ЕРЛІК САПАРЫНАН ОРАЛҒАН ЖОҚ: "БӘРІ ДЕ МАЙДАН ҮШІН!"

Уақыты: 18.07.2020
Оқылды: 1460
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды» деген өлеңінің мағынасы терең. Ол сөз – алдыңғы толқын, аға буынның қызметіне берілген уақыттың бағасы. Өйткені кешегі кезең – бүгінгі күннің негізі. Оның бәрі тарихқа аян. Еңбегін халқына арнаған ардагерлерді айтқанда, ойымызға облыстың Құрметті азаматы Бешен Доғалов қарияның есімі оралады.

Қазір ол кісі сексен жастың сеңгіріне шықты. Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетті. Өнегелі өмір жолын ұрпағына үлгі етті. Мәуелі бәйтеректей бұтақтарын кеңге жайды. Ата келбетіне қарап отырып жылдар қойнауына еніп кетесіз, шежіре сырларға көз саласыз.
Бешен атамыз дүниеге келген 1940 жыл ерекше күреңітіп тұрды. Ызғарлы демін ішіне тартып, бір сұмдықты күткендей көңілдерді күпті еткен. Қат-қабат қиындықтардан арылмаған қазақ тағы да тіксінді. Қазан төңкерісі, азамат соғысы, ашаршылық, одан кейінгі сталиндік зобалаң елді есеңгіреткен еді. Жұрт тыныс алуға мүмкіндік беретін тыныштықты іздеген. Бірақ, әлемде екінші дүниежүзілік соғыстың басталғаны, оның өрті жан-жаққа жайылып келе жатқаны жақсылықтың нышаны болмады. 1941 жылғы 22 маусымда неміс фашистері Кеңес одағының шегарасын бұзып кіріп, алапатты бастады.
Міне, Бешен атамыздың өмірбаяны осылай өрбіді. Есін білмей жатып оның әкесі мен ағалары майданға аттанып бара жатқан еді. Солардың көбі ерлік сапарынан оралған жоқ, сүйегі майдан даласында қалды. Бір жапырақ «қара қағаз» боздақтардың жаназасына айналды. Бешеннің алғаш естіген әні – жесірлер мен жетімдердің аңырап жылаған қайғылы дауысы еді.
Ол үлде мен бүлдеге оранған жоқ. «Бәрі де майдан үшін!» деп таң атқаннан күн батқанша бір тынбайтын анасының арқасында таңулы жүрді. Таңдайы кепті, төбесінен күн өтті. Қос басында ұйықтап, шаң-топыраққа аунап өсті. Қатал өмірдің талқысында осылай шынықты.
Ол ерте есейді. Сондықтан айналасына мән беріп үлкен кісілерше қарауды үйренді. Ойсыраған дүниенің орнын қалай толтырсақ деп ойланды. Отан қорғау жолында шейіт болған әкелердің асыл аманатын қалай орындаудың амалын іздеді. Тірі қалып, қатарға қосылғандары үшін сол бір боздақтардың аруағына мәңгілік қарыздар секілденетін. Осы міндеттерді қайыспай арқалады. Сол үшін сабақты жақсы оқып білім іздеді. Ерінбей еңбек етіп, адалдықтан айнымауға тырысты. Басқалар секілді Бешеннің анасы да халық қағидаларын ұлының құлағына құйды. 
1958 жылы орта мектепті аяқтап, қолына кәмелеттік аттестат алған қуанышты күн ешқашан есінен кеткен емес. Ерекше шабыттанды, шаттанды. Оның құжатына қараған ағайындар Бешенге риза болып, зор сенім артты. Себебі, жас түлектің аттестаты жақсы бағаларға толы болатын.
– Алайда, бір жыл ауылда қала тұруды жөн көрдім. Елде жұмыс күші жетіспеді, дереу кетіп қалуға дәтім шыдамады. Екіншіден, оқу үшін қаражат керек. Өз күнімді өзім көретіндей қор жинауға тура келді. Сөйтіп, қара жұмысқа бел шеше кірістім. Ойлаған жоспарларымды ақырындап жүзеге асырдым. Ертеңгі күнгі емтихандарға да үзбей дайындалдым. Ұмтылған адам барлығына үлгереді.1959 жылы Талғар қаласына келіп, ондағы ауылшаруашылығы техникумының зоотехникалық бөліміне студент болып қабылдандым. Мұндағы сабақтың бәрі тек орыс тілінде жүреді екен. Қазақ ешкімнен кем емес дейтін намыс бойымды кернеді. Соның арқасында қиындықтарды еңсердім, – деп Бешен ақсақал өткенді оймен бір шолып, жалынды жастығын сағынышпен еске алады.
1962 жылы оқу бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын Шелек өңіріндегі «Қызылжиде» кеңшарынан бастады. Бешеннің сондағы байқағаны – оқу бір бөлек, ал ауылдағы тәжірибе басқаша екен. Бәрін жан-жақты сараптай отырып, екеуін ойдағыдай үйлестірді. Содан кейін қолға алған істері ақырындап бір арнаға түсті. Малшылар да жас зоотехникті жақсы көріп, асыға күтетін. Ойлары бір жерден шығатын. «Қайсыбір мамандар кітапқа жазылғанға ғана иек артып қисынсыз тапсырма береді. Ол жерде «Қызылжиденің» жағдайы жазылмаған ғой. Жалпылама нұсқаулар кейде жергілікті талапқа сәйкес келмейді. Сондай қыжалаттың бәрінен Бешен құтқарды. Оның тапсырмасы өте түсінікті, сөздері құлағымызға майдай жағатын. Бұдан кейін бәрі өз орнына келетін», – дейді екен шаруашылық малшылары Бешен Доғалов туралы.
Егер көпшілік ұнатса, басшылар қолдаса – ер азаматтың бағы жанады емес пе?! Жыл аяғына жетпей Бешен Доғалов білдей бір бөлімшенің меңгерушісі атанды. Бөлімше деген – күрделі құрылым, шаруашылықтың ішіндегі шаруашылық. Зоотехник бір салаға – мал шаруашылығына ғана жауап берсе, меңгерушіге көп нәрсе тиеселі. Техника да, құрылыс та, тіпті бөлімшенің ішкі әлеуметтік жағдайы да оның назарынан тыс қалмауға тиісті. Осының бәрін ойдағыдай атқарды. Алдына келген ауыл тұрғындарының меселін қайтармайтын. Барлық мәселелер оң шешімін тапты. Меңгеруші мен қалың бұқараның тіл табысуы үлкен жетістіктерге ұласты. Бұл жайындағы жақсы жаңалықтар аудан басшыларының да құлағына жетіп жатты.
Іскерлікті дамытты. Жас маман өндірістен қол үзбей жүріп Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын да бітіріп, жоғары білімге қол жеткізді. Оның пайдасы көп тиді. 1973 жылы ауылдан кеткен бозбала енді өзінің туған жеріне яғни, «Таусүгір» қой кеңшарына партия комитетінің хатшысы болып оралды. Бүгінгі оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, партия комитетінің хатшысы деген – шаруашылық директорымен терезесі тең тұлға. Тіпті, кейде саяси жағынан бастықтың үстінен қарайтын мүмкіндіктері болған.
Партком хатшысы шаруашылықтың дамуына мол үлес қосты. Әсіресе, ауыл мәдениетінің, ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың түйіндерін түбегейлі шешуге тырысты. Барлығы ауыл тұрғындарының талабына сай болуы ерекше ескерілді. Жергілікті кәсіподақ, комсомол ұйымдарына қамқорлық көрсетті. Өз заманының жауапты тапсырмаларын орындай отырып, кеңшар жұмысшыларының мүддесі үшін барын салып қызмет етті.
Жан-жақты шыңдалған, ысылған кадрды енді үлкен деңгейдегі сынақтар күтіп тұрған еді. Бешен Доғалов 1981 жылы «Таусүгір» кеңшарына директор болып тағайындалды. Шаруашылықтың негізгі саласы – қой өсіру болатын. Ал Бешен болса бұл іске ежелден қанық, барлық мәселелерді бес саусағындай біледі. Бәрі көкірегінде сайрап тұр. Енді уақыт талабына сай кешенді әрекеттерді батыл қолға алуға кірісті.
Соның бір-екі мысалына тоқталайық. Ең алдымен еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін түзеуге баса көңіл бөлді. Барлығын баспанамен қамтамасыз етті. Ауылдың көркіндей болып ақшаңқан еңселі үйлер бой көтерді. Жарқыраған Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Түрлі үйірмелер жанданып, жастар өнерпаздыққа бетбұрды. Жергілікті спорт командалары қалыптасты. Ауыл кітапханасының оқырманы көбейді. Соңғы үлгіге сай келісті мектеп салынды. Гараж, монша, демалыс орындары, мұндай тізімді жалғастырып айта беруге болады. Сол жылдар таусүгірліктер үшін кемел кезең болды десек, оның ақиқатын осындағы үлкен-кіші түгелдей біледі.
Көпшілік пікірінің жиынтығындай етіп, Бешен қарияның өзі секілді шаруашылық басқарған замандасы, ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер Бұрхан Сабыровтың сөзіне назар салайық: «Бешен алғыр басшы, білікті маман болды. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы бәрімізді сүйіндіретін. Өзіне деген берік сенімі, білімі мен тәжірибесі оны үнемі биіктерге көтерді» деп баға берген екен.
Сол жылдары малшы үйлері, мал қоралары түгелдей жаңарды. Төрт түлік бұрын-соңды болмаған өсімге жетті. 90 мың қой, 7 мың ірі қара, 5 мың жылқы Таусүгірдің өрісіне толды. Оған егістік алқаптарды, бау-бақшаны, көкөністерді қосыңыз. Осының арқасында шаруашылық пайдаға шаш етектен кенелді.
Кеңшар жарыс жеңімпазы атанып республикалық ауыспалы Қызыл Туды иеленді. Ал кеңшар директоры Бешен Доғалов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталды. Бұл марапат республиканың ордені деп есептелетін. Сегіз мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Компартияның 28-ші съезіне делегат болды. Мұның бәрі өз заманының лайықты азаматына арнаған сый-сияпаты еді.
Ал ең үлкен бақыты Несібелі апамыз. Екеуі қол ұстасып тату-тәтті, бақытты өмір сүріп келеді. Несібелі – кешегі «Алаш» партиясының мүшесі болған, ұлт қайраткері Садық Аманжоловтың шөбересі. Солай болғанын апамыздың өзі де, ұрпақтары да әрқашан мақтанышпен айтады. 
Бүгінде «Таусүгір» орта мектебі Садық Аманжоловтың есімімен аталады. Несібелі апа асылдың сынығы екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеген жан. Атасының рухы қонған мектепте ұзақ жылдар ұстаздық етті. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, олардың бойына ұлтжандылық қасиетті сіңірді. 
Бешен ата мен Несібелі апамыз қазақ отбасының өнегесін баршаға тәлім етіп көрсетті. Балалары білімді азамат болуымен қатар, ұлттық салт-дәстүрдің қағидаларын берік сақтап өсті. 
Бешен атамыздың ұл-қыздары Бауыржан, Жазира, Әйгерім, Кәмшаттар әке үмітін ақтады. Бауыржан – Тескенсу ауылдық округінің әкімі. Жазира – Алматы қаласы бойынша жылжымайтын мүлік басқармасының білікті қызметкері, Әйгерім – Алматы қаласы Алмалы ауданының сотында жұмыс істейді. Ал Кәмшат – кәсіпкер. Немере-шөберелері де ата даңқына сай болып ержетті. Нұрсұлтан мен Нұрәлі – заң саласында қызмет етеді. Айғаным жоғары оқу орнының студенті. Серік пен Әнел мектеп оқушылары.
Бешен ата 1996-2007 жылдар аралығында нарықтық экономиканың талабына сай «Айсұлтан» жеке шаруашылығын ұйымдастырды. Тағы да айналасына ағайын-жұртты топтастырды. Біріне жөн көрсетті, екіншісіне жол сілтеді. Өзінің өмірлік тәжірибесін үнемі жерлестерімен бөлісіп отырды.
Ауылдан шыққан фермерлердің аяқ алысына алабөтен қуанды. Мал өнімдерін қалай сатудың, оны қалай өңдеудің жолын бірігіп іздестірді. Бір сөзбен айтқанда, ешқашан қол қусырып қарап отырған жоқ. Істің басында, ел-жұртының қасында бола білді. Өмірдің әрбір белесіндегі қиындықтарды жеңіп, қызығына кенелді.
Көпті көрген қария сексен жасқа толды. Бүгінгі жаңа ұрпақ, жас толқын Бешен Доғалов атасына құрметпен қарайды. Олар үлкен жолға шығарда міндетті түрде ардагер қариядан бата сұрайды. Бәрі сол кісідей еңбек етіп, өмір сүрсек деп армандайды. Егер, бақыт деген не дейтін сұрақ қойылса, оның жауабы ретінде Бешен атамыздың өнегелі өмір жолын көрсетер едік.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы