"НАШАР ОҚИДЫ ДЕГЕН БАЛА БОЛМАЙДЫ": АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 22.11.2020
Оқылды: 1474
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақбас шыңды Алатаудай биік, өмірде көргені мен көңілге түйгені мол қариялардың кеудесі расында да алтын сандық тәрізді. Аша қалсаң, ақыл-парасаттың жауһары шашылғандай сезінеріңіз хақ. Ал мамандығы мұғалім болса, бұл сезімнің, тіптен түрленіп, еселене түсері сөзсіз.

Жер жаннаты Жетісудың Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылында дүниеге келіп, өмірінің бар қызығы мен қиындығын осы өңірде өткерген Қабасов Мырзахан ата мен Смағұлова Мәншүк апамыздың жүріп өткен жолы жеті өзендей өрнектеліп жатыр. Жастық шақта қол ұстасқан қос мұғалімнің туған ауылының түлектеріне білім мен тәлім-тәрбие берудегі еңбектерін бұл күнде ел-жұрты зор мақтанышпен атайды. Ал кеуделерін білімнің жарық сәулесімен нұрландырып, биіктерге қанат қақтырған сан жүздеген шәкіртінің ыстық ықылас, ізгі тілектері шексіз.

Әр ұлттың өкілдері түтін түтеткен Қарабөгет ауылындағы орта мектептің табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерге алғашқы әріп танытып, қалам ұстатқан Мәншүк апайдың мейірімге толы аққұба жүзі мен сабырлы да салмақты кейпі сол шәкірттердің жанарында жатталғаны ақиқат.

Ауылдың айнасына айналған мектепте табан аудармастан 35 жыл еңбек еткен Мәншүк Бейсенқызы зейнетке шығар сәтінде Алматы қаласындағы №172 орта мектепте де ұстаздық етіп, тәлімге толы іс-тәжірибесін жас мамандардың бойына сіңіріп, басты бағдаршамына айнала білді. Сондықтан болар, көпті көрген ұлағатты ұстазды жас мамандар жиі төңіректеп, тәжірибесін сіңіріп қалуға тырысатын-ды.

- «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінгі тыныс-тіршілікті өзіміз өткерген кезеңдермен көбірек салыстырамыз ғой. Біздің уағымызда еңбектің бейнеті мол болатын. Таңмен таласа тұрып, мал сауып, от жағып, баланы жайғап, жұмысқа аттанатынбыз. Отбасы мен оқушы алдындағы жауапкершілік өте зор еді. Қырық жылдық тәжірибемде нашар оқиды, қабылдай алмайды деген баланы кезіктірмеппін. Біздің кезімізде әр баланың әріп танумен қатар адам болуына баса көңіл бөлінетін. Ол жолда уақытпен санаспай, қосымша оқытып жүріп, қатарға қосатын едік. Қазір бәрі керісінше, мұғалімге қосымша оқытқаны, артық уақыт шығындатқаны үшін ақы төлейді ата-ана. Үйірме атаулы түгел ақылы. Сонда да баланың санасына сіңіре алмай, толық үйрете алмай жататын жайттарды немерелерімнің дағдысынан байқап, біліп отырамын, – деген Мәншүк апа әлі күнгі ұстаздық етуден жалықпайтынын айтады. Үйдегі немерелерін оқытып, жетелеудің нәтижесінде алды "Алтын белгіге" бітірсе, артынан ілескендері жақсы оқуларымен ата-апаларын қуантуып келеді.

Оған мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған, сан жүздеген шәкіртіне математиканы меңгертіп, білім-ғылымға баулыған Мырзахан Қабасұлының да қосқан үлесі орасан зор дер едік. Жас буынды адамгершілікпен қатар тапқырлыққа, табандылыққа үйрететін математикалық есептердің шешімін табуы сынды өмірде де өз жолын тауып, кәсіптің көзін, еңбектің ебін таба білгенге құт қонатындығын тілге тиек еткен ардагер ұстаз Мырзахан атаның да өз дәуірінде қоғамдық істердің бел ортасынан табылып, әсіресе, ана тілге қатысты түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда табандылық танытқанын бір мақалада тарқатып шығу мүмкін емес.

Кеңестік кезеңнің шырмауынан шыққан ұлтымыздың ұпайын түгендеп, жоғалтқанын оңалту жолында турашылдықтан, талапшылдықтан танбауының арқасында өзі еңбек ететін Қарабөгеттегі А.Пушкин атындағы орта мектепке Шығыс ғұламасы әл-Фарабидің есімін облыста алғашқы болып алуына, ауыл ішіндегі орысша атауға ие бес көшені Ақын Сара, Тұрар Рысқұлов, Мұқан Төлебаев сынды ұлт мақтаныштарының атымен аталуына да аудандық қазақ тілі қоғамы бастауыш ұйымының төрағасы ретінде тікелей мұрындық бола білгені тарих қойнауында сайрап жатыр.

Сол жылдардағы облыстық, республикалық басылымдарға ел ішіндегі проблемалармен қатар жылт етпе жаңалықтарды арқау еткен мақалалары да көптеп жарияланып, сарғая сақталған.

Тәуелсіздік алып, ел мерейі асқақтаған тұста Мырзахан Қабасов ұстаздық ете жүріп, аудандық мәслихаттың депутаты ретінде ауыз толтырып айтарлық бірталай істер тындырады. Елге сіңірген ерен еңбектері еленіп, екі жыл бұрын Сарқан ауданының 90 жылдық мерейтойында Құрметті азаматы атануы соңын айғағы.

Балаларға математика пәнін тереңдеп түсіндіріп, есеп-қисап шығарудың жолдарын үйретуден жалықпаған жоғары санатты ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері М.Қабасов 2002 жылғы математикадан Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған тест жинағын құрастырушылардың бірі ретінде атсалысады. Сөйте жүріп, оқушылар мен студенттерге, мұғалімдерге көмекші құрал ретінде математикадан оқу құралдарын шығарып, өзіндік қолтаңбасын қылдырады.

Елімізде білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ұрпақ тәрбиесін жандандырып, жетілдіруде жан аянбай еңбек еткен қос қария Мырзахан атамыз бен Мәншүк апамыздың ұрпақтары да жоғары білім алып, өсіп-өніп, мерейлерін үстем етуде.

Бүгінде шаңырағын шаттыққа бөлеген бір қыз, төрт ұлдан оннан астам немере, 3 шөбере сүйіп отырған кеудесі алтын сандық қариялардың айтар әңгіме, шертер шежірелері де том-том кітапқа жүк боларлық. Олай болса, 70 жастың желкенін көтеретін ақсамайлы анаға ұрпақтарымен қатар шәкірттерінің де жаудырар алғысы айрықша.

Ұлбосын ИСАБЕК