"АРҚАСЫН АСПАНТАУҒА ТІРЕП ҚОЙЫП": БҮГІН - ЕРКІН ІБІТАНОВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 04.06.2020
Оқылды: 1432
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жарықтық Еркін ағам жаратылысы бөлек жан еді-ау. Әңгімесі әсерлі, әзілі әдемі. Қағытпасына ілінсең қалақайдай ду еткізетін айтқыштығының өзі көзінің тірісінде-ақ ел аузында аңызға бергісіз айтылып жүретін. Өлеңінің өрнегі де өзгеше ғой, шіркін. Адам өмірінің қайталанбас һәм қайта оралмас ең аяулы шағының бірі – студенттік кезеңін өткізген ару Алматыны аңсамай-ақ, тас қала, тас көшеде шаршамай-ақ, арқасын Аспантауына сүйеп, аяғын ақ жал толқынды Байынқолына салып қойып, былайғы жұрт елдің шеті, желдің өті деп бағалайтын Нарынқолында жатып-ақ баптаған Құлагер-жырының дүбірі алысқа естілетін. Хантәңіріндей асқақ тұлғасын атақ-даңқтың алдында аласартпай, еңсесін тік ұстаған күйде өмірден өтті. Жалпы ел-жұрты тарапынан жеке басына жасалған сый-құрметке мастанбай, риясыз көңілімен алғысын білдіретін де, алшаңдай басып кетіп бара жататын. Қозыкөш жерден болмаса да, көз жетер қашықтан Еркін ағам келе жатқанын бірден тани қоятынбыз. Сол алып тұлға көзден кеткелі он бір жыл болса да,  көңіл төрінде жарқын бейнесі әлі асқақтап-ақ тұр. Бүгін еркін елдің Еркіні 85 жасқа толар еді. Өлең өлкесі ғана емес, дүйім жұрты жиылып, дүбірлі тойға куә болар еді. Ерағамсыз 85-ті қарсы алып отырмыз. Бірақ артында қалған өлеңі бар ғой! Ақынмен сырласуға, мұңдасуға одан артық не керек?! Мәңгі өмір болмайтынына бойұсындық па, ендеше мәнді өмірінің куәсі өлеңімен ой бөлісейік. Аманаты ғой бізге қалдырған!

Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік,
Атамыз әлде мұңғұл, әлде түрік?
Ақиқатын айтатын адамдарды,
Жіберген уақыт өзі көрге тығып.

Әдебиет айдынындағы өкшелес інісі, қазақтың қайталанбас ғажайып қаламгері Әбіш аға Кекілбаевтің «Ханша-Дария хикаясын» оқыған кез келген оқырман жақсы біледі бұл төрт жолды. Еркін ақынның жоға-рыдағы бір шумақ өлеңі дәл осы повесте эпиграф ретінде алынған. Бәлкім, бұл зерделі сөздің зергері Әбіш ағаның болмысы бөлек замандасы Еркін ақынның қаламының қуатына көрсеткен құрметі әлде бір ғана шумақ қаламгер шығармасының шырайын ашатынын түйсінгені. Әйтпесе, бірауыз сөзін кәдеге жаратам десе,  небір ғұлама мен дүлдүл ақын өткен өлке ғой мынау дала. Біз мұны жазушының ақын талантын дөп басып танығандығы деп бағалайық.

Әлқисса, бір ғана шумақ осынау Ұлы Даланы мекендеген қазақ тарихының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жоғалғанын, тоналғанын, тамырынан кесілгенін, тасқа қашалып жазылса да, тас-талқан қылып өшіргенін айтып отыр. Ақиқаттың ауылын жермен-жексен еткеннен кейін тарих атты ошақтың орнын ғана сипап қалдық. Бодандықтың қыл бұрауын салып, тарихымызды бұрмалап, бұратана ел атандырды отарлаушы жұрт. Шындықты айтқандар шыңнан шыңырауға құлатылып, аяусыз ажал құшты. Осылайша қазақ ұлысы тамыры терең тарихынан ғана емес, соны жеткізуші алдаспан арысынан да айырылып жатты. Соның кесірінен тарихымыз билеуші елдің қолымен жазылып, тәуелсіздік алғанға дейін қалыңдығы пышақтың сабындай ғана кітаппен оқытылды. Тоналған тарих-қазынамызды қашан толтыратынымыз да бір Аллаға аян. Еркін ағамның бұл шумағы студенттік шағының куәсі, аяулы досы Қадыр ақынның: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы!»,  дегенімен үндесіп жатқан дүние ғой.

Ерағамның сырлас досы, мұңдас ағасы Мұқағали ақын да: «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген», – демеп пе еді? Осы қағиданы берік ұстаған Еркін ақын да ақиқатқа келгенде жалтармағанын, керісінше алдаспандай жарқылдап-ақ өткенін поэзиясымен етене таныс адам жақсы біледі.

Осындайда ойға оралады, Еркін ағам туған жерінің қазығына кіндігін байлап-матап тастамағанда бұдан да алысқа, тіпті поэзиядағы ғарышқа (жыр әлемінің ең биігіне деймін да) шығар ма еді? Өзінің қанаттас достары  қазағы үшін қадірі бөлек Қадыр мен жырлары тұмадай тұнық Тұманбай ақынның шыққан биігінен қол бұлғайтын-ақ еді.

Осы тұста Тұмағамды бір сөйлетіп алайыншы: «Анда-санда сені, сенің тағдырыңды есіме аламын. Анадан ақын болып туған бала едің. Бүкіл қазағыңа жақын бола алдың ба, жоқ па? Бәрі өзіңе белгілі. Өзің ойлағандай сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қуатынан артық болмаса, кем емес», – депті аяулы дос Еркін ағамның «Елшенбүйрек» жинағына жазған алғы сөзінде. Дос жылатып айтады емес пе? Сол Тұманбай шыққан биікке сені шығармаған «жалқаулығың» деп сыбап та алады. «Егер көп жазсаң жағаң қисайып қалмас еді ғой. Бүкіл Албан қыздарынан таңдап алған Алтынкүлің де сенің ернің күбірлеп, қолың жыбырлап, өмірің қағаз үстінде көбірек өтсе, оған қуанбаса, ренжімес еді ғой, әрине», – деп аяулы жары Алтынкүл әпкеміздің ақынды ардақтай білудің, жырларын оқып, салмақтай білудің, алақанға салып аялаудың үлгісін көрсете алатын адал жар екеніне де ерекше баға береді жанашыр дос. Еркін ағам да Тұманбай ақынға деген ықыласын ерекше білдіріп, бір перзентінің атын сол кісінің құрметіне Тұман деп атады. Аттары аталған үш достың ішіндегі еркесі де, серкесі де менің Еркін ағам болғанын мына шумақтан аңғару қиын емес:

Қамқор едің бауырмал жаның ізгі,
Түзу жүрген жолдарың нағыз үлгі.
Қадыр менен екеуің төлейсіңдер,
Жұтағанда жұрт берген қарызымды...

Ерағам әсіресе, Тұманбай ақынмен жақын ара-ласты. Жастары ұлғайған сәтте ауылдың алыстығы, жердің шалғайлығы білініп, барыс-келіс сиреген тұста Еркін ағам қолына қаламын алып, «Тұманбайға хат» атты ғажап толғау жазды.

О, Тұмаш!
Ассалаумағалейкүм, жан құрдасым!
Құрдасым!
Замандасым – тағдырласым!
Бүгін, міне, тағы да сені іздедім,
Ой сансырап, сандалып қаңғырғасын.

Қиялым сені тапты іздеп келіп,
Сырласып, сырдан сұхбат сүзбек болып.
Баяғы бала дәурен суреттері,
Өтеді көз алдымнан тізбектеліп...

Осылай басталатын толғауда қос ақынның өмірі ғана емес, бір буынның қиындыққа толы, қызығы ортақ тағдыр-тәйлейі бар. Өйткені, бұл буынның балалығы қаралы жылдармен қатар келді. Есейгенде есіне алған дәл сол бір кезең ақын қаламынан өлең болып өріліп жатты.

Біз түсінсек сол кездердің маңызын,
Батырлардың рухына тағзым.
Мәйіттері көмілмеген боздақтар,
Тыңайтуда Ресейдің аңызын.

Шынымен бұл төрт жолда да ақиқат болып естіледі нағыз үн! Тым арғы тарихты айтпағанның өзінде ақ патша келіп, құрығын салды. Шалғынымды орып, тұнығымды алды. Кеңестік дәуір сойылын ұрды, қайран ұлтымды қынадай қырды. Даланы мынау өліктер жайлап, қарға мен құзғын салтанат құрды. «Халық жауы» деп күйесін жақты, намысымды таптап, арысымды атты. Итжеккенге айдап, түрмеге жапты!

Дәл осылай қанға бөккен қазақ даласының ақын жырлаған Ресей аңызын тыңайтуға қандай қатысы бар десек, осы далада көмілмеген мәйіттер де Ресей билігінің қолымен жасалғаны бірден еске оралады. Жат топырақта кебінсіз де көмусіз қалған қазақ пен өз даласында шашылып қалған қазақтың тағдыры сол содырлардың пайдасына шешілді. Ұлы Дала мұрагері атанған қазақ халқына сілтеген солақай саясаттың сойылы қатты тиіп, топырағымызды өз қанымызбен суарып, санымызды кемітіп, сағымызды сындырды.

Сөйте тұра, Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда орақ-балғалы қызыл туды көтерген он бес одақтың ішінде Отан үшін отқа түсуге дайын, «Аттан» десе атқа қонатын батыр елдің ұрпағы екенін көрсетіп, күрегінің орнына қару алып, жауынгердің рөлін сомдап, майдан даласына аттанып, алғы шепте жүрді. Қаншама боздақ туған жеріне оралмай, жат топырақ жастанды?! Еркін ағам жырына қосқан, Ресейдің аңызын тыңайтып жатқан қаншама батырларымыз іздеусіз, сұраусыз қалды майдан даласында?! Ақын өлеңі сұрапыл соғыстан оралмай ескерусіз қалған есіл ерлерге қойылған жыр-ескерткіш емес пе?! Қанды жыл, қаралы күндерді де ақын жүрегі «Тұманбайға хат» толғауында тебірене жырлайды.

Ей, Тұмаш!
Есіңде ме балалық шақ?..
Қашқан кез дастарқаннан нан алыстап.
Соғыстың сойқан салған от-жалыны,
Жатқан кез өзекті өртеп, сананы ыстап.
Бейкүнә сәбилердің күлкілері,
Үйтілген татымы кем тарамыс шақ.
О, қайран, балалық шақ!

Еркін ағамның замандастарының балалығын ұрлаған сұм соғыстың тарихта ізі, жүректе сызы қал-ды. Бүгінгі тәуелсіздіктің биігінен қарағанда дәуір парағында «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атпен жазылып қалған алапат біздің Отанымыз үшін болған соғыс емес еді ғой. Не деген аңғал, момын, бейғам ұлтпыз! Сұм соғысқа дейін отарлаушы жұрттың қынадай қырғанына қарамай, «Отан» дегенде соларды қорғау үшін отқа түсуден тайынбай, кеудесін оққа төсеген көзсіз батырлық-ай! Әкелері майдан даласында қан кешіп жүргенде ауылдағы буыны әлі қата қоймаған балаларының тағдыры Еркін ағамның жырындағыдай еді.

Балалық шақ...
Базарын көре алмадық аралап біз,
Телміріп тек сыртынан жағалаппыз.
Майлы тағам маңына жолай алмай,
Сарқыты бар саяны сағалаппыз.
Өтті ғой балалық шақ – зұлмат күндер,
Тойымы жоқ...
Жалмауыз...
Қанағатсыз...

Ақын жырының астарында айғайламай-ақ жеткі-зетін ақиқаттар жатыр осындай. Әсілі, ауылдан ұзап шықпады демесеңіз, Еркін ақынның өлең өлкесінде алар орны ерекше ғой. Тіпті, қанаттасы Мұқағали ағамыздан бұрын «Қойшылар» поэмасымен поэзия әлемінде есімі дүр ете қалған бір кезде. Тұмаш аға-мыз айтқандай, «ерні күбірлеп, қолы жыбырлап», қаламы қағаз бетіне өрнек салуын тоқтатпаса біраз томдықтың бетін толтыратын еді-ау. Дегенмен, Еркін ақын аз жазса да, саз жазды.

Хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағали ақынның өзі іні досы Еркінді бір ғана «Қойшылар» поэмасы үшін көзінің тірісінде-ақ мойындаған. Ерке өскен Ерағам да оған масаттанып, мастанып кетпеді. Керісінше, ағасына деген іні пейілінің жемісі Мұқағали ақынға арнап «Хантәңірі қайдасың?!» деген ғаламат поэмасын жазып шықты. Бұл шығармасы азулы әдеби сыншылардан да оң бағасын алды. Осы тұста Тұманбай ақыннан бірүзік сыр жаза кетейін. «Мен сенің бар жазғаныңды ұнатам. Көзім шалғанын оқымай қойған емеспін. Өлең ең алдымен өлең болуы керек. Оның бойынан от жарқылдап, оның ойынан нұр төгіліп жатуы керек. Өлең адамның рухани азығы бола алса ғана өлең», – депті Тұмағам сырлас та қимас досына жазған сөзінде. Алып таулар қойнауында, төрт түлігі төскейге өрген қойлы ауылда жатып-ақ осы талапқа сай өлең қалдырды Еркін ақын. Осы жауапкершілікті сезініп жазды Еркін ақын.

Осылай өмір сүремін,
Осылай жүріп, күн кешем.
Дүниенің жүрегін,
Ақыннан сұра білмесең,
– деген еді Мұқағали ағам.

Ақын адамның басқа пенде баласынан ерекшелігі де осында болса керек. Еркін ағам да айналасына пенделік көзбен емес, ақындық көзбен қарап, ақындық сөзбен жауап берген шайыр. Ерағамның «Бастар» және «Аяқтар» деген екі-екі шумақтан ғана тұратын өлеңі бар. Адамзат дәуірі аяқталғанша сол екі шумақ өлеңнің кейіпкерлері өмір сүре беретіні де ақиқат. Бір қарасаңыз тың тақырып, оғаш ой да емес. Бірақ Тұмаш досы айтқандай, нағыз өлең.

Кей бастың қалқасында,
Кей бастар таса қалған.
Кей бастың «арқасында»,
Кей бастың шашы ағарған.

Өміршең өлең деген осындай-ақ болатын шығар. Бұл өлеңнің қашан жазылғаны маңызды емес, қашан оқысаң да сол уақыттың тамырын дөп басып тұра беретіндігінде. Тіпті, ХХІІ ғасырдың ұрпақтары оқыса да сол қоғамнан осындай «бастарды» көре алатындығында. Қазірдің өзінде қаншама ақылды бастар, ақымақ бастардың тасасында қалып, қаншама ақымақ бастың кесірінен ақылды бастардың шашы ағарып жатыр. 

Қорашы, қоңдысы бар,
Ожары, оңдысы бар.
Байқаңыз кей бастардың,
Ішінде бомбасы бар.

Көңіл таразысына салсаңыз шынымен де «қорашы, қоңдысы, ожары, оңдысы» бар күйбең тірліктің илеуінде таңның атып, кештің батқанын өмір санап жүріп жатқандар аз емес. Ал қиянатты түбімен құртып, ақиқаттың ақ таңын атырғысы келетін бомбасы бар бастарды олардан бұрын жарып жіберіп, айласын асырып жатқан бүгінгі жүйенің бет-бейнесі осы төрт жолға байланып тұрғандай. Аяңдай келіп, «Аяқтар» деген өлеңіне де аялдай кетейін.

Бір аяқтар санап басып келеді,
Бір аяқтар бүкең-бүкең желеді.
Бір аяқтар көрінгенге ереді,
Бір аяқтар көрінгенді тебеді.

Төрт жолға сыйған төрт түрлі аяқ тек қазақ дала-сының төрінде ғана емес, төрткүл дүниені жайлаған адамзат қауымының бәрінде бары ақиқат. Бұл аяқтың иелері өз ішімізден де кездесетіндіктен адамның қоры мен зоры тек қазақта ғана деп жаңсақ ойламайық. Бұл адамзатқа ортақ мәселе. Еркін ақынның қарапайым шумақ арқылы тереңнен толғай алатындығының көрінісі.

Ал қазақы қалыпқа салып жіберсек, бұл төрт жолдағы кейіпкерлер осы қоғамда да толып жүргеніне көз жеткізесіз. Ойда-жоқта от басып алмайын деп, санап басатын аяқтың да бары рас. Тоқпағы мықтының алдында басын шұлғып, бүкең-бүкең желетін, көрінгенге еретін аяқтар да аз емес. Осы екі-ақ жолдың өзі Чеховтың «Чиновниктің өлімі» деп аталатын тұтастай бір әңгімесін еске түсіріп жібереді. Қарынын тойғызып қойып, айтақтасаң иесіне сеніп, кімге болсын абалай беретін ит болады ғой. Көрінгенді тебетін аяқтың иесінің сол иттен айырмасы бар ма?! Өзінің күшіне емес, иесінің айтағына арқаланып, әлсізді жаншып, басып жүргенін ерлік санайтын ессізі де көп қоғам бұл. Аспантауының алыптығымен салыстырғанда алақандай ғана ауылда жатып-ақ Еркін ақын қоғамның осындай керітартпа тұсын сезініп, қан жүрегінің қақпасынын өткізіп, жетемізге жеткізіп тұрып жазып кетіпті. 

Бір аяқ бар – қаздаңдаған қу аяқ,
Бір аяқ бар – жыртық шұлғау шу аяқ.
Бір аяқтар жазатайым ақсап қап,
Бір аяқтар жолда жатыр батпақтап.
Бір аяқтар несібеден кешеу ғап,
Бір аяқтар жедел аттап бақ таппақ.

Шона Смаханұлы атамыздың «шымшыма шумақтарындай» нысанаға дәл тиіп жатқан жолдар ғой, шіркін! Біреуді кемсітіп тұрған сайқымазақ ойлар емес, шынайы суреткердің шеберлігі. Сатираның сахнасынан қарасақ, Ерағамнан тура бір жыл, бір ай бұрын дү-ниеге келген Оспанхан отауының керегесіне ілінген қорамсақтағы сын-жебенің нақ өзі. Бұл тармақтағы әр жолды жеке-жеке талдап жатпайын, көкірегі ояу, көзі ашық оқырман «аяқ» кейіпкерлерін өздері-ақ тауып алар.

Ойыма Тұманбай ағамның: «Анадан ақын болып туған бала едің» деген сөзі оралып отыр. Тұмаштай сырласының ойын, Еркіндей құрдасының өлеңімен тұздықтай кетейін:

...Тауда өсу – аспанға таман бару,
Қиын-ақ бұл арада хәл аңғару.
Сезімі бар пендеге бұл өңірде,
Қиын-ақ ақын болмай аман қалу!

Әсілі, шынайы дос болудың өлшемі ғұмыр бойы бірге жүру емес екенін осы екі ақынның өмірінен білуге болады. Бірі тас қабырға, тас көшелі қалада, енді бірі асқақ шыңды, асқар таулы далада өмір сүрді. Анда-санда дидарласып тұрғаны болмаса, құшақтары айқасып, күнде бірге жүрген жоқ. Бірақ, бірін-бірі сондай толықтырып, бірін-бірі сондай қадірлеп өтті. Содан болса керек, жан досын сағынған жүректің сөзі осы мақаланың өн бойында өріліп келе жатқан «Тұманбайға хат» деген толғауға айналды. Балалығын айттым ғой жоғарыда. Ортасындағы бозбалалық, ҚазМҰУ-дің қалашығындағы студенттік шақтағы алаңсыз дәурен мен қырма сақал қырықтың белесі, ел ағасы жастағы елудің ауылы, алпыстың асқары бар, жел айдаған бұлттардай жөңкілген уақыт әдемі кестелене келіп, былай аяқталады:

Ей Тұмаш!
Еркініңнің күйі, міне,
Қатер бұлты төбеме түйілуде.
Көңілдегі көк кептер ұшып кетті,
Бір дерт бар...
Қадалып тұр бүйіріме...
Қысқасы қолың тисе бір келіп кет!..
(Сен мұны, «әңгіменің түйіні» де)
...Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап,
Баяғы Тұмашым боп кір үйіме!
Кір үйіме...

Көңіл толқытатын толғау. Шынайы сағыныш. Адал достық. Бір кем дүние... Күндер сырғып, айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатқан өмір көшінен Еркін ағам мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Мақаланың басында айтқан Әбіш ағамызға қаралы хабарды естірткен қазіргі таңдағы Қазақ радиоларының Алматы бөлімшесінің жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы: «Әбіш аға хабарды естігенде қатты толқыды. Қимас көңілі дауысынан білініп тұрды. Кейін Еркін ағамыздың сексен жылдығында еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде «Тянь-Шань эскиздері немесе Хантәңірі етегінде» атты Мұқағали мен Еркіннің жырларын таразылай отырып, кең көлемді ғаламат мақала жазды», – деп Еркін ағамызды еске алған әрбір сәтте тебірене айтып отырады.

Сол тұста әуе толқыны арқылы Еркін Ібітанов туралы хабар жасаған Бақыт досым Тұманбай Молдағалиевтен сұхбат алуға барғанда Ерекеңнің «Тұманбайға хат» толғауының толық нұсқасын оқып береді. Сексеннің ауылына ауған жасында Тұмаш ағамыз көзіне жас алып, көңілі толқып, өзіне әрең келгенін де әсерлі әңгіме ғып айтқанын талай естідік Бақыт досымыздан.

Қос ақынның бір-біріне деген сол сағынышы өз жүректерінің төрінде өздерімен бірге мәңгі өмірге кете барды. Бізге адал достықтары үлгі болып қала берді. Еркін ағам өмірден өткеннен кейін көп ұзамай тұңғышы Тұман ағамыз да әкенің артынан кетті. Аяулы жар атандырған Еркінінің қазасы мен ана деген қасиетті есімді сыйлаған Тұманының ерте кетуі Алтынкүл әпкеміздің жүрегіне аз салмақ салған жоқ. Ақыннан қалған қасиетті қара шаңырақты шайқалтпай, Ерағамның жоқтығын байқалтпай, ошағының отын өшірмей келе жатыр. Жаратылысынан сабырлы әпкемізге Алла күш-қуат берсін. Өтпелі өмір-ай, әкесінің досының құрметіне есімін иемденген Тұман ағамыз өткеннен кейін көп ұзамай Тұманбай ақын да сол қатарға қосылды. Алла панасына алғай ардақты жандарды. 

Өмірден өткен он бір жылды есептемегенде тау тұлғалы ақынмен жиырма жылға жуық аралас-құралас күн кештік. Өзімен де, өлеңімен де сонау бала кезден етене таныс болдық. Бодандықтың мұз құрсауы сетінеп, сең қозғалып, еркіндіктің таңы арайлап атып келе жатқан тұста, солақай саясаттың салдарынан құрдымға кете жаздаған ұлттық құндылықтарымыз қайта орала бастаған сәт.

Сол кезде ақындар айтысы да жанданып, оқушылар арасында өтіп тұратын. Құлдыраңдаған құлын шағында-ақ талай додада топ жарған Оразалы марқұмның аты озып тұрған кез. Шалкөдеден Дәулет Бақаев, (марқұм өмірден ерте кетті), Бақыт Жағыпарұлы, Қарасаздан Айжан Талдыбаева мен Бағдагүл Қаратаева, Сарыжаздан Нұрболат Сұлтанғазин, Нарынқолдан Сержан Молдасан бар - бәріміз оқушы ақындар айтысының көрігін қыздырып жүрген шақ. Алғаш рет өткен аудандық айтыстан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі барлық жыр додасында қазылар алқасында отырған Еркін ағамыздың көз алдында өстік. Тілегін тыңдадық, батасын алдық.

Осы аралықта өткен үш-төрт жылда Оразалы екеуіміз бірнеше рет айтысыппыз. Содан бері де отыз жыл артта қалыпты-ау. Әлі есімде Мұқағали ағамыздың 60 жылдық мерейтойына орай Орекең туған Тегістік ауылында өткен айтыста мынанадай қызық болған:

Айтыстың қыр-сырын әбден меңгеріп алған Оразалы мені жан-жағымнан орағытып, қыспаққа алып бара жатыр. Бір мүдірсем жеңілейін деп тұрмын. Сондағы тапқан амалым ғой. Орекеңе сұрақ қойып сүріндірмек болдым. Ол мынау еді:

Оқыдым өлең-жырын жастайымнан,
Жарқырап күнім шықсын аспанымнан.
Мұқаңды шын сүйетін шәкірт болсаң,
Жатқа айтшы «Ильич» атты дастанынан.

Ойлағанымдай-ақ Оразға жасаған ұрымтал тұсым осы болды. Мұқаңның біраз жырын жатқа білгенімен «Ильич» поэмасын жаттамайтыны бесенеден белгілі. Аудандық айтысқа келген сайын Оразбен айтысатынымды білемін. Осы жолы да жұптасып қалған жағдайда бой бермей бара жатса деп алдын ала дайындап қойған қулығым еді, несін жасырайын?

Орекең үзінді айта алмағаннан кейін домбырамды орындыққа сүйеп қойып, орнымнан тұрып, поэма оқып кеткенімді қайтерсіз? Елдің бәрі менің қылығыма қыран-топан күлкіге қарық болып, дүркірете қол соғып жіберді. Сөйтіп, ақындар айтысын күтпеген жерден поэзия кешіне айналдырып жібергенімнің арқасында бір ұпаймен Ораздан озып, бірінші орын алдым.

Жүлде тапсырып тұрғанда Еркін ағам осы әдісіме ерекше тоқталды. «Айтыс та спорттың бір түрі. Қалай қорғанам десең де өз еркіңде. Жұматай «Ильич» поэмасын жатқа айту арқылы айласын асырды. Бұл да тапқырлық. Мен сол үшін бір ұпай артық қойдым», – дегені әлі күнге құлағымда тұр.

Қанша жерден тапқырлық дегенімізбен балалық басым болып тұр-ау осы жерде. «Атамекен», «Райымбек, Райымбек» поэмасынан сұрасам әлдеқайда қанымызға да, жанымызға да жақын дүние ғой. Әй, балалық-ай. Кейін ойласам, Төлегеннің сыртынан оқ атқан Бекежандай қиянат жасаппын-ау Оразалыға. Айтыс үстінде өлең оқы дегенім көпе-көрнеу қастандық қой.

Бұл уақытта ұстазы Хасенәлі Саматыровпен бірге қырғыз ағайындарға дейін барып, айтыстың қыр-сырын толық меңгерген Орекеңе жүлденің таңсық емес екенін біліп, енді шығып келе жатқан менің сағым сынбасын деп бағалаған Ерекемнің айласы менікінен де мықты болыпты ғой.

Кейін студент болып, Алматыға кеттік. Жұмыс бабымен Талдықорғанға тұрақтадым. Облыс орталығы талды қалаға келгеннен кейін ауданмен тікелей байланыс орнап, қалада да, аудан да жиі кездесіп жүрдік. Облыс орталығында өтетін ауданның мәдениет күндерінде жылда Алтынкүл әпкемді ертіп, келіп тұратын. Әр келген сайын «Нарынқол қашан өз алдына аудан орталығы болады. Ел шетін иесіз қалдырмаңдар», – деп әкімнің алдына талай мәрте сұрақты төтесінен қойғанын көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Аудан орталығы қайта жанданғанын көрмегенімен, ақын арманы орындалып, қазіргі таңда Нарынқолдың тамырына қан жүгіріп, шегара шебіндегі еңселі елге айналып келеді.

Өмірінің соңғы кезінде Бақыт екеуміз айтыскер ақын Балғынбек Имашевті, журналист, қазіргі таңда «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаевты, басқа да бір топ қаламгер бауырларымызды ертіп, арнайы барып қайтқанбыз. Өмір сағатының соңғы сәттері соғып, төсек тартып жатса да тағдырына еш өкпесін артпай, ризашылығын білдіріп, әңгіме арасында ентігіп қалса да өлең оқып берді. Қашан кездессек те, Мұқағали ағасы жайлы бірауыз айтпаса әңгімесінің дәмі кірмейтін. Сол жолы да солай істеді: «Қай қазақ «ажалды» досым деп еді. Қандай ақын бар «Досым, ажал» деп жанын алайын деп тұрған ажалды дос санаған. Сұм ажал, аяусыз ажал, қатыгез ажал. Ажалды осылай ғана елестетеді былайғы жұрт. Ал менің Мұқағали ағам олай еткен жоқ:

Досым, ажал, болсаңшы кешірімді,
Сабыр етші, тауысайын несібімді.
Басталмаған ісім көп. Аялдашы!
Қақпашы тым ертерек есігімді.
(Алам десең, пендеңнің жаны дайын),
Тоқташы, тіршіліктен жалығайын.
Рақатқа белшемнен батпасам да,
Қалтам толы сорымнан арылайын,
– деп өзіне тән гүрілдеген дауысымен ағасының өлеңін оқып берді. Екі шумақтан кейін ентігіп барып тоқтады. «Сол Мұқағалидың досы қазір мені айналшықтап жүр. Ағам айтқандай «алам десең пендеңнің жаны дайын» деп жатырмын балаларым», – деп жан сырын ақтарып еді марқұм.

Бұл біздің соңғы кездесуіміз болатын. Көп өтпей ауыл жақтан қаралы хабар келді. Іссапарда жүріп, топырақ салуға бара алмадым. Жылдық асын Бақыт досым екеуміз жүргіздік. Еркін елдің еркесі болған Еркін ағам жайлы елі тек жақсы жағынан ғана еске алады. Өйткені, біз білетін Еркін Ібітанов біреуді жек көріп, біреуге кектеніп көрген жан емес. Соңғы сапарға шығарып салардағы имамның: «Жақсы адам ба еді?» деген сауалына дүйім жұрттың «Жақсы адам еді» деп шын ниетімен айтқаны рас. Алла тағала, Еркін ақынды мәңгі өмірде де жақсы адамдардың қатарында болуын нәсіп ете гөр!

Жұматай ӘМІРЕЕВ