"АЛТЫН ОРДА" БАЗАРЫНДАҒЫ ТӨБЕЛЕС: ТАРАПТАР ТАТУЛАСЫП, ІС ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1058
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы іргесіндегі «Алтын Орда» базарында жанжалдасқан көлік жүргізуші мен автотұрақ қызметкері татуласты. Көптің талқылауына түскен қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысының полиция департаменті қос тарап өз кінәларын мойындап, бір-бірлерінен кешірім сұрағанын және істің тоқтатылуын өтінгенін айтты. Еске сала кетейік, 30 наурызда екі азамат арасындағы жанжал автотұрақ ақысына қатысты шыққан еді.

Қалтасында 100 теңгенің жоқтығын айтқан көлік жүргізушісі 20 мың теңге бере алатынын болмаса төлемді банк картасына ақша аудару арқылы жасай алатынын жеткізеді. Бірақ автотұрақ қызметкері аударымды қабылдай алмайтынын айтып, көлік иесінің автотұрақтан шығуын өтінеді.

Осы сәтте тұрақ қызметкерінің сөйлеу мәнері ұнамаған жүргізуші көліктен түседі. Ары қарай сөзге келіспей қалған азаматтар арасында жанжал туындайды. Бейнежазбаға көлік қожайынына қызметкердің пышақ ала жүгірген сәті мен жүргізушінің автотұрақта жұмыс істейтін азаматты жағасынан алып, басымен ұрғаны түсіп қалған.

Артынша базарға келген адам көлігіне отырып, оқиға орнынан кетуге әрекеттенеді. Осы сәтте базардағылар көліктің кетуіне кедергі жасауға тырысады. Істің насырға шапқаны сонша, осы кикілжіңге қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Бұзақылық» бабы бойынша қозғалған іс қос тараптың татуласуына байланысты тоқтатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"