ЖАРАТЫЛЫСТАНУШЫ НЕМЕСЕ ЖЕТІ БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРҒАН ГЕОГРАФ

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1625
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазаққа аты мәлім аңыз тұлға, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов пен әнші, ақын, айтыстың ақтаңгері, халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың ауылында туып-өскен, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, география және су қауіпсіздігі институтының директоры Ахметқал Медеу туралы сыр шертпекпін.

Ахметқал мырзаны сонау 1985 жылдан білемін. Көңіліміз жарасып, қызық-қуанышқа бірге ортақтасқан көрші болдық. Мұраттаспыз. Археолог Кемел Ақышев, тарихшы Халел Арғынбаев, жазушы Дүкенбай Досжан, философ Ізбасар Ерғалиев, қоғам қайраткері Асылы Османқызы, химик Отанбек Алмабеков, әдебиеттанушы Бақытжан Майтанов және тағы сол сияқты ел зиялыларымен бірге Академияның үйінде тұрдық. Әңгіме-дүкен құру дәстүр еді.

Бірде гүл жайнаған сәулетті шаһарымыз Алматыны дәріптеп, әңгімелеп отырғанда Ахметқал: «Алматының кәусардай таза шәрбәт суын-ай, бұл өзі 600 млн.жылғы мұздың суы ғой!» – деген-ді. Ол кезде бұған мән бермеппіз. Замандасымның гляциология мен геоморфология ілімін зерттеуі сол бір жылдардан басталған екен-ау. Су қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігі. Өзен-көлдер тағдыры – ел мен жер тағдыры.

Пішен шапқан, қозы-лақ баққан ауылдың баласы еңбекке ерте араласады. Оқу іздеп қалаға барысымен білімге ден қояды.

Ол Мұқыры орта мектебін бітірген соң еңбек жолын Үштөбе киіз үй жасайтын фабрикадан бастайды. Ахметқал 1972 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Талдықорған облыстық комсомол комитетінің нұсқаушылығына қызметке орналасады. Әртүрлі ортада болу, сан түрлі кәсіп иелерімен тіл табысу, білім-білігі мен пейіліне қанығу – өмірдің шынайы мектебі.

Ахметқал 1978-1987 жылдар аралығында ғылыми қызметкер дәрежесіне көтеріледі. ҚазКСР ҒА Қ.Сәтбаев атындағы геология институты, кейіннен 1987–1991 жылдары география институтында еңбек жолын жалғастырды. 1991-1994 жылдары география институтының ғылыми жұмыстар бойынша директорының орынбасары және қосымша гляциология зертханасының меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Ал 2000-2001 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ геоморфология кафедрасының меңгерушілігіне көтеріледі. Ахметқал Медеу 2001 жылдан бастап география институтының директоры болып тағайындалады.

Ахметқал өзінің еңбек жолында көптеген қиындықтарды жеңе жүріп, көкейкесті мәселелерді шешіп, өзін білікті де білімді басшы ретінде де көрсете білді. Ол 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейін «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. Академик Ахметқал Медеу – конструктивті география, тұрақты даму теориясы, геоақпараттық картография, қауіпті геодинамикалық процестерін басқару теориясы сияқты ірі саланы меңгерген ірі ғалым-географ.

Оның география саласының дамуына қосқан еңбегі өте зор. Геоморфология саласында әртүрлі бағытты қамтитын кешенді зерттеу жасады. Атақты танымал ғалым географ, геоморфолог, профессор Жандаевтың басшылығымен 1975 жылы геоморфологияның шешілмеген мәселелерінің бірі болып отырған, өзендерді сақтап қалу бойынша зерттеулер жасады.

Қазақстанның геоморфологиясы бойынша фундаментальді еңбек жинақтау жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1:1 500 000 масштабтағы «Геоморфологическая карта Казахстана», «Рельеф Казахстана» (1991 ж.) деп аталатын екі кітаптан тұратын монография шықты. 2001–2003 жылдары «Карта современных рельефообразующих процессов», «Геоморфологическая карта Джунгарского Алатау», «Карта современной динамики рельефа Северной Евразии (в пределах России и сопредельных стран)» атты карталар құрастырып, қазіргі жер бедерін қалыптастыратын процестерді бөлу мен картографиялау принциптері жасалды. Сондай-ақ, Іле Алатауы мен Іле-Балқаш аймағының карталар кешенін құрастырды.

Жаңа тектоника және сейсмология облысында қауіпті процестер және де селдің қалыптасуына олардың қалай әсер ететіндігі бойынша зерттеу жүргізіп, авторлармен бірігіп, Жоңғар Алатауының жаңа тектоникасын, Солтүстік Тянь-Шань мен Жоңғар тауларының карталарын құрастырды.

Ахметқал Медеу қауіпті табиғи процестер бойынша да көп зерттеулер жасады. Солтүстік Тян-Шань, Жетісу Алатауы, Алтай және Тарбағатай таулары аймақтарындағы қауіпті процестерге (сел, жылжыма, опырылым) экспедициялық және камеральді зерттеулер жасап, селдің қалыптасу жағдайы мен Қазақстанның сел қаупі аумақтарын типтеу бойынша карталар кешенін жасады. Осы карталардың негізінде 1:1 000 000 масштабтағы «Карта фоновой оценки селеопасности территории Казахской ССР» еңбегі басылып шығып, 1986 жылы кандидаттық диссертацияны қорғады. Ахметқал Медеудің докторлық диссертациясы да осы селді зерттеудің жаңа бағыты, яғни сел процестерін басқарудың ғылыми және қолданбалы негіздерін ұсынумен байланысты. Жасалған зерттеулердің нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс таулы және тауалды аудандары мен жекелеген сел жүретін өзен аңғарларының сел қауіп-қатері бар аймақтарының ұсақ, орта және ірі масштабтағы карталары құрастырылып, олар «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы» мен «Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік қауіптер мен төтенше жағдайлардың қатерлері атласына» енгізілді.

Ахметқал Медеудің сел құбылыстарын зерттеулері сел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа парадигмасының негізінде жасалған. Қазіргі таңда бұл зерттеу-кеңес әртүрлі масштабтағы табиғи қауіп, соның ішінде бірінші кезекте сел құбылыстары бойынша зерттеу нәтижелері Қазақстанның селден қорғау шараларын ұйымдастыру тәжірибесіне кеңінен енгізілген.

Ахметқал Медеу өзі басқарып отырған «География және су қауіпсіздігі институты» мамандарымен бірге су ресурстары саласында да біраз зерттеулер жүргізіп, үлкен ғылыми еңбектер жазды. Ахметқалдың басшылығымен және тікелей қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы контекстінде Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы суға қатысты қауіпті аймақтарды анықтау, «ресурс» пен «сұранысты» басқаруды үйлестіретін жаңа парадигманы пайдалану арқылы су тапшылығын жоюдың фундаментальді жолдарын жасау негізінде ұлттық қауіпсіздік жобасы жасалды. Осы жұмыстың нәтижесінде «Водные ресурсы Казахстана: оценка, прогноз, управление» атты 30 томдық монография баспаға шықты.

Ахметқал Медеудің басшылығымен су қауіпсіздігі саласын зерттеу барысында елімізді тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында ірі пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар жасалды. 2009–2011 жылдары Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау мен болжау (Оценка ресурсов и прогноз использования природных вод Казахстана в условиях антропогенно и климатически обусловленных изменений), 2013 жылы су ресурстарын басқару (Государственной программы управления водными ресурсами), 2015 – 2017 жылдары су қауіпсіздігі және сумен қамтамасыз ету (Водная безопасность Республики Казахстан: геопространственная информационная система "Водные ресурсы Казахстана и их использование", Водная безопасность Республики Казахстан – стратегия устойчивого водообеспечения) деген зерттеу жұмыстары жасалса, 2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының трансшегаралық өзендерінің алабындағы 2050 жылға дейінгі уақытта климаттық өзгерістер мен шаруашылық қызметтер жағдайында халықты және сумен қамтамасыз етудің ғылыми-қолданбалы негізі жасалаған үлкен жоба жасалды. Бұл фундаментальді және қолданбалы зерттеулер нәтижелері су ресурстарын басқарудың Мемлекеттік бағдарламаларын жасау, ҚХР мемлекетаралық су бөлісу бойынша келісімшарт жасау процестері, Қазақстан Республикасының су ресурстарын бөлудің көпжылдық сценарийлерін жоспарлау және де Көксарай су қоймасының құрылысын жобалау мен салуда қолданылды.

Картография саласындағы фундаментальді зерттеулер тікелей Ахметқал Медеудің басшылығымен жасалғандықтан 2013 жылы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алса, 2019 жылы жоғарыда айтылып өткен су қауіпсіздігіне байланысты жасалған зерттеулердің нәтижесі жоғары бағаланып, институттың басқа да ғалымдарымен бірге Ахметқал Медеу екінші рет әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Академик Ахметқал Медеудің негізгі зерттеу нәтижелері 200 ғылыми жұмыста жарияланған. Оның 20 монография, 4 атлас және 2 географиялық атаулар сөздігі бар.

Ахметқал ұлағатты ұстаз ретінде де еңбек етіп, еліміздің ертеңі болатын жас ғалымдардың білімге құштарлығын арттырып, қолдау көрсетті. Ахметқалдың тікелей жетекшілік етуімен 5 докторлық және 13 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ахметқал Медеу өз еңбек жолында тынбай жұмыс жасап, институттың дамуына үлкен еңбегі сіңді. Институтты заман талабына сай дамыту мақсатында тұжырымдама ұсынып, «География институты» ЖШС негізінде жаңа ғылыми-зерттеу мекемесі «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоғамы құрылды.

Ахметқал Медеу ЮНЕСКО бойынша ҚР Ұлттық комитетінің халықаралық гидрологиялық бағдарламасының төрағасы. Ғылым академиясының халықаралық ассоциациясының біріккен ғылыми кеңесінің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, ҚР Үкіметінің жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының мүшесі.

Басшы бастай білсе, бұқара қостай біледі. Ахметқал Медеу үлкен еңбек сүйгіштігі және ғылымға шексіз берілгендігімен ерекшеленетін тәжірибесі мол, іскер басшы.

Ахметқал Медеу – Қазақстанның геоморфология, су қауіпсіздігі және табиғи қауіптер саласының алдыңғы қатарлы ғалымы. Ахметқал Медеудің ғылым саласындағы беделі Қазақстан ғана емес, оның шегінде де мойындалған өзіндік орны бар ғалым.

Жеті белесті бағындырған ғұлама географ, геоморфолог, су маманы Ахметқал Рахметоллаұлына шығармашылық шабыт, отбасылық бақыт тілеймін.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы, профессор