ПРЕЗИДЕНТТІҢ АТАСЫ: ТОҚАЙДЫҢ ҚАЙ ЖЕРДЕ КӨЗ ЖҰМҒАНЫН ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1632
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Тоқай – тағдыр», сен неткен ауыр едің,
Тұлпар едің, шығарды жауыр етіп.
Әйелің мен қызыңнан айырылғанда,
Қос ұлыңның болғаны тәуір еді, – деп жырлапты атыраулық ақын Таңатар Дәрелұлы.

Мен ақынның бұл пікіріне іштей қарсы шықтым. Фрунзе-Бішкек қаласындағы жалдамалы үйлеріне 1933 жылдың сол бір күнінде Тоқай атаның қос ұлы – Кемел мен Қасым базардан оралмапты. Оралғанда өліп жатқан анасын, тірідей отқа түсіп жанып кеткен қарындасын, қайғыдан бас көтере алмаған әкесі Тоқайды көрер еді. Жас жеткіншектердің жүрегі бұл қасіретті көтере алмас та еді. Аштықта милиция патрулінің жетімдер деп Кемел мен Қасымды дәл сол күні алып кеткені жөн болды деп ойлаймын. Мұны мен Алланың шапағаты деп бағаладым. Өйткені нұрлы болашақтың бастауы еді.

Кейіннен екеуі Шымкент мырыш зауытының жанындағы жетім балаларға арналған интернатқа алынды ғой. Мектепте оқып, кәмелеттік аттестат алды. Білім көкжиегіне жол ашылды. Өз жерінде, өз елінде балаларды Отаны – Қазақ Елі бауырына басты. Ана болып құшағына алды.

Тоқай ата қос ұлының алапат аштықтан бас сауғалап, шетелге – Қытайға кетпей, туған жерде қалғанын қалаған еді. Ол белгісіз жаққа кеткен жоқ. Қызы тірідей ошақта жанып, соны көрген зайыбы қайтыс болып, қос ұлы жоғалып, жападан-жалғыз қалған соң туған жерінен бір уыс топырақ бұйырсын деп Қазақ еліне бет алған. Қай жерде көз жұмғанын ешкім білмейді.

Білетінім: рухы – Жетісуда, ұлы бабасы Жолбарыс ата жерленген қасиетті Қаратал өлкесінде екені даусыз. Кәлпе ауылында, ата-бабасының туған жерінде, кіндік қаны тамған мекенжайдың нұрлы аспанында мәңгілік арманның ақ құсы болып ұшып жүрген шығар. Өйткені, Тоқай ата – туған жерінің жүрегінде әлі.

Голощекиннің сол кезеңдегі теріс саясатынан туындаған аштықтың азабы мен тозағы әлі де аға буын жерлестерінің өзегін өртейді. Тіпті, сол қасірет кейінгі жас ұрпаққа аманат болып қалды. Сондықтан мен Шәміл Әбілтаевтың «ТОҚАЙ – ТАҒДЫР» атты күй шығарып, өнерден ескерткіш қойғанына таңғалмаймын. Таңатар ақын да өлеңімен өмір соққысын өріпті. Ал бізде ше? Тоқай атаның қайғылы тағдыры туған жерінде аңыз болып айтылады, сыр болып шертіледі, жыр болып жазылады.

ӘЛҚИССА. 2020 жылдың 25 қаңтарындағы «Жетісудың» №10 санында «Тоқай – тағдыр» атты мақала жарияланды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай осы аттас күй шығарыпты. Атыраулық ақын, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлы осы аттас толғау жазыпты. Сөйтіп, домбыраның қос ішегіндей қос туынды Кемел Тоқайұлының туған жерінің төл басылымы, қазақ баспасөзінің атасы облыстық «Жетісу» газетінде басылды.

Басқаларды білмеймін, содан бері өзегім өртеніп, жүрегіме шоқ түскендей күйдемін. Тоқай жерлесіміз – Кемел ағаның туған әкесі. Қаратал ауданының Кәлпе ауылында туған. Жазушы көзі тірісінде туған жеріне келіп, жұртшылықпен талай рет жүздескен. Әулиелер Ескелді, Балпық, Жолбарыс аталарымыздың басына барып, Құран оқытып, рухына тағзым етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та президенттік сайлау алдында Талдықорғанға сапармен келіп, Қараталға - әулиелер рухына тағзым етті, Кемел Тоқаев атындағы шағын саябақты аралады. Сөйтіп бабаларының атамекеніне құрмет білдірді.

Детектив жанрының негізін қалаған жазушы Кемел Тоқаевтың қаламынан туған «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Көмескі із», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ» кітаптарын, «Сарғабанда болған оқиғаны», Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғауын» оқыған едім. Бірақ Шәміл Әбілтайдың «Тоқай – тағдыр» күйін тыңдамаппын. Аудандық кітапханадан жазушы Кемел Тоқаевтың жаңадан шыққан шығармалар жинағының 5-ші томын алып, «Әке туралы толғауды» қайтадан бірнеше рет оқып, өзегім өртеніп, көзіме жас оралды. Жаным жай таппаған соң мен де қолыма қалам алып, 2 қазан – Кемел ағаның туған күні қарсаңында оқырмандарыммен ой бөліскім келді.

Түндік жауып құлатты 
             мұржасын да,
Жайратты аштық кедейін, 
                   мырзасын да.
Қан жауғызған қазақтың қасіреті,
Пайымдасаң Тоқайдың бір басында,
– деп жырлайды ақын Таңатар бауырым.

Иә, бұл оқиға бір әулеттің ғана емес, бар қазақтың басында болған ғой.

Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғауынан» оқырмандарға үзінді ұсынайын:

«Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкейдің туған жері – Алматы облысының (бұрынғы Талдықорған облысы) Қаратал ауданы, Кәлпе ауылы. Әкейдің отбасы адалдығымен, өнегелі тәрбиесімен, әрі қайырымды және ұлттық салт-дәстүрді берік ұстануымен ауылдастарының құрметіне бөленген. Алайда әкейдің барлық жақын туған-туыстарының тағдыры сол бір сұрапыл кезеңнің тарихи оқиғалары салдарынан қасіретті қайғыға ұшырады.

1927 жылы БКП(б)-ның XV съезінде елде ауылшаруашылығын ұжымдастыру науқанын жүргізу туралы шешім қабылданады. Бұл шешім бүкіл елдегі ауылда тұратындарға өзінің қасіретті салдарын ала келді. Әсіресе Қазақстан мен Украинаның тұрғындары орасан зардап шекті. Осы науқанда ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан қазақтар құрбандыққа шалынды. Оларды өз еркінен тыс колхоздарға кіргізіп, қолындағы малынан айырды.

Сөйтіп, бір сәтте тіршілік көзінен ажыраған халық Кремльден төнген қара түнек қатер алдында дәрменсіз күй кешеді. Мәскеудің Қазақстандағы қол шоқпары, Лениннің және оның жақтастарының тапсырмасын «асқан тиянақтылықпен орындап», Ресей патшасының отбасын тып-типыл қырған большевик көшбасшылардың бірі – Голощекин-тұғын. Патша әулетінің қанын мойнына жүктеген Голощекин ХХ ғасырдың басында Орта Азиядағы ең ірі этносты құраған қазақтардың ішіндегі жылт еткен еркін ойшылдықты да өлермен жауыздықпен жаныштады. Совет өкіметіне қарсы келгендердің барлығын бұрын-соңды әлем тарихында кездеспеген жойқын репрессияға ұшыратты. Кінәсіз адамдар құрбандыққа шалынды. Олардың қатарында Кемел Тоқаевтың да жақын туыстары бар еді.

Алдындағы барынан айрылған менің атам аштан өлмес үшін туған жерді тастап кетуге бел буады. Мал-жанынан айырылған қазақтардың көбісі Қытай жағына қоныс аударатын. Алайда атам, әкейдің айтуынша, ол жаққа барудан бас тартады. «Жат жерде өмір сүру әулетке әлдеқайда ауыр тиеді және ең бастысы – Отанмен, туған-туыстармен байланыс ажырап қалады» деп түйген (неткен көрегендік!). Сондықтан отбасы кеңесе келе қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін кесепатты кезең өткенше өлмеудің қамын жасап, Фрунзе қаласына барып тірлік етуге тоқтаған. Қазақ отбасын паналатқан қожайынның есімі Яков бірден Жақыпқа айналады. Бішкекке барғаннан екі жыл өткен соң әжем кедейшіліктің тауқыметі, әрі адам төзбес өмірдің жағдайы қосылып, оның үстіне суық тиіп, сал ауруына ұшырайды. Атама аяулы жарының науқасы үлкен соққы болып тиеді. Иә, қасірет үйді айналып өтпеді. Бұл 1933 жыл еді. Ол ең ауыр жыл еді. Аштыққа ұшырап, күн сайын жүздеген мың адам көз жұмып жатты.

Қожайынның үйінде жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде атам еңбегіне алған ескі етікті нанға айырбастауға қала базарына барады. Әкей де ағасы Қасыммен бірге ашқұрсаққа талғажу іздеп, қалаға шығып кетеді. Жолда оларды қаңғыбас балаларды жинап жүрген милиция патрулі тоқтатады. Нашар киінген балаларды жетімдер деп ойлаған милиционерлер оларды күшпен арбаға отырғызады. Балалардың «біз қаңғыбас емеспіз, әке-шешеміз бар» деген сөздеріне милиционерлер құлақ аспайды. Олардың бірі қарсыласа берсеңдер, құдыққа тастаймыз деп қорқытыпты. Осыдан кейін балалар тынышталып, тағдырдың дегеніне мойынсұнып, үндемей қалған. Бір сағаттан соң оларды балалар қабылдайтын жерде құжаттарын шұғыл рәсімдегеннен кейін балалар үйіне апарады. Осылайша әкей аз ғана ғұмыры қалған әке-шешесінен көзі тірісінде-ақ жетім қалған», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғауында» (Кемел Тоқаев, 5-ші том. 190 бет).

Иә, сол күні Тоқай атаның зайыбы кішкентай қызымен үйде қалады. Кішкентай қыз жылыну үшін пештің қасында ойнап отырады. Кенет аяғы тайып кетіп, отқа түседі де жана бастайды. Сал болып жатқан ана оны көзімен көріп, тірідей өртеніп жатқан қызына қол ұшын бере алмай бірнеше минутта жан тапсырады.

Яков пен Тоқай ата жүгіріп келгенде қасіретті көріністен қатты шошынады да, Яков пешке су құйып, қыздың жанып кеткен денесін алып шығады. Атай болса тізерлеп, жан тапсырған әжеден кешірім сұрайды. Жығылғанға жұдырық болып, екі ұлы Қасым мен Кемел де үйге оралмапты. Біреулер оларды арбаға салып алып кеткенін айтады. Тоқай ата ұлдарын қылмыскерлер не құл иеленушілер алып кетті деп ойлайды. Сол кезде мұндай оқиға көбейген екен. Қызы мен анасын жерлеп, балаларын жоғалтқаннан кейін Тоқай ата өмірдің мәні жоғын түйсініп, екі баланың бірі аман келсе қол ұшын бер деп Жақыпқа аманат тапсырады да, белгісіз жаққа аттанып кетеді. Содан кейін оны ешкім көрмепті. Міне, тағдыр дегеніңіз!

Бірақ ҚҰДІРЕТ Тоқаевтар әулетін шапағатынан құралақан қалдырмаған екен. Қасым мен Кемел балалар үйінен Шымкенттегі мырыш зауыты жанындағы жетім балаларға арналған интернатқа ауысады. Орта білім алып, екеуі де кәмелеттік аттестатқа қол жеткізеді. Кейіннен жазушы Кемел Тоқаев интернатқа түскенін жолым болды деп санапты. Шынында да ол интернатта аштықтан құтылды және орта білімге қол жеткізді ғой. Бұл Алланың мейірімімен жүзеге асқан шапағат болар.

«Оның әкесі де, шешесі де сол балалар үйі, сол мемлекет еді. Ол кісі бар жақсылықты мемлекеттен көрді. Отанның ұлы болып ер жетті. Әкей үшін Отан деген ұғым бәрінен жоғары тұратын. Билікке қатысы бар кейбір адамдарға қатты ренжісе де, туған жері мен елінің қасиетіне ешқашан күмән келтірген емес. Қазақстанның нағыз патриоты еді», - деп жазады жүрек сырында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Маңдайыңа ащы сор солай жазды,
Қайғы боран – қазбасты борай қазды.
Қай қуыста қалды екен қайран басың,
Табыттан да ауырсың «Тоқай – тағдыр».
Ащы шындық осқылар тиген жерді, 
Ойға оралтып жазықсыз күйгендерді.
Тоқай баба белгісіз кеткен болса, 
Қойдың, аға, ұмытылмас күймен белгі,
– деп жырлайды ақын. Шәміл Әбілтаевқа рахмет. Күймен ескерткіш тұрғызды.

Тоқай атаның туған жері – қасиетті Қаратал, Кәлпе ауылы еді. Елі жазушы Кемел Тоқайұлын көзі тірісінде қатты құрметтеді. Ол туған күн – мереке еді. Әлі де солай. «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму» газеттерінде мен 40 жылға жуық (1973-2012 жылдарда) бас редактор міндетін атқардым. Кеңес заманында да даңқты жерлестеріміздің туған күндерін баспасөзде атап өту дәстүрге айналған еді. Жерлесіміз Кемел ағаның туған күні – 2 қазанда жылма-жыл айқара бет шығарылатын. Жаңа шыққан кітаптары насихатталатын.

Елінің даңқын шығаратын да ерлері емес пе? Сөйтіп жерлестері Кемел Тоқаевпен үнемі рухани байланыста болдық. Жазушының өзі де атамекеніне тағзым етуді дәстүрге айналдырған еді. Соған айғақ болатын 2008 жылы жарияланған «Кемел кеңістігі» атты мақаладан үзінді келтірейін.

«1982 жылы күзде ауданға даңқты жазушы Кемел Тоқаев келді. Мерейжас сапары екен туған өлкеге. Аупарткомның үшінші хатшысы В.В.Ин екеуміз Кәлпе ауылына аттандық. Мектеп залы оқушыларға лық толы. Ине шаншар жер жоқ. Ауыл адамдары да жиналыпты. Кемел аға кездесуге зайыбы Тұраш апаны алып келіпті. Жылы лебіздер айтылып, оқушылар ақынның арнау өлеңін оқыды. Екеуі де қуанышты, жүздері нұрлы, туған жердің топырағы асқақ рух сыйлағандай өте көңілді отырды. Жиналғандар жазушының кітаптарын алып келіпті. Автограф жазып беруін асыға күтіп отырды. Совхоз директоры Анатолий Степанищев сол жолы жазушыға тұлпар сыйлап еді. Ағамыз оны ауыл адамының біріне сыйға тартты. Соңынан көңілді концерт қойылып, оқырмандар жазушы кітабына автограф – қолтаңба жаздырып, қоршап алып, ұзақ уақыт жібермеді. Артынан мерейтой дастарқаны жайылды». (Мәкен Өсербаева. «Дүние – керуен», 35 бет).

Енді ойласам, тағдыр маған ғажайып бақытты сәт сыйлапты. Сол жолы тарихи тұлғамен – Кемел Тоқаевпен жүздесіп, біраз сырлас та дәмдес болған екенмін. Мыңнан бір мезет екен ғой.

Кемел аға бауыры Қасым екеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қасым 1942 жылы ақпанда қанды шайқаста қайтыс болады. Ал Кемел Тоқаев танк полкімен бірге Белоруссияда, Украина мен Польшада болған. Сталинградты қорғауға қатысқан. Ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылы Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Поляк жерінде қатты жараланып, Берлинге жете алмай қалған. Ол жау жерінде жараланып, тұтқынға түспегені үшін Жаратушыға алғыс айтып өткен екен.

Елге екінші топтағы мүгедек болып оралған Кемел аға 1945 жылы КазМУ-ге филология факультетіне түсіп, оны бітіріп шығады. Сонан соң қаруды қаламға айырбастайды. Шытырман оқиғалы тың тақырыпқа кітаптар жазып, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалайды. Осы тақырыпта оннан аса кітап жазады. Чекистер өмірінен жазылған таңдаулы шығармаларға республика бойынша жарияланған бәйгені 4 рет жеңіп алып, 4 рет лауреат болған екен. Қазақ жазушыларынан Кемелден басқа мұндай атаққа ешкім ие болмапты.

Кейбір шығармалары үш-төрт реттен қайта басылып отырған. Мәселен «Көмескі із» повесі 4 рет, «Қастандық» повесі 4 рет, «Арнаулы тапсырма» повесі 3 рет қайта басылып, оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналған. Қазақстанда Кемел Тоқаевтан басқа туындылары қайта-қайта басылып, кең тараған жазушы жоқ екен. Соңына 15 шақты повесть, 3 роман қалдырған. Міне, мәңгілік мұра, өшпейтін із!

Өкінішке қарай, Кемел ағаға тағдыр сыйлаған ғұмыр ұзақ болмады. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63 жасында өмірден өтті. Мына қызықты қараңызшы. Өмір бойы милиция өмірінен шытырман оқиғалы кітаптар жазған жазушы тұп-тура Милиция қызметкерлерінің күнінде қайтыс болды. Бұл не? Жай ғана сәйкестік пе сонда?

1995 жылы республика үкіметінің шешімімен Үштөбе қаласындағы №1 орта мектебіне Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Мектеп директоры В.Г.Спиридонованың бастамасымен осы мектепте Кемел Тоқаевтың мұражайы ашылды.

2003 жылдың 31 тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі жазушының қоладан жасалған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Мұражайға әкесінің бағалы заттарын – бейбіт жылдарда алған ордендерін, медальдары тағылған пиджагін, кейбір құнды құжаттарын тапсырды. Ол ұстаздар мен оқушылар ұйымдастырған мерекелік бағдарламаны өте жоғары бағалаған еді.

2007 жылы желтоқсанда Үштөбе қаласында тағы бір рет болып, әкесі атындағы мектепте атқарылып жатқан ізгі шаралармен танысып, ризалық білдірді.

Ол ол ма, қазір аудан орталығында да жазушы атындағы шағын саябақ бар. Онда даңқты жерлесіміздің көрнекі мүсіні тұр. Бақ жақсы күтімге алынған. Айналасы жарық шамдармен безендірілген. Әрине, мұндай ізгі шаралардың бәріне аудандық газеттің қызметкерлері – біздер де атсалыстық. Ашылу салтанатына куә болдық. Десек те мұндай оқиғалардың құпиясы  мен тылсымдық құбылысы да болады екен.

Өмір бойы жерлес жазушы ағамыздың кітаптарын оқып, туған күнін аудандық газетте атап өтіп (мерекелік данасын жазушыға почтамен жіберіп тұрдық), шығармаларының насихатшысына айналған мен жазушы рухынан зейнетте сый аламын деп ойламаппын. Ол – жазушы есімімен аталатын жаңадан ашылған саябақ-сквер, тұп-тура мен тұратын үйдің іргесінде. Соның алдындағы жолға асфальт төселіп, биік-биік бағаналар қойылып, жап-жарық электр шамдары орнатылды. Түн болса тұйық көшеміз ай шұғыласындай нұрға шомылады.

Мен саябаққа барып, Кемел ағаның рухымен сырласамын. Осындай бір сәтте кәлпелік ардагерлердің бір арманы ойыма оралғаны (адамға ой салатын да Алла ғой). 1995 жылы Үштөбенің ең жақсы мектебіне Кемел Тоқаевтың есімі берілгенде кәлпелік ағайындар қатты үміттенді. Қанша дегенмен Тоқай атаның туған жеріне ұлы Кемел Тоқаевтың есімі сұранып тұр еді. Тоқсаныншы жылдардың қиындығынан болар, бұл үміт жүзеге аспай, арманға айналды. Бұл арманнан қол үзгісі келмеген патриот қариялар аудандық газетке өтініш жазып, жариялауды өтінген еді. Онда «Кәлпе ру аты ғой. Өкпелемес. Біздің совхозымызға жерлес жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілсе екен» деген тілек бар еді. Мен Кәлпенің ру аты екенін сонда білген едім.

Шынында, бұл заман талабынан туындаған өте орынды тілек еді. Нұрмолда атындағы кеңшар бар. Қанабек атындағы ауыл іргеде. Бикен Римова атындағы облыстық театр бар. Ендеше жетімдіктің азабын тартып, Отан азаттығын фашистерден қорғап, Жеңіске үлес қосқан Тоқай ата әулетінің ұрпақ жалғастығын қамтамасыз еткен, қазақ әдебиетінде тыңнан жол салып, жақсы кітаптар жазып, керемет даңққа бөленіп, зиялы ұрпақ тәрбиелеп, адам атын биік ұстаған жазушының есімі кіндік қаны тамған атамекеніне лайық еді!

Әттең-ай, ономастикалық комиссияға тапсырылған сол өтініштен ешқандай хабар-ошар болмады. Жуырда кәлпелік ардагер ағалардың бірі маған телефон соғып, арман-аманатты баспасөзде қайта көтеруді өтінді.

- Бүгін, ертең деп асықтырмаймыз. Коронавирусты да адамзат жеңер. Дағдарысқа ұшыраған ел экономикасы да өркендеп, өрге басар. Ең болмаса болашақта жерлестердің тілегі жүзеге асса деген қариялардың бірі бар, бірі жоқ қазір. Алдыңғы толқын ағалардың аманатын арқалап жүру оңай емес. Ол қараталдық қариялардың аңсаған арманы ғой, - деді.

Меніңше, Кәлпенің кеңес заманында да, еліміздің тәуелсіздік жылдарында да атының өзгермеуінде тылсымның құдіреті бар. Жерлесіміздің қос ұлы – Қасым мен Кемелдің нағыз қазақтар тұратын Шымкент қаласындағы мектеп-интернатында тәрбиеленуі де тегін емес. Екеуі де аштан өлмеді, көштен қалмады. Білім алып, ержетті.

Олай болса, Тоқай атамыздың Құдай жүзеге асырған арманы өз елінде, өз жерінде орындалды ғой. Ендеше кіндік қаны тамған атамекеніне – КӘЛПЕ ауылына Кемел Тоқаевтың есімі берілсе нұр үстіне нұр жаумай ма?! Бұл арман-аманат Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында жүзеге асса, еліне риза болған Тоқай ата рухы мәңгілікпен ұштаспай ма?! Атамекенге оралды, туған жердің бір уыс топырағы бұйырды деген осы емес пе?! Міне, бір үміт, бір арман!

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан