ЖАРАТУШЫ ЖҮРЕГІНЕ ЖЫР ҚҰЙҒАН: ТҰМАНБАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Уақыты: 14.12.2020
Оқылды: 1280
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Два чувства дивно близки нам,
– В них обретает сердце пищу
– Любовь к родному пепелищу,
Любовь к отеческим гробам.

А.С.ПУШКИН

Қазақ үшін өлең мен өмір қашанда егіз болған... Даланың өлеңсіз таңы атып, кеші өлеңсіз батпаған. Қазақ – қазақ болғалы өлеңсіз ғұмыр кешпеген... Бесігін жырмен бөлеп, жөргегін жырмен ораған, қуанышын жырмен құндақтап, қайғы-қасіретін де қамығып жырмен тербеткен елдің есті күні де, ессіз үні де өлеңмен, жырмен өрнектелген. Өлең мен сөзге, ән мен күйге әркез төрін ұсынуға қалыптасқан қара орман қазақ жұрты қай заман, қай ғасырда да қасиетті қара жердің үстіндегі бар өмірін сөзбен таразылап, сөзбен шешіп отырған. Көшпелі өркениет үшін қара сөз сөз атаулының сұлтаны болған да, ұлы Абайдың тілімен айтсақ, «өлең – сөздің патшасы» болған.

Көзі жұмылғанша қолынан қаламы түспеген, көңілін нұрға, жанын жырға балап, мына ұлы дүниені алғаусыз сүйіп:

Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,
Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.
Саған ғана арқамды мен сүйедім,
Саған ғана арқамды мен тіредім, –
деп жиырма беске жетер-жетпес шағында-ақ туған жері мен туған еліне деген ықылас-сезімін, ыстық махаббатын өз үнімен өзгеше өрген, ұлттық поэзиямызды өлшеусіз биіктерге көтерген көрікті жыр мен көркем ойдың дегдары, бекзат жырдың жаратушысы, тамыры кәрі тарихтың қойнау-қолтығында жатқан сол қадірлі де киелі «сөз патшалығының» аса көрнекті өкілі – қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев тірі болғанда осы көктем сексен бес жасқа толар еді...

Иә...

Тұмағаңды аз да, көп те жасады дей алмаймыз... Бұйырған жасын жасады. «Төлегенді, Мұқағалиды ойласам, өзімді көп жасаған қариядай сезінемін... Сағи кеткенде жүрегімнің бір тамыры үзілгендей болып еді. Қадыр бәріміздің кеудемізді қақыратып кетті ғой... Шіркін! Ажалды бір алдаса, Қадыр алдап кететін шығар... Қадыр ұзақ өмір сүретін шығар деуші едім...» дегені есімде. Құрдастың сөзін, сырластың сөзін, достың сағынышты үнін естігендей болып едім...

Қалай болғанда да Алланың маңдайына жазған кесімді мерзімін ақын төгіп-шашпай, «дүниеде өлеңнен өзге қызық жоқ» деген ұстанымының алтын баулы, ақ бұраулы қазығына байлап, бар саналы өмірін жырға арнап өтті. Өлеңнің алдында ары да, жаны да таза қалпы өтті...

Аламан-топыр мінезі мол кешегі жиырмасыншы ғасырда да, жаһандану дейтін жұмбағы мен сыры адам ойы мен санасына тізгін ұстата бермес қаталдық пен қатыгездік әлекедей жаланып, алты құрлықтың апшысын қуырған мына жиырма бірінші ғасырда да жыр жазу нағыз ерлікке, шынайы жанкештілікке айналып отырғаны жасырып-бүгер сыр емес. Өлең дейтін киелі де қасиетті қазынамыздың іргесі шайқалып, басынан алуан-алуан күй кешіп жатқаны жалпақ жұртқа мәлім. Құдай-ау, өлеңнің оқылуы, оқылмауы дейтін уақыт қалыптастырып отырған қиындық өз алдына, өлеңнің төрдегі алтын басын есікке сүйреген келесаулықтың онсан үлгісімен бетпе-бет келе бастадық емес пе?! Соның бірі – ақынсымақ дүмбілездердің шамадан тыс молайып, пісілі-шикілі дүниелерін кітап етіп шығарып, оқырманның да, көркем әдебиеттің де талғамын әлсіретуге жапа-тармағай жұмыс жасай бастағаны... Қадыр Мырзалы «Өлеңнің өлгенін көргім келмейді» десе, Тұманбай Молдағалиев осындай бір халтураның көзсіз шабуылына ренжіп отырып: «Өлмей, тірі жүрсең, сорақылықтың неше түрін көреді екенсің...», – деп қабаржып еді.

Қазақ жырының қайран қос дарабозы!

Екеуі егіліп отырып айтқан со бір қиындықпен алысып, біздің де самайымыз боз қырауға көмілген жоқ па? Халтура да, ақынсымақтар да дес берер емес. Оны мына «талғам», «таным» дейтін киелі ұғымдардың белін бүктіріп бара жатқан берісі өлеңдегі, әрісі ұлы көркемсөз кеңістігіндегі жүгенсіздік күн санап құтыртып барады.

Бұл – бір деңіз...

Екінші қиындық, Ақын жүрегін әбігерге салып, әдебиеттің арқасын аяздай қарыған көркем туындының оқырманға жетпеуі. Бәрін Жаһандану мен нарыққа итеріп саламыз... Бұл «итеру» – проблемадан қашу мен жалтарудың жолы!

Талғамы әлсіреген әлемнің таңын айыру – ұлт руханиятына жасалып жатқан беймәлім ұлы күштің жойқын шабуылының көрінісі... Ақын-жүрек соны сезбеді деп ешкім айта алмайды. Ақиқатпен бетпе-бет келген ақынның бір сәт те қолынан қаламын түсірмеуі, әрі-беріден соң әлгі «ұлы күшке» көрсеткен айбаты емес пе? Осыдан соң күндіз демей, түн демей, шабыттың жалыны мен өртіне оранып, оқырманының ой-төрінен шығар өміршең мінезді отты өлеңнің көрігін тынымсыз үрлеген жыр-жүрекке түсер ауыр салмақты қоса безбендеп көріңіз?! Ақынның көңілін аттай тулатып, көкірегін ормандай шулатып, жарық дүниеге шыққанша, тебінгі үзіп кетердей тарпаң мінез танытар нәзік те қайсар өлеңнің ыстығын суытпай, жыр жазуын, жас кездегі жалынын әлсіретпей, өлеңнің отына орануын тұғырынан таймаған ұлы дарынның көрінісі деуге тиіспіз. Тұманбай феноменінің төркінінде жатқан осы бір жыр-құбылыстың мінезін қазақ жыры мен қазақ рухани әлемінің байлығы демей көріңіз?!

Жүрек соға береді тозбағасын,
Күндерменен сен бірге қозғаласың...
– деп ақынның өзі айтпақшы, таңы бозарып атып, кеші қызарып бататын мына фәни-жалғанды – жер үсті мәңгілігін әр жұмырбас пенде өзінше оқиды, өзінше тоқиды. Жылау, күлу, қуану, қайғыру, шаттану, шалқу, жабырқау, ойлану, толғану тәрізді адамға ғана тән Тәңір иеміз тарту еткен қасиеттерді кімнің қалай сезінуі, қалай жыр етіп, құбылтып өруі нағыз ақынды ақынсымақтардан айыруға көмектеседі.

Шалқыған жыр мен өртенген өлең жолдары – соның сыртқа шығар айшықты белгісі. Шыр етіп дүниеге келген нәрестенің тал бесігі мен екінші бақилық ұлы дүниеге аттанар пенденің мәңгілік жер-бесігі аралығындағы адам баласының пешенесіне жазылған жарық дүние қызығына тоймау – өмір сүрудің ежелден келе жатқан мәңгілік салты. «Жүректен шығып, жүрекке жол табар» нағыз поэзия осыны сезінген тұста ғана туады. Сезімнің қыл пернелерін тербейтін қайталанбас жолдар, лирика жанрының табиғатын жарқыратып ашар, адам ойы мен қиялының ғажайып болмысын танытар қас қағым сәт ішіндегі сезім көріністері – сондай шынайы толқыныстың жемістері. Өз ойыңды өзгенің ойымен ұштастырып, өз сезіміңді өзгенің сезімімен табыстырып, қабыстырып әкетіп, жалқыны жалпыға айналдыра білу, сол арқылы елді қуанту, толқыту, мұңайту, шерге батыру қасиетін ақынға тек Құдай ғана сыйлай алады. «Аузына құдай салған» деген киелі сөзді де атамыз қазақ тап осындай тұста айтқан болуы керек.

Тұманбай Молдағалиев – аузына Құдай сөз салып, Жаратушы жүрегіне жыр құйған ақын! Ол үшін мына жер үстінде жыр қызығынан артық қызық жоқ. Дүниенің алмағайып құбылыстарын, өмірдің реніш-күйінішін, қасіретқайғысын, жақсы-жаманын ол ақынның ғана көзімен көріп, ақынның ғана ойымен қорытады. Бояуы қанық, ойы анық, еш кібіртіксіз төгіліп отыратын осынау сырлы да нұрлы жыр жолдарынан Ұлы Дүниені қазақы көзбен көріп, адами жүрекпен бағалаған, ғаламдық ойлау кеңістігіне еркін қанат қаққан ақынның жұмбақ әлемі тіл қатып тұрғандай елестейді.

Өйткені...

Есімі қазақ қауымына кең тараған, жазғанын бес жасар баладан белі бүкірейген қартқа дейін жаттап өскен, жайдары мінезді тынымсыз жанға өлеңнен үлкен мансап та, шен де, шекпен де жоқтай...

Ол үшін өлең – тіршілік көзі!
Ол үшін өлең – өмірдің өзі!
Ол үшін өлең – бүгінгі ұрпақтың ертеңге аманаттар сөзі! Тұманбай Молдағалиев – өлеңді ешқашан өгейсітпей, бар өмірін шабыт-пырағының қанатында, жыртұлпарының үстінде өткізген ақын.

Сондықтан да ақынның:
Өлең – менің тіршілігім, жер – көгім,
Ертелі-кеш таусылмайтын еңбегім.
Мені өлеңнен бөлген күні бітем мен,
Өлеңсіз күн – өлген күнім ол менің, –
деген жүрекжарды сөзіне еріксіз сенесіз!

Қазақ лирикасының апайтөс тұлпары жүрісінен де, жорғасынан да, шабысынан да жаңылып көрген емес. Тұманбай ақын жыр-даланың шаңын бұрқыратып, өлең өлкесінің әнін аспандатып өтті. Халқымен бірге шілдехана тойларына қатысып, бесік жырын әлдилеп, үйлену тойларының төріне шығып, өмірге қадам басқан жастарға бата беріп, жастықтың сұлу түндерін әнмен шалқытып, жатақханалардың есік-төрін сазға бөлеп, малшының үйіне жетіп түнеп, ауыл-ауылды, қала көшелерін кезіп, алаңдарды аралап, үлкенді-кішілі сахналардың уық-шаңырағын сілкілеп, дірілдетіп, дүрілдетіп өтті. Қазақ халқының рухани көгін күмбірлетіп өтті. Қазақ әні жеткен жердің бәрінде Молдағалиев Тұманбайдың есімі аталды. Қазақ жыры оқылған жердің бәрінде Тұманбай жыры оқылды. Ел үшін, халық үшін, қазақ үшін Тұманбай есімі әнмен, жырмен егіз ұғымдай болып қалыптасты.

«Шырағым, Нұрлан, мен туралы сөз көп, естіп жүресің... Әрқилы сөз. «Тұманбай уайымшыл, Тұманбай мұңшыл» дейтіндер бар. Дей берсін. Айтшы, өмірде уайымнан алыс, мұңшыл емес адам бар ма? Адамның адамы, адам атаулының ұлысы – Абай! Абайдың уайымсыз, қайғысыз жазған бір өлеңін тауып берші. Нағыз өлеңнің атасы да, анасы да – уайым! Ұлы ақындардың «барлығының кіндігін Уайым атты ана кескен!», – деп еді бір жолы.

Анда-санда жолыққанымызда өмір жайлы, өнер жайлы, тұғырлы тұлғалар жайлы қызық-қызық әңгімелер айтылатын... Тұмағаңның әңгімесінің әсері көктемнің сұлу самалындай, жайдары жаздың шуақ-нұрындай, қоңыр күздің сағынышындай болушы еді... Сол қайталанбас сәт-сағаттарды қиялмен екшеп отырып, Әбділда Тәжібаевтың мына бір тауып айтқан «...Тұманбай таңғажайып ақындығымен қоса таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін ғана туған...» деген сөзі есіме түсіп отыр.

Тұмағаң елін ерекше сүйетін, еліне ерекше сенетін.

Мені іздейді қазақтар мен кеткенде,
Ішіме үңілмеді-ау жөндеп пенде...
Парасатым баршаға ұнар мүмкін,
Жарасатын сияқты әр көктемге.
Таулардан – жыр, орманнан – ой алармын,
Жаз самал боп гүлдерді аялармын.
Жырымды оқып оянса бір жас ұлан,
Сол ұланмен мен бірге оянармын.
Ертеңіме өзімді сүйікті етем,
Мен өлместің шапанын киіп кетем.
Тірлігімде үңіліп тереңіме,
Мен қазақтың өлеңін биіктетем…
– деген жолдарды қалай ғана жайбарақат оқуға болады?! Бұл – көктен саулап жауған жыр-жаңбырдың әрі мөлдір, әрі сұрапыл, әрі құдіретті қайталанбас сипаты!

***

Алып жүрек тоқтап, алып шаһардың төріндегі М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына аяулы ақынын ақтық сапарға аттандыру үшін осыдан 9 жыл бұрын ағылған қисапсыз қалың жұрт көз алдыма елестеп отыр. Ақынның осы бір өлеңі сонда да тілімнің ұшына оралып еді.
Қарындастың жанына шуақ сыйлап,
Жалын жаспен жырларым бір жүреді,
– деп аяқталатын еді әлгі жыр. 

Жырлары жұртының ыстық ықыласына бөленіп, әлденеше буын оқырманның ойын тербеген, әлі де тербеп келе жатқан, тойлардың мінбесінен елжұртына таусыла сөзін айтып, төгілтіп жырын оқыған жампоз ақынның күні күмәнсіз, түні тұмансыз өтті десек, жаңылған болар ек.

Ақын үшін өлең қаншама өмірлік кредолардың бәріне жауап берер бірден-бір тіршілік факторы дей тұрсақ та, былайғы жұрт біле бермейтін шығармашылық ой-мұраттың мехнаты суреткер Тұманбайды да айналып өтпеген. Кез келген шығармашыл адамда болар ой-толғақтың азабы мен шабыттың келуі, кетуі тәрізді жазу атаулының қиындығы Тұманбай ақынға да тән.

Сондай сәт-сағаттарда Тұмағаң да тұманды мұңға оранып, кейде қабаржып, кейде шатынап сөйлейді.

«Зулайды күндер, күндерім менің зулайды», – дейтін ақынның ақ самалдай желпінген ақ жейде көңілі енді бірде:
Елім жайлы, жерім жайлы кеудемде,
Ұйықтап жатқан кезімде де туды өлең,
– деп байсал тартып, сабырға жүгінеді.
Өмірім бір, көңілім бір бұл елмен,
Ол мұңайса, мен жабығып, түнергем.
Ол қуанса, жадырағам, жайнағам,
Аспан құсап айдынына күн ерген...
Кеудесіне бір қара бұлт шөкті де,
Қайран елім, шыдап бақты тепкіге.
Қазақ жетсе дегеніне, Тұманбай
Армансыз боп дүниеден өтті де», 
– деп өз өміріне өзі салауат айтады. Шынайы ұлттық ойлау мен күрсінудің, халықтық бойлау мен түршігудің шыңына көтерілген шыншыл жырдың құлаш сермеуі бұл!

Ақынның «Менің жаным» дейтін осы бір асқақ рух пен айдынды сезімге қанат бітірер ұзақ жырының әр жолы мен шумағынан ақиық тұлғаның арманы мен мұңы, ойы мен мұраты анық аңғарылады.

Ақын айбынды Алатауымен сырласса да, айдынды Ұлы Даласымен мұңдасса да, ұлт биігіне көтеріліп, уақытпен иықтасып отырып тілдеседі. Сондықтан да оның:
Жүрдім қашан көңілімдегі жырға ермей,
Жазып оны жатам ылғи үлгермей.
Алтын ғасыр енді туып келеді,
Өлмеймін мен сол ғасырды бір көрмей,
– деген сөзіне сенесіз!

Өмірде оңаша қалуды аса ұнатпайтын көпшіл мінезді ақын тек бір ғана жағдайда – шабыт қанатына қонғанда ғана мына жерүстінің «көр – жерінен» аулақ кетіп, өзімен, өлеңімен оңаша қалады. Сондай сәтте... Туған даласы мен түндігі биік Алатауын жиі-жиі әңгімеге тартып, сырласады. Соғысқа кетіп оралмаған Әке аруағымен тілдеседі, жетімдік пен жесірліктің зіл батпан жүгін арқалап жүріп, құйтақандай ұлын азамат ету үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып ғұмыр кешкен, дүниеден өткен Ана аруағына сиынады. Елдігімізді, кеңдігімізді, ұлттық сипаттарымызды айғақтар ғасырлар қойнауынан келе жатқан асыл қасиеттерімізді түгендейді. Ұлы бабаларымыздың аруағына тағзым етеді. Өмірдің тұңғиық сырларына сүңгіп, әрбір құбылысқа, адамдар қарым-қатынасының күнгейі мен теріскейіне өз бағасын айтады. Сүйініп айтады, өртеніп, күйініп айтады, ғашық-жүрегімен еміреніп, тебіреніп айтады:
Алқынғандай, талпынғандай боласың,
Шарқ ұрғандай бүкіл қазақ даласын.
Көкірегіме сыймай менің барасың,
Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың?!
– дейді Тұманбай ақын.

Осынау тынымсыз ойдың қара теріне түсіп малшынған, сөз бен жырдың азабына батып күйзелген, перзенттік мінездің отына оранып шамырқанған лирикалық кейіпкердің жан дүниесінің сұлулығына, тазалығына, адалдығына іштей тәнті боласыз. Шабыттың жүйрік пырағы ақынды ұлттық ойлау мен қабылдаудың шек-шегарасын кеңейтер, рухани әлеміміздің аспанын биіктетер жаңа кеңістікке алып шығады. Ақын ғана емес, бүкіл қазақ даласы шарқ ұрып жатқандай алқынып жатқандай көрінеді. Айлы аспанның астында бүкіл дүние-ғалам ғашықжүректі даланың көкірегіне сыймай жатқандай елестейді.

Қазақы жырдың тарау-тарау қан тамырларында атқақтап соққан осынау уақыт, замана рухы өлеңнің өрісі мен жайлауын кеңейтіп әкетеді. Сондай сәттерде әлгінде ғана томаға-тұйыққа тіреліп, толып жатқан өмір мен тіршіліктің тұрлаулы сауал-сұрағына жауап таба алмай қиналған, тұрлаусыз ойдың тығырығына тірелген ақын ойы, ақын мұраты қайыра иық сілкіп, қажырқайраты қайнап шыға келгендей күйге бөлейді.

Күшімді қайда жұмсайын,
Кеудемнен тұлпар шапқандай.
Жүрегім менің жыл сайын
Жасарып бара жатқандай,
– деген жолдардағы оқырманға қалтқысыз ашылу, сырын бүкпесіз айту үрдісі ақынның кез келген жинағынан кездеседі. Мұндай жолдарды көп іздеп, әуреге түсудің қажеті жоқ. Әрбір жаңа күннің қойған сұрағына жауап іздеуге немесе әрбір жаңа әсерін мөлдіретіп отырып ақ қағазға түсіруге асыға ұмтылатын адал жырдың иесі оқырман алдында әмәнда шын сөйлейді, жасандылықтан ада-күде ақтарылып сөйлейді.

Достармен жайнап, күлем тең,
Жел болып тимей біріне.
Зар қыла көрме күні ертең,
Тағдырым, осы күніме.
Бір жығып, бірде жығылып,
Жетермін күнге алдағы.
Кім сүйсе бүгін шын ұғып,
Ертең де сүйсе болғаны!

Бидауа тіршілік қамында жүріп, кейде жұмырбасты пенде атаулының бірін-бірі тірідей жоғалтып алып, адамшылық пен адалдықтың, сүйіспеншілік пен достықтың тұма бастауын лайлап жататын кезі аз ба?! Адамша өмір сүргенімен, дүние болмыстың сыры мен сипатына әулиедей үңіліп, пайғамбарша кесім айтқан Абайдың өзі: «Кешегі дос, бүгін жау, мен не қылдым, япырымау?!» – деген трагедиялық сарынға толы шынайы шамырқануы арқылы ақын атаулының алдынан әр кез күрмеуі қиын күрделі сауал болып шығар өмірдің мәңгілік мінезі барын меңзеп отырған жоқ па?

Адалдық дейтін періште-құбылыс – ақын атаулыға Алладан бұйырған бақ!

Адалдық – Құдайдың суреткерге тарту еткен алабөтен сыйы!

Бұл – даусыз ақиқат.

Адалдық аманда, жыр аман. Адалдық бойын тасалап, ойын жасырған жерде ақындық та қоса өледі. Ақындық өлген жерде... Арғы жағы айтпаса да белгілі... Бұл – қазақ ақындарына ғана емес, жалпы дөңгеленген жұмыр жердің барлық ақындарының қайқайсысына да ортақ әлемдік құбылыс! «Алдану», «алданудан опық жеу», «алданудан сақтану» секілді мәңгілік тақырыбына Тұманбай ақын да қаршадай кезінен ат терлетіп, қаламын сан тербеген. Батыс, Шығыстың мәдениетті поэзиясына ортақ мұндай өлшемі бөлек, кернеуі кең, адами қалыбы мықты тақырыптарға бару – екінің біріне бұйыра бермейтін ауыр жүк. Ақын сол ауыр жүкті қабырғасы қайыспай, белі майыспай бар салиқа-салауатымен көтереді. Және жан-жағынан қаузай зерттеңкіреп, аталмыш тақырыпқа қайыра-қайыра оралып соғып отырады. Бұл – ақынның табиғи мінезі, жүрек қалауымен атқарылар қажеттілігі!

Ақын тек ажалменен тату емес,
Жасайды оған қарсы батыл егес.
Басқаның бәрінен ол дос іздейді,
Досы жоқтың бәрі де ақын емес,
– дей отырып, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген дала тұрғыны «досы жоқтың бәрі де ақын емес» деген өз концепциясын ұсынады. Әрине, бұл арада біраз аргументтер айтып, келіспеудің көлденең сөзін тартуға да болатын шығар. Мәселе келісу, келіспеуде емес, мәселе әлемдік поэзияның ұршығына әлдеқашан ілігіп кеткен сом тақырыпқа қазақ шайырының түренді өзінше салуында жатыр.

Өмірдің терең иірімдеріне бару арқылы өзіміз күнде көріп-біліп жүретін қарапайым ғана шындықтан шебер түйін жасау әдісі лирикалықфилософиялық тіні берік дүниелердің жазылуына себепші болады. «Сақтану», «сақтандыруды» айта отырып, оқырманды ойға жетелеу, жай ғана «өйт», «бүйт» деген құрғақ ақылға ұрынбай, «сым пернені басып қарап, сыр сандықты ашып қарап» отырып, сырға жүгіндіріп айтудың қаншама ұтымды екенін де Тұманбай жырлары дәлелдей түседі.

Күндіз-түн бар ма біреу алаңдатқан,
Не дейін көңіліме жадау тартқан.
Түсі суық бір жандар елестейді,
Құрмақ боп әуреленген маған қақпан.
Қасірет!
Қуанышыммен қатар тұрма!
Көздеген нысанама тартам тура.
Бір жыр бар.
Сол жырымды жазып бітсем,
Өзім-ақ үнсіз барып жатам қырға,
– деген шумақтардың өлшемі әлемдік поэзияға тән классикалық өлшем емес деп кім айта алады? Жүректі жарып, шыңғырып шыққан шынайы адамзаттық биікке көтерілген өрісі кең, өркенді поэзияның үлгісі.

Адалдық пен зұлымдықтың кейде көрініп, кейде көзге көрінбей жүріп жататын бітіспес майданы туралы әр ақын әртүрлі жазады. Қанын шығарып, көзін ойып жазушылар да, жанын шығарып, өкпесін суырып жазушылар да бар. Ал дәл мынандай жазу, біздің ойымызша, тек Молдағалиев қаламынан ғана сорғалап түсуі мүмкін.

***

Әйелді жырлау – махаббатты жырлау, әлемнің қайталанбас сұлулығын жырлау екенін бәріміз де білеміз. Біле тұра, Тәңірдің адамға сеніп тапсырған осы бір ұлы сезімін әлденеше ғасырлар бойы, сонау эллиндік дәуірден бері жырлап тауыса алмай келе жатқанымызды несіне жасырайық... Махаббат пен әйел жанын, сұлулығын қашан да егіз деп ұғар және оны қолына қалам ұстағалы егіліп те, төгіліп те жеріне жеткізе жазған санаулыларымыздың бірі, бірегейі де Тұманбай ақын – көзі тірісінде-ақ махаббат жыршысы атанған Алаш жұртының ақиығы Тұманбай Молдағалиев!

Махаббат не деп сұрайсың,
Сенесің бе, жазылмайтын дерт десем.
Қайтесің, досым, құдайсып,
Махаббатыңа күн-түн жүріп жетпесең.
Махаббат не деп сұрайсың,
Махаббат деген – көңілдің жасы, мен білсем.
Жүре бермей құдайсып,
Бақытыңа сенудің басы, мен білсем.
Махаббат не деп сұрайсың,
Махаббат – сезім, махаббат – әйел шырайлы.
Жолыға қалса егер оған құдай шын,
Құдайың да биігінен құлайды,
– дейді ақын-жүрек.

Толқын-толқын ойлардың айдынына алып шығып, сезіміңді астан-кестен етіп тулатар мұндай шумақтарға түсініктеме беріп жатудың өзі керек пе? Менің ойымша, бұл артық. Бәрін ақынның сезіну, ойлау, толқу әлемі өзіақ түсіндіріп жатыр.

Сұлулық деген ғажайып дүниенің келбетін тіршілік иесі саналар тірі пенде мен табиғаттың ерекше бір тылсым байланысынан іздей отырып, өлең өретін ақын тебіренісіне, шеберлігіне лаж жоқ сүйсінесің.

Шулап құстар шырылдап,
Ойларымды бөледі.
Аспандағы мың ырғақ не деп кетті, не деді?
Ғашықтықтың жыры ма?
Шерлі жүрек зары ма?
Мұң қосады мұңыма,
Шер қосады жаныма.
Арман ақ құс ұшты алда,
Дегендей бір жет маған.
Бір-біріне құстар да
Ғашық па екен деп қалам.
Жылап жатыр дүние,
Аспан асты жырлайды.
Құстың зарлы үнінде
Бар секілді бір қайғы.
Құстар салған әуенде
Бар секілді бір үміт,
Өз қасыңа келгендей
Өлген үміт тіріліп.
Махаббатқа маспын ба,
Бір тамшы жоқ көзімде...
Ашық күннің астында
Шырылдаған өзім бе?!
– деген жолдар өлең шөбі масатыдай жұп-жұмсақ, жанға жайлы самалы бар таулы өлкеге жетелер мол суретті жылы ағысқа ұқсайтындай. Табиғат дейсіз бе, сезім ахуалы дейсіз бе? Махаббат дейсіз бе?.. Бойында бәрі бар. Ең бастысы, оқырман жүрегіне қалтқысыз жол табар керемет ғашықтық сезім бар, өмірге деген құштарлықтың сарқылмас, тартылмас қуаты бар.

Бір адамның өмірі әсте аз маған,
Сырым да көп, жырым да көп жазбаған.
Кеуде тосқан кешкі салқын самалға,
Көк теректің жапырағындай қозғалам!

Тұнық ойға, мөлдір сезімге толы осынау жыр жолдарын оқып отырып, толқымауға бола ма? Өзіміз талай ойланып, талай толқып сезінген аласапыранды сәт-сағаттардың қайталанбас күйі, көңіл суреті. Арқалы, ірі ақындарымыздың бірі, ақсақалымыз Әбекеңнің – Әбділда Тәжібаевтың: «Ол алдымен адамды сүйеді, адамға ғашық. Сол ғашықтық қуатта жүректердің кілті бар, сол кілттермен ашылған жүректе өмірдің ақиқаттығы бар», – деген анық бағасы, әділ сөзі тағы да еріксіз еске түседі.

Өмір мен өлімнің мәңгілік тайталасы немен аяқталатынын бәріміз де білеміз. Бірақ соны біле тұра, білмейтіндей, өлмейтіндей өмір кешеміз. Мына тамырын тереңнен тартар қуатты жыр бізді осындай ойлардың сілеміне жетелейді. Құдды маңдайымызға мәңгілік ғұмыр жазылып қойғандай, бірімізді-біріміз орынды, орынсыз жерде жұлмалайтынымыз, сілкілейтініміз, жаға жыртысар дауға бейім тұратынымыз өтірік пе? Ал даудың арты – жауласуға, жауласудың арты қан төгуге қалай алып баратынын кемеңгер тарих айтудай-ақ айтып келе жатқан жоқ па? Бірақ тарихтың ащы сабағынан қорытынды шығарып жатқанымыз, қане?.. Адам ойы мен санасын әлем-тапырақ күйге салып, жаһандану дейтін үміті мен күдігі, сенімі мен сергелдеңі, қиянаты мен қияметі қоңсыласа қонған жұмбағы мол дәуірмен жарыса келген сұмдық сойқандардың жанымызға үрей бұлтын үйіруі жаңа дәуірдің қалыпты мінезіне айналып отырған жоқ па?!

Молдағалиев жырын оқып отырып, бүгінгі күннің осындай ақиқатымен жүздескендей, тілдескендей боласың. Құлағына жаңа жазылған жырдың үні жеткендей...

Өлеңнің:

Сондықтан да тірі жүрсем деп едім,
Шырқап ылғи махаббаттың өлеңін.
Ұзағырақ болмады екен жол неге,
Ұзағырақ болмады екен неге күн?!
– деп аяқталуы оқырман көңіліне көп сауал тастайды. Өмір мен жырдың мәңгілігі дегеніміз де осы шығар?!

Балалықтың балдәурені соғыс атты тажалдың табанында қалғандықтан ба, «соғыс» деген сөзді естісе, ақын жүрегі түршігеді. Әкесін, майданнан оралмай қалған қос ағасын, қатал жылдардың тақсіретін тартқан анасын, жесір жеңгесін, көзі жәутеңдеген бала күнгі достарын, туған ауылын жиі-жиі еске алады. Аруақты жылдардың арқасы жыртылып сала бергендей болады. Өмір мен өлім тайталасы тақырыбы бұл жолы басқа қырынан өріліп, тіршілік рухы асқақтай түседі. Мына жолдар соның дәлелі:

Әкелер бізге үй салып беріп кетпеген,
Майданда көбі оққа ұшты.
Өртенді олар жауына деген кекпенен,
Сол кектен, сірә, жоқ күшті.
Әкелер біздің айқайлап барып жығылды,
Біз үшін құрбан болды олар.
Жығылды өзі, жықпады бірақ туымды,
Қалдырған үйі сол болар!

Осы бір іргелі тақырыпты бүгінгі күнге жалғастыра келіп, ой түйіндейтін мына бір жолдарды да қалай ғана бейғам отырып оқуға болады?

Бәріміз де күнге ғашық бір адам,
Уақыт өзі талай рет сынаған.
Менің бала күндерімнің достарын
Жылатпаңдар! Онсыз да олар жылаған
– деген жыр шумақтары балалық шағы соғыста тұншыққан бүкіл бір ұрпақтың ұранындай естіледі.

Әр кез қаламы мен ойын Уақыт, Қоғам, Адам дейтін қанаты кең кемел толғаныстардың ыстық қайнарына салып, толыққанды күйге жеткізе жырлайтын Тұманбай ақынның бірде:

Енді қалған өмірімде саналы,
Әжім түсер маңдайыма сан әлі.
Көзге ерекше көрінеді үш сызық
Белгісіндей күндерімнің қаралы...
 - немесе:

Жеңгелерім үйге мас боп оралды,
Ағаларым оралмады, жоғалды, - 
деп әкесін, қос ағасын соғыс жұтқан жетім бала кейпіне енуі де, бірде жүрегін ғашықтықтың жалын өрті көмген бозбала болып күйзеліп, қуануы да, бірде ел, жер қамын ойлаған елағасы болып:Тұрса екен деймін жарқырап, Тіршілік атты бір жұлдыз, – деп толғануы да; Мен туғалы отыз ғасыр өткендей, – деп жасы отызға толған ақынның ойсананы селт еткізіп, ел назарын өзіне бұруы да; Мықтының талай түбіне намыс жететін, Озбаған сорлы күңіреніп үнсіз өтетін. Бүгінде сондай бәйгелер болып тұрады, Тұлпардан кейде тұғырлар озып кететін, – деп әділетсіздікті көріп, үнсіз тынып қала алмай айбаттануы да; Жүресің көптің бірі боп, Сақтасын сені бір құдай. Артымда қалшы тірі боп, Әлди, әлди, әлди-ай! – деп бесік тербеткен ана махаббатын жырмен өруі де; Түннің бір ояу жұлдызы болып тұрайын, – деп тылсым мәңгілік дүниесімен тілдесуі де; Өнердің шақырады өрі мені, Көңілім соған күнде бөлінеді. Өлеңде кіші болу, жолды беру Өліммен бірдей болып көрінеді, – деп намысына қамшы басып, қайрақ салуы да тұлпар текті тарлан ақынға жарасып-ақ тұрған жоқ па?

Иә...

Ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырының өрісін кеңейтіп, өркенін өсіруге, аға сыншы Серік Қирабаевтың сөзімен айтқанда, «ХХ ғасырдың екінші жартысында ұлттық жаңа лирика туғызуда және оны өзгеше өң беріп, сыршылдық рухта дамытуда үлкен табыстарға қол жеткізген ақын...» Тұманбай Молдағалиев – қазақ жырында құбылыс болған тұлға.

Тұманбай Молдағалиевтің артында ұшан-теңіз мұра қалды. Ол көзі тірісінде аға буын-алыптардан да, өз қатарынан да, өзінен кейінгі інілерінен де жылы сөз бен жақсы бағаны аз естіген жоқ. Өлеңдері өзге тілдерге аударылды. Әлемнің атақты ақындарының біразын қазақша сөйлетті.

Ең бастысы...

Алғашқы «Студенттік дәптерінен» бастап қазақ дейтін кейуана мінезді, дана жұрттың шексіз махаббатына бөленді. Тұманбай есімі ұлтымыздың рухани жадын байытар ұғымдар қатарынан орын алды. Тұманбай жырлары ақын атаулының маңдайына сирек бұйыратын бақыттың биігіне көтеріліп, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ұлттың рухани кодына айналған ұлылар қатарын толықтырды.

Арманы мен мұратын, өмірінің күллі тынысы мен тіршілігін «сөз патшалығының» ғұзырына байлаған жанның өлеңсіз, жырсыз таңы атпайтын, өлеңсіз, жырсыз кеші батпайтын. Оның өзгелерден артықшылығы да, кемшілігі де (егер осыны кемшілік дейтін болсақ) – жырды жарындай аялап, ұл-қызындай мәпелеп, ата-анасындай қадірлеп, бауырындай сағынып, туған еліндей сүйіп, ата жұртындай ардақтай білер ғажайып сезімнің тұтқыны болуға бар ерік-жігерімен көнгендігі болатын. Қолындағы қаламы сәл суыса, сыңарын іздеген аққудай ақын жүрегі шарқ ұратын.

Ей, өлең!
Табыспағалы, алыстағалы ай болды,
Аққуым менің, мекендеп жүрсің қай көлді?
Ішімде менің армандар өлді жап-жас боп,
Ішімде менің қуаныш өлді, қайғы өлді.
Ей, өлең!
Жарыспағалы жарқылдап көктің төсінде
Жаз да өтіп қапты, ауыпты өмір бесінге.
Мұңды жанармен қарап тұрғаның есімде,
Алдымнан шығып, айлы бір жаздың кешінде.

Жыр бойында жардың ыстық құшағына ұрын баруға асыққан, аптыққан, алабұртқан жас жүректің лүпіліндей лүпіл бар, боз айлы түннің аспанын жаңғыртқан сағыныш бар, жастықтың жалын-өрті бар, арқалы, аруақты ақындарда ғана кездесер өлең дүниесінің, шынайы жақсы мағынадағы тарқау білмес киелі «дерті» бар..

Алаштың аспанын аласартпай, тауларын асқақтатып, көкжиегін кеңейткен ақын бір өлеңінде:

Менің жанымда болған жарылысты,
Ұғады тек адамдар жаны күшті.
Кеудемнен дүлдүл аттар шауып шығып,
Кеудемнен бұлбұл құстар жанып ұшты

Иә…

Тұманбай ақын қазақтың өлеңдүниесін өзінің өлмес жырларымен, маржандай тұнық саф туындыларымен толықтырумен болды.

Көзі тірісінде ақын жанына тыным бермеген сол өзі айтқан шабыттың «жарылыстары» еш толас тапқан емес. Толас таппай жүріп, ТұманбайЖыр мен «жаны күшті» ойлы оқырман арасын жалғаған сол жұмбағы мен сыры мол тылсым байланыстың мәңгілік үзілмесі күмәнсіз.

Ақын кеудесін тынымсыз тепкілеген тұлпар жырдың тұяғы тозбасы, тоқтамасы шүбәсіз... Қайда жүрсе де, әлемнің қай түкпірін шарласа да өзімен бірге әр уақыт қазақ өлеңінің үкілі бөркі мен абырой-беделін арқалап жүретін алып жүректі, нәзік сезімді, адал мінезді ақиық жырдың жаратушысы өмірден озғалы да он жылға тарта уақыт өтті. Ақын өмірден өткенімен оның өлмес жырлары Алаш аспанын кезіп жүр. Құдай аузына сөз салып, Жаратушы жүрегіне жыр құйған ақынына елдің өрі де, жырдың төрі де ығысып лайықты өз орнын, өз биігін беруде. Ол биік – Мәңгіліктің биігі!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты