КӨЛЕМІ 100 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖЕТТІ: ОРМАННАН ҚОРҒАН ЖАСАҒАН

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 1282
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Елбасының ел астанасын ауыстыратын сәті есімізде. 1994 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымында астананы ауыстыру жөнінде сөз болды. Ол кезде төраға Әбіш Кекілбайұлы еді. Елбасы астананы қоныстандыру жөнінде көптеген аргументтерді келтіре келе Ақмола қаласына көшіруді ұсынды. Әрине, ол кезде қарсылық білдірушілер де көп болды.  Экономиканың өзі шатқайақтап тұрғаны да тілге тиек етілді, тек сол сәтте ашық айтылмаған әңгіме ол – ұлттық мәселе болды.

Жалпы Одақтас елдерден бөлініп кеткеннен кейін бізді ел болады  деп есептейтіндердің саны өте аз еді. «Жері кең болғанымен халқының саны аз» деген сөздер де айтылды. Әсіресе, жергілікті халықтың саны қырық пайыздан аспайтыны  өзімізді де қатты аландататын еді. Айналамызда сондай сенімсіздік болғаннан кейін қорқыныштың да орын алатыны анық. Сол сәттегі Елбасының қорқынышы еліміздің солтүстіктегі аймақтары болды. Оған себеп те бар. Патшалық Ресейдің кезінен, тіптен, әрірек Сталыпин заманынан бері қарай орыстандыру жүйесі жүрген өңірдің жерін сақтап, қайта қазақыландыру мақсаты тұрды. Кеңесте қарсы болғандарға Елбасы: «Алдарыңа туған күнімде келіп тұрмын ғой, соған жасаған сыйларың осы болсын», – депті. «Жуық маңда іске асатын жоспар емес қой әлі де бұл мәселе  талай пысықталатын шығар. Сол үшін  келісім берсек берейік», – деген уәжге келіпті.  
Арада үш жыл өткен соң астананы Алматыдан Ақмолаға көшіретін сәт туды. Бұл 1997 жылдың жаз айы еді, ол кезде мен қос палаталы  Парламент Мәжілісінің 1-шақырылымының депутаты едім. Егемен елдің жаңа астанасына көшті бастаған көлік және коммуникация, ауылшаруашылығы мен экология министрліктері болды. Осы аталған үш министрлік орналасқаннан кейін басқада министрліктерді, басшылықты толық Ақмолаға көшіру жөнінде шешім шығып, Президенттің жиын өткізетін үлкен залыңда ауқымды жиналыс өтті. Сол жиында еліміздің ұлттық рәміздерін салтанатты түрде жаңа астанамыз Ақмолаға алып бару, орналастыру міндеті сол кездегі қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаевқа жүктелді. Бұл мезет сол залда болған қазақстандықтар үшін жан тебірентетін кезең деуге болады.  Әлі есімде, сол кезде Елбасы төрде бір топ республика басшылығымен тұрды. Жүзі бір қуарып, бір бозарып, бір қызарып, бір сұрланады. Алаңдап тұрғаны білінді. Бір мемлекеттің астанасын бір қиырдан, екінші қиырға апарып орналастыру оңай емес. Сондағы Президенттің үлкен жауапкершілікті толқынысын көрдім, яғни, қандай жүкті мойнына алып тұрғанын өзі де анық сезінді ғой деп ойлаймын. Негізінде Елбасымыз – нағыз батыр адам. Сол кездегі шешімнің ұлттық мәселе жөніндегі дұрыстығы бұл күнде айқын дәлелденуде.
Бас қаламыздың әр тасына дейін жоспарлы түрде қойылып, әр кірпіші өлшеніп қаланған. Оны білетінім, 2004 жылы ауылшаруашылығы министрлігінің орман және аң шаруашылығы Комитетіне төраға болып қызмет істегенде Елбасының бастамасымен Елорданың айналасындағы орманды салуға тікелей атсалыстым. Сол уақытта 43 мың гектар болған екпе орманның көлемі бүгінде 100 мың гектарға жетті және Елордадан шығатын алты бағыттағы жолдың бойына ағаш отырғызу басталды. Кезінде Ақмола қаласының өзінде қарағаш, терек, жиде тағы басқа 3-4 ағаштың түрі ғана өсетін. Бүгінде қаланың іші де, сырты да түрлі ағашқа толы. Канадалық технология арқылы жеті-сегіз жылдық қарағай текті ағаштарды  отырғызу кеңінен  дамыды. 
Ұшақтан қарасаңыз бас қаламызды қоршап жатқан орман біресе оңға, біресе солға қиғашынан орналасқан. Ол тікелей жел қалаға  соқпау үшін әрі желді ұстап қалуға бағытталған. Жиі реттілікпен егілгеннен кейін әдемі көрінеді. Жеміс-жидектің алуан түрі отырғызылды. Аң-құстардың басым көпшілігі өздігінен келіп орманды паналады және оларды қолдан толықтыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінде астаналықтар үшін бұл екпе ормандар тамаша демалыс орындарына және жеміс-жидек жинайтын астаналықтардың сүйікті жеріне айналды. Сонымен қатар спортпен айналысатын жастар үшін таптырмайтын орын болып табылады. 
Бірде елімізге кезекті іссапармен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин келді. Елордамыздың шетіндегі орманды көріп, қызыққаны сондай Елбасымыздан жөн-жобасын, жоспарын сұрапты. Нұрсұлтан Әбішұлынан тікелей тапсырма алып, бір түннің ішінде сырты терімен қапталған екпелі орман егіудің Сарыарқа жазығындағы технологиясы мен әдістемеліктері көрсетілген кітап даярлап жасап шықтық. Ішінде қандай ағаштарды қалай отырғызғанымызды, аң-құстарды қолдан қалай жібергеніміз жөнінде де жаздық. Путиннің қызығушылығын оятқан – Сарыарқаның жазық даладасындағы қалың ну орман өсірудің  өзіндік ерекшеліктері. Технологиясын алып қарасақ, құры жердің өзін дайындауға төрт жыл уақыт кетеді. Жердің бетінде 20 см, 30 см, тіпті кейде 40 см-ге дейін қара топырақ (гумус қабаты). Ал оның астында бір-екі елідей карбанат тұз қабаты бар. Кей ағаштардың өспей қалатыны да содан. Немесе тамыры осал болғандықтан қатты бір жел, дауыл соққанда құлап жатады. Ал жаңа технология бойынша жерді 70-80 см-ге дейін плантажды соқа арқылы өңдегенде тұздар үгітіледі де көктемде қар ерігенде, жаңбырдың суымен езіліп төмен қарай кетеді. Содан барып көшеттер отырғызылады, жоғары күтім жасалады. Елбасы сол орманды жылына бір-екі рет тексеріп, демалып кететін. Жас көшеттің түбінде артық өсіп кеткен шөпке дейін назардан тыс қалмайтын. Сол жерде жұмыс істейіндердің көбінің  есімін жатқа білетін Нұрсұлтан Әбішұлының алғырлығы, шешендігі, жол тауып кететіндігі, батылдығы, тәуекелшілдігі өз биігін айқындап тұратын. Елордамызбен қатар облыс, аудан орталықтары да  дамыды. Оған күн санап көркейіп келе жатқан облыс орталығы Талдықорған мен Жетісу жеріндегі елді-мекендер дәлел.    
Елбасымыздың бағасын болашақ береді және әр ісі аңыз болып айтылады.  

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы
Сурет ғаламтордан алынды