"ҚАЖУДЫ БІЛМЕЙТІН": БЕЙІМБЕТТАНУШЫ БЕЙІСҚҰЛОВ ЖАЙЛЫ АЗ ҒАНА СӨЗ

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 1263
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Иә, әр заманның өз бейне-бітімі бар. Десек те, әр ұрпақ тиесілі еншісін өзі өмір сүрген уақытынан алып қалуы керек. Рухани азық – әр адамның таусылмас қазынасы.

Ойлап қарасақ, сол бір кездің адамдары-ай деп тамсанамын! Өнер десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Жалындаған жастық шақ, қайталанбас сәтті күндер, «қаламынан жел ескен» талаптылар газет-журнал редакциясын аралап жүретін. Жазушы, журналист болғысы келетіндер қайда? Сол үркердей шоғыр қайда? Бұл заманда Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-әлі, Мұқағали Мақатаев, Әділбек Абайділданов, Сәкен Иманасов, Еркін Ібітанов есімдерін өткен шақпен қарсы аламыз. Амал қанша, амал не, Тоқаң – Тоқтар Бейісқұлов та осы қатарға қосылатын.

Бүгінгі әңгіменің түйіні де осы бір ғажап зерттеуші, қаламгер, Жетісудың Үйгентас өңірінің азаматы туралы болмақ. Шындығында адам – пенде, өмір – тарих, әркімнің өз туған мекені – Мысыр шаһары. Әр адам өзінің туған топырағын бір жандай танып, біліп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, адамдарын зерттеп, танып, табиғатын сүйіп, қолына қалам алып, естелік жазып қалдырса деп армандайсың. Рас, ондай жандар жоқ емес. Соның бірі де бірегейі, ірісі Тоқтар ағамыз Бейісқұлов еді.

– Әкем Әбдірахман майданға кетіп, 1941 жылы қыркүйек айында Сталинград үшін шайқаста қаза болған соң ұжымшарының қара жұмысына жегілдім. Мен «адам – керуен, өмір – жол» дегенге осылай түстім. Ол кезде өгіз жегеміз, тырма айдаймыз, өгізге мойынтұрық салуға шамамыз жетпей, жылаған кездеріміз болды. Бертінгі кезде «Еңбек майданына қатысқандар» деген мәселе көтерілді де, медальмен марапатталдым. Соғыс кезінде бастауыш мектепті өте жақсы аяқтап, одан кейін жетіжылдық мектепті тамамдадым. Өмірдің ащы сабағы мені үйретіп, алға жетеледі. Соғыс біткен соң біраз қиналдым. Қиын кезеңде барлық құжаттарымды жоғалтып алған едім. Адамдардың ішінде қолғабыс жасайтындар бар екен. Жетімдік, пысықтығыма сүйсінді ме, Лепсі педагогикалық училищесінің директоры маған жаны ашып, оқу орнына қабылдады. Мектептен қол үзіп кеткендіктен бе, бастапқыда оқу қиынға соқты. Жертөледе тұрдық. Түнімен майшамның жарығымен сабақ оқимын да, күндіз үйге жақын тауға шығып кетіп, тірлігімді жалғастырып, әбден жақсы дайындалған соң, үйге қайтушы едім. Менің өмір жолымның сәтті болуына көмек еткен училище директоры Бақыт Торыбековті еш уақытта ұмытқан емеспін, – деп жазыпты кейіпкеріміз өзінің кейінгі кездегі сұхбатында.

Иә, Қаракерей Қабанбайдың ерлік ісін Сарышуаш ақын:

Тоғыз таңба Найманнан,
Тоғыз құйрық ту алып.
Тоғыз түмен қол шықса,
Қол ағасы – Қабанбай,
– деп жырласа, қазақтың ғажап ақыны Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев, батырдың ұрпағы – Тоқтар ағамызға:

Жолдан өттің, бауырым, 
қатал ерек,
Мұнша жасқа жетіпсің 
баға демеп.
Немерені баулыған адамдыққа,
Шөберені сүйетін ата керек.

Бар боп, Тоқам, жасымнан 
соңыңа ердім,
Қуанышы бола бер туған елдің.
Келе жатқан кішкентай 
жас ұрпаққа
Асылыңды аямай тағы бергін,
– деп жырын арнапты.

Шындығында кешегі бала Тоқаң ержеткен кезде халқының реніші мен қуанышын қалам-найзасымен еліне жария еткен тұлға, академик, жазушы, зерек публицист атанған еді. Енді осы бір атақты академиктің қалам қазынасына көз тігейік. Тоқтар ағамыз өз өмірінде жиырма бір кітап, сегіз томдық таңдамалыны жарыққа шығарды. Тоқаңның осы бір ғажап қасиеті – зерттеушілігі. Ол туралы, үлкен жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғаббас аға Қабышев: «Қазақ әдебиеті мен әдеби зерттеу ғылымында абайтану, мұхтартану бар. Бұл салада жолына жүк қалдырмаған нарымыз – Қайым Мұхамедханов, сәкентану мен сәбиттану бар. Бұл салада екпінді еңбеккер – Тұрсынбек Кәкішев. Бейімбеттану бар. Бұл салада сарбаз да, сардар да бір өзі – Тоқтар Бейісқұлов».

Шындығында, Бейімбет өмірі, шығармашылығы – өнегесі мол әлі ашылмаған тылсым дүние еді, (2007 жыл) деп жазған екен. Ендеше, кейіпкеріміздің сындарлы, ғажап жазған еңбегін айтпасқа болмас. Отыз жетінің репрессиясында түрмеге жабылып, атылған, атын атауға тыйым салынған, әдебиеттің әр саласында зерделі еңбегімен айшықты жол көрсеткен Бейімбет Майлыұлының өмірін жалғастырушы – Тоқаң өзінің қайтпас қайсарлығы, инемен құдық қазғандай еңбегі, қажуды білмейтін бейнетқор еңбеккерлігі, империялық жүйе есімін жоғалтпақ болғанда қазақтың ұлы жазушысын өмір сахнасына әкелді.

Өзінің «Ұстаздан ұлағат» деген мақаласында: «Есімі ертеден-ақ мәшһүр болған аса білімдар Мұхтар Әуезовті алғашқы көруім 1951 жылы... Мұқаңның лекция оқуға келген күні әлі көз алдымда... Бәріміз орнымыздан тұрып, қол шапалақтап қарсы алдық», – деп тебірене жазады Тоқаң. Бұл кезде университетте оқып жүрген болатын.

«Менің жетекшім филология ғылымының докторы Церен-Доржи Номинханов болатын. Комиссияда Мұхтар Әуезов те бар еді. Комиссия мүшелерінің бірі «Бейісқұлов диплом жұмысын орысша жазыпты» деп еді, Мұқаң жұлып алғандай: «Несі бар, жақсы талпыныс», – деп аузын жапты. Жетекшім: «Түркі тектестерінің тілдерін зерттеудің барысы жеткіліксіз» деп еді, Мұхтар Әуезов тағы да: «Ал дипломшының мына еңбегін, меніңше, осындай тақырыптарға барып, батыл қадам жасағаны үшін де ескермеуге болмайды. Студенттер диплом жұмысын орысша жазса, біздің өскендігімізді көрсетпей ме?» деп тағы бір тоқтатып тастады. Мұқаңның сөзінен бойымды қуаныш кернеп, көзіме жас іркілді», – деп жазады.

Жалпы, Тоқаң еңбектері шығармашылық тұрғыда қазақ әдебиеті алыптарымен араласып, олардан үйреніп, қала бере өзінен кейінгі жастар мен жорналшы-тілшілерге үйретуден тұратынын да айтпасқа болмас.

Мысалы, қазақтың әдебиет-журналистика саласындағы бір алып тұлғасы, тамаша публицист, халықаралық Джавахарлал Неру сыйлығының иегері Әнуар Әлімжанов екеуі «Қарлығаш» ауылында туып, жапсарлай салған бір үйде тұрып, кіріп-шығып араласқаны екеуінің өмірін бір-біріне жақындастырған екен. Әнуардың әкесі Тұрлыбек Лепсі стансысында пошташы болып қызмет істейді. НКВД-нің қызыл жағалылары «өртелген кітаптарды үйіне сақтағаны» үшін түрмеге қамап, денсаулығы төмендеп 1941 жылдың қаңтарында дүниеден өтіп, ол әжесі Жәкіштің қолында өседі. Жетімдік көрген Әнуар малды жайғау, өріске айдау, от жағу, су тасу, тамақ пісіру жұмысына жегіледі. Арасында кішкентай болса да Тоқаң ағасына көмектескен екен. Әнекең ФЗУ-ға оқуға барып, қашып келеді де, 1947 жылы Лепсі педагогикалық училищесіне түседі. Тоқаң да көршісінің жолын қайталайды. Өмірі ұқсас екі жазушы туралы Тоқтар ағаның мына бір әңгімесіне ден қояйық.

– Училищеде үрмелі оркестр бар еді. Әнуар сол оркестрдің бір шетінде, аспапты мойнына іліп алып, Лепсідегі Жеңіс күніне арналған демонстрация (шеру) кезінде үрлеп тұрғанын талай көрдік, – дейді ол үйдегі әңгімесінде.

Отанасы Роза апай да селт етіп:

– Әнуар ма? Тоқтар Мәскеуде оқып, енем қайтыс болып қатты қиналғанда, Әнуар үйге келіп, көңіл айтып, қомақты қаржы бергені есімнен кетпейді, – деді алғысын білдіріп. Ұлы адамдардың Тоқаңмен араласқанын сәл уақыт тоқтата тұрып, оның ұлы Бейімбетті зерттеуге ден қойғанын жалғастырайық.

– Алғаш рет 1965 жылы Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде Бейімбеттің журналистігі туралы курстық еңбек жазған болатынмын. Кейін бұл тақырыпқа қайта айналып соғамын деген ой жоқ еді. Жетпісінші жылдардың бас кезінде бұрынғы соңғы қағаздарымды ақтарып отырғанымда, ішінен жаңағы курстық еңбегім шықты. Адамның бір кезде жазған дүниесі уақыт өте келе біртүрлі ыстық көрінеді екен. Бұл неге жатыр? Осы Бейімбет Майлинді неге зерттеп, еңбектенбеске, ол кісінің шығармашылық өмірін көп зерттеген адам Темірғали Нұртазин еді, хабарласып, ақылдассам қайтеді деген ой келді, – деп жазады Тоқаң.

«Әдетте алтынды қаза берсең, молая түседі» дегендей, көрнекті ғалым кейіпкерімізді жылы қабылдап, бағыт сілтеп, жол нұсқайды. Бұл кезде ұлы жазушыны жұрт ақын, фельетоншы, драматург деп әртүрлі қырын зерттеп кандидаттық, докторлық диссертация қорғалып жатқан еді. Оның ішінде Бейімбеттің журналистік публицистикалық еңбектеріне қалам ұшы бармаған екен. Басталған істің сәтті болуына зерттеушінің еңбегі, ізденуі, архивтерге баруы ақиқат. Тоқаңның алғыр табанды зерттеуші, шыншыл бастаған ісін түбіне жеткізетін қасиеті осы бір уақыттан басталыпты. Осы жолды ол алғашқыда «Б.Майлин – публицист», «Қанатты қаламгер» кітаптарын шығарады.

Тоқтар Бейісқұлов «Желтоқсан ызғары» деген кітабында мынадай дерек келтіреді: «Әрекеттерге қарсы болған, жүрегі сыздаған Қазақ ССР-і Ішкі істер министрлігі саяси бөлімінің бастығы М.Қалматаев: «Кезекті операциядан кейін ұсталған жігіттер мен қыздарды бірнеше сағат бойы қақаған аязда, жерге бірнеше сағат жатқызып қойып, социалистік заңдылықты бұзды. Солдаттар оларды жер бауырлап жатқызуға мәжбүр етті. Ал қайсыбірі сәл болса да басын немесе кеудесін көтерсе, дубинкамен төмпештеді. Мен бұл жөнсіздік туралы 17, 18 күндері Орталық комитеттің сол кездегі екінші хатшысы Мирошхин және сол кездегі Ішкі істер министрі Князевке бірнеше рет баяндадым. Мирошхин маған: «Мүмкін оларға үйіңнен көрпе алып берерсің» деп мысқылдады. «Арық малды асырасаң, аузыңды май етеді, арам адамды асырасаң, аузы-басыңды қан етеді» дегеннің кері ғой. Енді бір желтоқсаншы, белгілі тележурналист Хасен Қожахметов «Ақиқат жалғандықпен ақталмайды» деген мақаласында: «Ұсақ ұлттарды ұлтшыл деген бос сөз... Ұсақ ұлт ешқашан да ұлтшылдықпен уланып, шовинист бола алмайды. Ол тек үлкен ұлттардың отарлануынан қорғанушы ғана. Шовинизммен уланатын, басқа ұлттарға үстемдік жүргізуге тырысатын ауру. Ал ұсақ ұлттардың өз құқықтарын қорғауын «ұлтшылдық» деп байбалам салу, «ұрының арты қуыс» дегендей, отаршылдардың өз ұлтшылдығын жасыру үшін салған байбаламы ғана» деп жазылған мақаласын кітабына қосыпты.

Тоқаңның тағы бір еліне деген қамқорлығына ризалығыңды білдіресің. 2015 жылы Жеңіске 70 жыл толғанда ол өз ауылынан соғысқа кетіп оралмаған жүзден астам адамға мәрмәр тастан ескерткіш жасатып, апарып қойған еді.

Қазақтың осындай бір азаматының өміріне қысқаша тоқталайық. Ол жоғары оқу орнын бітірген соң, ауылда ұстаз, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, кейініректе Талдықорған облыстық комсомол ұйымы бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеді. Екі жыл өте Алматыға шақыртылып, Орталық комсомол комитетінде нұсқаушы, 1962-1964 жылдары Алматы облыстық партия комитетінде нұсқаушы әрі лекторлар тобының жетекшісі қызметінде болды. Тоқаң осы кезде де бір сәт қолынан қаламын тастаған жоқ.

Уақыт өте СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары мектебіне Мәскеуге жіберіліп, оны үздік бітіреді. 1966 жылдан бастап, Алматы облыстық радио және телевизия басқармасы басшысының орынбасары, бас редакторы қызметін атқарды. Кешегі жетім бала өз еңбегімен бұл орында жеті жыл істеп, 1973 жылы қыркүйекте Қазақ ССР телевизия және радио хабарының бас редакциясының бас редакторы және коллегия мүшесі қызметіне жоғарылатылды. Жеті жылдан соң 1980 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінде телевизия және радио секторының меңгерушісі атанады. 1984 жылдан бастап, Қазақ ССР-і баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі бас басқармасы бастығының орынбасары қызметінде істеді. 1991 жылы зейнет демалысына шықты, республикалық дәрежедегі зейнеткер атанды.

Ой жүгіртсек, Тоқтар ағамыз шыңға шыққан альпинист сияқты екен. Қарапайым ауыл баласы, өз еңбегі, талапшылдығы, іскерлігі, білімімен ел-жұртының қадірлі азаматы атанды. Ұрпаққа үлгі, қазақ баласына жол сілтер аға атанды.

Тоқтардың жалғыз ұлы Ермек – энергетик. Қызы Эльмира Алматыдағы медициналық оқу орнында дәріс береді. Күйеуі баласы Ринат Әбдірашитов «Хабар» телеарнасында қызмет етеді. Немересі Берік – кәсіпкер. Елу алты жыл бірге өмір сүрген қосағы Роза апай Тоқаңа: «Сен ауруды мұрағаттан таптың», – деп ескертіпті. Аса ибалы, құрметке сай ана 2017 жылы 26 шілдеде дүниеден өтті. Тоқаң 2013 жылы 14 маусымда қайтты.

Жылжып жылдар, аршындап айлар, ат желісті апталар, қас қағым сәт күндер өтіп жатыр. Осындай бір ғажап жандардың тірлігіне риза болып, еске аласың.

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері