ЕЛБАСЫ ТУҒАН ШАМАЛҒАН МЕН ТЕМІРТАУ АРАСЫ ТЕЛЕКӨПІРМЕН ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 04.12.2020
Оқылды: 1184
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тұңғыш Президент күніне орай «ZOOM» платформасы негізінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ туып-өскен Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылы мен еңбек жолы басталған Қарағанды облысы, Теміртау қаласы арасында бейнеконференция өтті.

Аталған шара Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасы бойынша жүзеге асырылғанын айта кету керек. Шамалғандағы Елбасының сыныптастары, замандастары және Теміртаудағы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге еңбек еткен әріптестері бас қосқан екі ғимарат та «Атамекен» деп аталғаны қызықты.

Бейнеконференция барысында Қарағанды облысының басшысы қатысушыларды атаулы күнмен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізсе, Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге оқып, қатар еңбек еткендер ол жайлы естеліктер айтып, Елбасының асыл қасиеттері турасында әңгімеледі. Қазақстанның тұңғыш Магниткасы саналатын Теміртау металлургия комбинатында еңбек еткен жылдар, кейін тәуелсіз елдің Президенті болғаннан кейінгі жасаған жақсылықтары мен көрсеткен жәрдемдері де әңгіме арқауына айналды.

Елбасының кіші Отаны саналатын Шамалғанда оның сыныптасы Күләш Әмірова мен Қарасайбатыр атындағы орта мектептің директоры Адиля Қоржымбаевалар теміртаулықтарға алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының балалық, жастық шағы жайлы бейнематериал ұсынды.

Байланыстың екінші жағындағылар Елбасы бастауыштан бастап тоғызыншы сыныпқа дейін білім алған бір кездегі Фурманов атындағы орта мектеп жайлы, алғашқы ұстазы Такура Исмаилова турасында, біртуар тұлға жайлы құнды деректер мен жәдігерлер жинақталған мектеп жанындағы «Шапағат» мұражайы жайлы көріп-білді. Күләш Сабанқұлқызы Елбасы- ның оқушы кезеңіндегі естеліктерін ортаға салса, Адиля Берікқызы мектептің бүгіні мен болашағы жайлы мағлұмат беріп өтті.

Осылайша, Шамалғаннан алыстағы қала тұрғындары Елбасының балалық, жастық шағы мен оқушы кезеңі туралы замандастарынан естіп-білуге мүмкіндік алды. Бұл бейнеконференция кең-байтақ Отанымыздың әр қиырында тұрып жатқан азаматтарға әлемдік өркениеттен өз орнын алған қазақ мемлекетінің ғана емес, әлемдік деңгейдегі айтулы қайраткердің өмірі мен қызметін жақсырақ білуге мүмкіндік туғызды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы