"10 НЕМІСТІ ЖАЙРАТЫП САЛДЫ": "КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ" АТАҒЫН АЛМАҒАН ҚАЗАҚ

Уақыты: 15.07.2020
Оқылды: 1709
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біз соғысты көрген жоқпыз. Біз дегеніміз – соғыстан кейінгі уақытта туған майдангерлердің ұрпақтары. Сұм соғысты көрмесек те, оның салқынын сезініп өстік. Бір шыбықты ат қылып мініп, бірін қылыш етіп, «жауға шабатын» кезімізден бастап, кеңес жауынгерлерін көріп, сол ерлердің істеріне сүйсініп ержеттік. Ал әрбір ауылда сол қырғыннан аман келген майдангер ағаларымыз ерекше құрметке бөленетін.

Соғыстан бір қолмен келген, еңгезердей, үнемі күлімдеп жүретін Мамырбай Сабырбаев атамыз сол бір қолымен домбыра тартатын. Соғысты украин жерінде аяқтаған Тоқтау Райымбеков ағамыз сегіз ұлының біреуінің есімін, өзі соғысқан Украинадағы таудың атымен Карпат қойып еді. Өзінің білімділігінің, орыс тілін меңгеріп алғанының арқасында лейтенант атағын алған, кеудесіне «Қызыл Ту» орденін жарқыратып тағатын Шәкен Дариянов атамызды жұрт ерекше сыйлайтын. Бір аяғын берген Омарқан, бір қолын ұрыс даласында қалдырған Төлеген, бір көзінен айырылған Мырзағали аталарымыздың жеңімпаз кеңес әскерінің жауынгері болғаны ешқандай айғақсыз көрініп тұрушы еді. Түрлі кездесуге шақырғанда осы кісілердің қатарында Ақсу, Сарқан аудандарында ел басқарған, тау тұлғалы Темірғали Жөнкебаев, әскери китель мен галифе киіп, сымдай тартылып жүретін Әлімжан Салықжанов, математиканы жетік біліп, зеңбірекші болған Жұмаділ Мұхамадиев, Сталин-градты қорғаған Кенжехан Құтымов, Құдайберген Уақбаев, тағы басқа да от кешіп келген соғыс ардагерлері жастарға естелік әңгімелерін қызықтырып айтушы еді. Сол кезде, кейбірде елеусіз қалып қоятын, кездесуге аса көп шақырыла бермейтін, шақырылмаса өкпелемейтін, көп сөйлемейтін Оразиман Бабиков деген атамыздың да майдангер екенін білуші едік. 
Оразиман ата, тіпті өзінің баласы Алтыбай: «Әке, соғыс туралы әңгіме айтыңызшы, қандай батырлық жасадыңыз» деп сұраса, «Е-е, қайтесіңдер оны, талай жас жігіттердің көз алдымызда мерт болғанын ұмытпаймын. Әйтеуір, бір Алланың арқасында тірі келдік, көрмегенді көрдік қой, сендер оны көрмей-ақ, естімей-ақ қойыңдар» деп әңгімені тоқтатып тастайтын. Соғыста алған медальдарын да, сол кездегі құжаттарын да елуінші жылдары жоғалтып алған. Біз көргенде ол кісі, туысқан қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың кейіпкері, өзі сияқты майдангер Танабай тәрізді, ат арбамен, ауыл етегіндегі суы мөлдір Басқан өзенінен жергілікті аурухана мен балалар бақшасына 5-6 фляг суын апара жататын. Хош, сонымен ол кісінің дүние салғанына да отыз жылдай уақыт өткенде, соғыс құжаттарын архивтерден іздестірген «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында қоғам қайраткері Б. Әбдіғалиұлының, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен осы марапат берілмеген, 133 қазақстандық майдангер турасында жазылған «Ұмытылған қаһармандар» кітабында, Оразиман атамыздың шын мәнінде нағыз батыр болғанын нақты деректермен айғақтап берді. Соғыс кезіндегі әскери құжаттарды жариялаған Ресейдің ғаламтор кеңістігінде мынадай деректер, тайға таңба басқандай сақталып тұр.
Марапаттау қағазы
Бабиков Оразиман, қатардағы гвардия жауынгері, І Украина майданының 4-Танк Армиясы, 6-гвардия механикаландырылған Қызыл Тулы Львов корпусы, 17-Суворов бригадасы, 2-мото атқыштар батальонының атқышы.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады.
Туған жылы – 1895 жыл. Ұлты – қазақ.
Майданға 1943 жылы 15 маусымда алынған.
Жараланғаны: 30 тамыз 1944 жыл, 21 қаңтар 1945 жыл.
Әскер қатарына Алматы облысы, Ақсу аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған.
Бабиков Оразиман 1943 жылы 15 маусымнан бастап, неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысып, ерлік пен салқынқандылық, қайсарлық үлгісін көрсете білді. 1945 жылдың 24 қаңтарында, Жоғарғы командованиенің, ең маңызды су бөгеті – орталық Германиядағы Одер өзенінің қарсы бетіне өтіп, жаудың бекінісін басып алу бұйрығын орындау мақсатында, қарша бораған автомат және пулемет оғының және авиацияның бомбалауының астында, қолда бар жүзу құралдарымен өзеннің батыс жағалауына өтіп, бірінші болып табан тірегендердің қатарында болды. Өзеннің қарсы бетінде жағалауға бекіну кезінде жаудың өршеленіп автоматтан және пулеметтен оқ жаудырып қарсыласқанына қарамастан Бабиков жолдас, өлімге басын тігіп жүріп, жауға бірінші болып ұмтылып, автоматымен атып, 10 немісті жайратып салды, қол гранатасымен қарсыластың тағы да 3 солдатының көзін жойды. Одан соң, алдыға қарай әр метр сайын шайқаса жүріп Бабиков жолдас Кебен пунктін басып алуға және бригада мен армияның басқа әскерлерін өткелден өтуіне плацдарм қамтамасыз етуге қатысты. Бабиков жолдас осы ұрыста өзі де ауыр жарақат алып, емделуге жіберілді.
Одер өзенінен өту және батыс жағалауында плацдарм басып алу кезіндегі ерлігі мен батылдығы, жеке басының батырлығы үшін О. Бабиков жолдас «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруге лайық. 
2-мотоатқыштар батальон командирі, гвардия аға лейтенанты Чернобреев. 
 29 қаңтар 1945 жыл.
Ерлік ұмытылмақ емес. Сол себепті осындай ерен ерлік танытқан батырларды кейінгі ұрпаққа дәріптесек артық болмас. Оразиман Бабиков қазіргі Сарқан ауданының Көкөзек ауылында қарапайым отбасында туған. Өзінен кейін Намазиман атты бауыры болған, ол соғыста қайтыс болған. Нақты туған жылы белгісіз, құжаттарда 1898, 1903, 1904 жылдар аталады. Майданға 1943 жылы алынған. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де ауылда сол кездегі кеңестік, ұжымдық шаруашылықтарда қатардағы жұмысшы болған. 1956 жылдары Ақсу ауданының Қаракөз ауылына қоныс аударған. Сол ауылда еңбек жолында жүріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Майлысары Мархабайқызы анамызбен отбасын құрып, ауылда ел қатарлы, тату тәтті, ғұмыр кешкен. Бұл отбасында ұрыс-керіс тұрмақ, жай дауыс көтеріп сөйлеу деген болмаушы еді. Ұлы Алтыбай және келіні Гүлжанның қолында тұрып, немерелерінің қызығын көріп, дүниеден өтті. Ол кісінің Қызыл империя тұсында атеистік көзқарас үстем болып, елдің бәрі құдайсыз болып кеткенде қасиетті Құран кітабын сол кездегі қоржын тамның төбесі, дөдегеге тығып ұстап, жасырын түрде намаз оқығанын да кейін естідік. Екінің бірінің қолынан келмейтін ерлігінің бірі осы деп білеміз.
Осы бес-алты жолға сыйып кететін өмірбаян деректері ол кісінің шын мәнінде қандай шоқтығы биік тұлға, қайсар жүректі батыр, нағыз ерлерге тән салқынқанды, асқан төзімділік иесі болғанын көрсете алмас. Шын мәнінде бұрынғы Қабанбай, Бөгенбай батырлар сияқты, даңқты бабаларымыздың ізін жалғастырушы нағыз ер болғанын, кеш те болса біліп отырмыз. Ол кісі орта бойлы, шағын денелі адам еді. Бірақ, «батырлық білекте емес, жүректе» деген сөз бар. Ол кісінің өмір бойында ешбір жанға, тіпті өзінің жары мен баласына да ерлігі, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын айтпағанының өзі де түсінген адамға үлкен ой салады. Қазақтың қайсар ұлдарының бірі Қасым Қайсенов өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде: «Мен сол сұм соғыста жүзден астам неміс солдатын және офицерін о дүниеге өз қолыммен аттандырдым, олардың ішінде нағыз фашист болғаны да, соғысқа еріксіз түрде барған қарапайым жұмысшы да, жап-жас бозбала да, жасы үлкені де болды. Мен ана жаққа барғанда олардың шыққан жаны үшін жауап беремін. Сол ойлар маған ауыр тиіп жүр», – деп күңіренгені бар еді. Осы тәріздес ойлар біздің Оразиман атамызда да болған шығар, сол себепті ешқашан, ешкімге тіс жармаған-ау деп ойлаймыз. Ол кісі майдангерлерге берілетін, тиісті өкіметтің сый-сияпатын да ешқашан, ешкімнен сұрамаған екен, өзінің қан майданнан тірі қайтқанын олжа санап, Отан алдындағы парызын өтегенін бұлдамаған.
Сол себепті бүгінгі бейбіт және мамыражай күндерімізге жеткізген көзсіз батырлардың қатарында өз борышын абыроймен атқарған жерлесіміз, қарапайым қазақ жауынгері Оразиман Бабиковтың да Отан алдындағы ерлігі ұмытылмай, кеш те болса ескерілсе дейміз. Осы орайда көзі тірісінде көрмеген, лайықты мақтауын және марапатын алуына, ерлігінің халық ішінде, әсіресе, болашақ иесі – жастар арасында жан-жақты насихатталуына жоғары жақтағы басшылар септігін тигізсе екен деген тілегіміз бар.

Тәңірберген МУХАМАДИЕВ
Қаракөз ауылы,
Ақсу ауданы