БІРЖЫНЫСТЫЛАР ЖЫРЫ: ҰЛДЫ ҰЛША, ҚЫЗДЫ ҚЫЗША ТӘРБИЕЛЕЙ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

Уақыты: 15.02.2021
Оқылды: 1908
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Елімізде 1,5 миллионға жуық ЛГБТ (лесбиан, гей, бисексуал, трансгендер), яғни, бір жыныстылар өмір сүреді деген жағаұстатарлық ақпарат тарауда. Әрине, бұл – бейресми мәлімет, дүдәмал дерек. Бірақ «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелге сүйенсек, бұл ұлт болашағына балта шапқан нағыз сұмдықтың, сорақылықтың өзі емес пе?!

Адам  баласының жаратылысына  қарсы келіп, мұндай әрекеттерге баруына кімді кінәлаймыз? Әрине, барлығы, айналып келгенде, тәрбиеден басталады. Бала тәрбиесінде қандай қателік кетіп жатыр? Бұрынырақта ата-бабаларымыз ұрпағын қалай тәрбиелеп еді? Осындай салмағы зіл батпан сауал әрқайсымызды толғандыруы тиіс. Әйтпесе, бармағымызды шайнап, кеш қаламыз.

Абай атамыз: «Ішінде кімнің от болса, қар жауса да сөнер ме?» – деп айтып кеткеніндей, кезінде ақ жаулықты ана, батыр әке Алладан саналы, жігерлі бала тілеген. Яғни, кез келген ортада топ жаратын, қиындыққа мойымайтын перзент сұраған. Жасқаншақ, ұялшақ, ынжық, энергиясы жоқ ұрпақтың ертеңі бұлыңғыр. Ондай адамның ел қамын ойлайтын азамат болып өсуі екі талай. Ортаға сіңісе алмайтын бала, көзінде оты жоқ ер – ертеңгі күні отбасын асырайтын азамат болуы күмән тудырады. Осы ретте Бұқар жыраудың мынадай өлең жолдары еске түседі:

«Екі жақсы қосылса,

Санат емей немене?

Һәммәтсіз елге біткен мал

Бекер емей немене?»

Мұндағы «һәммәт» сөзі арабша энергия деген мағына береді. Міне, тіпті, энергияң мен бар жан-тәніңді салмай тапқан мал да адам баласына берекет әкелмейді.

Дәл осы жерде энергия сөзіне айналып соғуымыздың басты себебі бар. Ол – энергия, басқаша айтсақ, жастық жалын, күш-қуатымызды өз орнымен жұмсай алмай жүргеніміз. Қазіргі таңда бала тәрбиесінде энергияны қайда жұмсау жағына бас қатырмайтынымыз өкінішті. Осы бейқамдығымыздың салдарынан жоғарыдағы азғындыққа жол ашылып отырғандай әсер береді.

Өкініштісі сол, біздің қоғамда ата-ананы тек бір ғана ой мазалайды. Олар тек баласының аман-сау жүргенін тілейді. Ал тәрбиесіне, көзқарасына, мінезіне назар аудару кейінге қалады немесе оның басты орында тұрғанын кеш түсінеді. «Бастысы көз алдымызда  жүре берсін, ауырмаса екен», – деген стереотип бізді орға жығуы мүмкін екенін түсінетін уақыт жетті.

Неміс философы Фридрих Ницще бала тәрбиесі жөнінде былай деп айтып кеткен: «Баланы сен не үшін сұрайсың? Бала сенің жетістігіңнің белгісі. Оның дәрежесі сенікінен де биік болуы керек. Тәрбиені де өзіңдікінен асырып беруің тиіс. Ол алысқа сермелген нәрсе. Ал сен соған дайынсың ба?»

Шынымен де, бала – Алланың сыйы. Әрбір ата-ана эгоисттік көзқарастан арылуы керек. Яғни, менің балам, қалай тәрбиелесем де өзім білем деп ойлау үлкен қате. Себебі, перзент – ұлттың жалғасы, Алланың аманаты. Ал аманатқа қиянат жасау-кешірілмес күнә.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып өткендей, «ата-ананың балаға беретін бір ғана нәрсесі бар, ол – жақсы тәрбие. Салиқалы ұрпақ, өнегелі ұл мен қыз тәрбиелеу айнымас міндет. Қазақта: «Атадан алтау туады, алтаудан біреуі абадан туады» деген сөз бар. Мұндағы абадан деп тұрғанымыз – адам бойындағы көркемдік, ақылдылық пен жақсы мінез. Сол алтауының ішіндегі абаданы таққа мінгенде, қалғандары атқа қонады. Егер де сол абаданынан айырылар болса,  қалғандары ит пен құсқа жем болады екен.

Қорытындылай келгенде, кез келген ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Әр ата-ана бірінші өзі үлгі-өнеге көрсетіп, тәрбиені өзінен бастауы керек. Себебі, бала ата-анадан көргенін қайталайды. Сол үшін де балаңыз үлгілі болып өскенін қаласаңыз, алдымен өзіңізді толықтай жақсы жаққа түзеңіз.

Есіңізде болсын, бала сіздің жеке меншігіңіз емес. Баладан өз ойыңыздағы идеалды жасаудың керегі жоқ. Оған осы өмірден дұрыс жол табуына бағыт көрсетіңіз. Әрқашан да жақсы істерін қолдаңыз. Қолынан бәрі келетінін айтып отырыңыз. Сонда ғана әлемді тәжтажалдай жайлап бара жатқан біржыныстылықтың алдын аламыз. Оған тосқауыл қояр жалғыз нәрсе – ұлды ұлықты, қызды қылықты етіп тәрбиелеу, ғасырлар бойғы ұлт құндылықтарынан ажырап қалмау. Бүгінгінің кішісі ертеңгінің кісісі екенін ұмытпағайсыз.

Дана БӘКІР,

Тұран университеті журналистика мамандығының 2-курс студенті

Сурет - ғаламтордан