ЛАЙ-БАТПАҚ БАСҚАН ТӘУЕЛСІЗДІК КӨШЕСІ: ТҰРҒЫНДАР МҰҢЫН КІМ ТЫҢДАЙДЫ?

Уақыты: 27.02.2021
Оқылды: 1330
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Құрметті «Жетісу» газетінің ұжымы! Он жылдан бері жаза-жаза жауыр болған, айта-айта «құрғақ уәдеге» тойған Іле ауданына қарасты Қоянқұс ауылы тұрғындарының жанайқайына құлақ түріп, түйткілді мәселенің түйінін шешуге қол ұшын берсеңіздер, өздеріңіздің оқырмандарыңыз ретінде қуанып қалар едік. Аталған ауылдың Тәуелсіздік, Брусиловский көшелерін «лай-батпақ» көшесі атағанымызға талай жыл болды. Себебі, айрандай езілген көшеде аяқ басар жер жоқ. Әсіресе, балаларымызды мектепке апару қиынға түсіп отыр. Облыс, аудан әкімінің сайтына қанша жазғанымызбен, құрғақ уәдеден басқа ештеме естімей келеміз. Сондықтан, ауылымызға келіп, қалыптасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, халықтың жанайқайын тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймыз».

Ауыл тұрғындары атынан редакцияға осындай хат жолдаған Қоянқұс ауылының тұрғыны Рауза Әбдікерімқызы көшенің суретін де қоса жіберіпті. Мәселенің мән-жайын анықтауға "Жетісу" газеті кірісті.

Журналистиканың қағазға түскен немесе жазылмаса да орындалуы міндетті өзіндік заңдылықтары бар. Соның бірі – көтеріліп отырған мәселенің анық-қанығын өз көзіңмен көріп, қалыптасқан жағдайды барынша зерттеп алу қажеттігі болса, тағы бірі – екі жақтың да пікірін тыңдап алып, шындықты солардың ортасынан іздеуді міндеттейді.

Осы себепті біз құрамына Қоянқұс ауылы да кіретін Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Көпбаевамен хабарласан едік. Ауыл әкімі бұл жерде қалыптасып отырған жағдаймен жақсы таныс болып шықты.

- Байсерке ауылдық округіне Көктерек, Жаңаталап, Жаңадәуір, Қоянқұс, Әли, Ынтымақ және Байсерке елді мекендерімен қоса, 23 саяжай кіріп отыр, – деді Тілеукен Отыншықызы. – Осы ауылдарда 200-ге жуық көше бар. Өздеріңізге белгілі, Алматы қаласының іргесінде орналасқандықтан тұрғындарымыздың қатары күн санап өсу үстінде. Ауылдардың жанынан пайда болған жаңа мөлтекаудандар мәселені күрделендіре түсіп отыр. Шаруа қожалықтарына тиесілі жерлердің пайдалану мәртебесі «жеке үй маңындағы шаруашылық» деп өзгертіп, бөлшектеп сатылып кеткені де жасырын емес. Тұрғын үйлер салынып кеткен жерлерді заңдастырып, инженерлік құрылымдарын мемлекет есебіне жүргізу де аз уақытта шешіле қоймайтын жұмыс екені түсінікті. Бүгіндері жол салмас бұрын алдымен су құбырын тартып алу міндеті қойылған. Осындай және де қаржының там-тұмдап бөлінуі себептерімен кейбір көшелерді асфальттау ісі кешеуілдеп жатқаны жасырын емес. Дегенмен, соңғы жылдары ауылдарды жарықпен, сумен, көгілдір отынмен және жолмен қамтамасыз етуде біршама ілгерілеушілік бар. Оны өздеріңіз ауылды аралаған кезде көре аласыздар.

«Үлкен Алматы айналма жолына» қатысты маңызды жиынға шақырылуына байланысты кездесуге келе алмайтынын айтқан ауыл әкімі өзінің орынбасарын жіберуге уәде беріп, тұрғындардан кешірім өтінді.

Алматы қаласымен жалғасып жатқан Қоянқұс ауылына келгенімізді жол сапасының өзгеруінен байқадық. Бір жақсысы, мұнда қалалық бағдарлы автобустар үздіксіз қатынап тұрады екен. Ал бізге шағымданған Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары осы ауылдың жаңадан қатар түзген ауданында тұратын болып шықты.

- Менің өзім бұл жерде 2014 жылдан бері тұрып келемін, – дейді біздің келуімізге орай ауылдастарын жинап қойған Рауза Әбдікерімқызы сөзді өзі бастап. – Арамызда үйлеріне кіріп алғалы 10 жылдан асқандар да бар. Міне, содан бері көктем мен күзде, жазда жаңбыр жауғанда көшемен жүре алмай қалатын жағдайға жетеміз. Себебі, лай-батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Өз қаражатымызға тас төсеткен кездеріміз де аз емес. Алайда аз уақыттан кейін төсеген тасымыз топыраққа сіңіп, жоқ болады. Ауыл, аудан басшыларына жағдайымызды үнемі айтумен келеміз. Әзірге құрғақ уәдеден басқа ешқандай әрекет болар емес. Сондықтан 100 жылдық тарихы бар «Жетісу» газетінен көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз.

Қоянқұста бір ғана Тәуелсіздік көшесі емес, сонымен қатар, Айманов, Брусиловский, Мұратбаев, Уәлиханов атындағы көшелердің тұрғындары да осындай күй кешуде.

- Қаланың іргесінде тұрып, орта ғасырлық жолдармен жүруге мәжбүр болып отырғанымыз жанымызға батады, - дейді тұрғындар.

Бізді бір қуантқаны, бұл жерде ауыз су жүйесі, электр желісі мен көгілдір отын құбырлары жүргізіліп қойған. Жақын жерден бой көтерген жаңа да зәулім мектеп ғимараты алыстан көз тартады. Мектеп жайлы сөз болған кезде ұзақ жыл ұстаздық атқарып, бүгіндері зейнет демалысына шыққан Күләш Бабылханова мектепке барар жолда жаяу жүргіншілер жолағы жоқтығын, үлкен трассада аялдамалар салынбағанын тілге тиек етті.

Тұрғындардың наразылығын тыңдап алғаннан кейін сөз алған Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Ең алдымен, мектеп жанында жарықтандырылған жаяу жолаушылар жүретін жолақ жасау жоспарға енгізіліп қойғанын айтқан ол әкімдіктің қаражатына округ бойынша 7 аялдама бекеті салынатынын мәлімдеді.

Көшелерді асфальттау республика, облыс қоржынынан бөлінетін қаржыға тікелей байланысты әрі жол құрылысына өте қомақты қаражат кететіні түсінікті. Бұл жұмысқа мүлдем қаражат бөлінбеген жылдар да болған. Алайда былтыр аудан, облыс басшыларының көмегімен Байсерке ауылдық округінде ғана 30-ға жуық көше жасалыпты. Ол, әрине, округке қарасты жеті ауылға теңдей бөлінген.

- Қоянқұс ауылына келер болсақ, былтыр 100 жылдан бері жасап келе жатқан Энергетик көшесіне асфальт төселді. Бұған елдің бәрі қуанғанын көзіміз көрді, – деді Дәулетхан Қасымханұлы. – Бір ғана Қоянқұс ауылында жаңадан пайда болған 4 мөлтекаудан бар. Олардың бәрін бір жылда жасап тастау мүмкін емес. Биыл Иманов көшесіне, Шиелінің аяқ жағы, Наурыз көшесіне электр желілерін, трасформаторды жаңарту көзделген. Ал жол бойынша үстіміздегі жылы Тәуелсіздік пен Уәлиханов атындағы көшелерді жасауға тапсырыс беріп қойдық. Оның жүзеге асу-аспауы бөлінген қаражатқа тікелей байланысты. Егер ақша бөлініп, аудандық мәслихатта бекітілетін болса, мамыр айында жол құрылысын бастап кетуге мүмкіндік бар. Сондықтан, мамыр айының басында сіздерге келіп, есеп беруге уәде етемін!

Әкім орынбасарының айтқан уәжі көңілге қонымды болғанымен, одан жолдың жақсармайтынын білетін тұрғындар бұл жұмыстың жүйелі жүргізілмейтінін ашына айтты.

Мысалы, кейбір кейіннен салынған көшелер жасалып, орталыққа жақын көшелер назардан шығып қалатын жайлар да кездеседі. Тұрғындар сонымен бірге Байсерке ауылында орналасқан әкімдікке барудың машақатын айта келіп, 40 мыңға жуық халық мекендейтін округті екіге бөлудің маңыздылығын да ескертіп өтті. Себебі, Алматы-Өскемен күре жолының екі жағында орналасқан, аралары қашық елді мекендерден қатынау күрделі мәселелердің бірі болғалы қашан дейді олар.

Округ әкімі ара-тұра әр ауылға барып, мектептерде қабылдау ұйымдастырып тұрғанымен бұл мәселені толық шешпейтіні түсінікті. Бұл да болса болашақта шешімін күткен мәселе болып қалып отыр. Мұнда балалар ойнайтын алаңдар, спорт кешендері, тұрғындар демалатын саябақ салу жайы да сөз болды. Жердің бәрі жекеменшікке сатылып кетуіне байланысты аталған нысандарды салу кешеуілдеп жатқанын да жұртшылық жақсы біледі.

Басқосу барысында тұрғындарды алаңдатқан көптеген жайлар айтылғанымен, түптеп келгенде, жол мәселесі шешілсе деген жалғыз ғана талап бірінші орынға қойылды. Әрине, бұл ең алдымен түрлі көздерден бөлінетін қаражатқа байланысты екені түсінікті. Дегенмен, аудан, облыс басшыларына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тәуелсіздік көшесіне жөндеу жүргізілсе, тұрғындарға тамаша тарту болар еді деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы