"ТАҒЫ БІР ЖҰЛДЫЗ КЕЛІП ҚОСЫЛДЫ": ӘМИНА АДАЙХАННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ШОЛУ

Уақыты: 26.07.2020
Оқылды: 2059
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Оқырмандармен болып тұратын кездесу кештерінде ақындарға: «Өлеңді қалай жазасыз? Өлең деген қалай дүниеге келеді?» деген сауал жиі қойылады. Бұл сұраққа әркімнің өз жауабы, жеке пайымы болуы мүмкін.  Бірі еңбек пен ізденудің нәтижесінде туады десе, екіншісі ақындықты тәңірдің жеке адамға берген сыйы деп түсінеді. Қалай болғанда да өлең сезім мен қиялдың тоқайласар тұсында жүрек лүпілі мен сананың сағынышынан ақ қағазға ақтарылып түсер лағыл жыр екені анық. 

Ұлы Мұқағали: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта!» деп адамзаттың ақыл-ойы шеше алмаған жұмбақ құбылысты екі ауыз сөзбен түйіндейді. Ал, талантты ақын ініміз Ерлан Жүніс:
Өлең қалай жазыларын айт дейсің,
Жанның қандай назы барын айт дейсің?
Алапат от жүрегімді аяздай,
Қарығанда өлең жазбай қайт дейсің?!
– деп құдіретті поэзияның тылсымын өз таным-түйсігі тұрғысында толғайды. Яғни,  жүрегін алапат от аяздай қарығанда өлең туатынын меңзейді. Бір-біріне жанаспайтын ұғымдарды кісендеп әкеліп матағанда қаншалықты әсерлі де әсем дүние туатынын сөзсіз мойындатып тұрған жоқ па?!
Ақын, өнерпаздарын тал бесігінде тербеген жер жаннаты  Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорған жаныма жақын, жүрегіме ыстық. Бүгіндері мұнда қазақ поэзиясына олжа салар дарынды қыз-жігіттердің жарқын шоғыры қалыптасқан. Жол түсіп барғанда жанымнан табылып, өлең-жырдың көмбесіне жолыққандай күй кешкен сәттерім аз болған жоқ. Санамды сағыныш билегенде орайын тауып сапарлап қайтуға асығып тұратыным да сондықтан.
Сондай бір сапарда Әмина Адайхан деген ақын қарындасым өзінің тырнақалды туындысын ұсынған болатын. «Қанатты хаттар» деп аталатын өлеңдер жинағын тұшына әрі сүйсіне оқып шыққанымды алдымен айтқым келеді. 
Әлгінде айтқан: «Өлең қалай дүниеге келеді?» деген ойға осы кітапты оқу барысында тағы бір оралғанымды несіне жасырайын? Неге дейсіздер ғой? Онда өлеңге кезек берейік:
...«Ай аспанда күліп тұр»
деп мың бір сын,
Айтатұғын күн құрсын.
Жалғыздықтан жер бетіне жете алмай,
Жылап тұр ма, кім білсін?

Пендесіндей бір кінәлі фәнидің,
Жүз қариды шағи мұң.
Сығалайды пана сұрап тұрғандай
Пердесінен әр үйдің...

Тіршіліктің қамымен жан-жарын алысқа аттандырып, екі сәбиімен үйде қалған жап-жас келіншекте басқа мұң қалмағандай, аспандағы айда несі бар деп те ойлауыңыз мүмкін. Десе де ұшы-қиыры жоқ аспанды жұлдыздармен бөлісе мекендеген Ай-ару – Әминаның өзі болуы да мүмкін ғой. Жанына жақын адамына қолы жетпей, жүзін шағи  мұңға қарытып, әр үйдің терезесінен сығалатып қойған тағдырдың мұңын басқа кімге айтар едіңіз? Айтқаныңмен түсінеді ме?! Ал, көктегі ай сені тыңдауға да, мұңыңды бөлісуге де әзір. Осыдан кейін:
«Айды күнге ғашық» дейді ал біреу,
Жүздестірмес таң жүдеу.
Жұлдыздарды елең қылмай жерге ұзақ,
Телміргені мәнділеу...
– (7-бет)
дейді келесі шумақта. Сонда ғой, ай жерге ғашық па, әлде күнге ұмтылады ма деп ойлануыңыз ғажап емес. Осыны сұрағың келеді. Дегенмен, сенің де жүрегіңде, көңіліңнің өзіңе де беймәлім терең бір қалтарысында Әмина айтқан ойдың  жасырынып жатқанын іштей ұғынасың. Мойындайсың...
«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады!» дейді сол Мұқаң. Демек, өлең өлкесіне қадам басқан әрбір талапкер айналып өте алмайтын мәңгілік бекет – махаббат бекетінің от пен суға кезек салып, ширықтырып алатыны заңдылық. 
Жастықтың үлесі – алаулап жану. Жас шағыңда жанбасаң ұлғайғанда  қоламтадай бықсымасыңа кім кепіл?  Ал, махаббат деген ең алдымен – мұң. «Мұң бар жерде поэзия бар!..» дегенде Дидро осыны меңзесе керек. Әминаның поэзиясында да осы бір нәзік мұң үнемі сені алға жетелеп отырады:
...Өмір бізге мұңынан енші бөлді,
Мұң болса да тәп-тәтті, соны ұғамыз...

 – дей келіп:
Қоштасамыз, аңсаймыз, сенделеміз,
Бір бақытқа жете алмай шерленеміз.
Айдынына басқаның қона алмай жүр,
Сенің тамшы мұңыңа шөлдеген қыз,
– деп жалғастырады.
Немесе:
Шаттық кетіп, жүрегіме мұң батты,
Сағынам ғой, сағынамын тым қатты.
Сағынышым жаралаған жүрегі,
Көкжиекті қан-жоса ғып күн батты...

...Сен жоқ кезде қалай жүргем бұрындар,
Ей, елестер, мазамды алмай құрыңдар.
Ұшқан бақтың қауырсыны сияқты,
Үлпілдеген титтей ғана мұңым бар, 
Шын ғашықпын...
Жанарымнан ұғыңдар!
(38-бет).
Осы шумақтардағы «мұң» сөзі ақынның көңіл күйімен қатар оның сағынышы мен сезімін де әйгілеп тұрған жоқ па? Сол сағыныштан жараланып қан-жоса қалпында көкжиекке батқан күн,  құстың емес, бақтың қауырсынындай үлпілдеп ұшқан мұң  ақынның қиял әлемінің тұңғиықтығын ғана емес, сонымен бірге көңіл көркемдігін де айдай әлемге паш етеді.
«Қанатты хаттарды» парақтай отырып, әлгінде айтқан махаббат бекеті Әмина поэзиясының алтын тұғырына айналғандай әсерден арылмайтыныңыз анық. Қараңыз:
Неткен тәтті еріндегі отты өбу,
Удай ащы өзегіңді өрт керу.
Өліп-өшіп сүйгеніңді ұмытып,
Бір-ақ сәтте жек көру...

...Ерлан ақынның біз келтірген жалғыз шумағындағы жүрегін аяздай қарыған алапат от осы жерде тағы да атой салады. Отты өбу, өзегіңді өрт керу, сүйе тұрып жек көру – қайшылық емес деп кім айта алады?! Сөйтеді де тағы бір өлеңінде:
Тым алыс арманды алып кет,
Әлекке кетесің салып көп.
Келмеші маңыма, болмаса
Мәңгілік жанымда қалып кет!...

Жанымды күйдіріп жиі, аға,
Ұшасың асығыс ұяңа.
Бір бақыт күтіп тұр біздерді,
Бірақ ол қол жетпес қияда...
– деп тебіренеді.  
(41-ші бет). 
Егер бақытың қол жетпес қияда емес, қиналмай алатын таяқ тастам жерде болса оның қадірі болушы ма еді?! Жан дүниеңді азапқа салып, қайғы мен мұңды қатар жұттырмаса ақынға шерленіп өлең жазғызар ма еді?! Міне, мұң деген дүниенің құдіреті осында...
Ғашықтық сезімі адамды өзімшіл ете-ді.  Себебі, оның басты кредосы – мен сені жақсы көремін. Сондықтан сен менікі ғана болуға тиіссің! Басқаша болуы мүмкін емес! Бозбала мен бойжеткенді жан азабына салып, қолына қалам алғызатын құдіретті махаббаттың талай жанның поэзияға қадам басуына түрткі болғаны да тарихтан белгілі. 
Бір қарағанда, махаббат сезімі туралы барлық дүниенің айтылып болғандай көрінетіні бар. Алайда әр ақын оны өзінше жырлайды, осыған дейін саған беймәлім жаңа бір қырынан айшықтай түседі. Оқып отырып: «Япырай, мынау менің басымнан кешкен күй ғой! Мұны мен неге жазбағанмын?!», – деп әрі-сәрі күй кешетінің ақиқат. «Сен менікі ғанасың» (43-бет) атты өлеңінде Әмина:
Мұңым, күнім, өзге емессің – өзіңсің,
Махаббатым тек саяңда көз ілсін.
Менікісің, менен басқа қыздардың,
Бәрі саған еркек болып көрінсін.
..–
дей келіп:
Сұлуларға сұғыңды әсте қадама,
Жұм көзіңді, мойын бұрып қарама.
Қордың қызы қолын бұлғап тұрса да,
Мендей емес, жай біреу деп бағала.

Қызғаныштан айналады күйікке ой,
Айтқанымды жүрегіңе түйіп қой.
Салыстырма ешкіммен де, өтінем,
Салыстырсаң мені әрқашан биік қой!
– деп толғайды.
Біздің түсінік-түйсігімізде қазақтың қыздары ұяң, ұятты, өздерінің ынтық сезімдерін жария етпей, жасырын ұстайды деген пікір қалыптасқан. Махаббатты жырлағанда тұспалдап, жанамалап жеткізуге тырысатындарын аңғарып жүрміз. Сондықтан Әминаның ғашықтық жырларын оқи отырып ақын қыздың батылдығына, турашылдығына тәнті боласың. Мысалы:
Өз ойына өзі жүрген масайып,
Аптығыңды, жүрек, қалай басайық?
Жүрек сүйсе сүйініңдер, адамдар,
Тақпаңдаршы бос айып...
(25-бет)
және де:
Білем, жаным,
үйірсекпін отқа тым,
Үнсіз сүйген сезімімде кетті ақым.
Ұнатпасаң үндемей-ақ жүре бер,
«Жек көрем!» – деп айқайлауға жоқ қақың...
(45-бет)
Немесе:
Құстар әнін салып беріп нетүрлі,
Самал сүйді саябақта бетімді.
Бағаланбас махаббаттан қашанда,
Сағынышым артығырақ секілді...
(52-бет) – деп келетін сиқырлы шумақтар оқырманын бейжай қалдырмасы анық. Ғашығы – ақын қыздың ойдан шығарып алған кейіпкері болуы да мүмкін. Алайда, сезімінің шынайы, шумағының шұрайлы екенінде дау жоқ.
160 беттен тұратын жыр жинағының кез келген парағын ашып оқи жөнелсеңіз, адам жанының терең иірімдерін дөп басып, оны астарлы оймен, сұлу сөзбен, нақышты ұйқаспен көмкере жырлаған ақынның шеберлігі мен дарынына сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Ендеше, Жетісу ақындарының қалың шоғырына тағы бір жарқын жұлдыз келіп қосылды десек, қателесе қоймаймыз. Сәт сапар, Әмина ақын!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ