АУЫЛҒА ҚОНАҚҚА БАРҒАН ЖІГІТТІҢ ҚАЛТАСЫНАН ЕСІРТКІ ЗАТЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 21.02.2021
Оқылды: 2109
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Полицейлер марихуана есірткісін заңсыз пайдаланған адамды ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Кербұлақ ауданы, Талдыбұлақ ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенант Сержан Сейдахмет күн батқан соң өзіне бекітілген әкімшілік аумақты аралау кезінде ескі ғимарат ішінен белгісіз адамның сұлбасын байқаған. Тәртіп сақшысы оның тұлғасын анықтау шараларын жүргізді. Нәтижесінде, 34 жастағы жігіттің қалтасынан есірткі заты шыққан.

- Ұсталған адам 1987 жылы туған Талдықорған қаласының тұрғыны болып шықты. Оның қалтасынан 3 граммға жуық есірткі заты табылды. Оған қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды. Тексеру кезінде оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталды, - деді Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Тиісті сараптамалардан кейін күдіктінің қалтасынан табылған есірткінің марихуана екені дәлелденді. Заңсыз зат тәркіленіп, жойылуға жолданады. Полицейлер талдықорғандық қонақтың есірткіні қайдан алғанын анықтау шараларын жүргізеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан