ЛЕПСІДЕ 3000 ТЕҢГЕНІҢ ЗАТЫН ҰРЛАҒАН ЕГДЕ КІСІГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 27.02.2021
Оқылды: 1927
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқан ауданының тұрғыны ауылдасының ауласынан ұсақ-түйекті жымқырғаны әшкере болды.

Сарқан ауданы Лепсі ауылының 53 жастағы тұрғыны түнде үйіне келе жатқан жолда бөтен үйдің ауласының есігі ашық тұрғанын байқаған. Арам ойдың жетегіне ерген күдікті аулаға кіріп, ауылдасының көлік қыздырып жүрген үйіту құрылғысын үптеп кеткен.

- 32 жастағы тұрғынның арызы негізінде жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, күдікті ұсталды. Оның заңсыз әрекеті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қолды болған бұйым заңды иесіне қайтарылды, - деді Сарқан аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Елтай Сәмбеталинов.

Тергеу барысында күдіктінің зардап шегушіге небәрі 3000 теңге материалдық шығын әкелгені анықталды. Оңай олжаны көздеген тұрғын ұсақ-түйек жымқыру дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Қазіргі уақытта ол мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан