"САЙЛАУ КЕЗІНДЕ ҒАНА КЕРЕКПІЗ": САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ МҰҢ ШАҚТЫ

Уақыты: 10.02.2021
Оқылды: 1258
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ауызсудан әбден тарыққан «Талғар-Көкдала» саяжайының тұрғындары Кеңдала ауылдық округінің әкімдігіне жиналды. Олар мұң-мұқтажымызға ең болмаса биліктегілер құлақ асып, бір амалын қарастырар деген ниетпен келді. Мәселенің мән-жайын "Жетісу" газеті саралап көрді.

Қазіргі таңда Алматы облысы аумағында саяжайлардың саны жетерлік. Кезінде қалалықтар ол жерлерді ауылшаруашылық мақсатына пайдаланған. Жазғы демалыстарын сондағы үйінде өткізіп, бау-бақшаларын қараған.

Ал қазір ше? Қазір сол саяжайларда тұрғындар жыл он екі ай тұрады. Әсіресе, халықтың саяжайларға үдере көшуі тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде басталды. Сол көш әлі жалғасуда. Қайтсын енді. Қалтасы көтермейтіндердің қалаға қарай жақындаудың жалғыз жолы осы.

Қазір бұл саяжайлар елдімекенге айналған. Бірақ ондағы халықтың саны еселеп артып жатса да, саяжай деген мәртебесі сол күйі қалып қойды. Заң бойынша ол жерге жергілікті бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға рұқсат жоқ.

Мәселен, Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылдық округінде 80-ге жуық саяжай тіркелген. Ондағы халықтың саны 15 мыңнан асады. Сол бәленбай мың адам электр жарығын да, газын да, суын да өз қаражатына тартып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, өз күндерін өздері көріп отыр. Өйткені, басқа амал жоқ. Заңда ол туралы қарастырылмаған.

– 2016 жылдан бері осы саяжайдың тұрғынымыз. Жер телімін сатып аларда «Талғар-Көкдала» бау-бақша қауымының төрағасы Жандос Ұлтанбеков бізге уәдені үйіп-төккен болатын. Негізінен мұнда 32 жер телімі бар. Соның қалған екі жер телімін сатып, сол ақшаға электр жарығын тартамыз, су түсіреміз деп айтқан еді. Бірақ сөзінде тұрмады. Электр тоғын беретін трансформаторға тұрғындар қалтасынан қаражат жинап, әупірімдеп жүріп қол жеткіздік. Басында электр тарифын 27 теңгеден төлеп жүрдік. Қазір оның бағасын төрағамыз 32 теңгеге көбейтіп жіберді. Және қосымша өзіне айлық тағайындап, соны тағы біздің мойнымызға жүктеп отыр. Ал ауызсу тарту мәселесін көтеріп едік, оның бағасын тіпті аспандатып жіберді. Енді барар жер, басар тауымыз қалмаған соң, әкімдердің мойыны бізге қарай бұрылар деген ниетпен осында жиналып отырмыз. Саяжайды округтің құрамына кіргізіп, ауызсуымызды, жолды жөндеп берсе екен деген тілек қана, – дейді саяжай тұрғыны Еркегүл Имансапар.

Еркегүлдің сөзін ары қарай саяжайдың тағы бір тұрғыны Жайна Шамасутова жалғастырды.

– Бес жылдың жүзі болды, ауызсуға жарымай отырғанымызға. Суды Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Алға ауылынан тасып ішеміз. Бір барғанда төрт-бес бөшкені толтырып бір-ақ аламыз. Өйткені, қайта-қайта баруға мүмкіндік жоқ. Жаздыгүні ол су біраз тұрып қалса, борсып кетеді. Борсыған су ішіп, ішек ауруына шалдыққан жағдайлар да болды. Енді су тарту үшін әр үйден 500 мыңға жуық ақша сұрап отыр. Оған біздің қалтамыз көтермейді. Жанымызды әрең бағып отырмыз, – деп мұңын шақты Жайна Шамасутова.

Әрине, саяжай тұрғындарының шағымын әкім мұқият тыңдады. Бірақ жергілікті билік ешқандай көмек көрсете алмаймыз деп кесіп айтты.

– Кеңдала ауылдық округіндегі тұрғындардың саны отыз мыңға жуықтайды. Соның 15 мыңы саяжайларда тұрады. Округте 77 саяжай тіркелген. Өкінішке қарай, біз саяжайдың ішкі жұмысына араласа алмаймыз. Тұтыну кооперативі туралы заңның 8-бабында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Саяжайдың жарнасы болады. Сол арқылы өз ішіндегі мәселелерді өздері шешеді. Жандос Ұлтанбековты білікті ұйымдастырушы ретінде жақсы танимыз. Ол саяжайға бірінші рет төраға болып отырған жоқ. «Транспортный Кеңдала» деген саяжайдың да төрағасы. Аталған саяжай қазір көпшілікке үлгі болып отыр. Онда тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Сіздер тұратын саяжайды да дұрыс жолға қояды деп сенеміз, – деді Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов.

Сәлден соң тұрғындар наразы болған төраға да келіп жетті. Оның да айтар уәжі бар екен.

– Мен ешкімге суды, электр жарығын өз ақшама тартып беремін деп уәде бергенім жоқ. Соны дұрыс түсініңіздер. Жер телімін сатып аларда алдағы уақытта шешімін табады деп айтқаным рас. Бірақ бұл мәселелер өзара ұжымдасып жұмыс істеу нәтижесінде жүзеге асатыны айтпаса да түсінікті ғой. Инженерлік-коммуникациялық желіні облыс та, аудан да, жергілікті билік те тартып бермейтіні бесенеден белгілі. Өйткені, біз саяжайдың тұрғындарымыз. Өткен жыл ауыр болды. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Пандемия, карантиндік шаралар жұмыстарға тосқауыл болды. Ал биыл су тарту жұмыстарын бастаймыз. Ол үшін, әрине, ең бірінші қаражат керек. Қаражат болмаса су да жоқ. Соны неге түсінбейсіздер? Жерді қазу арқылы су шығарудың жұмысы өте қымбат болып тұр. Әр адамға шаққанда 800 мың теңгеден айналады. Сондықтан, су құбыры арқылы тарту жолдарын қарастырып жатырмыз. Оның да бағасы оңып тұрған жоқ. 400-500 мың теңгеге жуықтайды. Сондықтан, суға деп осы бастан ақша жинай беріңіздер. Ал енді электр жарығының тарифы туралы айтқан уәждеріңізге келетін болсақ, 32 теңге болған себебі, сіздердің төлемдеріңізді Есік қаласына барып төлеп келу үшін жолға жанармай кететіні рас. Оны мен қалтамнан төлемеймін ғой. Егер көрсетіп отырған қызметім ұнамай жатса, кез келгеніңіз осы міндетті мойындарыңызға алуға еріктісіздер. Әрине, кейде трансформатор істен шығып қалатын жағдайлар да кездеседі. Сонда электр маманына жүгінеміз. Сондықтан электр маманын жалдап, оған тұрақты айлық тағайындап отырмыз. Ұзын сөздің қысқасы, ақша жиналмай ештеңенің де қарасы көрінбейді, – деді «Талғар-Көкдала» бау-бақша қоғамының төрағасы Жандос Ұлтанбеков.

Жиналғандар төрағаның сөзіне қанағаттанбады. Олар жергілікті атқарушы органға өкпелерін жасырмады. "Біз тек сайлау науқаны кезінде ғана керекпіз", - деп налыды. Мұнымен тоқтамаймыз, осы мәселені көтеріп, «Нұр Отан» партиясына шағымданамыз деп тарқасты саяжай тұрғындары.

Әрине, ауызсусыз, асфальты жоқ ми батпақты кешіп, өмір сүру өте қиын. Бұл мәселе тек Талғар ауданында ғана емес, облыста, тіпті, республика көлемінде көтеріліп келеді. Мыңдаған халық тұратын осындай аумақта саяжай мәртебесін алып тастайтын уақыт жеткен сияқты. Осы айтқандар заң шеңберінде шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Болат МӘЖИТ

Талғар ауданы

Алматы облысы