"ЕС БІЛГЕННЕН ДОМБЫРАҒА ӘУЕС БОЛДЫМ": ӨНЕРЛІ ЖІГІТТІҢ ӨМІРІ ҮЛГІ

Уақыты: 14.07.2020
Оқылды: 2355
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жігітке жетпіс өнер де аз» деген. Соның дәлелі – Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің студенті Жәнібек Мақатанның аспаптарда шебер ойнап қана қоймай, оларды өз қолымен жасайтындығы. Оған біз де Жәнібектің шеберханасында болған кезде көз жеткіздік.

Шеберханада жасалып жатқан бұйымдардан шебер жігіттің қолтаңбасын тануға болады. Бір бұрышта саздың иісі мүңкіген сазсырнайлар, енді бір бұрышында жаңадан жасалған сыбызғылар  – ынта мен еңбектің белгісіндей. Жастайынан-ақ өнерлі  болып өскен Жәнібектің музыкаға деген бейімділігі туралы сұрап көрдік. 
– Ата-анамның айтуы бойынша, бала кезімде радиодан берілген ән-күйлерді тапжылмай отырып тыңдайды екенмін. Ес біле бастағаннан домбыраға әуес болдым. Жалпы, ата-әжем, әке-шешем, бәрі де өнерге жақын адамдар. Бірі домбыра тартса, бірі ән айтады. Осындай отбасында өскендіктен болар, музыкаға деген сүйіспеншілігім ерекше болды, – дейді өнерлі жігіт.
Жәнібек домбыра, шертер, барпыт, басқа да бірнеше ішекті аспапта ойнайды. «Әр аспаптың орны мен үшін бөлек. Алайда, жаныма ең жақыны – өзіміздің қара домбырамыз. Домбыра болмаса, өнер жолына түсер ме едім, бұл аспаптардың сырын меңгере алар ма едім», – дейді. 
Бұдан басқа сыбызғы, сазсырнай, құссайрауық, суағаш, дабыл сынды аспаптарды өзі жасап, қол-өнердегі тәжірибесін кеңейтуде. Колледж қабырғасында негізгі білімді беріп, қолдап жүретін Айбол Құдайбергенов пен Дамир Абашев, сыбызғы мен сазсырнай жасаудың қыр-сырын үйреткен Әсет Шахмағамбетов пен Азамат Бақия секілді өзіне үлгі тұтар ұстаздарына алғысы шексіз. 
Бүгінде шеберлік сырын меңгеріп жүрген жас жігіт сазсырнай аспабының жасалу жолдарымен де бөлісті.
– «Сазсырнай» деп аты айтып тұрғандай, негізгі материалы – табиғи саз-балшық. Қазіргі таңда бұл аспапты жасаудың екі түрлі әдісі бар. Біріншісі, ата-бабамыздан қалған көне түрі – қолмен жасау. Ал екіншісі – заманауи түрі. Яғни, сазды қалыпқа құйып, жұмыртқа тәріздес пішінін келтіріп, дыбыс ойықтарын жасаған соң екі жақты жабыстыру арқылы іске асады. Жұмсақ жерге қойып, 3-4 күн кептіру қажет. Қалыпқа сазды салған сәтте ішінде ауа қалып қалмауын қадағалау керек. Әйтпесе, кептіру барысында сазсырнайымыз жарылып, сынып кетуі мүмкін. Кепкен соң ыстық пешке күйдіреміз. Осылай әсем әуенді сазсырнайымыз дайын болады», – деп түсіндірді. 
Басқа да жетістіктерін айтатын болсақ, Жәнібек өзі сүйіп тыңдайтын «HasSak» этно-фольклорлық тобымен өткен жылы «Мәңгілік Елдің мәңгілік сарыны» атты халықаралық фестивальда бір сахнада өнер көрсеткен болатын. Қазір де сол ансамбльдің жетекшісі Ержан Жаменкеев ашқан «QFS-қазақ фольклорлық мектебінде» сыбызғы аспабынан білім алуда. Әркімнің қолынан келмейтін көмеймен ән салу өнерін де меңгеріп алған өнерлі жастың елімізге танымал топтың  мойындап, қатарына қосуы да осындай талпынысының арқасы екені сөзсіз.
– «Өнер жолы – қиын жол» демекші, осы өнердің биік шыңынан көріну үшін аянбай еңбек ету керек. Бұл менің айқын мақсатым. Қазақтың көне аспаптарын жасау жолдарын меңгеріп, кейінгі ұрпаққа насихаттағым келеді», – дейді арманшыл жігіт Жәнібек.  
  Бұл өмірде әр адамның өз арман-мақсаты болады. Оған жету жолында көптеген кедергіден өтесің, талай сын естисің. Тек соған төзіп, қиындығына мойымау керек. Өмірде алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Біз де Жәнібекке осынау қиын жолда төзімділік пен табандылық  тілейміз. Жүрегінде өнерге деген шексіз махаббатты тоғыстырған жастың еліміздің мақтанышына айналар азамат боларына кәміл сенеміз.

Талшын Өмірзақ,
Талдықорған саз колледжінің студенті