ЖАРКЕНТТЕ ГҮЛБАҚЫТ ҚАСЕННІҢ НӘЗІК ТЕ НАРКЕС ЖЫРЛАРЫ ОҚЫЛДЫ

Уақыты: 04.11.2020
Оқылды: 2036
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Нәзік те нәркес жырларымен жұртына танылған жетісулық ақын Гүлбақыт Қасеннің «Өлеңім – өмір айнасы» рухани жыр кеші өтті. Ақын туған атыраптағы Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде орын алған рухани шараға зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен сутденттер қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері Гүлбақыт Қасеннің аталмыш кеші Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Баян Саурамбаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз кезегінде ақын туралы ой-толғамдарын жеткізіп, шығармашылығы тұрғысында тебірене толғанды.

Рухани кеште ақынның «Жүрегімнің хаттары» және «Жүрегіңнің хаттары» атты ғашықтық жырлардан тұратын егіз кітабының тұсауы кесілді. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Алматы облысының, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, этногроф-ақын Әдепхан Төреханұлы, Халықаралық жазушылар және Композиторлар одағының мүшесі, Алматы облысының, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер Базархан Төреханұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, қаламгер Исламғали Үркімбайұлы, Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Баян Саурамбаева аталмыш жыр жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Әдепхан Төреханұлы ақын қызына ақ батасын берді.

Сыр-сұхбат негізінде өткен кештен келген қонақтар, жас оқырмандар үлкен өнеге, тәлімді-тәрбиенің үлгісін көріп, ақынның өзі оқыған өрнекті өлең жолдарынан өмірлік қағидаттарын қанаттандыратын мақсаткер шумақтарды байқады. Адамгершілік пен қарапайымдылықтың, іскерлік пен өнерді қатар алып жүрудің өзіндік жолдары қаншалықты үндесетінін көріп, ақынның шеберлігіне тәнті болды.

Өз кезегінде жастар ақынның жүрекжарды жырларын оқыды. Сонымен қатар, қаламгер өмірінен сыр шертетін бейнежазбалар көрсетілді.

Өнегесі өлең өрімен танылған, жауһар жырларымен жаныңды емдейтін ерекше талант иесіне жергілікті ақындар және оқу орнының ұстаздар қауымы ізгі тілектерін айтып, ыстық лебізін білдірді.

Кеш соңында «Кербез» вокалдық тобының әуезді әні, «Айжан қыз» халықтық би ансамблінің орындауындағы әсем билер ұсынылды.

«Уақыт жылдам

Әрбір сәтін бағамын...

Өткелдерді артқа тастап барамын.

Жолаушымын.

...өмір жолда із қалар,

Естелікті жырларымнан табамын», – деп ақынның өзі айтпақшы, Гүлбақыт Тоқтанқызы жыр қаламынан туған өлеңдерін сызылта оқып, көңілді көкжиекпен астастырғандай күйге бөледі. Кеш соңында колледж директоры ақынға құрмет көрсетіп, естелік картинасын табыс етті.

Нұршат ДИХАНБАЕВА,

Жаркент жоғары гумманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары

Алматы облысы