді. Әттең, жас өмірлерін қыршынынан қиған соғыстың лаңы болмаса, олар нағыз елімізге қызмет ететін нар азаматтар болар еді-ау.

Қыздардың жайына келсем,Бағира Доғалаң бастауыш мектебіне мұғалім болып кетті. Мен жоғары оқу орнына емтихансыз түсу правомды пайдаланып, Семейдегі мұғалімдір институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті болдым.  Бірақ, амал қанша, институтта  жарты-ақ жыл оқуыма тура келді. 1942 жылдың ақпанында институтымыз жабылып, мен елге қайттым.

«Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен күн-түн демей, жанталасып  еңбек етіп жатқан елде бір күн бос отыру қылмыспен тең. Мен үйге келген күннің ертеңінде Абай аудандық советі атқару комитеті төрағасы Жағыпар Мыңжасаров шақырып алды ды:

– Орта білімің бар көрінеді, шырағым, – деді. – Аудандық кеңестің жалпы бөлімінің меңгерушісі Ө.Басаров майданға кетті. Соның орнына қызметке кірісе бер, – деді.

«Қолымнан  келмейді», істей алмаймын» дейтін уақыт емес. Аудан мен ауылдарда жауапты қызметтерді әйелдердің атқаруына тура келді. Мысалы, Абай орта мектебінде бірге оқыған Жәмилә Сиязханова – аудандық партия комитетінің  бөлім меңгерушісі, Әнуар Сүлейменова мен Кәбира Сәдуақасова – аудандық кеңес атқару комитетінің  бөлім меңгерушілері. Бұрынғы мұғалім әрі әнші Тұрсынхан Әбдірахманова – аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары. Соғыс жылдарында Үміт Мәженова, Мәрия Жайдарбекова, Биғайша Алтынбаева – ауылдық совет атқару комитеттерінің төрағалары ретінде ең кемі 2-3 колхоздан құралған аудан еңбекшілерін майдан мүддесі үшін жанқиярлық еңбекке жұмылдырды, майдангерлердің отбасыларына зор қамқорлық көрсетті, соғыс жылдарының қиыншылығына қарамастан, мектеп жасындағы балалардың  оқудан тыс қалмауын қамтамасыз етті, денсаулық сақтау ісіне  көп көңіл бөлді. Сонымен бірге қызыл Армия жауынгерлері үшін жылы киім жинау, оларға сыйлықтар жіберу мәселелерімен тоқтаусыз шұғылданды, ет, жүн, май  жоспарларының, түрлі салықтардың орындалуын ұйымдастырып қадағалап отырды. Колхозшыларға мәдени қызмет көрсету ісі де  назардан тыс қалған жоқ.

Бұған мал және егін шаруашылығындағы негізгі жұмысты жасөспірім қыздардан бастап алпыстағы аналар атқарғанын қоссақ, еліміздің басына қиын-қыстау күн туғанда  әйелдердің колхозда қандайлық зор күш болғанын айқын аңғаруға болады».

Бастапқыда аудандық совет атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болған Нәйләні, көп кешікпей майданға аттанған Ә.Молдабековтің орнына  әскери-есеп басқармасының бастығы қызметіне тағайындайды. Соғыс жағдайында бұл аса жауапты әрі тауқыметі мол жұмыс еді. Ол кезде Абай, Абыралы және Жаңасемей  аудандарының  әскери жұмыстары Жаңасемей аудандық біріккен әскери комиссариаты арқылы жүргізіліп отырған.  Ауылдар мен облыс орталығына тек ат-арба немесе салт атпен ғана қатынаған. Сондай қиындықтарға қарамастан әскери-есеп столы – әскери комиссариаттың  Қызыл армия мен еңбек  армиясына адамдар жіберу, майданға қажетті техниканы және аттарды іріктеп Семейге жөнелту, шақырылушы және  әскери міндетті  азаматтардың есебін жүргізу  жөніндегі тапсырмаларын бұлжытпай орындады. Осы қат-қабат жұмыстарды орындай жүріп, халықпен етене араласып, жақындарынан айырылған жандардың қайғы-қасіретін бірге бөлісті, атаның кемтар келбетін, жесір ананың көзіндегі шерлі жасты, жетімдердің қамкөңілін көріп жүрегі қан жылаған ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер қаншама.

Ол кезде Абай ауданында 24 ұсақ колхоз бар еді. Шөп машинасы, соқа, борана, лобогрейка, триерден  басқа  ауыл шаруашылығы техникасы жоқ, олардың өзі де  жетіспейді. Мұндай жағдайда жұмыстың көбі тек қол еңбегімен атқарылатыны түсінікті. Адам күші аз. Соған қарамастан соғыс жылдарында жоспарда белгіленген  егін салынып, астық жиналып, мал азығы дайындалып, мемлекетке тапсырылуға тиіс өнім жоспарлары  толық орындалып, мал басы шығынсыз өсіріліп отырды. Сөйтіп, Абай ауданы еңбекшілері совет халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне жанқиярлық еңбек үлестерін қосты.

Халық иігілігі үшін жар құлағы жастыққа тимей еңбектеніп жүріп, үлкен шыңдалу мектебінен өткен Нәйлә Мақсұтқызына 1950 жылы аудан коммунистері зор сенім білдіріп, аудандық партия комитетінің үшінші  секретары қызметіне сайлады. Бұл соғыстың зардабы әлі жойылмаған кез еді. Сондықтан жергілікті партия, совет, шаруашылық органдарының алдында колхоздардың экономикасын күшейту, мәдениетін жандандыру, еңбекшілдердің  әл-ауқатын көтеру сияқты күрделі  міндеттер тұрды. Күн демей, түн демей, уақытпен санаспаған қажырлы еңбектің нәтижесінде  бұл мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады. Кейін көрікті селоларға айналған  аудан, совхоз, ферма орталықтарының  негізі сол жылдарда  салына бастаған еді. Мысалы, бұрын ылғи ғана шатырсыз, аласа шым үйлері басым Қарауылда  елуінші жылдары аудандық мекемелер үшін силикат кірпіштен екі қабат еңселі үйлер бой түзеді, тұрмысқа жайлы, кең де жарық, көптеген тұрғын үйлер салынды.

1958 жылдың тамызында Абай ауданы заманымыздың ұлы жазушысы, Мұхтар Әуезовті жасының алпысқа толуына орай келген сапарында қарсы алды. Бұл Мұқаңның туып-өскен жеріне 13 жылдан кейін келуі еді. Нәйлә Мақсұтқызы ол кезде аудандық совет атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқаратын. Мұхаңды Семейде қарсы алып, оған осында өтетін салтанатты жиналыста аудандық партия комитеті мен аудандық совет атқару комитетінің  құттықтау хатын тапсыру үшін жіберілген делегацияны бастап келеді. Бұл оқиға туралы жаңалық барлық ақпарат құралдарында, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде, телехабарларда кеңінен насихатталды. Бірнеше газетте Мұхаңмен түскен суреті жарияланды.

Ертеңіне Мұхаң және оның  сапарлас серіктері  КСРО халық артисі Қалибек Қуанышбаев пен ақын Ғали Орманов, облыстық партия  комитетінің секретары  Фарида Халитова, «Екпінді» газетінің редакторы Беген Байсақалов Абай еліне аттанады. Жолай өзі туған Қасқабұлаққа тоқтап, сағына күткен ауылдастарымен жүздесіп, кешке таман Қарауылға келді. Сонда ұлы жазушы:

– 1945 жылдан кейін ел де, жер де көріктеніп, жерлестерімнің де көңілі өсіп, Шыңғысымның тасы өрге домалап, шалқып тұрған шағы екен!  – деп туған еліне, жеріне деген ризашылық сезімін білдірген екен.

Нәйлә Мақсұтқызы Абай ауданында 1970 жылға дейін қызмет істеді. Халықпен етене араласып, ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңа жүріп, аудан  экономикасы мен мәдениетін өркендету жолында уақытпен санаспаған, аянбаған еңбегі ескерусіз  қалған жоқ. «Ерен еңбегі үшін» медалі, басқа да марапаттары аз емес.

Отбасында Гүлзәуре, Гүлбану атты қыздарына ұлағатты тәрбие берген ардақты ана. Әкелерінен ерте айырылып, алты баламен жесір қалған анасының жанашыры, өзінен кейінгі бауырлары мен сіңлілерінің арқа сүйер тірегі ретінде, олардың оқып білім алуына, өмірден өз жолдарын табуына жолбасшы болды. Кейін Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылына қоныс аударып, аудандық «Екпінді еңбек»газетінің редакциясында ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, немере-шөбере сүйген ардақты әже Нәйлә Халилқызы 1997 жылы дүниеден қайтты. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жаннатта болғай.

«Марқұм анам тәртіпті, жинақылықты, ұқыптылықты жақсы көретін. Өсек-аяң, әйелдік қылтың-сылтыңмен жұмысы жоқ, тік мінезді, турашыл адам еді, бірақ ақылын ашуға жеңдіретін, ұшқарылыққа бармайтын. Жазуға, қағаз жұмыстарына ұқыпты болатын. Әрекетсіз отырған кезін көрмейтінбіз, жасы ұлғайған шағында да оқу-жазу, үй шаруасымен тыным таппаушы еді. Маған студент кезімде партияның съездері туралы жарияланған газет материалдарын ұқыптап сақтап қоятын», - деп есіне алады қызы Гүлбану.

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, тылдағы майданға бергісіз ауыртпашылықты ерлерше қайыспай көтеруде қазақ әйеліне тән темірдей төзім мен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен, бүгінде көзі жоқ болса да, Нәйлә Мақсұтқызындай ел аналарын еске алу тірілердің парызы екенін, асылы, ел болмақ – анадан екенін ұмытпасақ игі. Жастығын соғыс өрті жалмаса да, жан жылуымен, қажыр-қайратымен халықтың жел жағына пана болған аналар рухына қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Қаншайым ТӘУІРБАЙ,

«Шығыс әдебиеті және өнері» баспа компаниясының жауапты редакторы