Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕТПІС ЖАСТАҒЫ ТЕАТР ТАРЛАНЫ: "ҚАЗІРГІ ДРАМАТУРГИЯҒА ҚАРНЫМ АШАДЫ"

Уақыты: 16.01.2021
Оқылды: 618
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...» Иә, бұл Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» бүтін шығарманың шырайын ашар сөз. Мақаламыздың әлқиссасын ұлы жазушының тегеурінді тіркесінен бастауымызға себеп баршылық. Аумалы-төкпелі заманның қиындығына тап келіп, ашаршылықтан ата-анасынан айырылған ағайынды Қаспақбай мен Сақбай нәпақасын табу үшін теміржол стансысына барады. Небәрі 14 жастағы Сақбай ағасы екеуі теміржолға жұмысқа тұрып, бүтін өмірін сонда өткізеді. Ал оның ұлы Серік өмір рельсін басқа бағытқа бұрып, бүгінде театр тарланы атанды. Қазақ өнеріне өшпес із қалдырып келе жатқан «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының актері Нұрхалық Серік Сақбайұлы 70 жасқа толды. 50 жылдан астам ғұмырын театр саласына арнаған ол зейнетке шықса да, өнерден қол үзіп қалмады. Керісінше, өзінен кейінгі ізбасарларына ақсақалдық ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы 45 разъезде (Қазіргі Қарой ауылы) өмір есігін ашқан Серік Нұрхалық пойыздың даусымен бесікте тербеліп өсті. Оған себеп, әкесі Сақбай 1928 жылдан бастап Түркістан-Сібір теміржолы салынып жатқан кезде Молалы стансысына жұмысқа тұрады. Алла Тағаланың береген денсаулығы, ұзын бойы, шымыр денесімен жаздың аптап ыстығына, қыстың ызғар боранына қарамай ұл-қызын сонда жүріп жеткізді.

1975 жылы алпыс жасқа толып, сол теміржолдан зейнетке шықты. Әкесінің темірдей тәртібінде ержеткен Серік 4-5 үйлі разъезде қуықтай ғана бөлмелі мектепте оқыды. 3-сыныпты бітірген соң мектеп жабылып, Талдықорған қаласының №1 мектеп- интернатында білім алды. Сегіз жылдық сыныпты та-мамдап, 1965 жылы Алматы қаласындағы №12 мектеп-интернатта 10-сыныпты аяқтады.

Театрға деген құлшынысы Талдықорғанда жүргенде туса керек. Анна Ивановна мен Борис Моисеевич атты ерлі-зайыпты адамдар Мәдениет үйінде Қуыршақ үйірмесін ашады. Сол үйірмеге қатысып жүріп, «Алдар көседен» бастап бірнеше ертегі қойды. Алып арманы Алматыға барғаннан кейін үлкен сахнаға жетеледі. Әлия Дүйсенова есімді сынып жетекшісі барлық оқушыларды театрға алып баруды әдетке айналдырған. Кейіннен ұлдар қыздарды жетектеп, өз беттерінше Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың есігін жиі аша бастады.

Сынып жетекшісінің айтуымен барлық актерлермен дерлік танысып үлгерді. Қалибек Қуанышбаев, Рахила Қойшыбаева, Серке (СеріӘлі) Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова және Зәмзәгүл Шәріпова секілді корифейлердің өнеріне тәнті болып, арманына бір табан жақындай түсті. Сол сәттерді сағына еске алған Серік Сақбайұлы:

–Театрға деген нағыз қызығушылық сол кезде басталды. Мектеп бітірген соң үйде екі студент оқып жатты. Бірі әпкем, бірі ағам. Ата-анамның «бір жыл демала тұр» деген сөзінен соң ауылда әкемнің қасында теміржолда еңбек еттім. Ондағы жұмыс жеңіл емес. Қыстың аяз-боранын көрдік. Бір жылдан соң өнер ордасы Алматыға қайта келдім. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына түсем бе дегем, сөйтсем екі жылда бір қабылдайды екен. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанында театр студиясы болған. Соған қабылданып, оқып шықтым. Театрмен бірге Мәскеу, Уфа, Қазан қалаларына барып өнер көрсеттік, – деп студияны аяқтаған соң жолдамамен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында 3 жыл еңбек еткенін әңгімеледі.

Қасиетті қара шаңырақта жүріп, мамандығын мықтап меңгеруге көшкен ол режиссер Жақып Омаров қойған «Еңлік-Кебектегі» Есеннің рөлін сомдады. Қалижан Бекхожиннің «Ұлан асу» қойлымында Бөгенбай батырдың бейнесін алып шықты. Туған жерге туын тігуге сеп болған оқиға 1975 жылы өрбиді. Алматыға есеп беруге келіп, маңдай терін төккен үш жылдық еңбекті көрсетеді. Сол кездегі мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев, орынбасары Жексенбек Еркінбековтың қабалдауында болып, «Талдықорған облысында театр ашылайын деп жатыр» деген жылы жаңалықты естиді. Қабылдаудан шыққан бойда жүрек толқынысын, Жетісуға деген үлкен сағынышын жасыра алмай Жексенбек Еркінбековке «Мен Талдықорғанның баласы едім. Осы театрға барып, өзімнің елімде, жерімде еңбек еткім келеді» деген өтінішін айтады. Екі айдан соң жолдама алып, 1975 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының іргетасын қаласып, осы уақытқа дейін бірге жасап келеді.

– Театр алғаш ашылған кездері халық көп келетін. 1975 жылы қалада 12 пайыз ғана қазақ тұрды. Біз келген соң жаңадан оқу бітірген жас мамандар көбейді. Жазда үш ай бойы облысты шарлап кететінбіз. Негізгі көрерменіміз ауылдағы ағайын ғой. Бұнымен тоқтап қалмай, басқа да облыстарды араладық. Қазақ көбейген сайын келетін көрермендер де еселенді. Бірақ, сексенінші жылдан кейін ел аяғы саябырлай бастады. Көбіне мұғалімдер, студенттер, оқушылар келетін. Тоқсаныншы жылдардан кейін тіпті азайды. Халық имиграцияға ұшырап, көбі күнкөріспен кетті. Халықтың келуі ұйымдастырылуына байланысты болып жатты, – деп еске алды Серік Нұрхалық.

Өміріне өзгеріс алып келген рөлдерді сұрағанымызда бөгелместен қай рөл болмасын барлығы да сүйікті, барлығы да өмірінде өшпес із қалдырғанын айтты. Өйткені, кейіпкер жаман болсын, жақсы болсын жанын салып меңгеретінін, оның мінез-құлқын, көзқарасын сіңіріп, автордың айтатын ойын терең ұғынуға күш жұмсайтынын жеткізді. Қарағандыда жүрген үш жылы есті естеліктерге толы. Себебі, оқыған бөлек те, сахнаға шығып жұмыс істеген мүлдем басқа.

– Ең бір сүйікті әрі есімде мәңгі қалғаны менің дипломдық спектакльде ойнаған рөлім. Драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты драмалық туындысында Сапарды ойнадым. Ең алғашқы рөлім осы. Екінші бір өте ауыр да қиын болған, бірақ менің өмірге деген көзқарасыма үлкен өзгеріс енгізген жазушы Тәңірберген Қалилахановтың «Абылай аманаты» пьесасындағы Төле бидің образы. Ол кезде Төле би жайлы материал аз болды. Кітапханадан да мардымды дерек таппадым. Сөйтіп, үлкендерден сұрап жүріп ойнап шықтым. Барымды, ынта-жігерімді салдым. 90-ға келіп қалған ақсақалды 26 жастағы баланың ойнауы қиынға соқты. Ой-өрісін ашып жеткізуім қиын болса да, актерлік болашағыма үлкен мектеп болды. Режиссерлердің көбі сырт пішініме қарап еуропалықтардың рөлін бере бастады. Шоқан Уәлихановқа арналған қойылымда Александр ІІ деген патшаны ойнадым. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов «Хан Кенені» қойды. Онда Горчиков деген генералды сомдадым. Режиссер Сәулебек Асылханов соғыс кезінде ерлік жасаған пионерлерге арнаған қойылымда немістің генералы болдым, – дейді актер.

Серік Сақбайұлы өзін актер ретінде бақытты санайды. Себебі, қазақ классигінен біраз бейне сомдап, батырлардың, би-шешендердің бітімін көрсетті. Камал Абрахманов жазған Қабанбай батыр туралы пьесада қалмақтың қолбасшысы Сайын-Бөлек, «Мұнар да, мұнар, мұнар күн» пьесасында Исатай батыр, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Президент, Шекспирдің «Король Лирінде» Лир, жерлесіміз Тәкен Әліпбай жазған «Қанды ғасырда» Білге қаған сынды образдар өмір мен өнер арасындағы алтын көпір атанды. Режиссерлікпен де айналысып, 2013 жылдан 2018 жылға дейін Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында көркемдік жетекші болып қызмет етті.

 Мұса Әжібеков пен Мәкен Нұрмұхамбетованың 50 жылдығына арнап Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын қойды. Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен әйел» драмасын, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмаларын халық назарына ұсынды.

– Қойылымдарды сол уақыттың ерекшелігіне байланыстырып қоямын. Талдықорған облысы тарап, қаламыз қаңырап қалған кезде жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты туындысы сол уақытқа сәйкес келді. Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшыны» Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты туындылары сол кезеңнің сипатын ашты, – деген Серік Нұрхалық көңіліне қонбайтын дүниелерді де қынжыла жеткізді. – Қазір пьеса жазып, драматургиямен айналысатындар көбейді. Драматургтер Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Жүнісов, Асқар Сүлейменов, Сұлтанәлі Балғабаев болсын барлығы да театрда, актерлердің жанында, спектакль қалай қойлып жатқанын көріп жүріп жазатын. Бір қойылымның үш-төрт нұсқасын жазған. Драматург болу өте қиын. Сахнаның ішкі-сыртқы пішінін білмей жазу дилетантизмге жатады. Қазір сондайлар көп. Театр өмірдің айнасы болу керек. Қоғам, көрермен өзін-өзі тәрбиелеу қажет. Келген 100 көрерменнің біреуі ой түйсе біз үшін үлкен жетістік сол. Драматургияға басқа салада жүрген адамдар барып жүр. Пьеса оқиғасы басынан бастап ілікпесе, ортасында тартыс күшеймесе, шарықтау шегіне жетпесе, мәселе шешіліп, аяқталмаса ештеңе өнбейді. Осындай иірімдер жоқ болғандықтан қазіргі драматургияға қарным ашады.

Осындай ой толғанысын айта отырып, бүгінгі қоғамның көрінісін сөз еткен ақсақал:

– Қоғамға не наз айтамыз? Өмір болғаннан кейін бәрін басымыздан өткеріп келеміз. Әкем коммунист болды. Сол кісінің тәлім-тәрбиесінде өстік. Өмірге өте сеніммен қарады. Коммунизмге сенді, Сталиннің әрекеті дұрыс деп ойлады. Орыс империясының арғы жағындағы негізгі мақсатты білмеді. Дей тұрғанмен, сеніп жүрген адамдардың жетпісінші жылдардан кейін көзқарасы өзгерді. Әкемнің ойы коммунистік партияға басқаша бола бастады. Өйткені, ол қоғамның шынайы бетпердесі ашылды. Сол секілді біздің де ойымыз осыдан отыз жыл бұрын басқаша еді, қазіргі сеніміміз мүлдем басқа. Әр қоғамның өзгеру сатысын көзімізбен көріп келеміз. Цивилизация қарқын алған сайын адамдардың жамандығы көбейе бере ме деген ой келеді маған. Елім, жерім деген ұранның астарынан жеке бас пайдалары көрініп жатады. «Үмітсіз шайтан» деген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің болжамдары келіп жатыр. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды да көруге сенім зор, - деді.

Дей тұрғанмен, Серік Сақбайұлы қазақ театрының, оның ішінде, Талдықорғандағы қара шаңырақтың өркен жайып келе жатқанын қуанышпен қабылдады. Театрдың хан сарайындай жаңа ғимаратқа көшкенін, әр аудан, қалада халық театрлары ашылып жатқанына ризашылығын білдірді. Өзінің ізін басып келе жатқан Сандуғаш Мұңайтпасова, Аян Қожбанова, Ақмарал Төлеуова, Роза Қапашева, Еркебұлан Айдынбаев, Шалқар Мүкен, Әйгерім Бекболатова, Біржан Шошабаев сынды іні-қарындастарынан зор үміт күтетінін жеткізді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Алма ағашынан алыс түспеді. Тек бағыттары бөлек болғанмен мақсат-мүддесі бір. Әу бастағы ұстанымы – қазаққа қызмет етіп, ел ертеңі үшін еңбек ету. Әкесі Сақбай рельстерді жөнге келтіріп, пойыздың жолдан шықпай, діттеген жеріне жетуі үшін тер төксе, Серік Нұрхалық театр, сахна арқылы халықты тәрбиелеп келеді. Ата-анасының адал нан тауып, жамандыққа жаны қас, жақсылыққа үйір етіп өсіруінің арқасында ақсақал атанып отыр. Театр тарланын мерейлі мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз. Театр саласына сіңірген еңбегіңіз еш кетпей, қазақ өнері биіктей берсін демекпіз.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы