ҚОЙЫРТПАҚ НЕМЕСЕ АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕРДЕГІ ТӨРТ ТІЛДІЛІК КІМГЕ КЕРЕК?

Уақыты: 16.02.2021
Оқылды: 1436
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ауданның тыныс-тіршілігін арқау ететін көпжылдық тарихы бар газеттерде тендерге қатысты тағы бір қиындық туындады. Аудан жаңалықтарын бірінші жеткізетін басылымдардың қай-қайсысын шолып қарасаңыз да, ең соңғы бетінен «Газет аптасына бір рет қазақ, орыс, ағылшын, ұйғыр (төртінші тілдің орнында ұйғыр ғана емес, татар, кәріс немесе басқа да тілдер жазылуы мүмкін) шығады» деген сөйлемді кезіктіресіз. «Бұл не қылған қойыртпақ?» - деген ойға қалдық. Тіпті, таңқалдық.

Таралымы 2-5 мың дананың маңайында болатын аудандағы апталық басылымдар шын мәнінде төрт тілде жарық көретін болса, ондай шимай-шатпақпен мемлекеттік тілдің мәртебесі қайтіп өседі? Оның маңызыдылығы қайда қалады? Ертең ұйғыр тілінде бір мақала басылса, ол аудандағы кәріс, неміс, грек, санамаласақ, саусақ жетпейтін басқа диаспора өкілдерінің өз тілінде мақала шығуын талап етпесіне кім кепіл? Сонда не мақсатпен, не үшін аудандық газетке төрт тіл тықпаланғанын түсіне алмадым. «Үш тұғырлы тіл» саясатын сіңіре алмай жүріп, төрттілділік қайдан шыққан пәлсапа?! Аудандық газеттерді парақтап отырып ойымызды осындай сан сауал шырмап алды.

Сөйтсек, бұл мәселенің түбі тереңде жатқанын аңдадық. Аудандық мерзімді басылымдар тендерде бәрі сәтті болуы үшін тілге қатысты осындай өзгерістерге барған. Мәселен, өзге тіл қосып жіберсеңіз, ауданның ішкі саясаты аудандық газетте осындай тіл бар деген артықшылықпен тендерге салады. Ал мұндайда басқа ЖШС-лардың талаптары келмей қалады да, тендерге қатыса алмайды. Аудандық басылым қызметкерлерінің бірінен осы мәселеге қатысты сұрағанымызда:

- Бұл бір жағынан шарасыздық! Үшінші тіл қосып, қулық істемесең, тендерді ұта алмайтын жағдайдамыз. Аудандық газеттердің үстінен құзғынша үйірілген ЖШС-лар бар. Олар тендерге арзан баға ұсынып, кейбір аудандық газеттерді әбден қыспаққа алған. Тіпті, кейбір газеттер тендерді ұта алмай, жалақы азайып, жекелей жұмыс жасап отыр. Ал бұған жол бермеудің бір жолы - газетке тағы бір тіл қосу. Әйтпесе, жылдық бюджеттен 4-5 млн.арзанырақ баға ұсынып, басқалар ұтып алады да, өздеріне керегін алып қалып, газетке келісімшартпен екі есе төмен қаражат береді. Болмаса газетті өздері шығарады. Бұл газеттің емес, жалпы мемлекеттік жүйедегі бір осалдық деп білеміз. Тендер деген "бәледен" тентіреп жүрген басылымдар көп, - деп жауап берді.

Сөйтіп, тендерлік жүйенің салқыны, айналып келгенде, мемлекеттік тілге де тиіп отыр. Өйткені, ұйғыр, кәріс немесе татар тілі қосылғаннан кейін ондай басылым сол тілде мақала шығаруға міндеттеледі. Яғни, аудан тұрғындары мемлекеттік тілді былай қойып, Қазақстандағы саны аз түрлі этнос өкілдерінің тілдерінде де мақала оқуға мәжбүр болады.

Бір жақсысы, дәл қазір осы бір томпақтау жүйеге өзгеріс енгізіліп жатқаны жайлы жылы хабар естіп, қуанып қалдық. Қазір тендердегі осындай келеңсіздіктерді болдырмайтын жаңа ережені іске асыру тетіктері қаралып жатқан көрінеді. Нәтижесінде, өңірлік газеттер тендерден құтылады деген ақпар тарауда. Дегенмен, бұл өзгерістің өзіндік талаптары да барынша күшейтілген. Соған сай газеттің таралымы мен сапасына, желілік басылымның оқылымына баса назар аударылады. Қарастырылатын қаржы мемлекеттік тапсырысты орындау мүмкіндігі мен өзектілігі аймақтық комиссияның сынынан өтсе, республикада бекісе ғана берілуі мүмкін екен. Әрине, бұл да оңай емес.

«Қазақ тілі – қазақтың маңдайындағы жалғыз жарық жұлдызы», - депті ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соққан, қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман. Олай болса, маңдайдағы жалғыз жұлдызымыздың көмескіленбей, жарқырап жануына мемлекеттік тіл – менің тілім дейтін әр азамат бейжай қарамауы тиіс қой. Әрі әлгіндей қойыртпаққа жол бермегені жөн болар еді.

Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Бабамыздың сан ғасырлар бойғы мәдениеті мен салт-дәстүрін, дінін сақтап, өткені мен бүгінін болашаққа аманат етіп келе жатқан ана тіліміз – қазақ тілінің қаймағын бұзбай, қолданыс аясын кеңейту мәселесі тәуелсіздік алғалы күн тәртібінен түскен емес. Түспейді де!

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру және оны Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің мойындап, іс жүзінде жүзеге асыруында әлі де шикіліктер жетіп жатыр. Оған мемлекеттік мекемелерде өтетін ресми жиындардағы баяндама, есеп берулердің мемлекеттік тілде басталғанымен, басым бөлігінің орыс тілінде жалғасын табатындығы баяғы жалтақтықтың, жалпақшешейліктің шеті бұзылмағанын аңғартары анық.

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде оңала алмаған мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бұл күнде тіл жанашырлары білек түре кірісіп, өзекті де өткір ұсыныстарын ортаға салуда. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның ел үкіметінің алдына төрт талап қоюы мысал. Одан бөлек, жуырда ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Шұғыл өзгеріс керек!» деп мемлекеттік тілге қатысты дабыл қақты.

Онда мемлекеттік тіліміздің әлі күнге дейін өз мәртебесіне сай толыққанды қызмет атқара алмауының басты себептерін санамалап берді. "Ол, біріншіден, Заң бойынша, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуінің міндет еместігі. Екіншіден, Конституциямыздағы 7-баптың 2-тармағы бойынша, орыс тілінің мелекеттік тілмен тең жағдайда қолданылуы", - дей келіп, мемлекеттік тілімізді тұсаулап тұрған басты кедергілерді жіпке тізгендей тарқатып өтеді. Бұл жазба көбіміздің көзжұмбайлық танытып, жылы жауып қоя салатын немқұрайдылығымызды бетімізге басты.

Ақын ағамыздың осы бір жазбасы менің де жаныма батқан жоғарыдағы жайттың жазылуына түрткі болды. Бұл орайда тиісті мекеме басшылары мен тіл жанашырлары аталған жайтқа жайбарақаттық танытпайды деп сенеміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы облысы