ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫН ҚАРАЛАУДАН КІМ НЕ ҰТАДЫ?

Уақыты: 22.04.2021
Оқылды: 2631
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.
АБАЙ

Мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед ҚОНАЕВ 1993 жылы 22 тамызда өмірден өтті. Сол күннің ертеңіне Алматы қаласының барша тұрғындары оның мәйітін Опера және балет театрынан шығарды. Кеңсайдағы қабірстанға жеткенше Калинин көшесінің екі жағында тізіліп тұрған қалың көпшілік ақиреттік сапарының жолына гүл шоқтарын тастады. Содан бері 27 жылдың жүзі болды. Жыл сайын ол өмірге келген және бақилыққа аттанған күндері Алматы қаласының тұрғындары, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келгендер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуде. Халық мұндай құрметті жүректерінен орын алған аяулы жандарға ғана жасайды.

1.КӨРГЕНІ ЖАҚСЫ КӨШ БАСТАР

Дінмұхамед Қонаевтың елге, ұлтқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол жайында ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ, әлі де жазыла берері анық. Өкінішке қарай, көзден тайса жақынын да жамандап, күстәналайтын қанымызға сіңіп кеткен әлеуметтік аурудан арыла алмай-ақ қойдық. Немесе астары басқаша мән беретін сыпайы сөйлегендей боламыз.

Соңғы жылдары тырнақ астынан кір іздеп, Қонаевты қаралайтын мақалалар да баспасөз беттерінен қылаң беріп, көріне бастады. Енді ұзын сөздің қысқасына қарай ауысып, өткен жылдарда ол туралы жарияланған мақалаларға ден қойып көрейік. Жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеясының бірінші кітабын жазып, оның «Тәшенов пен Хрущев» деп аталған үзіндісін 2020 жылы 9 шілдеде «Жас Алаш» газетіне жариялады.

«Теңіздің қасиеті тамшысынан білінеді». Енді романның үзіндісіне көз жүгіртейік. «...Жұмабектің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қонақүйінің люкс бөлмесіне кіргені сол еді, сол қанаттағы қара телефон қақсап қоя берді» деп басталған. Демек, Тәшенов пен Хрущевтің кездесуі Кремльде болғанын меңзейді. «Ақылдасатын мәселе бар, – деді Хрущев жайраңдай сөйлеп. – Қазақстанның бес облысын Ресейге қоссақ деп отырмыз. – Не үшін?

– Қазақстанның жері кең. Бір республикаға оны игеру ауыр болады. Жұмыстарыңды біраз жеңілдетсек дейміз.
– Жер көлемінің көптігі жұмысқа кедергі келтірмейді.
Хрущев қып-қысқа, жұп-жуан бас бармағымен стол үстіндегі қоңыраудың түймесін басты. Ішке Шевченко кірді.
– Қонаев кірсін.

Қонаев Тәшеновтің жанына отырды.

– Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу жайлы Қонаев жолдаспен келістік. Обком секретарьлары да қолдап отыр. Сіздің пікіріңізді білсек деп едік. Тәшеновтің ақшыл жүзі күреңітіп, Хрущевқа суық жүзбен сұстана қарады.
... – Ойланып қалдыңыз ғой, біз сіздің пікіріңізді күтіп отырмыз, Жұмабек Ахметович, – деді Хрущев көзін сығырайтып,
Тәшеновке сынай қарап.
– Ойланатын түк те жоқ, Никита Сергеевич. Бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне үзілді-кесілді қарсымын.
– Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің? Әрі-беріден соң бұл мәселені Қазақстанның келісімінсіз-ақ шешеміз. Совет Одағы тұтас бір мемлекет,
қай жерді қай республиканың меншігіне беру СССР Жоғарғы Кеңесінің құзырында, – деді Хрущев Тәшеновті ала көзімен атып.
– Жоғарғы Кеңес жер мәселесін одақтас ре спубликалардың келісімінсіз шеше беретін болса, КСРО-ның және республи калардың Конституциясын жоюы керек. Конституцияда әр ре спублика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға правосы бар деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Никита Сергеевич, алда-жалда сіз заңмен санаспасаңыз, біз халықаралық органдарға, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамыз.
– Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз.Енді бос сөзді қойып, әркім өз жұмысымен айналыссын. Боссыңдар! – деп орнынан тұрды Хрущев».

Күйдің ырғағын келтіре алмаған біреу: «Домбырам не дейді, мен не деймін?» деген екен. Сол айтпақшы, Досанов не дейді, тарихи дерек не дейді? Қазақстанда тың игеру 1954 жылы ерте көктемде басталды. Оған бес облыстың жері кірді. Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Ақмола.

1960 жылы наурыз айында Никита Хрущев кезекті рет Қазақстанға іссапармен келіп, 13 күн бірнеше облысты аралап, халық шаруашылығымен танысты. Ол сол кезде тыңның бес облысын Ресейге қосу жөнінде ұсыныс жасамаған. Тек күзде Қонаев халық шаруашылығын басқаруды тиімді ету үшін Қостанай облысына қарасты жерден жаңадан Торғай облысын құруды ұсынғанда Хрущев оны қабылдамаған. Арада біраз күн өткен соң Хрущев телефон шалып, өзінің тың облыстары жөнінде бюроны таратып, оның орнына Тың өлкесін құруға шешім қабылдағанын жеткізген.

«...Мен одан: – Ол өлке екі жақты бағыныштылықта бола ма? – деп сұрадым. Хрущев қоштап жауап берді.

– Бұл түбірімен қате, Никита Сергеевич, біз жерді не үшін кесіп-пішіп жатырмыз?
– Сіз жете түсінбеген сияқтысыз, – деп  сөз артын сиырқұйымшақтатып жіберді. Телефонның үні өшті». (Дінмұхамед Қонаев. «Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы «Санат» баспасы. 1994 жыл. 245 б).

Хрущев пен Қонаев арасындағы ең басты келіспеушілік осыдан басталған. Қонаевтың қарсылығын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов те қолдайды. Бірақ «Күштінің арты диірмен тартады» деген бар емес пе. Хрущев белден басып, өз дегеніне жетті. «Убедить Хрущева о нецелесообразности создания Целинного края, кроме Кунаева, пытался и Председатель Совета Министров Казахс- кой ССР Ташенов Жумабек Ахмедович. Однако, события того времени показывают, что Хрущев был непреклонен. 26 декабря 1960 года по инициативе Н.С.Хрущева, Верховный Совет Казахской ССР принимает Постановление о создании Целинного края. «Казахстанская правда» от 27 января 1961 года. Первая полоса посвящена образованию Целинного края с отдельной картой обозна- чения ее территории на севере республики». (Д.Кунаев (официальный сайт) 1960-1962 гг. Первый секретарь ЦК КП Казахской ССР. «Разногласия с Хрущевым и отставка» 18. 08. 19 г.).

Республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті де 27 желтоқсан 1960 жылы бірінші бетіне бұл жаңалықтың ресми құжатын жа- риялап, астына Тың өлкесінің сызба картасын қоса берген. «Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиу- мының Указы. Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру туралы Республиканың солтүстік облыстарында шаруашылық және мәдениет құрылысын басқаруды онан әрі жақсарту және олардың орасан зор ресурстарын неғұрлым толық пайдалану мақсатымен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы қаулы етеді:

1.Қазақ ССР құрамында Тың өлкесі құрылып, Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс- тарының жері осы өлкеге енгізілсін, өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласында болсын.

2.Ақмола облысы таратылып, оның аудандары тікелей Тың өлкесінің қарамағына берілсін.

Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателінің орынбасары К.Крюкова. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Секретары үшін С.Мұқанов. Алматы. 26 декабрь 1960 жыл».

Газет сол бетіне Тың өлкесі нендей мақсатпен құрылғаны жөнінде Үкіметтің түсіндірме мақаласын жариялапты. Онда «...Маңғаз далаға – Арқа төсіне алғашқы борозда тартылғалы жеті-ақ жыл өтті. Бұл мерзім біздің өсу жолдарымыздағы бір-ақ қадам сияқты. Сол бір қадамның жемісі қанша! Жиырма бес миллион гектар! Екінші сөзбен айтсақ, Батыстағы Италия, Франция, Бельгия сияқты нешеме мемлекет тұтас сиып кетерліктей кең өңірді аз уақытта егінжайға, миуалы бауға, сән-сәулетті поселкелерге айналдырдық. Біздің қуат-күшіміз, біздің жа- сампаз ісіміз осындай. Мұндай ерен табысқа достарымыз қуанады, құттықтайды, дұшпандар күйінеді, – дей келіп: – ...Міне, бүгін ту көтеріп, отау тігер өлкеміз – сауырлы тыңның нағыз орталығы. Сондықтан да ол Қазақ ССР құрамына кіретін Тың өлке деп аталады», – деп қалың қара бояумен анық жазылған.

Түсіндірме мәтінінде Тың өлкесінің екіжақты бағыныштылығы жайында сөз жоқ. Шамасы, Дінмұхамед Қонаевтың қарсылығынан кейін Хрущев өз пікірін өзгерткен болуы керек. КОКП ОК-нің Бірінші хатшысы Хрущевтің өлке құрылған бойда оны Ресейдің құрамына қосу жөнінде сөз айтуы мүмкін емес. 1960 жылы 20-23 желтоқсан аралығын- да өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы кезінде Хрущев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Тәшеновті үстінен түскен арыздарға байланысты орнынан алу туралы пәрмен береді. Тәшеновтің тағдыры сол күннен бастап шешілген.

Демек, сессия Тың өлкесі құрылғаннан бірнеше күн бұрын болған. Тың өлкесін құру бар да, Тың өлкесін Ресейге қосу бар. Екеуі екі басқа мәселе. Ал тарихи құжатта тек Тың өлкесін Қазақ КСР құрамында құру жөнінде тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Оны Ресейге қосу жөнінде ештеңе айтылмаған. Өйткені, Хрущев Тың өлкесі құрылмай жатып, оны қалай Ресейге қосу туралы мәселе көтереді?

Иә, алғашқыда оның екіжақты бағыныштылықта болатындығы жөнінде сөз қозғағаны Қонаевтың естелігінде бар. Хрущевтің Тың өлкесінің екіжақты бағыныштылықта болатын ұсынысын Қазақстан Компартиясы ОК-нің салалық хатшысы И.Юсупов, Тың облыстары жөніндегі бюро бастығы Т.И.Соколов, Қарағанды обкомының бірінші хатшысы М.С.Соломенцев қолдаған. Олардың бұл ұсынысымен Қонаев пен Тәшенов келіспеген. Егер Хрущев сол кезде құрылатын Тың өлкесін Ресейдің құрамына қосу жөнінде ақи-тақи айтқан болса, Қонаев оны естелігінде жасырып қалмас еді. Демек, қосу жөнінде еш сөз болмаған. Бірақ Хрущев Қонаев пен Тәшеновтің Тың өлкесін құруға келіспейтінін білген соң екіжақты басшылықты ұстанған райынан қайтқаны анық.

Бұл қисынға келеді. Сонда Сәбит Досанов шығармасында Тәшеновтің бес облысты Ресейге қосу жөніндегі пікірін сұраған Хрущевқа қарсы шыққанын қайдан алды? Тарихшы Кәрішал Асан-Атаның «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабынан ба? Жоғарыдағы тарихи деректерге қарасақ, Кәрішал Хрущевтің Тың өлкесін Ресейге қосу туралы, оған Тәшеновтің сес көрсетіп, қарсы болғаны жөнінде жазғаны еш шындыққа келмейді. Ойдан құрастырылған. Басқалай айту мүмкін емес. Ол, бәлкім, Тәшеновтің Тың өлкесін құруға қарсы болған Қонаевты қолдағанын өзінше өңін айналдырып, «Өлкені Ресейге қосуға қарсы болған» деп өтірігін өсіріп жазған болар. Ол солай тек Сәбит Досановты ғана емес, соған алғаусыз сеніп, өсегін жалаулатқан көптеген ғалымдарды да алдаған. Сол ғалымдардың Тәшеновтің қайраткерлігі туралы Астанада өткен ғылыми-практикалық конференцияда осы мәселенің анығына қалай жетпегеніне тағы қайран қалмасыңа шара жоқ.

Шындық біреу. Одан қашып құтыла алмайсың. Сонда Жұмабек Тәшенов қызметінен не үшін босатылды? Жоғарыдағы құжаттарға ден қойсақ, бес облысты Ресейге қосуға қарсы болған жалған дақпырт үшін емес, Мәскеуге үстінен түскен арыздарға байланысты 1961 жылы қаңтар айында орнынан алынғанға саяды. Хрущев кім?.. Қандай адам?.. Ол әлемге әйгілі тиран Сталиннің көзін жоюды ұйымдастырғандардың бірі әрі негізгісі. Өзіне бәсекелес болған Бериядай жендеттің ісін сотқа жеткізбей атқызған.

1957 жылы маусымда Саяси бюро мүшелері В.Молотов, Л.Каганович, Г.Маленков кезінде Хрущевті өрескел қателіктері үшін қызметінен босатпақ болғанда, оларды «партияға қарсы топ» деп айыптап, бірінен соң бірін орындарынан тайдырған. Тағдыры талқыға түскен қиын шақта өзіне араша түсіп, аман алып қалған, азуын айға білеген маршал Г.Жуковты да қыбын тауып, қаңғытып жіберген. 1959 жылы АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауэр: «Никита Сергеевич, мен негізінде әскери адаммын. Өмірімнің көп бөлігі сонымен өтті. Бірақ соғыстан қорқамын», – дегенде Хрущев мысқылдап, кеңк-кеңк күлген. Онысы қорықсаң бұғып қал дегені ғой.

1960 жылы 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында мінберден жұдырығын сермеп, жұлқына сөйлегенін әлем халқы ғаламтордағы деректі фильмнен көруде. Тәртіпке шақырып, ескерту жасаған Ұйымның Бас хатшысы Даг Хаммершельдке құлақ аспай, капиталистік елдер өкілдеріне шамданғаны соншалық, аяғындағы «башмағын» шешіп алып, столды тарсылдата ұрғылап, «Я вам покажу кузькину мать!» деп жер тепсініп, айқай-шу шығарып, қоқан-лоққы жасағанын қайтерсің. Залдағылар «Мынандай жындысүрей КСРО-дай алып елді қалай басқарып отыр?» деп жағаларын ұстаса керек.

Оның сол өрескел ісі үшін Кеңестер Одағы БҰҰ-на үлкен көлемде айыппұл төлеген. Ал Кәрішал мен Досанов Тың өлкесін Ресейге қосатын болса, БҰҰ-на шағымданатынын айтады. Нью-Йорк қаласының мэрі қонақасында Хрущевтің Мәскеудегі жиында Американы аузына алып, «Мы вас похороним!» деп айтқанын есіне салғанда әзілді көтере алмай, жоқ жерден ашуға ерік беріп, айқайға басып, делегациясын ертіп залдан шығып кеткені тағы бар. 1961 жылы Кариб дағдарысында Куба революциясын қорғау үшін Хрущев жасырын түрде атом зымырандарын орнатқанын көрген АҚШ Президенті Джон Кеннеди: «Хрущев үшінші дүниежүзілік соғысты бастаудан та- йынбайтын нақұрыстың нақ өзі екен. Онымен келісімге келмесек болмайды», – деп Бостандық аралын басып алуға жіберген қарулы күштерін елу мильдей жер қалғанда кейін қайтаруға мәжбүр болған.

Хрущев онымен келіссөзге Анастас Микоянды жіберіп, өз шартын қояды. «Біріншіден, Американың әскери күші Кубаға баса-көктеп кірмейтін болсын. Екіншіден, Түркияға НАТО-ның атом қаруын орналастырмаған жағдайда ғана Кубадан 1,5 және 3 мың шақырымдық қашық- тыққа арналған зымырандарды алып кетеміз». Кеннедидің бұл шартты қабылдап, келісімге келуден басқа амалы қалмаған. Ешкімнен беті қайтпаған әпербақан Хру- щевті Кәрішал Асан-Атаның жазбасы мен Сәбит Досановтың романында Тәшенов қана тәубесіне түсіріп, қалпағын қайырып жібер- ген екен. Сіз осыған сенесіз бе?.. Басқа көзі қарақты жандар ше?.. Бәрі солай ойлай ма?..

Әй, қайдам! Қазақ «Батырға да жан керек» дейді ғой. Мен жазушы емеспін. Бірақ Одаққа танымал саяси тұлғалар туралы қазақша-орысша жазылған кітаптарға қызығушылығым бар. Кейбірін қайталап оқимын және мен секілділер аз емес. Содан кім-кімнің де туын- дыға өзіндік ойы қалыптасады. «Әсіре қызыл тез оңар». Досанов шығармасында Хрущев пен Тәшеновтің диалог арқылы көркемдік бейне-болмыстарын беруге тырысқаны соншалық, тым ұшқары сезім мен әсірелеп жібергенін көзі қарақты жанға байқау аса қиын емес. Бір қараған жанға екеуінің диалогы жатық құрылған секілді. Қарапайым оқырманның еш алғаусыз сенетіні кәміл. Алайда көркем дүние деп ауа жайылып, шындық аясынан шығандап кетуге мүлде болмайды. Ойлы оқырманның көңіліне бірден күмән келтіретін жерлері көзге ұрып-ақ тұр. Шығармада Хрущевтің екеуін екі бөлек қабылдағаны біртүрлі көкейге қонымсыз. Неге ол қызметі жағынан төмен Тәшеновті бірінші, ал қызметі одан жоғары Қонаевты екінші етіп қабылдаған? Қонаевты қабылдау бөлмесінде күткізіп қойғаны қалай? Хрущевтің қызметтік этиканы білмегені ме? Білгенде қандай! Бірақ автор әдептен озып, Хрущевтің басты қарсыласын Қонаев емес, Тәшеновті санайтынын көпе-көрінеу әдейі көрсеткен. Қолында тұрғанда неге солай қонышынан баспасқа?

Хрущев айтқандай, егер республиканың бірінші басшысы Қонаев пен обком секретарьлары келісім берсе, онда мәселенің Тәшеновсіз де шешілгені ғой. Логика қайда? Бұл шындықпен үш қайнаса да сорпасы қосыл- майды. Тіптен құлаққа да, санаға да кірмейді. Қонаев бақандай бес облысты Ресейге беруге келісіп, оңай шағыла салатын жаңғақ емес.

Бұл қоспа-бөспе сөз. Өйткені, ондай тарихи дерек ешқандай мұрағатта жоқ. Досанов өзін- өзі алдап, диалогты қолдан жасап отыр. Әдебиетке адалдық деген болмаушы ма еді? Оның үстіне кісінің етінен ет кесіп алатындай жер мәселесінде Қонаевтың үндемей қалмасы тағы анық. Автор оны келіскенге келтіріп, екеуінің диалог тартысынан тыс, үнсіз қалдырғаны қалай? Жазушы Қонаевтың образын көпе-көрінеу төмендеткеннен не ұтты? Ештеңе! Тек бірнеше мыңдаған оқырманын алдады. Ал Қонаевқа ұзақ жылдар бойына серік болған әрі сырлас досындай Одаққа белгілі ақын-жазушы Олжас Сүлейменов Хрущевтің «Қонаев жолдас келісті» дегеніне сене қояр ма екен?.. Диалогта Хрущев: «Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?», – деп Тәшеновке шүйліккен.

Мұның да ақиқатқа қисыны келмейді. Егер Саяси Бюро белден басып шешім шығарса, бар іс бітті дей беріңіз. Империялық билікке Қонаевтың да, Тәшеновтің де пікірлерінің қажеті бола қоймас. Енді Қонаев пен Тәшеновтің КСРО Ком- партиясы ОК Бірінші хатшысы Хрущевтің сол қабылдауынан шыққаннан кейінгі өзара диалогына да көңіл қояйық.

"– Ой, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың ғой. Жарты әлемге әмірін жүргізіп тұрған Хрущевқа қарсы шығу аузы алты қарыс арыстанмен қарусыз құр қолмен айқасумен бірдей ғой. Жанған отқа жап-жалаңаш қорықпай қалай түстің?

– Жүрек жұтқан батырсың деген сөзіңмен келіссем де, көзсіз батырсың деген сөзіңді қабылдай алмаймын. Көзсіз батырлық – барып тұрған ақымақтық, жүрек жұтқандық – ерлік. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.

– Сіздің шалт қимылды шешімдеріңізге, тіпті Саяси Бюро келісіміне де келіспеген батырлығыңызға тәнтімін.

– Батыр болып атымды шығарайын деген ойым жоқ. Халқым үшін ажал мен тозаққа да дайынмын.

– Өте жақсы айттыңыз, Жұмабек Ахметович. Сіздің аргументті айтқан дәлелді сөзіңізге жауап қайтара алмаған Хрущев беті қызарып, көзі аларып жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді ғой. Айтудай-ақ айттыңыз ғой.

– Айтсаң бел кетеді, айтпасаң ел кетеді. Ел кеткенше бел кетсін дедім.

– Ана жолы бес облысқа әмірін жүргізіп, республика басшыларының сөзін құлағына қыстырмаған Тың өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Соколовқа: «Республика басшылығымен санаспасаңыз, жиырма төрт сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберемін» дегеніңіз де батырлық еді. Бүгін ештеңеден жасқанбай, Саяси Бюроның сөзінен де қаймықпай, Хрущевқа айтқан сөзіңіз тіптен жөні бөлек, жолы басқа ерлік болды. Хрущев ерте ме, кеш пе, жер мәселесіне қайта оралады. Енді не істейсің, стратегиялық мақсат үшін тактикалық шегініс жасайсың ба?

– «Айтылған сөз – атылған оқ», «Еркектің екі сөйлегені – өлгені», «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қазақпыз. Екі сөйлеп тірідей өлер жайым жоқ. Атамекен жер үшін, бізге сенген ел үшін ақырына дейін аянбай айқасамын Хрущевпен!

– Мен жоғары дәрежелі қызметіме байланысты қарсы сөйлей алмадым Хрущевқа. Сіз өте жақсы айттыңыз

- Сіздің үйдей бәледен үндемей құтылғаныңыз дұрыс болды. Екеуміз бірдей құрбан болсақ, сіздің орныңызға бір келімсек шовинисті әкеп отырғызады ғой.

...Жер мәселесінде Хрущевқа қарсы келген Тәшенов елге оралған соң Қазақстан үкіметі басшысының қызметінен босап, бес ай жұмыссыз отырды. Сосын Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің қатардағы орынбасары қызметіне тағайындалды».

Автор қарапайым оқырмандарды «Қонаевты мансапқор», «Тәшеновті батыр» етіп көрсеткен осы жасанды диалогымен сендіріп, тағы да алдай салмақ. Диалогта Қонаев «жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау» деп таңданып, Тәшенов «халқым үшін ажалмен тозаққа да дайынмын» деп ерленіп-ақ тұр екен. Шынымен-ақ солай болғаны ма? Ал қандай да бір жайға талғаммен, сын көзбен қарайтын жандар ше? Досановтың ойдан шығарған диалогына сеніп, таңданып, тамсана қояр ма екен... Қалай десек те таразының күмәнді жағы баса береді. Өйткені жоғары дәрежелі үлкен тұлғалардың диалогы тым жеңіл ойға құралған. Ақыл зерделері әлі орнықпаған екі бозбаланың бірін-бірі қолпаштағаны секілді. Қонаевтың аузына: «Енді не істейсің, стратегиялық мақсат үшін тактикалық шегініс жасайсың ба?», – деген сөз салады. Қонаев кім?.. Тәшенов кім?.. Бірінші басшының өзінен төменгі қызметкерге жалтақтайтын жайы бар ма еді?

Жер мәселесі талқыға түсіп жатқан кезде Қонаев бұғып қалған екен де, Тәшенов жалаң қолымен арыстанға қарсы атылыпты. Қорқақты да, батырды да қолдан жасау Досановқа түкке тұрмағаны ғой. Тарихшы Кәрішалдың жалған сөзіне малданған Досанов қатты алданып қалған секілді. Диалогта ойға олақ келетін сөз тіркестері де бар. Арзан сөз мемлекет басшыларының салмағын жеңілдетіп жібереді. Роман үзіндісінен соны байқайсың.

Шын мәнінде олар жағдайға байланысты өз ойларын кейде астарлап, кейде емеурін танытумен, кейде парасатты ой тілімен жеткізген. Ал мына диалогта жа- сандылық басым, жасыратыны жоқ, көкейге қонымсыз. Ел басқарған тұлғалардың айтты деуге келмейтін жел сөздермен романның парқын тым төмендетіп жіберген. Роман деп айтуға аузың бармайды. Оның үстіне біреуге көпшік қоятын жеңіл сөз Қонаевтың табиға- тына жат. Бұған онымен ұзақ жылдар бойына қызметтес болған Бәйкен Әшімов, Сұлтан Жиенбаев, Олжас Сүлейменов және Серікболсын Әбділдин секілді біртуар ел таныған азаматтардың және бүгінде тәлімін алған көзі бар жандардың жазған естеліктері дәлел.

Бұрынғы Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов: «...Димаш Ахметұлы – өз халқының болашағы үшін көп еңбек сіңірген адал ұлы. Мен құрметтейтін тағы бір қасиеті – ол кісі үлкенге де, кішіге де бірдей жан. Біреуді қатты жақсы көретінін де, тіпті, қатты жек көрсе де білдірмейтін сырбаз мінезді, салиқалы, салмақты, артық мінез-құлық көрсетпейтін бірқалыпты, біртоға адам болатын». – дейді. («Ұлтымыздың мақта- нышы». «Елу жыл ел ағасы» «Санат» 2002 жыл 15 б). Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев: «...Әрине, түрлі жолдармен, жағ- дайлармен әркімдер де басшылықтың биік сатыларына көтеріледі. Көтеріліп, кейін ұмытылатындар да көп. Ал Димаш Ахметұлы ұмытылмайтындардың, халықтың жүрегінде мәңгі қалатындардың қатарында. Ол аса па- расатты да талантты басшы болды, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өз заманының ұлы саясаткеріне айналды. Халықтың мүд- десімен өмір сүрді. Оған деген құрмет аса жоғары қызметте жүрген кезінде ғана емес, ол қызметтен кеткен соң да бәсеңдеген жоқ. Қайта бұрынғысынан да өсе түсті. Оның кен инженерінен бүкіл бір республиканың басшысына дейінгі өмір жолы, еңбекқор да аса жоғары зиялылық келбеті кез келген деңгейдегі басшы атаулыға үлгі-өнеге болған- дай», – дейді. («Елін танытқан ер». «Егемен Қазақстан» 12 қаңтар 2012 жыл).

Бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Серікболсын Әбділдин: «...Жалпы, Димаш Ахметұлымен болған жүздесулерден, ол қандай жағдайларда өтпесін, мен айтып жеткізе алмас әсер алдым. Бұл маған өмірлік сабақ та болды. Бүгінде уақыт төреші оны өткен жүзжылдықтың аса көрнекті қайраткерлерінің тұғырына өзі алып шықты. Д.Қонаевтың ширек ғасыр ел басқарған жылдарының әрбірі ғасырмен пара-пар болды. Қазақстан Кеңестер Одағындағы өнеркәсіптік және ауылшаруашылық саласы дамыған аса ірі аймақ дәрежесіне көтерілді, әрине, Димекеңнің арқасында». («Кемеңгер Қонаев» «Даналыққа тағзым». «Дала» 2003 жыл, 114 б).

Халықтық тұлғалар туралы естеліктер көп. Ал романдар аз. Неге? Өйткені жанр тек шығармашылық шеберлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тарихи романның жөні бір басқа. Кешегі көз көрген тұлғалар туралы жазу көркемдігімен қатар шыншылдығымен де бағаланады. Қай іс те салыстырудан тұрады емес пе. Жазушы Ілияс Есенберлиннің 1991 жылы «Жұлдыз» журналының қараша айындағы санына «Мұхиттан өткен қайық» атты деректі романы жарық көрді. Роман Дінмұхамед Қонаев туралы. Көркемдікке бой алдырып кетпей, болған жайды нақты баяндаған. Басты кейіпкердің және басқалардың образдары сенімді шыққан. Диалогтарды да орынды қолдана білгені бірден байқалады. Міне, Қонаевтың табиғи болмысы. Егер Есенберлин оны тым әсірелеп, шындықтың аясынан шығарып жібергенде Қонаев романның шығуына қарсы болар еді. Жазушының жауапкершілігі сол талапты үнемі қаперінде ұстағанынан көрініп тұр. Енді үзілген желіні қайта жалғайық. «Өсек естігеніне, шындық көргеніне жүгінеді».

Досанов тыңның бес облысын Ресейге қосуға қарсы болғаны үшін Хрущевтің Тәшеновті қызметінен босатқанын айтады. Ал Еңбек заңында басшы өзіне қарсы пікір айтқанды босатсын деген анықтама жоқ. Хрущев қанша дарақы болса да соны білетін шығар. Жазушы Тәшеновтің КОКП ОК-не түскен арыз-шағымдарға байланысты орнынан алынғанын неге жасырып қалған? Оған көзге көрініп тұрған дәлелдер де аз емес еді ғой. Жарайды, Хрущев бес облысты Ресейге беруге алдын ала Қонаевпен келіскен-ақ болсын, ендеше басты қарсыласына санаған Тәшеновті орнынан алған соң неге сол сорақы ойын жүзеге асырмаған?

Кезінде Ресейдің сөз ұстар азаматтарының қарсылығына да қарамай, КСРО-ның Конституциясына да пысқырмай Қырымды Украинаға қоса салды емес пе. Сондай жан Тәшеновтің сол қарсы- лығынан қаймығып, райынан қайтты дейсіз бе. Оның жөні де келе қоймас. Өйткені Саяси Бюродағылардың бәрі бірдей Қырымды Украинаға қосуын құптамаған. Ол Тың өлкесін Ресейге қоспақ түгілі кезінде Маленков бастаған топтың Қазақстаннан тың көтеруге қарсы болғанын ұмытқан жоқ.

Дәлел керек пе? Қонаев 1956 жылы шілденің соңғы күндері Қостанайға келген Хрущевті толқындай тербелген астықты алқапқа алып барғанын есіне алып: «...Бітік шыққан астықты көріп сүйсінді ме, жоқ тоқ көңіл тебірентті ме, әйтеуір қа- лыңның ішіне бойлай сұғынып барып:

– Жақсылап тұрып суретке түсіріңдерші, – деді ақсия күліп. – Мәскеуге барған соң тыңның «ата жауларының» бетіне басайын». Фотожурналистер Хрущевті жатып та түсірді, тұрып та түсірді», – дейді. (Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» «Дәуір» баспасы. 1992 жыл, 168 бет). Хрущевке өлкені Ресейге қосып алу үшін әуелі тыңның сол «ата жауларынан» құтылуы қажет болады. Оған уақыттың сәтін күтуіне тура келеді. Сондай-ақ, Досанов романында Тәшеновтің бес ай бойына жұмыссыз жүргенін айтады.

Сонда ол нені меңзеп отыр? Сөз астарын Қонаев қызмет ұсынбады дегенге келтіргені ғой. Бұл жерде де автордың шындықты бүркеп, бұра тартқаны көрініп тұр. Қайта Қонаевтың қолдап, көмектесуінің арқасында Шымкент облыстық атқару ко- митеті төрағасының орынбасары қызметіне әзер қолы жеткені анық. Оны Досановтың айтқысы келмеген. Шындықты білетіндер көп. Бірақ соны ашып айтатындар мүлдем аз. Досанов та тартынып қалған. 1954 жылы Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовті қызметінен неге алды?

Иә, тың көтеруге қарсы болғаны үшін. Ол тыңның орнына қазақтың кең-байтақ жерінде мыңғырған мал өсіруді, халықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жөн көрген. Қаламгер Сәбит Досанов тарихшы Кәрішал Асан-Атаның деректеріне сүйенгені анық. Сол Кәрішалдың 2006 жылы қай бас- падан шыққаны белгісіз «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабында: «...Қазақстан Жұмабек Тәшеновтің көрегендігінің арқасында дүние- жүзіндегі жеті астықты елдің біріне айналды. ...Демек Тәшеновтің халқының алдындағы еңбегін сол ғаламат тың игеру проектісінің атасы Н.Хрущевтің өзі мойындап, сонау 1954 жылы Алматының Абай атындағы опера және балет театрында өткен жас тың игеруші- лердің тұңғыш слетінде биік мінберде тұрып: «Ж.Тәшенов Қазақстанда тың игерудің көш басшысы, инициаторы», – деп баршаға мақтанышпен жария еткен» (92-93 бб) деген жолдар бар.

Мұны аз десеңіз, Кәрішал аталмыш кітабының 33-бетінде «Арқа ажары» газетінің 1997 жылы 18 қарашада жарық көрген санынан нақты мысал келтірген. «...Сол сияқты Жұмекең өзі бір әңгімесінде: «Мен ешуақытта тың көтеруге, Қазақстанның бай- лығын игеруге қарсы болып көргенім жоқ, тек қазақ елінің дербестігі жөнінде орталықпен қатты айқасқа түсіп жүрдім».

Сонда қалай, тың көтеру Тәшеновтің бастамасы болғаны ма деп бүгінде бәзбіреулер таңданып жатады. Ал мен құралпылар үшін бұл жаңалық емес. Сол жылы бұл хабарды талай рет естіп, құлағымыз сарсыған. Тіптен Хрущевтің өзі айтты деп Тәшеновті мақтан тұттық. Жастықтың әсері болар, тыңның түпкі саяси мәніне көңіл қоймағанымыз да рас. Тәшеновтің бір ойлағаны бар шығар деп мән де бермедік. Күдік-күмәнсіз сендік. Шаяхметовтің орнынан алынғаны бізге жөн сияқты көрінді. Кейін өкінерімізді қайдан білейік. Кәрішал оны «көреген» дейді.

Тәшенов көреген болса, сол тың көтерудің Қазақстанға қаншама қасірет әкелетінін неге білмеген? Хрущевтің басқа республикалар комсомол жастарынан бөлек ойдан қашқан, қырдан қашқан қылмыскерлерді елге әке- летінін естіп тұрып, неге қарсы болмады? Айналдырған үш жылдың ішінде бір жарым миллион еуропалық нәсілділерді Қазақстанға қойша тоғытқан жоқ па? Аз ғана қазақтың сайда саны, құмда ізі қалмай келімсектерге жұтылып, тілінен ғана емес, жеріне де ие болудан қалды ғой.

Ең бастысы, ұлттық рухани құндылықтарымыздан айырылып, соның зардабын күні бүгінге дейін тартып келе жатқанымызды айтсайшы. Философия ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Кенжебаев сол бір тың көтеру жылдары Қазақстан ЛКЖО-сын басқарған. Ол 1958 жылы 16 сәуірде Мәскеуде болған ВЛКСМ- нің XIII съезінде сөз сөйлеп, тыңдағы осы бір келеңсіздіктерді айтқаны үшін қызметтен босатылды. «Қазақстан-Заман» газеті жылқы жылы 6 қарашада «Тың игеру – адамзат тарихындағы ірі жобалардың бірі» деген атпен Құрманғали Нұрғалиевтің зерттеу-сараптама мақаласын жариялаған. Онда тыңның жетістіктерін айта келіп, қазақ қоғамына тигізген кері әсерлеріне де тоқталған.

«...Тың игеру жылдары Қазақстанда 25 млн.га жер игерілді. Ал Одақ бойынша 41 млн.га жыртылған. Астық өндіру көлемі жағынан Қазақстан КСРО-да 2-ші орынға шықты. Дегенмен «әттеген-ай» саны да аз болмады. Көптеген жылдар бойы тың жер- лерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады. Ең алдымен, Қазақстанға келген тың игерушілер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650 мың тың игерушінің 150 мыңы ғана механиза- торлар болды. Нәтижесінде, көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар болып тұрды. Сырттан келушілер көп болып, қазақтар атақонысында азшылыққа айналды: 1954-1962 жылдары 2 млн.адам келді. Қазақтар республика тұрғындарының үштен бірінен де аз болды. Мысалы, 1897 жылы санақта 85 пайызды құраса, 1962 жылы 29 пайызға әзер жетті. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет- журналдар азайды. Қазақ тілінің қолдану аясы тарылды. Осының барлығы қазақ халқының бір бөлігінің өз ана тілін ұмытуына әкеп соқты».

Иә, роман көркем жанр. Ойдан шығар- ған әңгіме, повесть болса, еркін көсілуіңе болады. Ал кейіпкерлері өмірде болған соң нақты деректерді сақтай отырып, ақиқаттан аттамағаны ләзім. Өйткені олардың кім екенін, шын өмірде қандай жан болғанын миллиондар біледі. Жазушының еркіндікке жөнсіз ерік бергені өзгелерге кері әсер етері анық. Бүгінгі оқырманның талғамы басқа, бәріне сын көзімен қарайды. Олар бір жаққа бұра тартпай нақты шындық жазылғанда ғана сене алады.

Ал Сәбит Досановтың «Жиырма бірінші ғасыр» романының халықтық сыннан өте алмасы кәміл. Қазақта «Көргені жақсы – көш бастар» деген ұлағатты сөз бар. Бұл Дінмұхамед Қонаевқа арнап айтылғандай әсерде қаласың.

Ол әділдікті ту етіп ұстап, биік парасатымен, кемеңгерлігімен ел басқарған ірі тұлға. Асыл ағаның қолында билік тұрғанда алдын көргенім жоқ. Ал зейнеткерлікке шыққан кезінде қазақы жолмен інілік ізетімді жасадым. Дастарқанымнан дәм татып, ең сыйлы қонағым болды. Қонаев аз сөйлеп, көп тыңдайды екен. Арамыздан бір кісі: «Димеке, осы Үкіметті бір жылдай басқарған Тәшенов қандай адам? Көзін көргендер мінезді жан болған деседі ғой», – деп тосыннан сұрақ қойды. Дінмұхамед Ахметұлы аз-кем үнсіз отырды да: «Тәшенов халық үшін еңбек етті. Құрметке лайық жан. Ал мінез кімде жоқ?» – деді де қойды. Алматыға жүрер кезде: «Бұрынғы бабаларымыз бен біздің қатарымыз империяның зардабын көрді. Бар билік Мәскеудегілердің қолында болды. Ал сендер Тәуелсіздіктің қадірін біліңдер», – деді.

Ретті жерінде Димекеңе сәлемімді үзбедім. Ол кісінің табиғатын жақсы білемін. Бұрынғылардың сөзі қандай! «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп, ел қалар». Осы сөзде қаншама ой жатыр? Әрине, түсінген жанға. Бұл пәниден кімдер өтпеді? Бар өмірін, ерік-жігерін елдің өркендеуіне арнаған асылдар мен шыбын жанын күйттеген жасықтар да бақилыққа аттанды.

Асылдардың артында өнегесі мен игілікті істері қалды. 1993 жылы 22 тамызда әулиедей болған Димекең де бақилыққа аттанды. Оның «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабын ауық-ауық қайталап оқимын. Кітапта тәлім, ғибрат алар ұлағатты сөздер көп қой. Кітапты ашқан бойда мына бір сөзбен өрнектеген ой жиынтығы көзіме түсті. «...Шүкір, шыққан тауым биік болды. Омырауыма таққаным да бір басыма жетерлік еді. Атақ та алысқа кетті. Ел ішіндегі абыройым да баршылық-тұғын. Соған қарамастан, табыстан бас айналған жоқ. Тұла бойымдағы бар қасиетті сақтап қалуға тырыстым. Күнделікті өмірде де, жұмыста да сол үш қасиетке арқа сүйедім. Олар – қарапайымдылық, адалдық, табандылық. Екі нәрсені, «Ашудан сабыр артық, теңдесі жоқ байлық – қанағат» деген шығыс даналығын жадымда ұстадым. Қандай жағдайда болмасын, сабыр сақтап, мейлінше қайырымды болуға ұмтылдым. (421 б).

Дінмұхамед Қонаев халықтың жүрегінен мәңгілік орын алды.

2.ӨЛЕҢ, ШІРКІН, ӨСЕКШІ, ЖҰРТҚА ЖАЯР

Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 4 қыркүйектегі №33 санында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлының «Жер – жаннан қымбат» атты поэмасы жарық көрді. Поэманың VIII бөлімінде мынандай өлең жолдары бар:

- Өз еркің болмаған соң өз басыңда, Қайнайды ашу-ызаң көз жасыңда. Қайратты қалың шашың тік тұрса да, Құның жоқ көк тиындық таз қасында. Белгілі шабақ қандай, жайын қандай, Күн қайда жаудың бетін қайырғандай. Өзбекте кетті қанша қазақ жері, Баласын анасынан айырғандай. Құлдырап жан дауысы құлындағы Тәшенов тағы жалғыз шырылдады. Бірақ та өз дегенін істеп баққан, Тоңмойын, тасыр билік бұрылмады. Қазақтың жоқ десек те шын дұшпаны, Бүйірлеп жан-жағынан кім қыспады? Айырылған ұлан-асыр сол аймақтан, Қайтқаны – ұлтарақтай бір пұшпағы. Сұғанақ көзін сатпай отыра ма, Азуын басынбаса батыра ма? Көп жерін алып қалды кең даланың, Әйтеуір қайтты деген аты ғана. Жолыңнан адал жүріп жаңылсаң да, Халқыңа қызмет ет не қылсаң да. Түгендеп қайтып алса кеткен жерді, Кім қақты Қонаевтың қолын сонда? Бұйырмас ашық айтсақ ел айыпқа, Сүттен ақ, судан таза болайық та. Әулие тұтқанменен айналасы, Халықтың өкпесі көп Қонаевқа.

Айтұлы осылай Қонаевта өші кеткендей алақұйын желдіртіп шығыпты. Айтуға оңай демекші, оған көзін жұмып-ашып, өлеңдетіп жазу да оңай екен. Мен ақын емеспін. Бірақ сөз маржандарын қиыннан қиыстырған Мұқағалидай ұлттық ақындарды құрметтеймін. Қазақтың бәрі өлең жазбаса да ақынжанды.

Айтұлының «Қайратты қалың шаштысы кім?.. Тазы кім?..». Бұл шешуі қиын жұмбақ емес. Қонаев пен Хрущевті меңзеп отырғаны ғой. Ақындық дүмбілездігіне салып, образды түрде кекесінмен, мысқылмен шендестіргенін айтсайшы. Қала берді, Қонаевтай алып тұлғаның Хрущевтің қасында «көк тиындық құны жоқ» деп аруақты қорлағаны қалай?

Қазақ есті адам аруақтың артынан ауыр, жөнсіз сөз айтпайды деуші еді ғой. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді». Қонаев қорғаушыны қажет етпейді. Бірақ артында оны құрметтейтін халқы бар. Айтұлының шындықты айттым деп, тауып айттым деп тапқан теңеуі осы ма? Оның мәдениеттен жұрдай дүбәра теңеуі заңға да қайшы келетінін білмегені ме?

Бәлкім, өзі айтқандай, осы жыры үшін «айналасындағылардан» мақтау да естіген болар. Айтұлына не деуге болады?

Абайға жүгініп, төрелікті содан іздеп кітабын парақтадым. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасында» мынандай жолдар бар екен: «Ақындары ақылсыз, надан келіп, көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап».

Айтұлына жауап осы болар, сірә. Ол жырында «Қайтқаны – ұлтарақтай бір пұшпағы» дейді. Дұрысы, үш ауданнан өзбектерде қалғаны жеріміздің бір пұшпағы.

Бәлкім, Несіпбек 1956 жылы 13 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қазақ КСР және Өзбек КСР аралығындағы шекараларды өзгертулер туралы Жарлығына байланысты Өзбекстанға Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданының берілгенімен шатастырып отырған болар. 1955 жылы 1 маусымда осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған. Комиссияның төрағалығына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Жұмабек Тәшенов бекітілген еді. Құрамындағылар: М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Богасов, В.Шереметьев.

Олар жергілікті жағдайды жете зерттей келіп «Өзбек КСР-на Мақтаарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісуге болады. Ал Мәскеудің Бостандық ауданын беру туралы нұсқауын негізсіз деп санаймыз» деген шешім шығарды. Өйткені, Бостандық ауданының жері мал өсіруге қолайлы, құрылыс материалдарын өндіруге су-энергетикалық қорлары мол. Сондай-ақ, қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын шипажайлар ұйымдастыруға өте ыңғайлы екенін ескертіп, «бұл ауданды Өзбекстанға беру біз үшін тиімсіз» деген шешімді Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Леонид Ильич Брежневке табыс еткен.

Обалы не керек, комиссия шешімін Брежнев те қолдап, сол маусым айының соңына таман Мәскеуге Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөніндегі арнайы қабылдаған қаулысын жібереді. Содан аз ғана уақыт бұрын КОКП Бас хатшысы Никита Хрущев орыстардың ай-шайына қарамай КСРО Жоғарғы Кеңесінің арнайы қаулысын шығартып, Қырымды Украинаға қосты емес пе? Ресейдің өзіне ақырып, айтқанын істетіп тұрған неме Тәшенов бастаған комиссияның шешімін, Брежнев басқарған Қазақстан Компартиясы ОК-нің қаулысын қайтсын? Оған пысқырған да жоқ.

Бұл жолы да белден басты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 1956 жылы 21 қаңтарда «Қазақ КСР құрамынан Бостандық ауданы және Мырзашөл жерінің бір бөлігін Өзбек КСР құрамына беру туралы» қаулысын шығартты. Оны КСРО Жоғарғы Кеңесі сол жылдың 13 ақпанында «Қазақ КСР және Өзбек КСР арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» жарлығымен бекітті. Солай 499 мың гектар жерді Өзбекстанға қосты. Аудан құрамындағы 16 колхоз, біраз стан- сылар, зауыттар мен кәсіпорындар Өзбек республикасына толығымен өтті.

Бұл аз болғандай біраз уақыттан соң қазақтармен санаспай өзбектерге 3663 мың гектар жерді тағы алып берді. «Күштінің арты диірмен тартады». Несіпбек, бұл Брежневтің тұсында болған жайт. Бұл мәселе ғалымдар тарапынан да зерттелген. «Qazaq» газетінде 2019 жылы 26 сәуірде Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің «Оңтүстік аудандары үшін күрес» атты зерттеу мақаласы жарық көрді.

«...Орталық Үкіметтің авторитарлық-волюнтаристік қысымымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылы 21 қаңтарда «Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін Қазақ КСР-ның құрамынан Өзбек КСР құрамына беру туралы» қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сес- сиясында Төралқа төрағасы Ж.Тәшенов Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен басқа қосымша жерлерді Өзбек КСР-на беру туралы мәлімдеме жасады. Онда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал, Қызылқұм аудандарынан алынған 329 га жер, сондай-ақ 1936 жылдан өзбек колхоздары мен совхоздары уақытша пай- даланып келген жерлер Өзбекстанға толық берілсін делінген. 

***

...1956 жылы жер жаннаты Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігінің Өзбекстанға берілуінің қалай заңдастырылғанына көз жеткізу үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясындағы баяндамаларға, пікірлерге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.

Жұмабек Тәшеновтің баяндамасынан: «...Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өтініші бойынша арнайы комиссия жіберіп, мұқият зерттеп, екі жаққа да тиімді ортақ шешімге келді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары ұжымшарларының Бостандық ауданын және көрсетілген жер аумағын Өзбек КСР-ына беру туралы Республика Жоғарғы Кеңесінің қарауына және бекітуіне ұсынады. Бостандық ауданы Өзбек КСР-на берілуі екі республика экономикасының бірлігін, территориялық жақындығын және шаруашылық, мәдени байланыстарының беріктігін көрсетеді. Сондай-ақ, туысқан Өзбек КСР-ы экономикасы мен мәдениетінің одан әрі қарқынды дамуына сеп болды. Сондықтан территориялық және экономикалық тұрғыдан алғанда Бостандық ауданын Өзбек КСР-ына беру орынды шешім деп ойлаймыз. Бостандық ауданы мен 499 мың гектар жер аумағын Өзбек КСР-ына беру қазақ халқының өзбек халқына деген шексіз сенімі мен сүйіспеншілігінің мысалы, елімізде мекендейтін халықтар арасында қалыптасқан туыстық байланыстардың жарқын дәлелі. Мұндай салтанатты  сәт  тек  социалистік  шындық  және КСРО-дағы бұзылмас ұлттар достығы мен бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқалы тұр. Коммунистік партия еліміздегі барлық халықтарды бір-бірімен жер дауын туғызбайтын, басқаның есебінен олжа табуға ұмтылмайтын, барлық мәселені тең өзара сенім мен туысқандыққа негіздеп шешетін біртұтас ортақ үйге топтастырады. Мұндай туысқандық әрекеттің бір жарқын мысалы – ұлы орыс халқының украин халқына Қырым облысын беруі болды. КСРО Конституциясында «Одақтас республикалардың территориялары олардың келісімінсіз өзгертілмейді» деп нақты жазылған. Осы арқылы кеңестік одақтас республикалардың егемендігі Конституцияда көрініс тапқан. Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын Қазақ КСР-ның құрамынан алып, Өзбек КСР-ның құрамына беру туралы шешім қабылдау тек қазақ және өзбек халықтарының ғана емес, Кеңес одағының мемлекеттік мүддесіне сай келеді. (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының ду қол шапалақтары). Біздің республиканың құрамынан Өзбек КСР-ның құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын беру туралы мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының қарауына және бекітуіне ұсына отырып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары тарапынан бірауыздан қолдау табады деген сенім білдіреді. (Қол шапалақтау)».

Жарыссөзге шыққан депутаттар Н.Оңдасынов, Б.Саркиева және И.Волощук Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің сөзін қолдайды.

Мәжіліске депутат жазушылардан Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және Дмитрий Снегин қатысады. Жоғарғы Кеңестің төрағасы сөзді Сәбит Мұқановқа береді.

Депутат Сәбит Мұқанов: «...Қазақта ежелден «Өзбек өз ағам» деген мәтел бар. Бұл тектен-текке айтылмаған. Оның терең тарихи мәні бар. Тарихи деректер екі халықтың шыққан тегі бір екенін көрсетеді. Оның бір дәлелі – өзбек халқының құрамында кездесетін қазақ рулары. Тағы бір дәлел, 1598 жылдан бастап 150 жыл бойы екі халықтың едәуір бөліктерінің орталығы Ташкент болған бір мемлекетте тұруы, – дей келіп: – Бірақ, біздің сессиямызға туысқан Өзбекстан делегациясы қазақ жерінің бір бөлігін бөліп беруді өтініп, келіп тұрғанда, мен Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бір депутаты ретінде олардың бұл өтінішін қолдаймын. Өзбек делегациясы жарты миллион гектарға жуық жер мен Бостандық ауданын сұрап отыр. Мен олардың бұл өтінішін қанғаттандыруға дауысымды беремін. Өз дауысымды бере отырып, мен өзбек жолдастарға өзімнің бір тілегімді айтпақшымын. Біз сіздерге Кеңес одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен беріп отырмыз», – дейді.

Зерттеушілер кезінде Киров ауданының жүзім шаруашылығының директоры Молчановтың Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсы шыққанын да назардан тыс қалдырмаған. Ол: «Социалистік құрылыстарды алғашқы болып салғандар кімдер еді, ағайын?! Атап айтқанда, мынау Киров каналы. Құрылысқа қатысқан қаншама қазақтар қырылып қалды?! Ойлансаңдаршы! Құлазыған қу даланы суландырып, егін егіп, жемісін жей бастағанда басқа біреудің қолына өтуі кім-кімнің де болса да қабырғасын қайыстырады ғой. Мұндағы еңбек орнында қазақтардың маңдай тері төгілген. Мектеп, аурухана салынды. Қызыл бұрыштар жасалды. Мен орыс адамымын. Былайша айтқанда, маған бәрібір. Ал, еңбек адамы әрі басшы ретінде айтарым – қазақтардың бұл мекенге істеген еңбегін көз алдыма елестетсем, оларға жаным ашиды. Жалпы, мен бұл жерді Өзбекстанға беруге қарсымын. Неге десеңіз, бұл жердің иесі де, гүлдендірген де, суландырған да жергілікті қазақтар» («Қазақ әдебиеті» 1998 жыл, 28 тамыз).

Бостандық ауданының шындығы осы. Ақын Несіпбек Айтұлы бұған не дер екен? Ол Хрущевтің пәрменінен қаймығып, Бостандық ауданын Өзбекстанға өз еріктерімен берген біздің басшыларға арнап емес, сол кезде қазақтың намысын жыртып, қарсылығын ашық білдірген совхоз директоры Молчанов туралы поэма жазғаны оң болар. Нағыз батыр сол ғой.

Иә, ұлтарақтай болса да жер қымбат. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп Хрущевтің төбеден төніп, желкелеп тұрғанында қарсыласып көр. Сол кезде бірінші басшы Брежневтің орнында кім болса да Хрущев дегенін істер еді.

Айтып айтпай не керек, билік өз қолыңда болмаған соң өзегің өртеніп, қылышыңды тасқа шабасың. Ал Досанов романындағы қазақтың бір пұшпақ жері үшін жанын да аянып қалмайтын Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы Тәшенов әуелі комиссияның қарсы шешімін шығарған. Бірақ сол ермінездік ұстанымында тұрмай, артынша Жоғарғы Кеңес сессиясында Бостандық ауданын беруге мәлімдеме жасағанын Айтұлы қалай қабылдар екен? Шындық ащы. Арлының шымбайына батады.

Қазақтың жері іргедегі елдер көздерінің құртына айналғаны қашан. Басқа республикалардағыдай емес, жерінің асты мен үсті толған табиғи байлық. Оның үстіне Ресеймен шегарамыз жеті мың шақырымнан асады. Ұлттың саны анау, күрмеуге де келмейді. Осының бәрі сол кездегі нақты жағдайға қатты ықпал еткен. Бұл арыдан тартсақ ұзақ сөз. Беріден қозғап, анық-қанығына жеткеніміз жөн болар.

Өзбек ағайындар сол үш ауданға 1949 жылдан бастап-ақ көз тіккен. Сталиннің кезінде де әрекеттеніп баққаны бар. 1953 жылы наурызда ең жоғары билікке келген Хрущевтің бүйрегі соларға бұрып тұрса да әуелгіде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгин ыңғай танытпаған соң жымысқы ойын іске асыра алмады. Оның үстіне сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Хрущевке: «Бұл менің жерім емес, қазақ халқының жері. Мәселені солар шешеді», – деп алдына кесе-көлденең тұрып алған.  Содан соң олар қолайлы сәтті күтті. Сол сәт Исмаил Юсупов 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесіне бірінші басшы болып тағайындалған  кезде ғана туды. 

«Іштен шыққан жау жаман». Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов алдына келген үш облыстың басшылары «Исеке.., Исеке...», – деп құрақ ұшып бастарын иіп тұрса, көкірегіне нан піспей қайтсын. Мансаптан басы айналып, өлкенің алқалы бір жиынында «Жылқы мен есектің еттерін қосып, азық-түлік жоспарын орындаймыз» деп тыңнан жаңалық ашқандай болғанда қарамағындағы ләпбайлап тұрған басшылардың бірі де «Исеке, мұныңыз қалай?» деп қарсы келе алмай іштен тынған. Сондай астамшылық бұл қызметін тақиясына тар келтірсе, жаны қалай тыныш тапсын. Неге бұдан да жоғары лауазымға қол жеткізбеске? Оның үстіне қызмет бабымен Мәскеуге тіке шығып жүр. Ия ол үшін Хрущевпен қалайда тіл табысу керек. Жатса да, тұрса да, ойлағаны сол болды. 

Хрущевтің Қазақстанның мақта шаруашылығымен айналысатын үш ауданын Өзбекстанға қосу жөніндегі мәселені ауық-ауық көтеріп жүргенін біледі. Оның үстіне бұл мәселе Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысы Нуриддин Мухитдинов пен Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ядгар Насриддинова Хрущевпен жарасып қалғалы бері жиілеп кетті. Хрущев өзіне майда тілімен майдай жаққан Нуриддин Мухитдиновті КОКП ОК-нің салалық хатшысына өсірді. Юсуповтың күткені де осы еді. «Жаны ашымастың қасында басы ауырмас». Юсупов: «Кетсе қазақтың жері кетеді. Ал менің нем кетеді?». Ыңғайлы сәті оңынан келіп тұрғанда Мухитдиновпен келісіп, неге Хрущевқа жағынып қалмасқа. 

Мәскеуге барған сайын Мухитдиновпен астыртын байланыс жасап, үш ауданды Өзбекстанға қосу жөнінде ұсынысын білдірген. Мухитдиновке де керегі сол, қуана-қуана келісіп: «Исмаил, Хрущевтің атына хат жазып, өз қолыңмен апарып бер. Арғысы менің жұмысым», – деген.  Ол Хрущевке оның табанын жерге тигізбей мақтап, Қазақстанды басқаруға өте лайықты, бұдан асқан жанды таппайсыз деп дәріптейді. Хрущев кездесу кезінде табанын жалауға бар адамның үш ауданды Өзбекстанға қосу жөніндегі хатын оқып, салған жерден ұнатқан. «Міне, Қазақстан Компартиясын басқаратын адам!». Солай Юсуповтың шиырған асығы алшысынан түсті. Тек Хрущевтан Мақтаарал, Ильич және Киров аудандарын Қазақстанның қазіргі басшылары қолымен Өзбекстанға өткізіп беруді өтінген. Солай өзгенің қолымен от көсеп, республикаға сүттен ақ, судан таза болып бару. Оның бұл бақай есебін алаяқтықпен әдейі жасаған қаскөйлігі деп қалай айтпайсың. 

«Қазахстанская правда» газеті 2004 жылы 21 сәуірде тілші Ғалия Шымырбаева мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1962-1964 жылдардағы бірінші хатшысы Исмаил Юсуповтың сұхбатын жариялады. Сұхбат тақырыбы «Қазақстан халқының алдында менің арым таза» деген Юсуповтың сөзінен алыныпты. Ол бірқатар қазақ газеттеріне де осындай тақырыпта сұхбаттар берген.

«...Сол жылдары Қазақстанның мақта өсіретін үш ауданын Өзбек КСР-на беру туралы шешім шығарылды. Содан бастап оны мен берді деген сөздер елге тарап кетті. Ал негізінде Өлкелік партия комитетінің хатшысы ретінде менің құқым жоқ еді. Мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа бұл аудандарда мақта өсіру қиындап бара жатқанын ескерткенмін. Қалай айтқанда да Қазақстан халқының алдында және өз балаларымның алдында арым таза», – дейді Юсупов. Өтірікті шімірікпей судай сапырған жанкештіде қызаратын бет болсайшы.

Ал мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылы 21-24 желтоқсанда болған Қазақстан Компартиясы ОК-і бюросы мәжілісінің №30 хаттамасында Исмаил Юсуповтың мына хаты қоса тіркеліпті. «Каз. правда» соны сұхбат ортасын ойып тұрып жариялаған. «07. 12. 1962 г. ЦК КПСС т-щу Хрущеву Н.С. ЦК Компартии Казахстана т-щу Кунаеву Д. А. Совета Министров Каз ССР т-щу Бейсебаеву М. Б. Исходя из общегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о передаче Узбекской ССР хозяйства Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи и создать там крупную специализированную на пройзводстве хлопка новую административную область, лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду. Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И. Юсупов».

Міне, екіжүзділіктің үлгісі. Юсупов бәрін Қонаевқа жауып, өзін қиянаттан ада көрсеткісі келген. Соған дейін таптырмай келген оның бұл хаты «Казправдадан» кейін халықаралық «Түркістан» газетінде К.Адырбекұлының 2006 жылы 14-28 қыркүйек аралығындағы «Казахское дело» сериялық зерттеуіндегі «Дінмұхамед Қонаев» бөлімінде жарияланып, бүкіл республикаға тарап кетті.

Дінмұхамед Қонаев: «...Мен Хрущевке телефон соғып, концертке шақырдым. (Қазақстан өнер шеберлерінің Мәскеудегі қойылымын меңзеп отыр). «Міндетті түрде барамын. Мүмкін, Кремльге маған келіп кетерсіз», – деді. Мен жиырма минуттың ішінде сонда болдым. Хрущевтің кабинетіне кірсем, Микоян отыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң Н.Хрущев: «Бүгін Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті, – деді маған көз қиығын бір секем көңілмен тастап, сөзін сабақтады. – Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше, өте құнды пікір».

Төбемнен жай түскендей үнсіз отырып қалдым. Маңдайымнан біреу періп жібергендей күй кештім. Ойым он саққа кетті. «Бұ қалай болғаны?» – деп ойладым. Осы бүгін ғана Юсуповпен кездесіп, сөйлесіп едім. Ондай ойдың ұшқынын да білгенім жоқ. Сол екі арада есебін тауып, идеясын өткізбек қой. Жоқ, бұлай ел тағдырымен ойнауға болмайды. Әйтсе де ойымдағыны іркіп қала алмадым. «Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын. ...Оңтүстік Қазақстан республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Никита Сергеевич, біз отпен ойнап отырмыз. Республикалардың арасында жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін». Өкінішті-ақ! Менің айтқан уәждерім Хрущевке мүлдем ұнамады. Өйткені, ол әлдеқашан өз байламын жасап қойған-ды. ...Концерт жайына қалды. Құлағым шыңылдап, басым мең-зең. Сахнада не болып жатыр? Көріп те отырғаным жоқ, есітіп те жарытпадым. Үзіліс кезінде Хрущев әңгімені қайта көтерді. Ол маған Юсупов жазған хатты ұсынып жатып: «Аманатты орындау үшін тапсырамын, – деді. Онымен қоймай, Юсуповты жер-көкке сыйғызбай мақтады. – Іске мемлекеттік тұрғыдан қараған мұндай азаматқа барынша қолдау көрсету керек!» Біз қасірет арқалап шықтық». («Ақиқаттан аттауға болмайды». 247-бет).

Несіпбек, кімнің айтқаны көкейге қонады? Сен қорлаған Қонаевтікі ме, әлде жанын жалдаған жәдігөй Юсуповтікі ме?

«Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» деген осы шығар. Юсуповтың мұрағаттан осы хаты табылмағанда Несіпбек Айтұлы Қонаевтың аруағын қорлайтын сөздің бұдан да зорын айтар ма еді... Кім білсін. «Шындық ешқашанда өлмейді» деген рас екен.

Үш ауданның мәселесі Қазақстан ОК бюросында төрт күн бойына талқыланғанына қарағанда өте ауыр жағдайда өткені анық. Бюро мүшелері үш ауданды қалайда бермей алып қалудың жолын барынша қарастырған. Қазақстан Компартиясының салалық хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовтың айтуына қарағанда, Қонаев Саяси бюроның мүшесі Анастас Микоянмен сыр тартып сөйлесе береді екен. Ол қысылған шақта сол кісіге телефон шалып, мақта өсіруде қазақстандықтардың да тәжірибесі жететінін, тек ауылшаруашылығын Өзбекстандағыдай өнімділікті арттыратын жаңа техникаларымен жабдықтаса, жоспарды өзбек ағайындардан кем бермейтінін айтып, Хрущевқа жеткізуге қолқа салған. Өкінішке қарай, Хрущев Микоянға  да құлақ аспаса керек. 

Қонаев: «Жер мәселесін елден, халықтан жасырып шешуге болмайды. Мұны ОК-те ғана талқыдан өткізбей, Жоғарғы Кеңестің Президиумы мүшелері де қарағаны жөн», – дейді.

 Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде жазушы Дмитрий Снегин ғана Хрущевтің шешімінің жөнсіз екенін айта келіп: «Қазақстанның жерін бөлшектеу, елін бөлшектеу», – деп үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы тұрған. Ал Мұқанов пен Мүсірепов секілді марғасқалар үнсіз қалды.

Көп кешікпей Хрущев Қонаевты қызметінен босатып, орнына Юсуповты тағайындады. Қонаев өз мамандығы бойынша Ғылым академиясының Геология институтына жіберуін өтінеді. Бірақ Хрущев өтінішін қабыл алмай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевтың орнына тағайындайды. Юсупов қитұрқы ісін солай жүзеге асырды. «Іс бітті, қу кеттінің» кері.

Поэма авторы Қонаевтың сол үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы болғаны үшін бірінші хатшы қызметінен алынғанын да жақсы біледі. Бірақ ішіңдегі қыжылы істің ақ-қарасын айтқызбай отыр. Әйтеуір қалың оқырманға сөзін өткізу үшін әлгіндей аққа қара бояуды жаға берген.

Қонаев өзбектерге кеткен жерді Хрущев тұрғанда айқай-шумен ала алмасын біліп, ақылға салып, артын күтті. Егер КСРО-ның билік басына Брежнев келіп, Қонаев сол үш аудан жерінің, Айтұлы айтқандай, пұшпағын ғана емес, көп бөлігін қайтармағанда бүгінде өзбектерден соның өзін қайтып алу мүмкін емес еді. Оны мен айтпасам да әркімнің іші сезеді. Бір кем дүние-ай?!

Жырдың «Түгендеп қайтып алса кеткен жерді, кім қақты Қонаевтың қолын сонда?» деген жолдары былайғы жұртқа тауып айтылғандай көрінер. Айтұлының осы сөзі сол кездегі жағдайдан бейхабар базбіреулерге қамшы болып, «Шынында Қонаевтың қолын кім қақты?» деп реніштерін тудыруы бек мүмкін. Айтұлының көздеген мақсаты да сол сияқты. Ал жерді түгендеп алу Қонаевқа және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мұстахым Ықсанов басқарған мемлекеттік комиссияға оңай болды ма?

Әттең, сол кезде Айтұлының болмағаны-ай! Арнайы құрылған комиссияны Ниязбеков емес, Айтұлының өзі басқарғанда өзбектерге кеткен жерді түп-түгел қайырып алатын еді. Осылайша ол түйінді мәселені оп-оңай-ақ шешіп тастар еді. Алайда бұл миссияны атқару оның пешенесіне жазылмаса не шара? Бірақ бүгін оған сәуегейлік айту бұйырыпты. Иә, айтуға оңай.

Қазақ «Біреуге қараған күнің құрысын» дейді. Билік кімде, қаржы да соның қолында. Бәрін де Мәскеу шешетін кер заман. Ондағы тізгін ұстаған шовинистер ешкімге өздігінен ештеңе істетпейтінін Айтұлының өзі де жақсы білді. Енді, міне, жоғары биліктегі ахуалды біле тұра білмегенсіп, бәріне Қонаевты жөнсіз кінәлауда. Қонаевтың қолында тәуелсіз билік болса, жердің бір пұшпағы түгілі, бір тұтамын да ешкімге бермес еді. Кезінде компартияға мүше болып, соның тәртібіне бас иіп, республикаға белгілі мәдениет саласындағы мекеменің дүрдей бастығы болған жазушы Сәбит Досанов оны жақсы біледі.

Мақтаарал аупарткомының бірінші хатшысы Ошақбай Көлбаев «Естен кетпес демалыс» естелігінде былай дейді. «...1993 жылдың шілде айында демалысқа шықтым. Фатима жұбайым екеуміз Талдықорған облысындағы «Қапал-Арасан» шипажайына бардық. Біз барып жайғасқаннан кейін кешкісін Димекең де келіп, сол жердегі бөлек жайға жайғасыпты. Димекеңнің жады өте мықты. Кезі келгенде: «Димаш аға, 1971 жылдың март айында үш аудан Қазақстанға қайта оралды, – деп бастадым да сөзімді әрі қарай сабақтадым. – Бірақ 1962 жылы Өзбекстанға өткен үш ауданның Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді атындағы «Арнасай», Ильич атындағы мал совхозымыз бен көп бауырларымыз сол елдің құрамында қалып кетті ғой», – дедім.

Дінмұхамед аға ауыр күрсінді: «Бұл комиссияның кешірілмес қатесі. Олар екіжақты келісімшартқа 1962 жылы өткен аудандарды бұрынғы әкімшілік-аумақтық құрылымы шегарасымен толық қайтарылсын деп жаздырып, қатаң қадағалаулары керек еді. (Өзбекстан үш ауданды уақытша пайдалануға қосып алысымен қулыққа басып, олардың біраз бөлігін жырымшылап, өздерінің Жызақ облысының іргелес Фарыш ауданына қаратып, картасын қайта сыздырған). Өкініштісі сол, комиссия алғашқыда өзбектердің сол қулықтарын байқамай алданып қалады. Олар мұны кейін аңғарып қалып, маған хабарласты. Мен сол бойда Брежневке тағы өтініш жасадым. Ол «Комиссия уақытында шегараға мұқият қарап, шешім қабылдауы керек еді», – деді де қойды. Брежневтен екінші қайтара қолдау болмаған соң бұл мәселенің біз күткендей шешіле қоймасы белгілі болды», – деді көңілсіз үнмен».

Брежнев лауазымы өзінен төмен Өзбекстанның бірінші басшысы Шараф Рашидовқа тағы да телефон шалғысы келмеген. Шынында да оған үлкен басын кішірейтіп, жалынғандай болғаны жараса қоймас.

Үш аудан арада 9 жыл өткен соң ел құрамына қайтты. Қазақ «Бір құмалақ бір қазан айранды ірітеді» дейді. Міне, «Менің қазаққа қылаудай қиянатым болған жоқ» деген Исмаил Юсуповтың кесапаты. Сонша жыл елді әуре-сарсаңға салып, едәуір жерімізден айырды. Бұл бүгінгілерге де үлкен сабақ болса игі.

Айтұлы жырының мына бір тұсында «Әулие тұтқанменен айналасы, халықтың өкпесі көп Қонаевқа» деп бір қайырыпты. Оның жалпы халықтың атынан сөйлегені қалай? Сондай ерекше құқығы бар ма еді? Қонаевты ақиреттік сапарға шығарып салған сол үш жүздің халқы емес пе. Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев: «1993 жылы 22 тамызда Қонаев дүниеден өткенде, онымен қоштасуға келген халықта есеп болмады. Опера театрынан Кеңсай зиратына дейін жолдың екі жағы адамға толып, сүйікті перзентін ақырғы сапарға шығарып салды. Сірә, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай адамдарды әсте өлді деуге болмайды. Ол артында өлмейтұғын іс қалдырған халықтық тұлға. Ол әрқашан халықпен бірге жасайды. Олардың жадында өмір сүреді», – дейді. («Егемен Қазақстан» 2012 жыл 12 қаңтар). 

Кеңсайға дейінгі жолдың екі жағында иін тіресе тұрып, жанарларынан жас ағып, мәйітінің жолына гүл шоқтарын төсеген солар ғой. Халық өкпелесе солай қимай қоштасар ма еді. Сол халықтың құрметтеген сөз ұстар жекелеген тұлғалары, Қонаевпен қызметтес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, Бәйкен Әшімов, Сұлтан Жиенбаев, Манаш Қозыбаев, Серікболсын Әбділдиннің ел үшін атқарған қызметін жоғары бағалаған жүрекжарды лебіздері Айтұлы үшін жай сөз болғаны ма?

Шымкент қорғасын зауытын он бес жыл басқарған Рзабай Хобдабергеновтей азаматтардың ыстық ықыласын қайда қалдырасың? Айтұлының осы асылық сөзін өзі қатты құрметтейтін халықтың танымал тұлғасы, үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен атақ-дәрежесі өзінен артық болмаса бір мысқал да кем емес Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-доктор Әкім Тарази құптай қояр ма екен? Немесе бір өзі мыңға татитын ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мақұлдай ма?

Несіпбек, екеуміз алдымызды ғана көрсек, Әубәкіров Жер әлемге ғарыштан көз жіберген, бос сөзге жоқ, ойы терең, аузы дуалы абзал жан. Ғарышкердің әлеуметтік желідегі Қонаев туралы жүрекжарды лебіздері қандай?! Әлде сен үшін атақ пен даңқы Одаққа әйгілі болған Кәмшат Дөненбаева мен Бибігүл Төлегенова апаларымыздың Қонаевқа деген ілтипаты түкке тұрғысыз ба?

Бүгінде исі қазақтың алғысына бөленіп жүрген ақын Жүрсін Ерман кемеңгердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қонаевтай ер қайда!» деген тақырыппен Алматыда ақындар айтысын өткізгенде, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына сыймай сыртында жүрген қалың нөпір ше? Олар халық емес пе? Осындай ел таныған тұлғалардың ілтипатын тізе берсем, газет-кітап беттеріне сыймас. Айтұлы жаққан қара бояуды сол асыл әрі аяулы жандардың кітапқа түскен, ақпарат құралдарындағы естелік-пікірлерді ақпен бояп, қайта ағартатынына сенімім мол.

Кейбір зерттеушілер Тәшеновтің қайраткерлік қасиетіне жұрттың көзін жеткізу үшін Юсуповтың пікірін дәлел ретінде пайдаланғанын қайтерсің? Қазаққа жаудың ісін жасаған жанкештінің жалған айтқаны соншалық маңызды ма еді?

Ой, Алла-ай! Абай айтпақшы, осындайда ар мен намысты былай жинап қойып, қазаққа ниеті жаманмен табыса қалатынымыз қалай? Айтұлы мақтаған Тәшенов сөзінің тұрлауы жоқ Юсуповқа басын иіп, төрелік сұрап барар ма еді? Жоқ! Намыстан жарылып кетер еді. Ал Айтұлына салсақ Юсупов өзбектерге үш ауданның жерін бергенде «жаман», Тәшеновке пікір айтқанда «жақсы» болып шыға келгенін қарашы. Біздің әлсіздігіміз де осында. Құбылып тұрамыз.

Несіпбек, Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр» деп босқа айтпаған-ау. Тарихи тұлғаның мәніне бармай сапырған жырың содан аспады. Өйткені, Дінмұхамед Қонаевтың есімі тек мәрмәр тасқа ғана емес, миллиондардың жүректеріне жазылған. Енді оны өшіру мүмкін емес. Нөпір халықты мойындата алмаған соң тыраштанып қайтесің. Поэмаңды шын жүректен қозғап, әдептен озбай жазғаныңда, бәлкім, басқаша болар ма еді?

Ал халық кімге құрмет көрсететінін екеумізден де жақсы біледі. Қонаев та, Тәшенов те халық үшін аянбай қызмет еткен ұлттың тарихи тұлғалары. Оларда жазық жоқ. Жазық екеуін қарама-қарсы қойып, жұртты екіге жарып жүрген сендейлерде. Өйткені сенің жырлағаның ғылыми талдау емес. Көңіл ауанымен жазылған өсекші өлең. Жырыңда шындықты батыл айтқансып, бірін мұқатып, бірін асыра мақтап, арасына сына қаққаныңды, жұрттың арасына жік салғаныңды, өзің айтпақшы, «айналаңдағы» ат төбеліндей жандар болмаса, қалың қазақ жөн дей қоймас. Өйткені, поэмаң әділдіктің, мәдениеттіліктің ауылынан тым алыс. Имандылықтың, поэзияға тазалықтың маңына да жуымайды.

Публицист-ғалым Камал Смайлов: «Қаншама тамаша таланттар өсіп, елге, әлемге танылды. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Қазақтың осы заманғы ұлттық маманданған өнері мен әдебиеті Димекең ел басқарған 30 жылда қалыптасты. Соны ұмытар ма тарих?!». («Елу жыл ел ағасы» естеліктер жинағы. «Санат» 2002 жыл. 114 бет), - дейді.

Әдептен озған Айтұлы секілді біреулер тарихи тұлғаны ұмыттырмақ түгілі мүлдем жоқ қылғысы бар. Мақсаттары бола қояр ма екен?! Бола қоймас!

3.КІНӘ ҚОНАЕВТА ЕМЕС, БОДАНДЫҚТА

Журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің 2020 жылдың 11 желтоқсанында «Қордайдағы қазақ-дүнген текетіресі 86-жылдың жаңғырығы», 18 желтоқсанда «Камалиденов «маскүнемдер» мен «нашақорларды» қолдан жасады» атты мақалалары «Қала мен дала» газетінде жарық көрді.

Мақаланың алғашқы бөлігінде ол: «...Осы ретте, билікте ұзақ жыл отырған Дінмұхамед Қонаевтың мына бір мойындауы еске түседі. «Жалғыз ғана көзімнің жеткені – көп уақыт билік басында болуға болмайды. Айналаңдағы адамдарды тану түйсігің жоғалады, тың ойларды түсінбейсің немесе қабылдамайсың, өзіңе өзің сын көзбен қарауды қоясың. Сосын міндетті түрде қателіктер жасайсың, әсіресе кадрлық саясатта». («Бірлесу» тәуелсіз газеті, 15 қыркүйек 1990 ж).  Ал кадрлық саясаттың теріс жүргізілуі орны толмас өкініштерге апарып соқтыратынын уақыт көрсетті. Сталиндік саяси қуғын-сүргінде бір Қазақстанның өзінде 110 мыңнан астам адам лагерьлерге тоғытылды. 25 мыңдай Алаштың қаймағы «халық жауы» ретінде атылды. Оған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» науқанында қынадай қырылған қандастарымызды қосыңыз», – дейді.

Біріншіден «Бірлесудегі» мақаланың авторы кім? Көрсетілмеген. Өйткені, автордың кейіпкерге көзқарасына көп байланысты. Белгісіз автор Қонаев мойындағанын жазған. Ал Кеңестер Одағы тарихында билікте ұзақ отырғанды мойындаған кім бар? Қонаевтан басқа ешкім жоқ. Бұл оның саналылығын, парасаттылығын көрсетеді. Екіншіден, кадрдан қателесудің орны толмас өкінішке апаратынын айта келіп, елде болған қуғын-сүргінге, алапат аштыққа әкеп тіреген.

Ұлттық кадрлар Қонаевтың кезінде ғана көбейді. Соған дейін колхоз-совхоздардан бастап, аудан, облыстарда қазақ кадрлар саусақпен санап аларлықтай ғана еді. Орыс тілін білген, оқыған қай қазақтың басшы болғысы келмеді. Абай жақсы айтқан, қазақ шен-шекпенді жақсы көрген. Ал жоғары қызмет орны санаулы. Қай қазақтың көңілін тапсын. Қонаев қызметте ешкімді алаламаған. Іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары үш жүздің қазақтары қызметсіз қалған жоқ. Оған қоғамды зерттеушілердің жасаған социологиялық талдауларының статистикалық көрсеткіштері дәлел. Ал Қонаевтың орнына мен бола қоймадым дегендердің өкпесі қара қазандай болғаны рас. Автор билікте ұзақ отырғандардың халықты қасіретке алып келгенін меңзейді. Рас, тарихта ондай ауыр зұлмат жағдайлар болған. Тек Қонаевтың кезінде емес. Қонаев билікке келгенде 2 млн.400 мыңдай қазақты 1986 жылға дейін 6 млн.700 мыңнан астамға жеткізді. Кеткеннің орнын толтырды.  

Қайым-Мұнар Табеев мақаланың «III. Қонаев? Оның тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды» атты бөлімінде былай деген: «...Алайда қанша жерден мақтап, әспеттесек те Қонаевтың руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанғанын жасыра алмаймыз. Оның кезінде 700-ден аса қазақ мектебі жабылып қалғаны шындық. «Жаптырмаймыз» десе, билік қолында тұр еді ғой. Жоқ, билігін пайдаланбады. Ал сол кезеңдерде біз сияқты күн кешкен өзбек, түрікмен, тәжік мектептерінің бірде-бірі жабылған емес».

Автор тағы бірқатар адамдардың тіл мәселесіндегі пікірлерін тілге тиек еткен. Сонда бәріне Қонаевты кінәлі етіп шығарыпты.

Мен соған дейін Қайым-Мұнар Табеевті тыңғылықты зерттеушілер қатарына қосып, өзіне сырттай болса да құрметпен қараушы едім. Қателескен екенмін. Өйткені, айтып отырған мәселенің мәніне бармай ұшқары, жалаң оймен шектелген. Қазақ тарихтың қасіретті жылдарында, ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілген жоқ па?! 1928-29 жылдардағы тәркілеу кезінде қазақтың байлары құл-құтандарымен Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран асқан.

Тіпті, бірқатар ғалымдар олардың біразының Кеңеске кеткен малымызды ит жесін деп қора-қопсысымен өртеп жібергендері жөнінде мұрағат құжаттарын жария еткен. Қалың ел жайлаған кең дала солай босап қалды.

Рас, адамдардың бәрі бірдей емес. Араларында саны аз да болса Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Өскенбайдай байлар да кездескен. Атшабары келіп: «Өсеке, ана ауылдың, мына ауылдың мырзалары Тәжік арқылы Ауған аспақшы болып жиналып жатыр. Біз де қозғалсақ қайтеді?» дегенде ол: «Жұрт үдере көшті деп жылы орнымды суытар жайым жоқ. Бәріміз жан сауғалап кетсек, мына ата-бабамның сүйектері жатқан жер қаңырап қалмай ма? Бос жерге қара шекпенді орыстар қоныстанбасына кім кепіл? Біз қайта ораламыз дегенше не заман. Атақоныс жерімізді таппай қалып жүрмейміз бе? Сен ана малымды кедей-кепшіктерге таратып бер. Өзімде орта шаруаға тиесілідейі қалса жетеді», – дейді.

Ол солай отырып қалады. Көп кешікпей тәркілейтін комиссия келген. Оның бір мүшесі Ерғазиев деген жас жігіт екен. (1975-76 жылдары ол университетте «КОКП тарихынан» дәріс оқыған). Студенттер сол кісіден Өскенбайдың тағдырын сұрапты. Ол: «Ақылды жан екен. Малдарын кедей-кепшіктеріне таратып беріпті. «Малым – жанымның садағасы». Алам десеңдер әне. Тек қатын бала-шағама тиіспеңдер» дегені есімде. Голощекиннің талабы қатты болды ғой. Өсекеңнің өзін Түрікменстанға жер аудардық. Одан кейінгі тағдырын білмедім», – деді. Иә, сондай да жандар болған.  

1931-33 жылдардағы аштық үш миллионға жуық қазақты жалмап кеткен жоқ па? Ұлтымызға бұл қасірет аз болғандай, соғыс жылдарында шейіт болған бір миллионға жуық қазақты қосыңыз. Арқаның даласы елден мүлдем босап қалған. 1960 жылы Қонаев билік басына келген кезде қалған қазақтың саны 2 млн.400 мыңдай ғана екен. Республика тұрғындарының 23-25 пайызын ғана құрапты. Ұланғайыр жерімізде олардың бар-жоғы да білінбеген. Жергілікті ұлт өкілдерінің саны мүлдем аз болған соң да Хрущев жерімізге көз тіккен. Оның үстіне аштықты көрмеген өзбек, тәжік, түрікмен секілді бұрыннан отырықшы өмір салтын ұстанып, тығыз отырған жоқ. Ал халықтың саны көп мәселені шешуде үлкен рөл атқарады.

Ұлты неміс, жаны қазақ болып кеткен жазушы Герольд Бельгермен кездескен бір журналист: «Сіз үш жүзге де жатпайсыз. Айтыңызшы, Дінмұхамед Қонаев қандай адам?» – деп сұраған.

Ол былай деп жауап қайтарады: «Мен ол кісінің қабылдауында болған емеспін. Өзін анда-санда телеарнадан көріп қалушы едім. Бірақ, қазақтардан ол туралы бір құлағым жақсы қасиетін есітсе, екінші құлағым жамандықтарын естуші едім. Бірақ қайсысына көңіл тоқтатарымды білмей жүрдім. Бір жолы Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз Ленин даңғылының жоғарғы жағындағы шағын саябақта әңгіме-дүкен құрып отыр едік, жол шетіне бір ақ «Волга» келіп тоқтады. Кабинадан жеңіл киінген ұзын бойлы кісі шықты. Әбдіжәміл: «Қонаев ақсақал ғой, жүр, сәлем берейік», – деген соң солай қарай беттедік. Ол жылы шыраймен амандасты. Әбдіжәмілді жақсы таниды екен. Мені сыртымнан білетін болып шықты. Үшеуміз ұзын арқалы орындыққа жайғастық. Әбдіжәміл сөз арасында 700-ге жуық қазақ мектебінің неге жабылып қалғанын сұрады. Ол 1950 жылы КОКП ОК-нің «Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі» Қаулысын айта келіп, мән-жайды арыдан түсіндірді. Айтқандары дәлелді болған соң менің құлағыма кірді. Өйткені сол кездегі жағдай менің көз алдымда өтті ғой. Алапат аштық, сұрапыл соғыстың салдарынан қазақтың даласы қаңырап қалды емес пе. Мен өскен Солтүстік Қазақстан облысындағы үш-төрт үйден ғана тұратын ауылдар аудан орталығынан 80-100 шақырым қашықтықта еді. Бүгінгідей тасжол қайда. Жауын жауса езіліп жататын қара жол. Алты, жеті айға созылатын ұзақ қыста қатынаудың азабын айтсайшы. Көліктер де санаулы. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Алыс ауылдарға электр желісін апаратын Үкіметтің шамасы жоқ. Сол үш-төрт үйлі ауылдарда жас құралыптары әрқалай үш-төрт бала қам кесектен соғылған ашық-тесік жайда оқитын. Бірі бірінші, екіншісі төртінші, үшіншісі жетінші сыныптың оқушылары. Мұғалімі, әйтеуір хат таниды демесең, сауаты шамалы біреу. Күндіз өз шаруасымен жүреді де кешке балауыз шаммен балаларды оқытады. Соғыстан кейінгі жылдарда Үкіметтің сол ауылдарға дейін жол салып, электр желісін тартатын шамалары болған жоқ. 1954 жылы тың көтеріліп, сырттан еуропалық нәсілдегі жандар ағылды. Жаңа совхоздар мен аудан орталықтары бой көтерді. Әлгі шағын ауылдарды Орталық Комитет пен Үкіметтің әлгі шаруашылықтарды ірілендіру қаулысына байланысты жаңа совхоздар мен аудан орталықтарына жинақтау жұмыстары жүргізілді. Қазақ балаларының саны мүлдем аз. Жеке мектеп ашуға келмейді. Оларды әр ауылдан аудан орталығындағы интернатқа жинап, балалар саны көп орыс мектептерінде оқытты. Солай үш-төрт үйден тұратын алыс-алыс ауылдардағы мектептер жабылды. Балалар жақсы білім алды. Мен қазақшаны солардан үйрендім. Кейін олардың арасынан ел басқарған азаматтар, белгілі ғалымдар шықты. 

Бір таңғалғаным, Қонаевтың жады өте күшті екен. Солтүстік Қазақстандағы шаруашылықты басқарғандар мен еңбек адамдарының есімдерін жаңылмай айтып отырғанда мен іштей таңғалып, жағамды ұстадым. Ғалымдарға, әдебиетшілерге, өнер адамдарына жасаған қамқорлықтары қаншама. Тағы бір таңғалдырғаны, Сүйінбай, Абай, Жамбылдан бастап, бірқатар ақын-жыраулардың өлеңдерін, үш бидің нақыл сөздерін жатқа айтқанда иманы таза жан екеніне көзім жеткендей болды. Мұндай қасиет ел басқарған жандарда бола бермейді. Қазір Қонаевты жамандаған пенделердің сөзін естігім де келмейді. Менің ойым Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды 25 жыл лайықты басқарған».

Жазушы Бельгер жалған сөйлейді деп айту ағаттық. Ол өз көзімен көргендерін баяндаған. Ел ішіндегі жағдай солай болса амал нешік. Сталин басқарған ОК-тің қаулысын орындамай көр. Ал Қайым-Мұнар Табеевке 700 мектеп жабылып қалды деп кесіп айту оп-оңай екен. Сондай қияндағы үш-төрт үйден тұратын ауылдың жағдайын басынан өткізбеген соң қайдан білсін.

Жақсы адамның артынан сөз ереді. Дінмұхамед Қонаев өмірден өткен соң ел ішінде әрқалай сөздер айтылып жатты. Тіптен қисық-қыңыр пікірлер ақпарат құралдарында да жарияланған. Солардың бірі 1962-1964 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «С чистотой помыслов» атты кітабында: «Мен республика басшылығына келген кезде бірқатар менің қара көз достарым Қазақстан шыңына ұйғыр шықты деумен болды. Егер солай дейтіндері бар, неге Қонаев туралы ашып айтпайды? Ол да таза қазақ емес қой. Ұлты бойынша татар. Бұл туралы мен Қазақстанның бұрынғы басшысы ретінде толық жауапкершілікпен айтамын. Қонаевтың және оның ата-аналарын менен басқа ешкім де білмейді десем асыра айтқаным болмас. ...Қазақстан басшылығына ұлттық кадрды ұсыну жөнінде мәселе қозғалған кезде Д.Қонаев бір түнде өз төлқұжатын құртып, орнына ұлты қазақ деп жазылған жаңасын алған». (19 б). 

Ішті өртеген қызғаныштың қыжылы не дегізбейді? Есесі кеткен жандардың осылай еріліп сөйлейтіні бар. Юсуповтың бұл сандырағын ескермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ арамызда Қайым-Мұнардан басқа да оның осы сөзін малданып, айналасын көңірсітіп, бықсытып жүргендерді қайда қоясың?

Бүгін біздің жазғыштардың Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды өзбектерге бергізіп, қазаққа қастық қылған Юсуповтың айтқанына имандай сеніп, сөзінен цитата алғанын қайтерсің. Кавказ, Балтық жағалауындағы халықтар ондайларды ауыздарына да алмайды. Ал біздегілер мұндайда ар-намыстарын жинап қойып, адал жандардың ақ-қарасын айырмай жағасына жармасады.

Ешкім де өз тегін, өз сүйегін сатпайды. Қонаев өзінің қазақтығын, өз ұлтын жанындай сүйетінін адал ісімен дәлелдеп кетті. Ал алаяқ, қулардан кемеңгер шыққан емес. Ақыл, парасат-пайымы, өресі жоғары жан бәрін де ой елегінен өткізген. Өмірінің соңғы кезеңінде, жаны Алланың алдына біртабан жақын тұрған кезде жазған «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының алғашқы бетіне Ақарыстан бастаған ата-тек шежіресін өз қолымен жазып қалдырды.

Рас, арғы бабасы Қонай татарға үйленген. Содан Меңліахмет туған. Ол Шелек ауылындағы Байырқызы Зәуре апамызбен тұрмыс құрып, Дінмұхамед өмірге келеді. Дінмұхамедтің сыртқы пішіні анасына тартқан. Ұлты татар деудің еш қисыны жоқ. Юсуповтың айтқандары желсөз. Ал оны жалаулатып жүргендердікі де бос сөз. Ешкім де шындықтан қашып құтыла алмайды.

Қайым-Мұнар сөз орайында: «Біз осы күндері «жүзден аса ұлт тұратын...» деген жалған ұранды жиі жалаулатып айтамыз. Соның авторы кім екен деп жүрсем, ол да Қонаев болып шықты. 1977 жылы шыққан «Советтік Қазақстан» атты орыс тіліндегі кітабында бақытты ел қандай деп сауал қойып, соған жауап беріпті. «Это 19 областей, более 80 городов, 193 поселка городского типа, 248 сельских районов, где дружной семьей живут и трудятся представители более 100 национальностей и народностей». Ең өкініштісі, бұл қисынсыз өтірік осы күнге дейін жалғасып келеді», – дейді.

Тағы да Қонаевты кінәлап, күйе жағу. 1961 жылы 24 маусымда Қазақстанның 40 жылдық мерекесі өтті. Салтанатты жиында Қонаев сөз сөйлеп жатқанда Никита Хрущев киіп кетіп: «Сіз неге Сталин туралы еш нәрсе айтпайсыз, – деді шұқшия түсіп. – Сталин халықтар достығының басты ұйымдастырушысы. Оны ұмытуға болмайды. Оны есте сақтау керек».

«...Мен құлаққағысты естімеген адамдай, өзімнің ойымдағыны түгел айтып біттім. Бірақ жоқ жерден Хрущевтің бүйректен сирақ шығарғаны ойлантпай қалмады. Мұнысы несі? – деймін іштей, – Қағытқаны ма, қалжыңы ма? Әлде, сынап көргісі келгені ме? Қалай болғанда да орынсыз, елдің бірінші басшысына лайық қылық емес. Жоқ, бар шыны сол шығар. Ойнап айтса да, ойлап айтса да ол өз арына сын. Мен ақылдан сабыр дегенге жүгініп, Сталин туралы ләм-мим деп тіс жарғаным жоқ». («Ақиқаттан аттауға болмайды» «Санат» 1994 ж. 230 б.)

Қонаев қай облыста, қай ауданда жүрсе де, онда не айтса да Мәскеу бәрін біліп отырған. Қысқасы, басқан ізі аңдуда еді. Іссапармен барған облыстардың еуропалық нәсілдегі бірінші не екінші хатшылары Мәскеуге сол бойда жеткізіп отырса ұлт жөнінде сөз айтып көр. Хрущев халықтар достығын аузына бекер алған жоқ. Қонаев республикада қазақтың аз, кірменің көп екенін ешқашан есінен шығарған емес. «Көп қорқытады, терең батырады». 

Кеше мақтап, бүгін даттап сөйлейтіндер бар. Олар аз да емес. Енді, міне, Қайым-Мұнар да солардың бірі ме деп отырмын. Ол 2006 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақтың Желтоқсаны» кітабында: «...СССР Бас прокуратурасының аса маңызды істермен шұғылданатын тергеушісі, генерал-лейтенант В.Калиниченко қанша тырысса да, Қонаевтың жекебасына қатысты қылмыстық істен еш нәтиже шығара алмады. «Биік қызметте жүріп салдырған үйі, саяжайы, тіпті, автокөлігі де жоқ. Қыруар тарту-таралғыдан бір сабақ жіп алмаған мұндай таза адамды ғұмырымда кездестірмеппін», деп өзі мойындаған. («Литературная газета» 12.04. 89 ж.) Мысалы, өзінің 70 жылдығына Бюро мүшелері сыйлаған жапон қымбат теледидарын өзі отырған кабинетте қалдырып, шетелдік сапарлардан жинақталған сый-сияпаттың барлығын мұражайға өткізуі, академик ретінде мемлекеттен алатын 750 сом стипендиясын 25 жыл бойы №3 балалар үйіне аударып отыруы оның қарапайым жан ретіндегі тұлғасын асқақтата түседі». (126 б).

Дінмұхамед Қонаев бар өмірін ұлтына, халқына арнаған жан. Қайым-Мұнардың соны біле тұра бүгін өз пікірін бірден өзгерткені қалай? Пендешілік деген осы шығар, сірә.

Қонаев ұлт мүддесін ашық қорғап, қолдай бастаса болды, «ұлтшыл» атап, саясат сахнасынан тайдырып жіберетін еді. Сондықтан ұлт үшін үндемей жүріп үлкен істі тындырған. Бұл көзге көрінбейтін істер болатын. Оның жергілікті ұлттың саны көбейгенше ел ішінің тыныштығын ойлағаны сол. Оның «жүзден аса ұлт өкілдері тұратынын» айтқаны уақытша алдамшы амал ғана. Соны түсінбегендер оны орысшыл деп кінәлайды. Қазір де елде көп ұлт өкілдері тұрады. Араларында бұрынғы КСРО-ны аңсайтындар да жоқ емес. Олардың тілімізді менсінбей жүргендері сол.

Тіпті, оларды былай қойғанда өзіңнің қалалық қазақтарың да бір-бірімен қазақша сөйлеспейді. Соларға өз тіліңді біл деп ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр ғой. Ал шыққан нәтиже қане?.. Ұлт әлі де ұйқыда. Қала берді, бізге әлі де санымызды көбейте түсу керек. Адай ақын айтқандай «Әр қазақ менің жалғызым» деп, ынтымақ, бірлікті берік ұстанбасақ, кім көрінгенге жем болып кетеріміз хақ. Ал бізге қазір бірлік ауадай қажет.

Мақаланың «Бір адам Қонаевтың кетерін күні бұрын білді» деп аталған бөлігінде, Камалиденовтің «Аңыз адам» журналының 2010 жылғы №12 санында жарияланған сұхбатынан үзінді берген. «Желтоқсан оқиғасы – бұл Горбачевтің жіберген үлкен қателігі. Нақтылап айтсам, Қазақстанға Колбинді бірінші хатшылыққа жіберуінің өзі ағат қадам еді, себебі, ол республиканы білмейді». Бұл арада «үлкен ағаттық» деп өзінің тағайындалмай қалғанын айтып отырғаны аңғарылады. Ол кезде Қазақстандағы жоғары биліктен үміткер төрт адамның аты жиі аталып жүрді, – дейді Қайым-Мұнар». 

Дұрысы, Горбачев қателескен жоқ. Ол Қонаевтың кезінде билікте жүрген ұлттық кадрлардың тым көбейіп кеткенін жақсы білді. Алматыда өткен тыңның 25 жылдық мерекесіне қатысқан, ОК-тің ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы ретінде Семей облысына іссапармен барған, 1985 жылы ОК-ке Бас хатшы қызметіне сайланған соң күзде Целиноградтағы ауылшаруашылығы белсенділерінің жиналысына арнайы келген. Сол кездерде басшылықта жүрген кадрлардың жетпіс пайызы қазақтар екенін көріп, білді. Колбинді солардың санын қысқартып, империялық саясатты күшейту үшін жіберді. Бірақ жастардың қарсылығына ұшырап, дегені бола қоймады.

Автор мақаланың келесі бір азат жолында:

«...Иә, болары болды. Өзі тәрбиелеп өсірген ізбасарларының жасы келген кезде жан-жақтан талағанына ренжіген ақсақал «Орныңызға лайықты кім бар?» деп Горбачев сұрағанда, ешкімнің атын атамауын енді түсіндік», – деп жазыпты.

Қайым-Мұнар, Талғат Айтбай екеулеріңнің илегендерің бір терінің пұшпағы. Басқалардың да жан жарасын сыздатқан Желтоқсан көтерілісі туралы азды-көпті материалдарды оқып-тоқығаным бар. Сондықтан да сенің мына айтқан тұжырымыңмен келісе алмай отырмын. Сен дәп осы жерде Горбачев пен Қонаевтың орнын ауыстырып жіберген сияқтысың. Керісінше, әлгіндей сұрақты Қонаев Горбачевке қойған. Ақыр зерттеген екенсің, күніне қырық құбылған Горбачевпен ғана шектелмей, Қонаевтың кейінгі жылдары ақпарат құралдарына берген сұхбатына да зер салып барып, ой қорытқаның жөн болар еді.

Қонаев 1986 жылы 11 қарашада Горбачевтің қабылдауында болып, қызметінен босату жөнінде өтініш берген. «В конце разговора спросил Горбачева о том, кто будет секретарем вместо меня. Он ответил: «Позвольте это решать нам самим». (Дінмұхамед Қонаев. «О моем времени». 265 стр.).  Сен Горбачевтің сөзіне сенсең, мен Қонаевтың сөзіне сенемін. Біле білсең, Горбачев Қонаевтан пікір сұрауды арсынып, рухани жағынан алшақ кеткені қашан. «Сырт көз – сыншы». Целиноградта өткен партия-шаруашылық белсенділерінің кеңесінде Горбачев Қонаевтың сөзіне құлақ аспай жүре тыңдап, оғаш мінез танытқанын жұрт телеарналардан көріп, оның астамшылығын байқаған. Оны өзің де көрдің. Қонаев естелігінде сол жағдайды да айтқан. «...Аты жүріп тұрған кісінің айдыны биік болады. Горбачевтің ауыздықпен алысып, түкірігі жерге түспей тұрған шағы. Кісімен жүре сөйлесіп, анау-мынау сөзге құлақ аса қоймай, мінез байқатып қалып жүрген тұсы. Екеуміз ет-бауырымыз елжіреп, шүйіркелесіп әңгімелесе қойғанымыз жоқ». («Ақиқаттан аттауға болмайды». «Санат», 1994 жыл. 358 б).

Дана халық «Пендені танығың келсе қолына билік бер» дейді. Горбачев Ставрополь өлкесін басқарып жүрген кезінде Минводыға демалуға келген Қонаевты құрақ ұшып қарсы алып, қайтарында жолына құрбан болып кетердей жанұшырып, шығарып салатын. Қазақ мұндайды «Мынаның әртістігін-ай» дейді. КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланысымен өңін айналдырып, мүлде басқа кейіпте шыға келді. Солай кеудесін керген Горбачев Қонаевқа иіліп, қалай жөн сұрай қойсын? Қисынға келмейді. 

Иә, қызметбасты адамға газет-журналдарды үнемі қадағалап отыруға уақыты бола бермейді. Оны түсінемін. Сен де осы мәселеге байланысты бір маңызды ақпаратты байқамай жіберіп алғансың-ау. Горбачев Қазақстанға кімді бірінші басшы етіп жіберуді Қонаевтың арыз бергенінен бұрын, сол жылы шілде айында-ақ шешіп қойған. 

2010 жылы «Аңыз адам» журналының №12 санында Зақаш Камалиденовтің сұхбаты жарияланған. Ол былай дейді:

«Үміткер – төртеуміз. Әуелбеков, Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев. Осы тізім Разумовскийдің үстелінде жатыр дейді. Журналист: «Бұл қай кездегі әңгіме?». Камалиденов: «Шілде айында. Бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз. Бір уақытта бір офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр», – деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин мен үшеуміз бардық.

Горбачевтің қабылдауында адам көп екен. Обкомның, ОК-нің бірінші хатшылары жүр. Өзара сөйлесіп тұрмыз. Бір уақытта бір ірі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме, мен Колбинмін. Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», – деді.

Ойымызда ештеңе жоқ, амандасып тұра бердік. Ол кетіп қалды. Сәлден кейін қабылдау бөлмесіндегі жігітке радиодан: «Казахов в конце», – деді. Барлығы кіріп-шығып жатыр. Бізді ең соңынан қабылдаймын дегені ғой. 30 адамдай болды, солардың бәрінің артынан қабылдады. Сосын сол жерде үшеуміз келістік. Мирошхинге: «Сіз Қонаевтың тікелей орынбасарысыз. Сіз бастап жағдайды айтарсыз», – дедік. «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз Совмин төрағасысыз, сіз жалғастырарсыз, сосын мен айтамын», – дедім. Сосын кірдік, төртеуміз отырмыз. Горбачев: «Жағдай қалай?» – деп сұрағанда Мирошхин бастады. Сөзі көп адам еді, тақырыптан ауытқып, басқа нәрселерді айта бастады. Мен оған: «Көп созбай жағдайды баяндасаңшы», – дедім.

...Кейін ойлап отырсам, Горбачев сол кезде бізді бекер шақырмаған сияқты. Колбинді көрсін деп шақырған болуы керек. Демек, Колбинді Қазақстанға жіберуді сол кезден ойластырған болуы керек. Бірақ мені Кремльде жеке қабылдап: «Димаш Ахметұлының орнына сайлайық» деп ұсыныс жасағаны да рас. Бірақ мен: «Денсаулығым келмейді» – деп бас тарттым. Бала кезімде остеомиелитпен ауырып, үш операцияны бастан өткердім. Аяғымды кесіп тастай жаздаған. «Ертең сізді Разумовский шақырады, әңгімелеседі», – деді. Бардым, сөйлестік. Қабылдауында екі сағат отырдым. Сұрақтар қойды. Бірақ ешқандай ұсыныс болған жоқ. Сосын мен қуанып, ауылға қайттым. Мәскеуде сұрағанда «Қонаевтың орнына жалғыз лайық адам, – Назарбаев», –  дедім». 

Бұрын бұлар көріп, білмеген Колбиннің өзін қарадай тұрып таныстырғанында не гәп бар? Мансапқорлық. «Көп ұзамай сендерге басшы мен боламын» дегені ғой шамасы. Солай да болды.

Сол екі сағат қабылдауда Разумовский не сұрады? Камалиденов қалай жауап берді? Әрине, әңгіменің Қонаев жайында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі ахуал тұрғысында болғаны анық. ...Біреуді қызметтен аларда «Правда» мен «Известия» секілді азулы газеттерге жеріне жеткізе сынатады. Ал біреудің лауазымын көтеретін болса, одақтық газеттерге аяқтарын жерге тигізбей мақтататын. 

Содан көп ұзамай «Аргументы и факты» газетінде Колбиннің сұхбаты шығып, қайта құру саясатын қатаң жүргізудің арқасында облыстағы тұралаған халық шаруашылығын даму жолына қойғанын мақтанышпен айтқан. Кейін арты ашылып, «Литгазетаның» ол туралы «Оқшантайдан шыққан адам» деп қатты сынап жазғанын жұрттың бәрі біледі.

Автор мақаласында: «Қонаев ел тағдыры сынға түскен ауыр сәтте ұлт қамын ойлаудан гөрі өзінің пендешілік пиғылынан аса алмапты», – дейді. Сонда не айтқысы келіп отыр? Түсінсем бұйырмасын. Әлде Колбиннің «Қонаев алаңға шығып, жастар алдында сөйлеуден бас тартты» дегенін малданғаны ма? Қонаев екінші хатшы Мирошхиннің телефон соғып, Колбиннің алаңға келіп жастар алдында мән-жайды түсіндіріп берсін дегенін жеткізген соң ОК-ке барған. «...Араға аз-кем уақыт салып, Колбин барлық бюро мүшелерін жинап, оларға қосып мені де шақырды. Кірген бойда ол маған: «Сіз боссыз, дем ала беріңіз. Біз өзіміз-ақ тиісті шара қолданып, тәртіпке келтіреміз», – деді. Мен шығар алдында Мирошхиннен: «Не үшін шақыртты, неге сөйлетпедіңіздер?», – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді. «Ақылдаса келіп, сізге алаңға шығып сөйлеуіңіздің қажеті бола қоймас деп шештік», - дейді.

"1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін Мирошхин тағы да растады". («Ақиқаттан аттауға болмайды». 428 б). 

Бұдан артық қандай дәлел керек?

Қайым-Мұнар Табеев мақаласында біраз адамдардың Қонаев қақында айтқан сыңаржақ пікірлерін жазыпты. Ал Қонаевтың асыл қасиеттері жайында өте жоғары пікірлер айтқан республикаға белгілі жандардың сөздерін тізе берсек, газет бетінде бос орын қалмас.

Қайым-Мұнар да аспаннан бүгін салбырап түсе қалған жоқ. Ол да жеті атасын жақсы біледі. Шежіре – тарих! Қазақ халқының да тарихы бай. Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрғаннан бері қаншама ғасыр өтті. Солардың жолын жалғастырып ұлтты ұйыстырған Абылай, Әбілқайыр, Жолбарыс хандардың еңбектері ерекше. Жоңғар мен қалмақтардан жерімізді қорғады. Бірақ кейінгі хандар Ресейге бодан болып қолтығына кірді. Санкт-Петербургке барып, шен-шекпен тақты. Ал Кенесары хан неге патша ағзаммен он жыл бойы соғысты? Сен осыны ойландың ба? Тарихшы Ермұхан Бекмаханов оның азаттық күресін тамаша зерттеп жазды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында патша өкіметі тақтан тайып, орнына большевиктер партиясы келді. Кеңестер Одағын құрып, ерікті елдер деп әлемге жариялады. Бірақ бұл қағаз жүзінде ғана болды. Большевиктер шын мәнінде патшалық үкіметтің империялық саясатын жалғастырды. Шексіз билік Мәскеудегі шовинистерде болды. Ал Қайым-Мұнар бар билік қолында тұрып, ұлтқа ештеңе жасамады деп Қонаевты кінәлайды. Кінәні сол патшадан шен-шекпен таққан арғы емес, бергі хандардан іздегені дұрыс болар.

Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері,

Алматы облысының Құрметті азаматы

Сурет - ғаламтордан