ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ СУ ДАУЫ: РЕДАКЦИЯҒА БІР ТОП ТҰРҒЫННАН ХАТ ТҮСТІ

Уақыты: 01.03.2021
Оқылды: 1266
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ауызсу мәселесі – бүгінгі таңдағы ең өткір тақырыптың бірі. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында көптеген игілікті жұмыс атқарылып жатқанымен су мәселесіндегі келеңсіздіктер жайлы редакцияға хабарласып немесе жазбаша өтінішін білдіріп, келіп-кететін оқырмандар да баршылық.

Кеше ғана редакцияға Еркін ауылының Б.Мошышұлы көшесінің бірнеше тұрғынынан ауызсуға қатысты хат келіп түсті. «Әкімдіктің табалдырығын әбден тоздырсақ та мәселеміздің шешілер түрі жоқ», – деген еркіндіктер ендігі үмітті баспасөз өкілдерінен іздеп, мәселесін шешуге көмектесуін сұрап отыр.

Хатта Талдықорған қаласы, Еркін ауылы, Б.Момышұлы көшесінің 1 ж, 1/1, 1/2, 1/3, 2/1, 2/3, 2/4, 2/7, 5 жер теліміне орналасқан үйлерге су құбыры тартылмағандықтан үй иелерінің ауызсудан тарығып отырғаны айтылған. Олар өткенде бұл мәселені Талдықорған қаласының әкіміне жеткізіпті. Қала әкімі мәселені күн тәртібіне қойып, тез арада шешу жайлы Еркін ауылдық округінің әкімі Қанат Рыспековке тапсырма берген көрінеді. Бірақ тұрғындар содан бері біраз уақыт өтсе де, мәселе шешілмей келе жатыр деп шағымдануда. Сондай-ақ, жоғарыда аталған үйдің тұрғындары ауызсуды тасымалдап ішуге мәжбүр.

Тұрғындар арасында ІІ топтағы мүгедек жандар да бар. Олардың суды алыстан тасымалдап ішуге жағдайлары жар бермейтіні анық. Кейбір отбасы құдық қазып, жерасты суын пайдаланып көргенімен жер асты суы денсаулықтарына зиян келтіретіні сөзсіз. Хаттың соңына Т.Бейсемхан, Қ.Нұртай, Т.Әбзадбек, Қ.Мұса, К.Жанқылыш, Ю.Ким, О.Ким, Ж.Жолдыбаев қатарлы бір қатар азамат қол қойыпты.

Расында, Еркін ауылындағы Б.Момышұлы көшесі қала іргесіндегі елді мекен мен қаланың басқа шағын аудандарын жалғастыратын негізгі көшенің бірі. Тіпті, қаланы толық аралап шығатын №25 автобус осы көшенің бойымен жүреді. Сол көшеде осындай орасан кемшіліктің орын алғаны ойландырады.

Айта кетсек, осыдан біраз жыл бұрын Еркін ауылына құбыр суы тартылып, екі-үш жыл көлемінде ауылдың барлық көшесі асфальтталып, көше бойына электр жарығы орнатылып, өткен жылы ауылға газ жеткізіліп, талай игілікті жұмыстың атқарылғанынан хабарымыз бар.

Демек, ауылда су, электр, газ, жол тұрғысынан ешқандай шағым болмауы керек еді. Бұл мәселенің белгілі себебі бар-ау деген оймен Еркін ауылдық округінің әкімі Қанат Рыспековке хабарласып көрген едік.

– Жоғарыдағы хатта айтылған ауызсуға қатысты мәселеден Еркін ауылдық округі әкімдігі, басқа да құзыретті мекемелердің хабары бар. Аталған үйлер Еркін ауылына құбыр суы тартылғаннан кейін бой көтерген. Қазір сол үйлердің қарсы бетіндегі бұрыннан бар үйлер құбыр суын пайдаланып келеді. Су құбырының желісі аталған үйлердің іргесінде тұр. Бірақ оны әр үйге дейін кіргізіп беру «Талдықорған су құбыры» мекемесінің құзырындағы жұмыс. Ал суды үйге кіргізу ақысын үй иесі өз жауапкершілігіне алатынын да ескерткіміз келеді. Өткенде қала әкімінің тапсырмасына орай тұрғындардың шағымы бойынша ауылдық округ мамандары «Талдықорған су құбыры» мекемесінің басшылығымен сөйлесіп, көктем шығып, жер кеңігенде аталған жұмысты қолға алатын болып келісті. Ол үшін үй иелері осы бастан су құбырын үйге кіргізуге қатысты техникалық құжаттарын әзірлеп, «Талдықорған су құбыры» мекемесіне арыз жазып тапсыруы керек, – деді ол.

Ауылдық округ әкімі алдағы уақытта «Талдықорған су құбыры» мекемесі, ауылдық округ мамандары және суға зәру үй иелерінің қатысуымен кездесу өткізіп, су тартуға қатысты дайындық жұмысын пысықтайтынын жеткізді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан